Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында белгілі жазушы Қали Сәрсенбайдың «Қарғаш» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл шығарма — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, опера әншісі, педагог, қазақ вокал өнерінің көрнекті өкілі Амангелді Накипұлы Сембиннің шығармашылығына арналған.
Кітапта Амангелді Сембиннің ұлттық және әлемдік опера өнеріндегі жарқын жолы, оның орындаушылық шеберлігі мен ұстаздық еңбегі жан-жақты баяндалады. Ол «Біржан – Сара», «Қыз Жібек», «Абай», «Фауст», «Мадам Баттерфляй», «Евгений Онегин», «Риголетто» сияқты классикалық туындылардағы әсерлі партияларымен есте қалған тұлға.
Іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, әріптестері мен шәкірттері қатысып, атақты әншінің рухына тағзым етіп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Амангелді Сембиннің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі бейнеролик көрсетіліп, көрермендер әншінің сахнадағы және ұстаздық жолындағы ерекше сәттерін тамашалады.
Енді назарларыңызға Амангелді Сембиннің орындаған «Қарғаш» әнін осы қуанышты жаңалықпен бірге қатар ұсынып отырмыз.
