Режиссер Анвар Матжановтың «Жезтырнақ» атты қазақстандық хоррор-комедиясы фестивальдік сапарын сәтті жалғастыруда.
Фильм 2025 жылдың қазан айының ортасында Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен Birmingham Horror Film Festival & Convention фестивалінде «Best Score» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Ұлыбританияның ең танымал хоррор-фестивалінің бірі саналатын бұл шара көрермендерді ерекше атмосферамен баурайды: фильм көрсетілімдерін, байқау бағдарламаларын, тақырыптық көрмелер мен Тәуелсіз кино премиясы (Indie Film Awards) марапаттау рәсімін ұсынады.

«Жезтырнақ» фильмі «Best Score» сыйлығын «қазақ этникалық нақышындағы ерекше музыкасы үшін» иеленді. Қазылар алқасы ұлттық интонациялардың, фольклорлық әуендердің және заманауи киномузыканың ерекше үйлесімін атап өтті. Саундтректің авторы – композитор Абай Ақбаев.

«Бұл жеңіс тек фильмнің ғана емес, жалпы қазақстандық музыканың жеңісі. Біздің мәдени бірегейлігіміздің халықаралық деңгейде бағалануы зор мақтаныш. Атаулы марапат қазақ музыкасының фольклорымыздың рухын, мінезін және мистикалық қуатын жеткізе алатын заманауи тіл бола алатынын дәлелдейді», – деді Clover Street Production студиясының бас директоры Валерия Карабан.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық музыка мен кино ұлттық дәстүр мен заманауи үнді үйлестіре отырып, сенімді түрде халықаралық деңгейге көтеріліп келеді.
Халықтық әуендерді жаңа эстетикада қайта ұсынудан бастап, түпнұсқалы киномузыкалық композицияларға дейін – қазақстандық авторлар әлемдік мәдени кеңістіктің бір бөлігіне айналуда.
«Жезтырнақ» – қазақ мифологиясының мотивтеріне негізделген хоррор-комедия.
Фильмнің оқиға желісі блогер жігіт пен ауқатты бойжеткеннің таныстығы мен қарым-қатынасының дамуын суреттейді, алайда қыз жезтырнақ болып шығады. Картинаны Clover Street Production студиясы түсірген болатын. Сценарий авторлары: Сабит Рахимбаев, Ауез Турмагамбетов, Нурали Султанов және Ильмир Сагитов. Басты рөлдерді Есентай Ниязбаев пен Динара Мирасбек сомдаған.
Бұған дейін фильм Канадада өткен The Bloody Horror International Film Festival-де Horror-Mystery Feature Film номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған, сондай-ақ Жапонияның Karatsu International Film Festival фестивалінде көрсетіліп, актер Есентай Ниязбаев «Екінші пландағы ең үздік ер адам рөлі» аталымында марапатталған болатын.
Мәтіндік деректер мен фотосуреттер https://www.birminghamhorrorfilmfestival.com/winners сайтынан ұсынылды.
