Қазіргі заманғы қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Янь тұңғыш рет Қазақстанға сапарлап келмек. Жазушыны өз елінің әдеби ордасы төрінен көруге әрбір ел-ақ құштар. Жазушы 2006 жылдың маусымы басында Ресей қалаларында әдеби саяхат жасаған болатын.
Қытай жазушысы Нева өзенінің жағалауын бойлап, Ясная Полянаның ауасын жұтып, сонымен қатар «Тынық Дон» романына арқау болған жерлерді аралап үлгерген. Бұл оның Ресейге сонау 1995 жылдан бергі кезеңде төртінші рет келуі екен. Өзінің жазушы болып қалыптасуына Л.Толстой, Ф.Достоевский т.б. орыстың әйгілі жазушыларының шығармашылық ықпалы зор болғаны белгілі.
Әдеби сапардан өзге, Ресей елінде жазушының «Бақалар» («Лягушки») және «Туып, өле беруден шаршадым» («Устал, рожадьтся и умирать») романдары бойынша театрлық қойылымы болды. Жазушы осы қойлымдардың премьерасына қатысқан. Қытайлық қоюшы режиссерлер мен ресейлік актерлердің бірлескен өнерін жоғары бағалаған жазушы өзінің романдары Қытайдан бұрын Ресейде сахнаға лайықталғанын ерекше атап өткен.
Әлемдік масштабтағы Қытай қаламгерінің келесі шетелдік сапары Қазақстанда жалғаспақ. Жазушы ҚР Мәдениет ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен осы жылдың 22 маусымы күні Алматы қаласында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратында шеберлік дәрісін оқымақ. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас қаламгерлер қатысады деп жоспарланған екен. Нобелиат жазушымен бірге қандас қаламгер, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит, Бейжің Тіл және Мәдениет университетінің профессоры, ғалым Лю Шицинь де келмек. «Аталған шаралар 2024 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының аясында жүзеге асады», - деп хабарлайды, Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі. Әйгілі жазушының сапарлап келуі – біздің еліміздің әдеби өміріндегі елеулі жаңалықтың бірі болары сөзсіз.
