Қазақтан шыққан тұңғыш заңгер

Ел тарихында қазақ ұлтының тағдырын оқу-біліммен таразылап, халықтың құқығын қорғауды азаттық жолындағы күрес пен өмірінің бір бөлігіне айналдырған ұлы тұлғалар аз емес. Солардың ішінде қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрі, заңгер, ғалым әрі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Жақып Ақбаевтың орны айрықша. Ол заңның қолданылу аясын жеке адамның мүддесін қорғайтын құрал ретінде ғана емес, тұтас халықтың еркіндігі мен әділетті қоғам құрудағы негізгі өзек деп білді.

Қазақтан шыққан тұңғыш заңгер - adebiportal.kz

Заманынан озып туған зерделі тұлға

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы – қазақ жұртшылығы үшін түрлі тарихи өзгерістер мен шырғалаңы басым алабұртқан кезең болғанын білеміз. Қазаққа тән дәстүрлі көшпелі өмір салтына сырттан таңылған таңсық саяси басқару жүйесі мен жер мәселесінің шиеленісуі, отарлық биліктің күшеюі сынды мәселелер – екіталай күйде тұрған елдің ертеңі алаңдаған көзі ашық азаматтардың жаңа буыны мен тың ойларын қалыптастыра бастады. Олар халықты білімге үндеп қана қоймай, ұлттық мүддені саяси және құқықтық жолмен қорғаудың қажеттігін терең түсінген еді. Жақып Ақбаев есімі –дүрбелең заманда елдік мұрат пен асыл арман, әділдік пен азаматтық табандылықтың арасында сабақтаса қалыптасты.

Жақып Ақбаев – 1876 жылы қазіргі Қарағанды облысының аумағындағы Қарқаралы уезіне қарасты Берікқара болысы, Төңіректас деген топырақта туған. Ел ішінде беделді, ауқатты әрі көзі ашық Ақбай әулетінің ұрпағы бала Жақыпты отбасындағы тәрбие мен өскен ортасы жастайынан ғылым-білімге  құштар болып, қоғамдық мәселелерге сергек қарауына ықпал еткен.

Бала күнінен зеректігімен танылған Жақыптың болашағын әкесі біліммен байланыстырып, он жасында Қарқаралыдағы қазақ интернатына оқуға береді. Көреген көзі ашық әкенің дәл осы шешімі оның өмір жолындағы алғашқы маңызды белесіне айналады. Қазақ балаларының сол кезеңде терең білім алуы оңай олжа емес еді. Ал қазақ баласы үшін құқық саласын меңгеріп, күрделі заң жүйесінің тілін түсіну – тіпті асқан табандылық пен ерекше қабілетті қажет еткені анық. Жақыптың білімге деген зор талпынысы оны туған ауылы мен жақындарынан жырақтатқанымен, сол дәуірдегі озық оқу орындарының біріне жетелей түсті.

Петербургте алған білім – елге қызмет етудің аманаты

1889 жылы әуелі Омбы гимназиясына қабылданған Жақып Ақбаев, кейін Томск гимназиясында білімін жалғастырады. Оны 1898 жылы аяқтайды. Сол жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Империяның саяси және мәдени орталықтарының бірінде жүріп, құқық ғылымын терең меңгеруге мүмкіндік алады. Жақып Ақбаевтың Санкт-Петербург университетінде білім алуы оның дүниетанымының қалыптасуына елеулі әсер етті. Ол құқықтық қатынастарды, мемлекеттік басқару жүйесін және қоғамдағы заңның орнын дәл осы оқу ордасында толықтай зерттеді. Сонымен бірге сол кезеңдегі саяси пікірталастар мен қоғамдық қозғалыстардан да тыс қалған жоқ. 1903 жылы университеттің заң факультетін үздік нәтижемен аяқтап, алтын медаль иеленеді. Осылайша, Ақбаев қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрі ретінде тарихта қалды. Деректерге сүйенсек, ол заң факультетінде оқып жүрген кезінде Санкт-Петербург археология институтында да қатар білім алғаны туралы айтылады. Бұл жетістіктің мәні тек жеке адамның академиялық табысымен шектелмейді. Жақып Ақбаевтың білім алуы – қазақ жастарының ғылым мен кәсіби мамандықты игеру арқылы қоғамдық өмірге араласуының жарқын үлгілерінің бірі. Жоғары білім алып, кәсіби біліктілікке қол жеткізген Жақып туған еліне оралады. Оқуын өте жақсы тәмамдаған жас маманның алдында ендігі басқа міндет тұрды. Сыртта жинаған білімін жеке басының қамына емес, халқының қажетіне жарату – басты мақсаттарының бірі еді.  Ол – заңды сырттай танып-білумен шектелмей, оның қоғам өміріндегі орнын терең түсінуге ұмтылған жан. Заң кімнің мүддесіне қызмет етеді? Әділеттілік қашан орнайды? Халықтың құқығы қандай жағдайда қорғалады? Мұндай сауалдар оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына негіз болып, ұлт үшін еңбек ету жолындағы басты ұстанымына айналды. Жақып Ақбаев заңды жай ғана құқықтық нормалар жиынтығы емес, адам бостандығы мен ар-намысын қорғайтын, қоғамдағы әділеттіліктің салтанат құруына жол ашатын маңызды тетік деп бағалады. Сондықтан оның кәсіби ізденісі уақыт өте келе ұлт мүддесін қорғау жолындағы азаматтық күреспен астасып, оның құқықтық білімі елдің азаттығы мен халықтың теңдігі жолында қызмет етті. 

