Қалдырған ізің мәңгілік
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес. Ол – үлкен жүректі, терең білімді, биік жауапкершілікті қажет ететін қасиетті жол. Мұғалім күн сайын сыныпқа кіргенде, алдына отырған әр баланың бойындағы қабілетті көруге, оның жүрегіне жол табуға ұмтылады. Бір шәкірттің бойындағы сенімсіздікті сейілтіп, бірінің арманын қолдап, енді біріне «сенің қолыңнан келеді» деген бір ауыз сөз айтуы оның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін.
Ұстаз – ұлы есім
Ұстаз... Осы бір ғана сөздің өзінде қаншама мағына, қаншама тағдыр, қаншама жүрек жылуы бар десеңізші. Адам баласының өмір жолында ата-анадан кейінгі ең жақын жанның бірі де, бірегейі де – ұстаз. Өйткені ұстаз шәкіртке тек білім беріп қана қоймайды, оның жүрегіне ізгілік дәнін себеді, арманын асқақтатады, өмірден өз орнын табуға бағыт береді.
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес. Ол – үлкен жүректі, терең білімді, биік жауапкершілікті қажет ететін қасиетті жол. Мұғалім күн сайын сыныпқа кіргенде, алдына отырған әр баланың бойындағы қабілетті көруге, оның жүрегіне жол табуға ұмтылады. Бір шәкірттің бойындағы сенімсіздікті сейілтіп, бірінің арманын қолдап, енді біріне «сенің қолыңнан келеді» деген бір ауыз сөз айтуы оның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін.
Қазақ әдебиетінде ұстаз тұлғасы қашанда биік бағаланған. Ұлы Абайдың «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзі ұстаз еңбегінің табиғатын дәл бейнелейді. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігі – өз еңбегінің ең үлкен жемісі. Шәкірт биіктен көрінсе, оның артында көзге көрінбейтін талай жылдық еңбек, төгілген тер, айтылған ақыл, берілген бағыт тұрады.
Ұстаздың бір ерекшелігі – ол шәкіртінің бүгінін ғана емес, ертеңін ойлайды. Бала мектеп табалдырығын алғаш аттағанда оның болашақта кім боларын ешкім білмейді. Алайда сол баланың бойындағы алғашқы қабілетті байқап, оны дамытуға ықпал ететін де – ұстаз. Бірі дәрігер, бірі ғалым, бірі ақын, бірі инженер, бірі елге қызмет ететін азамат болады. Олардың әрқайсысының өмір жолында бір кездері қолына бор ұстап, тақта алдында тұрған, дәптеріне баға қойған, қателігін түзеп, жетістігіне қуана білген ұстаздың ізі бар. Ұстаз еңбегінің ұлылығы да осында.
ЖИ дәуірінде мұғалімнің қажеті болмай қалмай ма?
Уақыт өзгереді. Технология жаңарады. Оқу құралдары цифрланады. Ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, алда бұдан да биік деңгейді бағындырмақ. Жасанды интеллект немесе супер интеллект адамзат өміріне дендеп еніп келе жатқан қазіргі дәуірде көптеген мамандықтар өзінің қызметін жойып, рөлінен айырылуда. Бұл – бүгінгі күннің шындығы. Алдағы күндерде оқыту үдерісінде мұғалімнің қажеті болмай қалуы мүмкін бе? Қазақ тілі мен әдебиетін ЖИ робот оқыта ма?
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай, -
деп екі ғасыр бұрын Ыбырай Алтынсарин таңдана үлгілеген ғылыми жетістіктер бүгінгі күні әдепкі дүние.
Бірақ қандай заман келсе де, ұстазға деген қажеттілік жойылмайды деп сенеміз. Себебі білімді кітаптан немесе интернеттен алуға болғанымен, адамдық қасиетті қалыптастыруда тірі тұлғаның орны бөлек қой. Шынайы ұстаз шәкіртке біліммен бірге жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті, адалдықты, мейірімділікті үйретеді.
Ұстаздың ең үлкен сабағы кейде оқулықта жазылмайды. Ол – өзінің ісімен көрсететін өнегесі. Сабаққа дайындалуы, әр шәкіртке деген ықыласы, қиындыққа мойымайтын сабыры, кәсібіне деген адалдығы – бәрі балаға берілетін үнсіз тәрбие.
Кейде жылдар өте келе адам мектептегі көптеген сабақтарды ұмытып қалуы мүмкін. Бірақ алғашқы ұстазының жүзін, айтқан бір ауыз сөзін, ерекше қолдауын ешқашан ұмытпайды. Өйткені ұстаздың шәкірт жүрегіне қалдырған ізі уақытпен өшпейді.
Ұстаз – шәкірт өміріндегі шамшырақ. Ол қараңғы жолда жарық көрсетеді, бағыт сілтейді, сүрінгенде демейді. Бірақ ұстаздың ұлылығы шәкіртін өзіне тәуелді етуде емес, керісінше, оны өз жолын таба алатын тұлға етіп тәрбиелеуде.
Ұстазға құрмет – білімге құрмет
Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастық. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ұстаз, ғалым, дәрігер, мемлекет қайраткері, инженер, жазушы. Ал оның жүрегіндегі білімге деген құштарлықтың алғашқы ұшқынын жаққан жан – ұстаз.
Сондықтан Ұстаздар күні – күнтізбедегі кезекті мереке ғана емес. Бұл – адамзатқа білім мен тәрбие сыйлап келе жатқан ұлы мамандық иелеріне тағзым ететін күн. Бұл – бізге әріп танытып, ғылымның сырын үйреткен, өмірдің талай белесінде дұрыс жолды таңдауға көмектескен жандарға алғыс айту күні.
Ұстазға құрмет – білімге құрмет. Ұстазға тағзым – болашаққа тағзым. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың еңбегі қашанда елдің ертеңімен өлшенеді. Оның еккен білім дәні шәкірт жүрегінде тамыр жайып, жылдар өте жемісін береді. Бір ұстаздың еңбегі бір сыныппен шектелмейді. Оның шәкірттері арқылы қоғамға, елге, болашаққа тарайды.
Сондықтан ұстаздың есімі – жүректе, еңбегі – тарихта, шәкірті – өмірде жалғасады.
Ұстаз – ұлы есім.
Ұстаз – ұрпаққа жол сілтер шамшырақ.
Ұстаз – болашаққа бастар алтын көпір.
Ұстаздар күні құтты болсын! Барша ұстазға шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, шәкірттерінің ыстық ықыласы мен еңбегінің жемісін көру бақыты тілейміз!
