Ғ.Ғүсірепов және О.Бөкей прозасы негізінде
Шынайы суреткерлер өз ұлтының психологиялық табиғатын танытатын көркемдік дәстүрлер тәжірибесін ұтымды пайдалануға ұмтылады. Бұл ретте портрет беруде қазақ жазушыларына Ғ.Мүсірепов дәстүрінің елеулі ықпалы болғандығы сезіледі. Мүсірепов қаламының адам танытуға келгенде жүрдектігін танытқан романының бірі – «Оянған өлке» романы. Романда көркем бейнелерді айшықтаған құрал – портреттің небір үлгілері кездеседі. Әсіресе, Жұман байдың портреті көзге елестетерліктей дәлдікпен толық әрі ерекше берілген: «Жұман – Алтай-Қарпыққа мәлім тапал адам. Бірақ денесі сом жаралған. Көлденеңі күректей мұқыл тырнақты саусақтары келінің сабындай жұп-жуан. Қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай. Салбырай бастаған ұртына дейін табиғи тәртіпті бұзбай-ақ келген бурыл сақал қасқа иектен тайып кеткендей, алқымға барып ұйлығып қалыпты да, сақалдан гөрі ұйысып қалған көк шулан жүнге көбірек ұқсап тұрады. Жүзінің басқа мөрі түгел өшуге жақындап, ескі теңгеліктей көмескі тартқан. Бар мінезі көздерін жартысынан асыра жауып алып, енді етегін көтерместей біржола түйілген қабақта ғана қалған сияқты» [1, 7]. Жұманның статикалық портретінен көзге шалынар негізгі белгілер: оның бойы, дене тұрқы, бет-жүзі, саусақтары. Сақал, иек, қабақ болса, иесінің характерін таныту құралы ретінде керемет әсер тудырады. Портрет теориясын зерттеушілер, жалпы, характер танытарлық қуаты күшті деп динамикалық портретке басымдық береді. Мықты зергердің қолынан шыққан ұтымды статикалық портреттің де мінез даралығын айқындауға қосар үлесін жоққа шығаруға болмайды. Шалымды жазушылар статиканың өзіне динамикалық қуат дарытады. Автордың сақалды бейнелеуге таңдап алған ұйлығып, ұйысып деген сөздерінің өзі сақал иесінің оңай адам емес екенін көрсетеді. Жұманға тән қисықтық, қыңырлық, бірбеткейлік мінез танылғандай. Баж-бұж етіп, Көпей бәйбішенің де, балаларының да мазасын алып, жалғыз оларды ғана емес, бәрін мезі етіп, ығыр қылған тентек шал, әйгілі Жұман осы. Портреттің тілдік жағын марий тіліндегі романдар негізінде зерттеген Э.В.Гусева фонологиялық және синтаксистік деңгейдегі көріктеуіш амал-тәсілдердің ішінде фонологиялық құрылымын қарастыра келе, портретті бедерлеу үшін дыбыс үндестігінің, оның ішінде, ассонанс, аллетерация құбылыстарының кеңінен қолданылатынын айтады[2]. Сондай-ақ қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздерін зерттеген С.Қоянбекова да дыбыстар үндестігінің экспрессивтілігі туралы пікір білдіреді[3]. Бұл ретте жазушы ассонансты қолданады (дауыстылардың үндесуі, «ұ»-ның қуаты), дыбыстар үндесіп келіп, сақалды анықтауда әдемі үйлесім тапқан. Әр сөздің астарына мұқият үңілетін Мүсірепов Жұманның сақалын оның бір ерекше белгісі ретінде алып, сырт көзге осылай танытады. Кейіпкердің мінезін айқындайтын екінші құрал – иек.
