«Қара алтын»: Параллельдер де түйіседі

Фильмнің басында қара алтынның энергетикасы бар. Мұнай – қозғалыс. Мұнай – экономика. Мұнай – индустрия. Мұнай – капитал. Ал финалда музыка – рух. Музыка – эмоция. Музыка – жад. Музыка – мәдениет. Осылайша фильмнің семантикалық қозғалысы «мұнай – адам – ар – Шәкәрім – музыка – әлем» бағытында өрбиді. Міне, осы тізбек «Қара алтынның» идеялық архитектурасын айқын көрсетеді. 

39

«Қара алтын»: Параллельдер де түйіседі - adebiportal.kz

Жуырда ғана прокатқа шыққан «Қара алтын» картинасынан (продюссері Айсәуле Әбілда) мұнай іздеген кәсіпкердің күрделі жолын көргенімізбен, фильмнің айтпағы одан әлдеқайда тереңде жатыр.

Мұнай – қара алтын. Ал Шәкәрім – адам жанының баға жетпес асыл кені. Фильмнің сценарисі һәм режиссері Мұрат Есжан осы екі ұғымды бір-бірінен алшақтатпай, қатар өрбіту арқылы «Қара алтынның» драматургиялық табиғатын әдемі алып шыққаны қуантты. Бір қарағанда, оқиғаның негізгі желісі – кәсіпкерлік, мұнай кен орнын игеру, қаржы, инвестор, бәсеке, тәуекел сияқты ­конфликтер. Ал оның астарында көзге бірден түсе қоймайтын рухани драматургия жүріп отырады. Ол – Шәкәрім өлеңдері арқылы өрілетін адам жанының драматургиясы. Фильмнің ең үлкен құндылығы да осы көркемдік жетістіктің астарынан аңғарылады.

«Қара алтынның» ерекшелігі сол, онда Шәкәрім әлемі кейіпкердің ішкі драмасын тереңдететін рухани-психологиялық арқау ретінде қызмет ететінімен төрге шығып тұр. Бір линия – жерді қазып, мұнай іздеу. Екінші линия – адамның ішкі дүниесіне үңіліп, рухани мән іздеу. Айтары жоқ, Шәкәрім желісі фильмнің негізгі оқиғасына сырттан таңылған рухани безендіруден гөрі негізгі сюжеттің философиялық түпмәтініне айналғанын байқау қиын емес. Бейнелеп айтсақ, мұны параллельдерді де бір-бірімен шебер түйістіре білген режиссер таланты десек те жарасады.

«Қара алтын» көтеретін ең өзекті философиялық мәселенің бірі – байлық пен ар арақатынасы. Адамның байлыққа ұмтылуы – табиғи нәрсе. Бірақ байлықтың мақсаты қандай? Адам байлыққа ие бола ма, әлде байлық адамның арын таптап өте шыға ма? Осы жерде Шәкәрімнің пәлсапалық әлемі фильмнің кәсіпкерлік желісін тереңдете түседі. Өйткені Шәкәрім шығармашылығында адамның қадірі оның дүниесінде емес, арында, ақылында, жүрегінде, адамдық болмысында жатыр. Сондықтан фильмнің негізгі конфликтісін тек «мұнай үшін күрес» деп қабылдау тым тар түсінік болар еді. Шын мәнінде, бұл картина – адамның материалдық мүмкіндік пен рухани жауапкершіліктің арасында өз тепе-теңдігін, керек десеңіз, үйлесімділігін іздеу драмасы. Мұнайды игеру – сыртқы мақсат. Ал сол мақсатқа жету жолында адам болып қалу – ішкі сынақ. Фильм осы қағидатты берік ұстануымен алға озып тұр.

Бас кейіпкер Қасымның жолы – экономикалық жол ғана емес, моральдық жол. Ол әр кедергіден өткен сайын таңдау жасайды. Әр таңдауы мінезін ашады, әр қиындық оның кім екенін көрсетеді. Ал Шәкәрім поэзиясы осы ішкі өзгерісті рухани кеңістік арқылы сүйемелдейді. Кейіпкердің сыртқы әрекеті мен ішкі қозғалысын параллель өрбіту – фильмнің ең маңызды жетістігі.

Басты кейіпкер Қасымның бойында сыртқы сабыр мен ішкі толғаныс қатар жүреді. Ол – шешім қабылдауға мәжбүр адам, бірақ әр шешімнің артында тәуекел тұрғанын сезінеді. Сондықтан актер кейіпкерді біржақты «мықты кәсіпкер» клишесіне түсірмей, оның осал тұстарын да сезіндіреді. Кейіпкердің айтқан сөзі – бір мағына, ал оның көзқарасы – екінші мағына. Кейде екеуінің арасында қайшылық пайда болады. Көрермен сол қайшылықты сезген сәтте ғана Қасымның ішкі әлеміне жақындай түседі. Олай дейтініміз, кейіпкердің сыртқы әрекетінен бұрын ішкі эмоциялық ырғағының да сипаты көрерменге ой салады. Актерлік өнердегі темпоритм деген ұғымды жете түсінген Қуандық Қыстықбай барлық сахнада бір эмоциялық қалыпта қалса, фильм драмалық динамикасын әсте әлсіретіп алатынын алдын ала білгендей. Сондықтан да ол бас кейіпкердің эмоционалдық регистрін бір қалыпта ұстамайды. Кей жерде – жинақы, кей жерде – ширақ, кейде – ойлы, енді бір сәттерде ішкі қысымды сыртқа шығармайтын сабырлы қалыпта көрінеді. Осы өзгерістер кейіпкердің эмоциялық қаңқасын қалыптастырады. Басқаша кестелесек, фильм барысында тек оқиға өзгермейді, кейіпкердің сол оқиғаға реакциясы да өзгереді. Бұл – актерлік жұмыстың маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Қасым – классикалық мағынадағы мінсіз қаһарман емес. Оның ерекшелігі – адамдық масштабында. Ол қорықпайтын адам емес. Қорықса да әрекет ететін адам. Күмәнданбайтын адам емес. Күмәнданса да шешім қабылдайтын адам. Барлық жауапты алдын ала білетін данышпан да емес. Белгісіздік жағдайында жол табуға тырысатын тұлға. Режиссердің бұл шешімін ұңғыл-шұңғылына дейін түсінген Қуандық Қыстықбай осы ерекшелікті сезіндіре алған. Сондықтан Қасымның табандылығы асқақ мәлімдемеге құрылмайды. Ал мұндай қаһармандық экранда әлдеқайда нанымды шығады.

Қуандық Қыстықбайдың «Қара алтын» фильміндегі актерлік жетістігін бір ғана сөзбен сипаттасам, ол ұстамдылық дер едім. Ол кейіпкерді шамадан тыс жасанды пафостық декларациямен ауырлатпайды. Керісінше, Қасымның адамдық табиғатын алдыңғы орынға шығарады. Оның ойынында сыртқы әрекет пен ішкі толғаныс, іскерлік салмақ пен рухани ізденіс, сенім мен күмән қатар өмір сүреді. Сондықтан Қуандық Қыстықбайдың Қасымы көрер­меннің есінде «мұнай саласына келген кәсіпкер» ретінде ғана қалмайды. Ол өз дәуірінің жауапкершілігін арқалаған адам ретінде есте қалады. Нағыз шеберлік дегеніміз де осы шығар: актер кейіпкердің өмірін көрсетіп қана қоймай, көрерменге сол адамның жан дүниесіне бір сәт еніп, оның қуанышы мен күмәнін, тәуекелі мен жауапкершілігін өз жүрегімен сезінуге мүмкіндік береді.

Фильмнің рухани желісінде Шәкәрім поэзиясының болуы Қасым бейнесіне қосымша философиялық өлшем береді. Режиссер Мұрат Есжан фильмнің өзегіне Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген идеясын лейт­мотив ретінде алған. Осы тұста Қуандық Қыстықбай сомдаған кейіпкер фильмнің философиялық концепциясымен тікелей тоғысады. Шәкәрім поэзиясын фильмнің ішкі саундтрегі деуге болады. Кино туралы сөз болғанда, саундтрек ұғымын көбіне музыкамен байланыстырамыз. Ал «Қара алтын» бізге кейде фильмнің ең маңызды саундтрегі музыка емес, сөз болуы мүмкін екенін көрсетеді. Шәкәрімнің өлеңдері оқиғаның рухани партитурасына айналған. Ол фильмнің эмоциялық реңкін өзгертіп, кейіпкердің әрекетіне басқа қырынан қарауға мәжбүр етеді. Кейде көрерменді сыртқы оқиғадан бір сәт алыстатып, оны ішкі әлеміне бұрады. Бұл – кинодағы контрапункт тәсіліне жақын шешім. Экранда бір оқиға өтіп жатады, ал поэзия сол оқиғаның басқа бір мағынасын сезіндіреді. Көрініс пен сөз бірін-бірі қайталамайды. Керісінше, бір-біріне жаңа мағыналық кеңістік ашады. Қысқасы, экрандағы әрекет бір шындық болса, Шәкәрім сөзі сол шындықтың рухани жаңғырығына айналады.

Мұндай композициялық шешім фильм­ге кең тыныс береді. Британ композиторы Карл Дженкинстің «Шәкәрім» симфониясы – кульминациядан кейінгі катарсис қана емес, фильмнің идеялық кеңістігін кеңейтетін соңғы аккорд. Кино драматургиясында кульминациядан кейін көрерменге эмоциялық шешім қажет. «Қара алтынның» Лондондағы финалы осы қызметті атқарады. Бірақ оның квинтэссенциясы «кейіпкер жеңді» деген қарапайым деңгейде қалмайды. Кейіпкердің жеке тағдыры белгілі бір межеге жеткенімен, фильмнің идеясы әрі қарай өмір сүретінін сезесіз. Осы сәтте фильмнің басындағы «жерді игеру» идеясы соңында «рухты таныту» идеясына ұласады. Бұны фильмнің ең әдемі драматургиялық апогейі десек те жарасады.

