Қарттар – уақыттың тірі шежіресі
Бүгін 1 қазан – қарттар күні. Қазыналы қариялардың мерекесінде, қазақ әдебиетіндегі бұл бейнені еске алсақ, әуелі ойға оралатыны кім? Менің ойыма, әжелік шексіз мейірімнің символына айналған – Абайдың ақ әжесі Зеренің тұлғасы еріксіз оралады. Ал сіздің ойыңызға кім түсті?
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, әр күн – адамның артында қалатын айрықша із, әр сәт – ұрпаққа аманаттар тарихтың бір үзігі. Уақыт алға жылжыған сайын самайдағы шаш та ағарып, өзгереді. Қоғам жаңарып, заман ауысады. Әр адамға ақыр соңында қарттықтың келетіні ақиқат. Бұл ешкім қашып құтыла алмайтын табиғи құбылыс. Бірақ сол өмір жолында кейінгіге өнеге болып, елдің есінде, халықтың жүрегінде сақталатын абыз-ғұмырлар болады. Олар – өз дәуірінің үнін жеткізе білген, өмірден көргенін кейінгі ұрпаққа аманат еткен көнекөз қариялар. Адам ғұмыры – Жаратқан мен уақыттың еншісіндегі дүние десек те, сол азды-көпті өлшенген уақытын құр өткен жылдардың санымен емес, артында қалдырған ізімен өлшеген жөн.
Әдеби әлемде оқырманға айтары көп, жеткізері мол қария бейнелері біршама. Кейде қарттың образы суреттелген шығарманы оқып отырып, туындыға дәл сол кейіпкердің мағына мен мән беріп тұрғанын байқап жатамыз. Қазақта абыз қария ұғымы – көргені мен түйгені мол, өткеннің сөзін бүгінмен әдемі сабақтастыра білетін, мылжың сөзімен емес, батасымен бағыт көрсетер тұлға ретінде қабылданған. Сондықтан әдебиеттегі қарт бейнесі көп жағдайда тек бір адамның тағдырынан гөрі, тұтас дәуірдің, халық жадындағы құндылықтардың көркем көрінісіне айналып келеді. Әдеби әлемдегі мұндай образ ұлттық болмыс пен тарихи жадыны танытатын маңызды көркемдік тәсілдердің бірі ретінде қарастырылады. Қазақ прозасына көз жүгіртсек, абыз, ақсақал, қария образдары қазақи құндылықтармен тікелей астасып, оқырманға ой салады.
Бүгін, 1 қазан – қарттар күні. Қазыналы қариялардың мерекесінде, қазақ әдебиетіндегі бұл бейнені еске алсақ, әуелі ойға оралатыны кім? Менің ойыма, әжелік шексіз мейірімнің символына айналған – Абайдың ақ әжесі Зеренің тұлғасы еріксіз оралады. Ал сіздің ойыңызға кім түсті?
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқымаған қазақ жоқ шығар. Сол себептен де, Зере әженің шығармадағы образы бәріміздің көз алдымызға оңай әрі бірден келері анық. Романдағы дана, қамқор, жылулық пен махаббаты бөлек, Абайдың аяулы әжесі – ең есте қаларлық қария кейіпкерлердің бірі. Зере – немересі Абайдың рухани қалыптасуына жақсы ықпал ете білген ардақты жан. Үңілетін болсақ, оның бойынан қазақ әжесіне тән шуаққа толы кең жүректілік пен терең сабыр, даналық пен халықтың ауыз әдебиетіне деген жақындықты көруге болады. Зеренің оқыған ертегі-аңыздары, айтқан мәнді әңгімелері кішкентай Абайдың дүниетанымына қалай әсер еткенін де білеміз. Яғни Әуезов шығармада дана әженің образын жай ғана отбасындағы жасы үлкен жан ретінде емес, сол әулеттің ұрпағына рухани нәр беретін, тамырын ұлттық құндылықтармен тереңнен сусындатқан салмағы басым тұлға ретінде ашып көрсетеді. Асыл әженің мағынасы терең шығармаларына бала күнінен қанық боп өскен Абайдың ер жете келе, халық ауыз әдебиеті мен сөз өнеріне жақын болуы, сондай-ақ, оның кейінгі ақындық болмысының қалыптасуындағы негізгі өзегі дәл осы қарт әжемен тұтастай сабақтасып жатқаны мәлім.
Тіпті жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазу үшін өз ізденістерінде, қариялардың естеліктеріне сүйенгені белгілі. Мұнысымен қаламгер өткен дәуірдегі көмескіленген құнды оқиғаларды ақсақал-қарттардың жадынан іздеген. Осыдан келе, әдебиеттегі қарияның өнегелі сөзі – жеке тұлғаның сөзі ғана емес, тұтас ұлттың тарихи жады екенін аңғарамыз. Әңгімені «Абай жолынан» бастаған соң, Абайдың әкесі Құнанбай образына да тоқталмай кетуге болмас. Құнанбай – өз дәуірінің алып тұлғасы. «Абай жолындағы» негізгі бейнелердің қатарында әке Құнанбай тұлғасының орны бөлек екені айтпаса да анық. Алайда қазақтың бас шығармасындағы Құнанбайды тек Абайдың әкесі ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. Ол – өз дәуірінің әділетсіз билік жүйесін, қоғамдық қайшылықтарын, ел ішіндегі тартыстарды бойына жинаған күрделі образдардың бірі. Жазушы Құнанбай бейнесі арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін, болмысын екшеп көрсетеді. Және де Әуезов Құнанбай образынан әдебиеттегі «қария» ұғымының әдетте оқырман үйренген бір ғана қырмен шектелмейтінін байқатқандай. Мұнда кейіпкер қарттық бейнеге тән әрдайым жұмсақ мінезді, құшағы кең, мейірімі басым, жылы жүзді ақыл айтушы адам болуы шарт еместігін көрсетеді. Жалпы әдебиеттегі «қарттың» образы – кемелдік шағына жеткен кезең десек те, мінсіздік кезеңі емес. Оның өмір жолында да қарама-қайшылықтар мен қателіктер, өкініш, күрес болуы мүмкін. Кей шығармаларда қария образы тартыс пен арпалысқа толы ұзақ жолдан кейінгі адам болмысының шынайы айнасы сынды. Шығармадағы Құнанбай бойындағы қарттық бейне осыған ұқсас дер едім.
Әдебиеттегі келесі бір қарт бейнесіне Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы Сүйеу қартты айтсақ болар. Ол – шығарманың рухани тірегі болған кейіпкердің бірі. Автор оны өмірдің ақ пен қарасын көріп, балықшылар қауымының мұңын мұңдаған, парасатты, адал әрі турашыл қарттың образымен сипаттаған. Шығармада Сүйеу ақсақал еңбекқорлық пен қазақы даналықтың символына айналады. Қамқор ата, әділдікті сүйетін тұлға. Жан-жағына барынша ақылын айтып, өзі де абыроймен өмір сүрген жан ретінде суреттеледі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі тағы бір қария образының көркем бейнесі.
«Ұшқан ұя» шығармасындағы әже бейнесі де оқырман жүрегінен ерекше орын алады. Бауыржанның балалық шағын суреттей отырып, жазушы отбасындағы үлкендердің тәрбиелік рөлін анық көрсетеді. Әженің айтқан әңгімесі, ана тәрбиесі, әке сөзі – болашақ тұлғаның дүниетанымын қалыптастыратын рухани негіз ретінде көрсетілген. Мұнда да қарт адамның бейнесі бір отбасының шеңберінде ғана емес, ұлттық тәрбиенің мектебі ретінде сипатталады.
Қария – кешегі мен бүгіннің арасындағы қазыналы көпір. Төл әдебиеттегі қарт бейнесінің тағы бір ерекшелігі – оның ұрпақтар арасындағы байланыстырушы рөлінде жатыр. Жас ұрпақ үшін қария әңгімесі баға жетпес тарих болса, ал көнекөз қарттар үшін жас буын – болашақтың үкілі үміті. Шығармадағы қария соғысты көрген болуы мүмкін. Аштықты бастан өткеруі мүмкін. Ауылды, көшті, дәстүрді, түрлі заман адамдары мен жағдайларды бастан өткерген болуы мүмкін. Сондықтан қарияның әрбір естелігі – қайтып келмейтін, жоғалып бара жатқан әлемнің үзік бөлшегі іспеттес. Бәлкім, әдебиет қарттарды дәл осы қасиеті үшін ерекше жақсы көреді-мыс. Өйткені қарттар өткенді ұмыттырмайды. Адамның жасы ұлғайған сайын ол кейде дәрігерден бұрын тыңдайтын құлақты, ақылдан бұрын жылылықты қажет етіп жатады емес пе?! Қария – уақыттың тірі шежіресі.
Сонымен, қазақ әдебиетіндегі қария бейнесінен бір ортақ дүниені байқауға болады. Ол - әңгімесінде тұтас ұлттың жады, әжім басқан жүзінде уақыттың көмескі ізі бар жан. Ал сыр тұңған тұңғиық жанарларда – біз көрмеген өткеннің белгісі мен табы бар. Сондықтан әдебиеттегі қарттар бейнесі бізге үнемі бір қарапайым ақиқатты еске салуы керек. Адамның жасы ұлғайған сайын, оның қалған өмірі азайғанымен, артында қалдырар тағылымды тарихы көбейе бермек.
Қарттық – адамның ғұмыр жолындағы соңғы белес қана емес, тұтас бір дәуірдің куәсі. Қарттар күні жасы егде тартқан жандарға гүл сыйлап, жылы сөз айтуға ғана арналған күн емес. Бұл – өткенге тағзым жасап, бүгінге ой жүгіртіп, ертеңіміздің алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн.
Әдебиет бізге қарттарды құрметтеуді ғана емес, олардың артында қалған ғұмырды түсінуді үйретеді. Әдеби образдағы әрбір қарияның өмірі – қайталанбас бір тарау. Өйткені қарттар естелігінде тарихтың сөзі барын ұмытпаған абзал.