Заңгерлік қызмет және әділет жолындағы күрес

1903 жылы Жақып Ақбаев Омбы сот палатасында қызмет атқара бастады. Кейін сот жүйесінде түрлі міндеттерді орындап, заң саласындағы тәжірибесін жетілдірді. Ол құқықтық нормалардың іс жүзінде қалай қолданылатынын көріп, сот пен мемлекеттік мекемелердің халық өміріндегі шынайы рөлін кәсіби тұрғыдан тани түсті. Айта кету керек, Жақып Ақбаев үшін заңгерлік қызмет жай ғана мансап емес еді. Ол құқықтық сауаттылық пен әділеттілік мәселелерін елдің қоғамдық жағдайынан бөліп-жарып қарамады. Қазақ даласындағы отарлық жүйенің басқару тәртібі, жерге қатысты түйткілді мәселелер, бірте-бірте халықтың саяси еркіндігінің шектелуі оның азаматтық ұстанымына әсер етпей қойған жоқ. 1905-1907 жылдары Ресей империясындағы революциялық оқиғалар қоғамдық өмірге жаңа серпін бергені белгілі. Осы кезеңде Жақып Ақбаев та саяси белсенділігін күшейтіп, жиналыстар мен митингілерге қатысып, отарлық биліктің саясатын сынға ала бастады. Ол – Омбы, Семей, Қарқаралы және өзге де қалалардағы қоғамдық қозғалыстарға атсалысып, халықтың мүддесін қорғауға ұмтылған алаш азаматтарының бірі. Оның көзқарасы бойынша, елдің еркіндігі үшін митинг жасап, қарсылық білдіру жеткіліксіз болатын. Халықтың құқықтық сауатын көтеру, қоғамның саяси санасын ояту және мемлекеттік басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту – еркіндік жолындағы аса маңызды қадамдардың бірі еді. Жақып Ақбаевтың заңгерлік қызметі мен ел үшін саяси күресін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайтындығы да осында. Кәсіби білімі оған қоғамдық мәселелерді құқықтық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік берсе, азаматтық ұстанымы сол білімді халық мүддесіне, елдің жағдайына бағыттады. Оның патша билігінің бақылауына алынып, бірнеше рет қудалауға ұшырауы да осы ұстанымымен тікелей байланысты болды. Уақыт өте саяси сенімсіз тұлға ретінде танылған ол бара-бара қызметтік шектеулер мен түрлі тергеулерге, тіпті қамауға алынып, түрме азабына да тап болды. Бірақ мұндай қиындықтар оның ұлттық мүддеге негізделген көзқарасын өзгерте алған жоқ.

Қарқаралыдағы қозғалыс және ұлттық сананың оянуы

Жақып Ақбаевтың қоғамдық қызметін сөз еткенде, XX ғасырдың басындағы Қарқаралы өңіріндегі саяси оқиғаларды айналып өту мүмкін емес дер едім. Бұл кезеңде қазақ зиялылары халықтың саяси құқықтарын кеңейту, білім беру ісін дамыту, жер мәселесін әділ шешу сынды талаптарын ашық білдіре бастаған-ды. Ал Қарқаралы осы қозғалыстардың маңызды бір орталығына айналды. Жақып Ақбаев – сол кезеңдегі қоғамдық-саяси бастамалардың басында болып, отарлық басқару жүйесіне қарсы үн қосып, пікір білдіргендердің бірі. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты өзге де ұлт зиялыларының есімімен оның да аты қатар аталынды. Ұлы тұлғалардың әрқайсысының кәсіби бағыты мен қоғамдық қызметінде өзіндік ерекшелік болғанымен, олардың бәріне ортақ мұрат – қазақ халқының дербестігі, көзі ашық, білімді ұлт қалыптастыру және елдің болашағын халықтың өз мүддесіне сай құру еді. Жақып Ақбаев бұл мақсаттарға құқықтық білім мен саяси әрекетті ұштастыру арқылы үлес қосты. Ол халықтың мұң-мұқтажын көтерген қоғамдық бастамалардың маңызын заң тұрғысында қолдап, ұлттық мәселені мемлекеттік деңгейде шешудің қажеттігін жақтады. Бұған дәлел ретінде 1905 жылғы Қарқаралы петициясы мен сол кезеңдегі саяси қозғалыстар қазақ қоғамындағы құқықтық және ұлттық талаптардың күшейгенін айтуға болар. Мұндай тарихи оқиғалар Жақып Ақбаев секілді қайраткерлердің саяси көзқарасын қалыптастырған орта мен дәуірдің сипатын айқындай түсті. 

Алаш мұраты және елдік идея

1917 жылғы төңкерістер Ресей империясының саяси құрылымын түбегейлі өзгертіп, бұған дейін патша билігі тұсында құқықтары шектеліп келген бодан елдерге өз болашағын қайта қарастыруға мүмкіндік туғандай болды. Дәл осы кезеңді қазақ зиялылары ұлттық мемлекет құру мәселесін көтеруге пайдаланды. Алаш қозғалысы осы мақсаттан туындаған ірі саяси-әлеуметтік құбылыс еді. Жақып Ақбаев Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлерінің бірі болды. Ол 1917 жылғы жалпықазақ съездеріне қатысып, Алаш автономиясын құруға бағытталған саяси үдерістерге етене араласты. Кейін Алашорда үкіметінің құрамына да енді. Осы тұста оның заңгерлік білімі бұл қозғалыс үшін ерекше маңызды еді. Өйткені ұлттық автономия құру, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, азаматтардың жеке құқықтары мен міндеттерін айқындау сияқты мәселелер заң тұрғысында терең білімді қажет ететін еді. Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының тәуелсіздік идеясын тек ұран ретінде ғана емес, ел басқарудың тетіктері мен білім беру жүйесін, сот ісін және қоғамның болашақ құрылымын әріден ойластырды. Олардың мақсаты – халықтың тағдырын бөгде ұлттың еркіне тәуелді етпей, ұлттық мүддеге негізделген саяси жүйе құру болатын. Жақып Ақбаев заңды меңгеру арқылы халықтың құқығын қорғауға ұмтылса, Алаш қозғалысына қатысу арқылы сол құқықтарды қамтамасыз ете алатын ұлттық саяси құрылым қалыптастыруға күш салды. Осы тұрғыдан алғанда, Ақбаевтың тарихи тұлғасы заңгерлік қызмет шеңберінен әлдеқайда кең әрі ауқымды. Ол – құқықтық ойлау мәдениетін ұлттық идеямен ұштастыра алған қайраткер.

Ғалымдық ізденіс және құқықтық ой

Жақып Ақбаевтың қызметі саяси күреспен ғана шектелген жоқ. Ол ғылымға да қызығушылық танытып, қазақ қоғамының тарихы мен дәстүрлі құқықтық қатынастарына қатысты мәселелерді зерттеуге атсалысты. 1907 жылдан бастап Ресей географиялық қоғамының Семей бөлімшесімен тікелей байланыста болып, ғылыми ортаға араласқан жан. Деректерге сүйенсек, оның этнография мен қазақ қоғамының құқықтық өміріне қатысты зерттеулерге аса қызығушылық танытқаны жөнінде деректер сақталған. Қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы мен жер дауы, жесір дауы, руаралық қатынастар, билер соты секілді мәселелері ғасырлар бойы қалыптасқан нормалар арқылы реттеліп отырды. Ал империялық басқару жүйесінің енгізілуі – бұл құқықтық қатынастарды біршама күрделендіріп, бұрынғы тәртіп пен жаңа заңның арақатынасын шиеленісті мәселеге айналдырғаны да рас. Осындай жағдайда қазақ қоғамының құқықтық тәжірибесін зерттеу тек ғылыми міндет емес, халықтың тарихи жадын, қоғамдық құрылымын және өзіндік ерекшелігін түсіну аса қажет еді. Жақып Ақбаев заңгерлік және ғылыми қызығушылықтары арқылы халық арасында құқықтық мәдениет қалыптастыруға атсалысқан тұлға.

Қудалану жылдары

1917 жылдан кейінгі саяси өзгерістер қазақ зиялыларының бәріне бірдей еркін қызмет етуге мүмкіндік берген жоқ. Азамат соғысы, билік үшін күрес және кеңестік басқару жүйесінің орнығуы қоғам өмірін күрт өзгерткені айтпаса да түсінікті. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер жаңа биліктің «сенімсіз» адамдары ретінде нысанаға ілінді. Жақып Ақбаев та саяси қудалаудан тысқары қалмады. Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында ол құқықтық және әкімшілік салаларда қызмет атқарғанымен, кейінгі саяси науқандар кезінде бұрынғы Алаш қайраткері ретіндегі қызметі күмән туғызып, өзіне қарсы айыптауларға негіз болды. Мысалы, 1928 жылы Жақып Ақбаев туған өлкесінен кетуге мәжбүр болады.Солайша Сырдария өңіріндегі адвокаттар алқасына мүше болып кіреді. Кейін бұл қызметтен де шеттетіліп, біржола ғылыми ізденіспен айналысуға тырысады. Артынша 1930 жылы тұтқындалып, 1932 жылы бес жылға Воронеж облысына жер аудару жазасы тағайындалғаны туралы деректер кездеседі. Алайда қайраткер денсаулығының қатты нашарлауына байланысты тұтқыннан мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады.

Өмірінің соңғы жылдары азап пен ауыртпалықта өтеді. Бір кездері заң саласында жоғары білім алып, елінің жарқын болашағы үшін күрескен заңгердің саяси қысымға ұшырауы – сол дәуірдегі әділетсіздіктің айқын көрінісі еді. Түрлі айыптаулар мен қызметтік шеттетулерден көз ашпай, бірнеше мәрте тұтқындалып,соңында денсаулығы сыр берген Жақып Ақбаев 1934 жылдың 4 шілдесінде Алматыда қайтыс болады. Ол небәрі елу жеті жасында өмірден озды. Алайда оның қысқа ғұмырына тұтас бір дәуірге татитын күресі мен қасіреті сыйып кетті. Кейіннен 1958 жылғы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен Жақып Ақбаев есімі толық ақталады. Бұл шешім оның есіміне тағылған жалған саяси айыптардың негізсіздігін және тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды қадамы болды.

Жақып Ақбаев мұрасы – бүгінгі ұрпаққа аманат

Тарихи тұлғаның ұлт алдындағы қадірін оның алған атақтары мен атқарған қызметтері ғана айқындамайды. Ең бастысы – сол адамның өз дәуіріндегі күрделі мәселелерге қалай жауап бергені, қандай құндылықтарды қорғағаны және кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалдырғанында. Жақып Ақбаевтың өміріне осы өлшеммен қарасақ, оның ең басты ерекшелігі – кәсіби білімі мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің ара-жігін бөліп-жармай, заңгер ретінде де құқықтық тәртіптің мәнін терең түсінгендігінде. Ол – қайраткер ретінде халықтың еркіндігі мен ұлттық мемлекеттің идеясын қорғаса, ғалым ретінде қоғамды тануға ұмтылды. Бүгінде заң саласында өзекті мәселелер көтеріліп, адам құқығы, азаматтық жауапкершілік және ұлттық мүдде туралы сөз болғанда, Жақып Ақбаевтың тарихи тәжірибесі үлгі боларлықтай-ақ. Оның тағдыры құқықтық білімнің де, елдік мұраттың да үлкен жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді.

Қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрінің есімі – отандық заң ғылымының тарихындағы маңызды белес қана емес, ұлттың азаттығы мен әділеттілікке ұмтылысын танытатын «рухани» белгі. Оның өмір жолы ел болашағына алаңдаған адамның өз білімін, қабілетін және ғұмырын халық игілігіне арнауының өнегесі болып қала береді. Жақып Ақбаев армандаған әділетті қоғамның негізі – білімді азамат, заңға құрмет және халық алдындағы жауапкершілік. Бұл құндылықтар уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпайды. Керісінше, ұлт тарихын тереңірек таныған сайын, осындай тұлғалардың өмірі мен мұрасын қайта зерделеудің қажеттілігі арта түседі. Өйткені елдің баянды болашағы үшін күрескен жандардың тағдыры – өткеннің шежіресі ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани бағдаршамы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1271

Taza Qazaqstan