Фильмнің басында қара алтынның энергетикасы бар. Мұнай – қозғалыс. Мұнай – экономика. Мұнай – индустрия. Мұнай – капитал. Ал финалда музыка – рух. Музыка – эмоция. Музыка – жад. Музыка – мәдениет. Осылайша фильмнің семантикалық қозғалысы «мұнай – адам – ар – Шәкәрім – музыка – әлем» бағытында өрбиді. Міне, осы тізбек «Қара алтынның» идеялық архитектурасын айқын көрсетеді. Материалдық құндылықтан рухани құндылыққа қарай өрлейтін бұл қозғалыстың өзегінде бір ғана үлкен сауал тұр: адам болып қалу деген не? Сондықтан фильмдегі Шәкәрімнің рухани желісі кездейсоқ таңдау емес. Ол фильм­нің негізгі сұрағын тереңдете түседі: Адам не үшін өмір сүреді? Байлық үшін бе? Бедел үшін бе? Жеңіс үшін бе? Әлде осының бәрінің арғы жағында адам болып қалу қалыбы қылтия ма?

Режиссер үшін ең қиын нәрсе – идея­ны көрерменге айтып беру емес, оны сезіндіру. «Қара алтынның» ұтымды тұсы да осы. Фильм көрерменге лекция оқымайды. Экономика туралы оқулыққа айналмайды. Шәкәрім туралы деректі фильм болып кетпейді. Кәсіпкерлік хикая мен рухани желіні бір драмалық кеңістікте ұстайды. Сол себепті де фильмнің идеясы оқиғадан бөлініп қалмайды. Ал кино үшін бұл – өте маңызды. Өйткені идея фильмнің үстіне жамалмауы керек. Идея фильмнің өзінен өсуі керек. «Қара алтын» осы талапты қатаң сақтаған. Оның көркемдік қуаты да сонда: фильм бізге мұнайдың экономикалық құнын емес, адамның рухани деңгейін таразылауға мүмкіндік береді.

«Қара алтын» – қараңғылықтың ішінен жарық іздейтін фильм. Финалдағы музыка картинаның соңғы сөзі іспетті. Лондондағы Шәкәрім симфониясы басталған сәтте фильмнің барлық желісі бір нүктеге тоғысқандай әсер қалдырады. Симфония Қасымның жеке тарихын ұлттық рухтың кеңістігіне шығарып, жеке адамның тағдырын тұтас мәдени жадымен байланыстырады. Визуалды және дыбыстық репризаның бір арнада түйісуі деп осындайды айтар болар.

«Қара алтынның» көркемдік салмағын арттырып тұрған тағы бір маңызды фактор – Мұрат Есжанның режиссерлік шешімі. Фильмнің режиссурасы оқиғаны жай ғана баяндап шығуға емес, оның астарындағы мағынаны кадр тілі арқылы сезіндіруге ұмтылады. Бұл тұрғыдан алғанда, картинадағы визуалды драматургия мен композициялық құрылым бір-бірімен табиғи қабысады. Режиссер сыртқы әрекет пен ішкі психологиялық қозғалысты қатар ұстай білген. Қасымның алдында тұрған мәселе тек мұнай кенішін игеру емес, сол жолдағы әрбір таңдау арқылы өзінің азаматтық болмысын айқындау. Сондықтан кей тұстарда драматургиялық ақпарат диалог арқылы емес, мизансцена, пауза, көзқарас, кеңістік пен кадр ішіндегі кейіпкердің орналасуы арқылы беріледі. Бұл – көрерменге дайын эмоция ұсынбай, оны кейіпкердің ішкі әлемін өздігінен оқуға жетелейтін режиссерлік шеберлік. Фильм­нің визуалды тілі де осы идеяға қыз­мет етеді. Қазақ даласының кең кеңістігі мен адамның жалғыздығын қатар сезіндіретін жалпы пландар, өндірістік ортаның суық фактурасы, кейіпкердің ішкі күйін аңғартатын ірі пландар оқиғаның эмоционалдық температурасын қалыптастырады. Мұнда камера жай ғана оқиғаның сыртқы бақылаушысы емес, шын мәнінде кейіпкердің психологиялық ахуалын жеткізетін драматургиялық құралға айналады.

Сондықтан «Қара алтынның» режиссерлік шеберлігін оның техникалық мінсіздігінен гөрі кадр мен мағынаны бір-біріне қызмет еткізе білуінен іздеген жөн. Жақсы режиссура оқиғаны көрсетеді. Ал мықты режиссура оқиғаның түбіндегі ойды көрерменге сезіндіреді. Мұрат Есжанның басты жетістігі де осында деп ойлаймын.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan