Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Петрович Аравин өмірден өтті.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Юрий Петровичтің есімі еліміздің мәдени өмірінде айрықша орын алады. Ол қазақ халық музыкасының ең танымал насихаттаушыларының бірі еді. Мәдениет саласының жанкешті тұлғасы ретінде көптеген фольклорлық экспедициялардың бастамашысы болып, көне музыкалық мұраларды жинап, қалпына келтіріп, қайта өңдеуге зор үлес қосты. Өткен ғасырдың 70-жылдары Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарына арналған телевизиялық және радиобағдарламалар циклін ұсынды. Қазақ фольклорына ғашық талантты музыка зерттеушісі халыққа дәстүрлі ұлттық өнердің бай әлемін танытты, - деп жазды министр.
Юрий Петрович талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, үлкен мектеп қалыптастырды. Терең білімді, парасатты, Қазақстанға бар жан-тәнімен адал жан ретінде ел жадында қалмақ.
