Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қазақтың қос қаламгері «Букер» сыйлығына ұсынылады...

Қазақтың қос қаламгері «Букер» сыйлығына ұсынылады

21.12.2025

3847

Қазақтың қос қаламгері «Букер» сыйлығына ұсынылады - adebiportal.kz

Астанада Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысы алғаш рет өткізіліп, 2025 жылы атқарылған жұмыстар сараланды. Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырған бұл әдеби жиын елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.

Жиын сағат 15:00-де басталуы тиіс болғанымен, іс-шара 17:00-де басталды. Бұған себеп – жиынға қатысқан мәртебелі қонақтардың тығыз жұмыс кестесі мен халықаралық деңгейдегі делегациялардың келуі. Алайда уақыттың кеш басталуы жиынның мазмұны мен әсеріне салмақ түсірген жоқ. Керісінше, бұл кеш Астанада тұңғыш рет өтуімен-ақ әдеби орта үшін маңызды оқиғаға айналды.

«Жас әдебиеттің көкжиегі» деп аталған әдеби жыл қорытындысын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Басқосуға Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ҚЖО төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, белгілі ақын-жазушылар, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің Төтенше және өкілетті елшілері қатысты.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жолдаған құттықтау хаттар оқылды.

Әдеби кештің екінші жаңалығы – кітап тұсаукесерлері болды. Атап айтқанда, «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы аясында жарық көрген 4 жаңа кітаптың, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шыққан 2 еңбектің, сондай-ақ жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсауы кесілді. Бұл – жас әдебиетті қолдауға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстың көрінісі.

Жиын барысында классик жазушы Төлен Әбдік Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалына айрықша статус беру және елордада Одаққа арналған жеке ғимарат салу мәселесін көтерді. Бұл ұсыныс әдеби қауым тарапынан қолдау тауып, қаламгерлердің шығармашылық инфрақұрылымын күшейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.

Алайда кештің ең үлкен әрі маңызы бар жаңалығы – қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістікке шығуына қатысты шешім болды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жыл қорытындысын түйіндей келе, жазушы Төлен Әбдік пен Қанат Әбілқайырдың романдарын халықаралық «Букер» сыйлығына ұсыну бағытында нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Ең бастысы – бұл жолы шығармаларды беделді халықаралық сыйлыққа жеке авторлар емес, Қазақстан Жазушылар одағының өзі ресми түрде ұсынбақ.

Мереке Құлкеновтің айтуынша, бұл қадам – Нобель сыйлығына апарар жолдағы маңызды баспалдақ. Шынында да, қазақ әдебиетінде әлемдік деңгейдегі сыйлықтарға лайық туындылар бар. Алайда мұндай бәйгелерге ұсынылатын шығармалардың алдымен ағылшын тіліне өте жоғары деңгейде аударылып, шетелде басылып шығуы – күрделі әрі ауқымды жұмыс. Мұны жеке қаламгердің жалғыз өзі атқаруы қиын. Сондықтан бұл істі Одақтың өзі қолға алуы – уақыт талабынан туған шешім.

Жиын барысында жазушылар Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Нұрдәулет Ақыш және өзге де қаламгерлер сөз сөйлеп, әдеби үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы биыл 75 жасқа толған астаналық қаламгер Несіп Жүнісбаевты мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan