Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қазақ-Қытай жас қаламгерлері кездесу өткізді...

Қазақ-Қытай жас қаламгерлері кездесу өткізді

11.12.2025

3665

Қазақ-Қытай жас қаламгерлері кездесу өткізді - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағының және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен өтетін «Қазақ-Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясы аясында жас қаламгерлердің арнайы кездесуі ұйымдастырылды. 

Шараның мақсаты – екі елдің жас ақын-жазушылары арасындағы әдеби байланыстарды нығайту, шығармашылық тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды талқылау. Іс-шара барысында қазақ жастары өз шығармашылық таныстырылымдарын жасады. 

Қазақстан тарапынан ақын Қалқаман Сарин, жазушы Мақсат Мәлік және ақын Еділбек Дүйсен қатысып, өз туындылары мен көркемдік ұстанымдары туралы баяндады. Қытай тарапынан әдебиет өкілдері – ақын Лю Цзысянь, жазушылар Ван Цаньсинь мен Гань Сюэфан, редакторлар Минаргүл Нұрлазат пен Шалхар Мұрат, ақын-аудармашы Ыбырай Дуйсен және ақын Пэн Минь сөз сөйлеп, шығармашылық бағыттары мен қазақ әдебиетіне қызығушылықтары туралы ой бөлісті.

Бұдан соң конференция еркін пікір алмасуға жалғасты. Бұл бөлімде екі елдің жас қаламгерлері әдеби үрдістер, аударма мәселелері, мәдени өзара ықпалдастық және болашақ ортақ жобалардың мүмкіндіктері жөнінде еркін диалог жүргізді. Шығармашылық диалогтың рухани мазмұнын айшықтай түсу үшін айтыскер ақын Серік Қалиев әнмен шашу шашты. Артынша қазақтың күмбірлеген күйі төгілді.

Кездесу соңында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қорытынды сөз сөйлеп, шараның маңызын атап өтті. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті әрі конференцияның ресми жабылуы жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы Бейжің қаласындағы Қазақстан Мәдениет орталығының Қазақ тілі бөлмесіне кітаптар табыстады. Қорыта айтқанда, халықаралық әдеби кездесу екі елдің жас қаламгерлері үшін жаңа шабыт, шығармашылық серпін және өзара түсіністікті тереңдететін маңызды алаңға айналды.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan