Қарттарым, аман-сау жүрші...

199

Қарттарым, аман-сау жүрші... - adebiportal.kz

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді адамгершіліктің асыл қасиеті деп білген. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген қанатты сөздер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтық тәрбиенің алтын арқауына айналған. Өйткені қария – өткеннің өнегесін бойына жинаған, өмірдің талай белесінен өткен, ақыл-парасаты мен тағылымды әңгімесі арқылы кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін асыл тұлға.

Жыл сайын 1 қазанда аталып өтетін Халықаралық қарттар күні – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін бағалайтын ерекше күн. Бұл мереке – тек қарт адамдарға ізет білдіретін күн ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, мейірім мен қамқорлықтың қадірін ұғындыратын тағылымды мереке.

Қариялар – халқымыздың рухани байлығы, ұлттық құндылықтарымыздың сақтаушылары. Олардың маңдай терімен салынған жол, төккен терімен келген жетістік, өмірлік тәжірибесі мен парасатты пайымы – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Әрбір әже мен ата – өз әулетінің шежіресі, туған жерінің тарихын бойына сақтаған тірі куәгері. Олардың айтқан әрбір өсиеті мен ақыл-кеңесі – өмір мектебінің сабағы.

Қазақ әдебиетінде қариялар бейнесі әрдайым ерекше орын алған. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» атты ертегі – осының анық мысалы. Халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырлары мен аңыз-әңгімелерден бастап, көркем шығармаларға дейін үлкеннің батасы мен ақылын қадірлеу идеясы кеңінен көрініс тапқан. Халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында адамгершілік, ар-ұят, білім мен парасат мәселелерін терең толғап, адам болудың биік өлшемдерін көрсетті. Оның өлеңдері мен қара сөздері бүгінгі күні де жас ұрпақты ізгілікке, жауапкершілікке, үлкенді құрметтеуге үндейді.

Ал қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Әуезовтің шығармаларында халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, үлкен мен кішінің қарым-қатынасы кеңінен суреттеледі. Жазушы туындыларынан халқымыздың өмірлік тәжірибені бағалаған даналығын, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін аңғаруға болады. Әдебиеттегі мұндай тағылымды ойлар қарияларымыздың қадірін түсінуге, олардың өмір жолынан сабақ алуға жетелейді.

Қарттық – адамның өмір жолындағы кемелдік кезеңі. Бұл кезеңде өткен өмірге көз жүгіртіп, атқарған ісіне баға беріп, кейінгі буынның жетістігіне қуану бар. Дегенмен әрбір қарияға немересінің шат күлкісі, баласының жылы сөзі, жақындарының ықыласы мен қамқорлығы ауадай қажет. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі көңілге қуаныш сыйлап, жалғыздық сезімін сейілтеді. Сондықтан қарттарға құрмет көрсету тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек. Оларға күнделікті көңіл бөлу, хал-жағдайын сұрау, қолғабыс ету – әр адамның азаматтық әрі адамгершілік міндеті.

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде бата беру, үлкеннің алдын кеспеу, сөзін бөлмеу, төрден орын ұсыну сияқты әдептер ерекше мәнге ие. Бұл – жай ғана салт емес, адамның бойына ізеттілік пен кішіпейілділікті сіңіретін өмірлік қағидалар. Қарияның батасын алу жақсылыққа ұмтылудың, ақ тілекті қадірлеудің белгісі саналған. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген мақал да осы ұғымның тереңдігін танытады.

Бүгінгі қоғамда аға буынның еңбегі мен өмірлік тәжірибесі ерекше бағалануға тиіс. Олар елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосты, ұрпақ тәрбиеледі, шаңырақтың берекесін сақтады, қоғамның дамуына атсалысты. Ендеше, олардың еңбегін құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік те.

Қарттар күні – жүректерге мейірім ұялататын, көңілдерге шуақ сыйлайтын мереке. Осы күні ғана емес, жылдың әрбір күнінде ата-әжелерімізге құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесін бағалап, ақылын тыңдап, көңілін аулауымыз қажет. Себебі үлкенді сыйлаған ұрпақтың бойында ізгілік бар, ал қариясын құрметтеген елдің рухани тамыры терең болады.

Қарияларымыздың жүзінен күлкі, жүрегінен тыныштық, шаңырағынан шаттық кетпесін! Әрбір ата мен әже ұрпағының қызығын көріп, немере-шөбересінің ортасында қадірлі ғұмыр кешсін. Ақ баталары қабыл болып, айтқан өсиеттері кейінгі буынға өнеге болсын!

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халқымыз өмірден көрген-түйгені мол қарттарды үлгі-өнегенің көзі, ұрпақтар сабақтастығының бастауы ретінде қарастырған. Қазақтың қарттары да осы сенімге лайықты болуға тырысқан. Бұл үрдіс қазір де бар деп сенеміз.

Ауыра қалсам, өзіңнің

Пейіліңмен-ақ жазылам.

Сағынтып талай жыр туар,

Оралар әлі-ақ сан жыршы.

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым, аман-сау жүрші! – 

деп қазақтың сыршыл ақыны Сағи Жиенбаев жырлағанындай, қазыналы қарияларымыз аман болсын! Қарттарымызды қадірлеу – ұрпақтық парыз, адамдық борыш!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan