Қазақ сөз өнерінің қатепті қара нары «Қазақ әдебиеті» газетінің ұлт руханиятындағы орны ерекше. Алғашқы саны сонау 1934 жылдың 10 қаңтарында жарық көрген әдеби аға басылымның тізгінін алғаш сөз зергері Ғабит Мүсірепов ұстаған екен. Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Сырбай Мәуленов, т.б. қазақтың небір майталман қаламгерлері «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарып, қалам тербеді.
Ұлт, мемлекет тарихындағы небір сындарлы кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» өзінің сабырлы да салиқалы ұстанымымен ерекшеленіп, елдіктің ұйытқысы болды. «Қазақ әдебиеті» қазақ әдебиетінің әлденеше буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығармашылық ұстахана іспетті болды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында қаламгерлердің және олардың шығармашылық басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінің беделі өте жоғары болғандығы туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Замана үдерісінде ұрпақтар алмасады, аға қаламгерлердің орнын бүгінгі буын басты. Бүгінгі буынның ізбасарлары – қазақ әдебиетінің ертеңін айқындайтын қарымы қуатты, жаңашыл шоғыр да шығармашылық тегеурінін таныта бастады. Осы үрдістің айнымас шамшырағы, Темірқазық жұлдызы іспетті «Қазақ әдебиеті» газеті толқын-толқын буынға туындыгерлік платформа ретінде тоқсан жыл бойы қызмет етіп келеді.
Баспагерлік әлемдегі өзіндік дәстүрлері, шығармашылық кеңістігіндегі талғамды оқырманы қалыптасқан іргелі газеттің 90 жылдығы – отандық және күллі қазақ әдеби әлемінің мерекесі! Мерекелеріңз құтты болсын, құрметті әріптестер!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.