Жазушы тағалы ат тайып жығылғандай деп иекті әсірелеп көрсетеді. Еркек атаулының сақалының табиғи өсу қалпы Жұманға бұйырмағандай. Шығарманы ыждаһаттап оқыған адамға бұл көрініс ой салады. Жұманның тұла бойында табиғаттың заңына деген қарсылық бар сияқты. Мінез бен сырт тұлғаның үйлесімі деген – осы. Үшінші белгіге келетін болсақ, қабақ етегін көтерместей біржола түйілген күрделі эпитетімен әсірелей айшықталған. Түксиіп, маңына ешкімді жолатпайтын, жан баласын жаратпайтын адамның кейпі. Жұман портретіндегі қылтанақ шығып көрмеген, салбырай бастаған, ұйысып қалған, көмескі тартқан, біржола түйілген – өңкей бір жағымсыз эмоция тудыратын сөздер. Берілген тіркестер бір-бірін логикалық жағынан толықтыра отырып, кейіпкер бойындағы ерекшеліктерді дамыта (градация) көрсетуге септігін тигізеді. Жұман портретіндегі әрбір сөзден Мүсіреповтің талғамы сезіледі десек, асырып айтқандық емес. Жазушы оқырманына үйреншікті, дайын портрет ұсынбайды. Оның статикалық портреттерінің өзі ерекше. Әр белгі деталь ретінде жеке-жеке мұқият тиянақталып барып, шығарманың көркем-эстетикалық міндетімен қабысады. Портреттің қаламгердің жеке қолтаңбасына әсер-ықпалы күшті. Біз келтірген мысалдан автордың әйгілі юморы көлбең етіп менмұндалағандай. Көркем шығарманың қаруы – сөз. Портрет беруде жазушының сөз саптасы, әр сөзінің әсері керемет. Үйлесіммен жымдасып келгенде негізгі мазмұнды бейнелі жеткізуге қызмет етеді. Теңеумен қоса тапал, сом, жұп-жуан сөздері орнымен қолданылған, әр сөзі экспрессивтілікке ие. Қаламгердің Жұман образын сомдағандағы детальге құнттылығы О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романындағы портреттерден де байқалады. Басын ашып айтайық, портрет беруде Оралхан кейіпкерлерін Жұман тәрізді күлкінің арқауы етпейді, олардың болмыстары да мүлдем бөлек. Біз сөз еткелі отырған кейіпкерлерде ондай белгі жоққа тән. Алайда, эпикалық кең тыныс, кейіпкер характерін ашатын белгіге салмақ салу, ерекшелігін дәріптеп көрсету жағынан жазушы жасаған портреттерде алдыңғы толқынның қолтаңбасы аңғарылады.
Көптеген зерттеулерде «Өз отыңды өшірмедегі» Таңатар бейнесі тасада қала беретінін байқадық. Ел-жұрты айтса айтқандай, оның сырт келбетінің өзі Дәу шал деуге тұрарлық: «Алпысқа жетсе де қайратты, келбеті сарқылмаған екен. Жартастағы бүркіттей айбынды отыр». [4, 271]. Ал, арғы беттен жасырын өтіп, Омардың үйіне келгенде оның портретін автор әкелі-балалы екеуінің сүзгісінен өткізіп береді: «Жол ұрып шаршаған қалың сақал, қара мұртты алып адамның даладай жалпақ бетіне әкелі-балалы екеуі бірдей көз астынан ұрлана қарап еді, ол жайын жүз, суық қайратпен қалғыңқырап, жанарын ашып-жұмып кәперсіз отыр екен. Омар қызғана, Еркін қызыға үңіліп, үнсіз тілдескендей болды» [4, 62]. Оқырманның назарын аударатын басты белгілері – қалың сақалы, қара мұрты, жалпақ беті. Таңатардың бітімі ғана емес, кісілігі кесек, зерделі, ар-ожданын бәрінен жоғары қоятын адам. Мысы басып тұратын одан айналасындағылардың бәрі сескенеді. Тергеп-тексермекші болған Оспанға ақырып қалғандағы даусының зорлығы, үнінің асқақтығы – оның кесек болмысының тағы бір белгісі. Дауыс қарқынының күштілігін бағалау үшін жазушы оның айналасына әсеріне, сол сәттегі заттық ортадағы өзгеріске мән береді. Саңқылдаған зор дауыс шыққанда ыдыс-аяқтың салдырлап, түңліктің желпінгендей болуы – осының айғағы: «Үй іші дүр сілкінгендей болды. Ертеден, тым көп уақыттан бері саңқылдаған асқақ үнін ести алмай, маужырап тұрған әдемі ыдыс-аяқ салдырлап, ақ отаудың түңлігі желпінгендей дүмпиіп, айызы қанды-ау. Булыққан ашуын зорға-зорға ақылға жеңдірген дәу шал, кісесіндегі сары ала сапты пышағын суыра жаздап барып, сап-саппен мықынын таянды» [4, 64]. Омар байдың үйіндегі бір ғана кеңестің өзінде Омар мен ұлының, Долдаштың қабылдауымен (ұзақ отырыста өзгелер қипақтап әзер отырғанда малдас құрып қара тастай қатып былқ етпей отырған шалға сүйсінеді) берілген портреттерде Таңатар бейнесі түрлі қырынан ашылады. Портрет құрылымында автор Таңатардың негізгі үш белгісі: алыптығына, қайраттылығына, даусының зорлығына деталь ретінде аса ден қойған. Алыптығынан болар, оның отырысының өзі жартастағы бүркіттей айбынды. Кейіпкеріне портрет бергенде жазушының көздегені оның характерін ашу болса, бұл үддеден шыққан. Оралхан Бөкейдің адалдықпен күресетін кейіпкерлері өңкей бір ірі адамдар болып келеді. Көркем бейне сомдаудағы тәсілқойлығы дейік, қаламгер мінезсіз портрет жасамайды. Ірілік. Ол – кейіпкерінің адами болмысының өлшемі және жазушының басты ұстанымы болып табылады. Ар-ұяттың, тазалық пен кісіліктің айнымас сақшысы ретінде ірі кейіпкерлердің әрқайсысына роман композициясынан елеулі орын береді. Мәселен, Омардың Таңатардан кейінгі сенім артатын адамы Бати портретіне үңіліп көрелік: «Жылқышы жігіттің тікенек-тікенек жезденген беті сұп-суық; сол жақ беттің шеке тұсында орналасқан қос жанар қос ұңғы мылтықтың аузындай өзгеше қорқынышты, аласы үлкен қарашығы қатып қалған секілді ызғар шашып қозғалмайды. Шойыннан құйылған шомбал денені ауырсына ма, астындағы құлақасқа шайқалақтап әрең тұрғандай. Бай қарсы алдындағы жылқышының сом тұлғасын тұңғыш рет көргендей сәл қызықтай қарап қалған еді» [4, 64]. Омар қызығатындай Батидың болмысында қандай өзгешелік бар? Әрине, шойыннан құйылғандай шомбал денесі, сом тұлғасы, сол тұлғаға лайық кісілік келбеті. Жаратылысы қандай кесек болса, Батидың өзі де кесек мінездің адамы ретінде көрінеді. Талдауымызға нысан болған кейіпкерлер портретінің көркемдік жағына келетін болсақ, жиі қолданылған әдіс – салыстыру және айқындау. Атап айтқанда, жартастағы бүркіттей отырыс, даладай жалпақ бет, саңқылдаған асқақ үн, қос ұңғы мылтықтың аузындай қос жанар, шойыннан құйылған шомбал дене, сом тұлға – жазушының кейіпкерін даралауда қолданған экспрессивтілігі жағынан айқын оралымдар.
Ғ.Мүсірепов «Оянған өлкеде» Жұманның бақталасы Игілік бидің портретін былайша өреді: «Шойын кеуделі, аю жоталы, бүруге біткендей жүндес сом саусақты, қастары қиғаш-қиғаш біткен қара кісі – Игілік би паң да, тәкаппар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетіп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп, қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді» [1, 13]. Игілік те оңай адам емес. Паң да, тәкаппар да болмай-ақ қойсын. Оған тән мінезді айшықтау үшін автор контрасты қолданады. Игілік даусын да көтермейді, қабағын да шытпайды. Және автор өзгелерге оның осындай екенін мақұлдатып қояды. Жайма шуақ, мамыражай адамның кейпі. Бұл – алдамшы әсер. Бар гәп көз бен қабақта. Игілік мінезін танытатын негізгі характерлік белгілер – осылар. Тағы да дыбыстар үндестігіне жүк артылған. Ала көзін төңкеріп қарауы, қабағын түйіп қалуы «т» дыбысының үндесуі – аллетерациялық құбылыспен берілген. Бұл да ештеңе емес. Игіліктің мінез қырын танытатын жүкті портреттің логикалық соңғы түйіні – «бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді» сөйлемі арқалап тұр. Өйткені Игілік пен Жұман – мүлдем қарама-қарсы типтер. Жұманның алды-артының салмағы жоқ айғайы, бажылы көп болса, Игілік маңындағыларды қабағымен ықтырады. Оны автор жоғарыдағы сөйлеммен тіпті әсірелеп көрсетеді. Қазақы ұғымда мұндай адамдарды ызбар дейді. Бір сөзді, сөзі өтімді, алды-артын ойлап отыратын, сөзге сараң, бірақ ешкімді аяй қоймайтын адамның характері танылады. Мысалға алған екі статикалық портретте бір-біріне қарама-қайшы екі адамның бейнесі ашылған. Портреттен автордың кейіпкеріне деген ықылас-пейілі, жағымды я жағымсыз көзқарасы, кімге іштартып, кімге сырт бергені байқалады. Майқұдық басына «тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонған» екі байға портрет берудің өзімен-ақ Жұман мен Игіліктің ара салмағын айқындап бергені, яғни, бұдан былай таразының басы кімнің жағына қарай ауатыны аңғарылады. Игіліктің ерекшелігін танытатын эпитеттердің поэтикалық қуаты күшті, портрет иесінің оңай адам емес екенін көрсетеді. «Бірдемеге тыйым саларда бидің өтірік жөтеліп, тамағын қыратыны болушы еді» деген тәрізді ым-ишара тілі кейіпкер характерін жекелеп, даралау мақсатын көздейді. «Ғ.Мүсірепов көркем текстегі кейіпкерлерінің әрбір қимыл-қозғалысын, денедегі әрбір динамикалы әрекеттің әдемі поэтикасын, өзіндік дене образын, дененің ішкі және сыртқы құпия-сырын, жалпы дененің пластикалық бояуының көркемдік кеңістік пен көркемдік әлемдегі көрінісін, философиялық, эстетикалық құндылығын асқан шеберлікпен ашып, өз оқырмандарына жеткізе біледі» [5]. Игілік тәрізді салқынқандылық пен салмақтылық Оралханның Омарына да тән. Кейіпкерінің естігенін зердесіне түйіп, іштей қорытындылап алып сөйлейтінін автор былай танытады: «Баласы жалт қарап еді, таң қалды. Әкесінің өңі сол қызылшырайлы қалпы түк өзгермеген, ертек тыңдап отырғандай шырайын бермепті. Осыншалық саппастығына әрі сүйсінді, әрі «осының дені дұрыс па» дегендей қауіптенді. Жо-жоқ, әкесі бұл ойлағандай осал адам емес екен, беті бүлк етпестен әр сөзді салмақтап, өзі екшеп пікірін қоса жарыстырып отыр [4, 42]. Үзіндіден аңғарғанымыздай, сөйлеушілер саны – екеу. Омардың психофизиологиялық ерекшелігі баласы Еркіннің қабылдауында берілген. Жас мырзаны аса таңқалдырған жайт мынау: ол әкесіне тәргілеудің хабарын жеткізіп отыр. Әйтеуір бір естуге тиісті хабар сияқты қабылдаған Омар бай сыртқа сыр бермейді, оның кесек мінезін танытуда автор қимыл-әрекетке жүгініп, сөйлеп отырған қалпын таңдап алады. Беті бүлк етпестен сөйлеуі, өңінен қызыл шырайының кетпеуі, бір қарағанда, сырын алдыра қоймайтын әрі өзіне-өзі сенімді адамның сыңайы, психологиялық тұрақты белгісі тәрізді. Алайда, автор оның ішкі жан дүниесінің түрлі жағдаяттарға сай өзгеріске ұшырап, мүлдем басқа қырынан танылатынын келесі портретінде сездіреді: «Не өкіметті, не құдайды қарғарын білмей салы суға кеткен бай, әсіресе, соңғы он күнде желқом қажаған түйедей шөгіп-ақ барады. Әншейінде жер жылыса жылымайтын маңғаз адам, маң төбеттей маңқылдап, өз үй-ішінің де, осы есіктен әлі де тізгін үзді кете алмай шырғалап жүрген малшы-жалшыларының да жарғақ құлағын жастыққа тигізбей есін шығарып бітті [4, 112]. Жазушы кейіпкерінің шарасыз халін танытуда оның бойындағы физиологиялық өзгеріске және сөйлеу үдерісіне тоқталады. Он-ақ күнде күрт шөгіп кетуі, бұрынғы айбары кетіп сөзінің де қожырауы, маңқылдап сөйлеуі Омарды осындай күйге түсірген жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сездірсе керек. О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романындағы біз мысалға алған портреттерден аңғарғанымыз: біріншіден, уақыт тынысын сезіндіреді; екіншіден, портреттік белгілерге, яғни, сырт пішін мен ішкі мазмұн үндестігіне көңіл бөледі; үшіншіден, портретті үйіп-төкпей, қажеттісін, маңыздысын бере біледі; төртіншіден, кейіпкердің оқырманның есінде қалатын ерекше белгісін дәл таңдап, көрсете біледі. Айналып келгенде, жазушының қазақ әдебиетіндегі Мүсірепов дәстүрінен өзіне лайықты жол тапқанын түйсіндік.
Жұпар Жақан
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Мүсірепов Ғ. 5 томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. Оянған өлке. – А: Жазушы, 1974. – 483 б.
2. Гусева Э.В. Выразительные и образные средства в создании словесного портрета (на материале марийского романа). Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологических наук. – Йошкар-Ола: 2007.
3. Қоянбекова С. Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері.
Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы: 2008
4. Бөкей О. Өз отыңды өшірме. – Алматы: Жазушы, 1981. – 384 б.
5. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). – Алматы: Алаш, 2003. – 328 б.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.