Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, PhD. Сәулембек Гүлмира Рзаханқызымен қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыты туралы аз-кем сұхбаттасып, ой-пікір бөліскен болатынбыз.
- ХХІ ғасыр суреткерінің мұраты – ұлт тағдыры ма, әлде жаһандық құндылықтар ма?
- Жалпы қандай суреткер болмасын ұлт тағдырындағы үлкенді-кішілі мәселелерге бейжай қарай алмайды. Қашанда болып жатқан өзгерістерді өзгеден бұрын қаламгерлер нәзік сезініп, шығармалары арқылы үн қатып отырады. ХХІ ғасыр суреткері де бұл тақырыптан тыс қалмайды. Ғаламдануға қарсылық, ұлттық құндылықтарды сақтауға талпыныс маңызды тақырып болғанымен, ғаламдық құндылықтар да тақырып аясынан тыс қалмайды.
- Сіздің ойыңызша бүгінгінің шығармасы нендей жүкті арқалауы тиіс? Қандай бағытта дамуы керек?
- Бүгінгінің шығармасы нақты мынадай жүк арқалауы тиіс деген – қателік болар. Авторлар көркемдік жетілу жолында өзіндік бетін жоғалтып алмауы тиіс. Қазіргі әдебиет әртарапты даму жолына түскен, сыртқы ықпал әсер етпесе, бұл үдеріс осылай жалғасады. Біз үшін әдебиеттің түрлі жанрының дамып, түрлі тақырыпты қамтуы маңызды. Себебі бүгінгі клиптік сана қалыптасқан заманда оқырманды тарта білетін, түрлі талғамға жауап беретін шығармалар қажет.
- Біздің заманның бас қаһармандары кімдер? Соңғы кезде оқыған кітаптарыңыздан қай шығарма ұнады? Көңілден шыққан кейіпкер болды ма?
- Бүгінгі заманның бас қаһарманы – замандастарымыз. Соңғы оқығандарымның ішінен Ғалымбек Елубай, Жадыра Шамұратова деген жазушылардың шығармалары ұнады. Ғалымбек Елубайдың шығармаларымен әлеуметтік желідегі парақшасынан ғана таныспын. Ал Жадыра Шамұратованың туындыларын «Секундтар арасындағы үнсіздік» атты кітабынан оқып таныстым.
Ғалымбек әңгімелерінің тілі шұрайлы, жазып отырғаны нендей құбылыс болсын, ол туралы терең білімі айқын көрініп тұрады. Көлемді шығармаларға жүк боларлық мәселелерді шағын жанрға сыйғызып жіберетін қабілеті әрі оқиғаны егжей-тегжейлі баяндаудан бойын аулақ салып, оқиға тізгінін оқырманға қарай ысыра қоятын, пейзаж, интерьер, портретті берудегі өзіне ғана тән қолтаңбасы, диалог құрудағы шеберлігі − автордың ерекше тоқталып өтуге тұрарлық ерекшелігі.
Жадыраның туындыларын оқи отырып шығарма жазуға деген үлкен жауапкершілігін байқайсыз. Шығармаларындағы кеңістіктің, әрбір детальдің дәл берілуі сондай, сол салада жұмыс істейтін маманның жұмыс жазбасы ма деп таң қаласың. Оның мәйітханада жұмыс жасайтын дәрігері, казино жағалаған ойынқұмары дейсіз бе, кейіпкерді сөйлеткенде кей шығармалардағыдай автордың көлеңкесі еріп жүрмейді. Сондықтан да болар оқырманды сендіре біледі. Бұл екі автор тырнақалды туындыларымен-ақ әдебиетке қарымды қаламгерлердің келе жатқанын дәлелдей алды деп ойлаймын.
- Бүгінгі күнгі қазақ әдебиетінің басты проблемасы неде деп білесіз?
- Әдебиеттің қазіргі таңдағы басты проблемасы оқырманын таба білу ғой деп ойлаймын. Ақпараттар ағыны, әлеужелінің арзанқол дүниелері миллиондардың санасына берік орныққан заманда оқырманды еліктіріп әкетер, сендіріп, мойындатар туынды жазу мәселеге айналып отыр.
- Қазақ әдебиетіндегі «жоқтың орнын толтыруға» талпынған соны шығармалар бар ма? (Жаңа жанрларда, тың тақырыптарда жазылған дүние деп есептеуге лайық шығармаларды айтсаңыз?)
- Әдебиеттегі ізденісті қаламгерлердің барлық буынынан байқауға болады. Әдебиеттің қай тегі болмасын, әртүрлі бағытта, әртүрлі жанрда бақ сынап жүрген қаламгерлер баршылық. Бір кездері аға буыннан М.Мағауиннің «Жармақ» сынды модернистік, «Қыпшақ аруы» сынды магиялық реализм бағыттарында жазылған шығармаларының, «Қуыршақ» сынды мистикалық жанрда жазылған шығармалардың көш керуені жалғасуда деп білемін. Тек мистикалық жанрда бақ сынап жүрген Қойшыбек Мүбәракты, ішінара осы жанрда жазатын Ғалымбек Елубайды, фантастикалық жанрда қалам тербеп жүрген Ділдар Мамырбаеваны, Бақытбек Қадырды, ғылым мен әдебиеттің синтезінен «Квант» сынды шығармалар жазған Досхан Жылқыбайды, соны сүрлеу салуға талпыныстары үшін атап өтуге болады. Поэзияда ежелгі толғау жанрын қайта жандандырып, әлеуметтің сұранысына лайықты аудио және визуалды форматтың көмегімен ерекше синкреттілік дарытып ұсынып жүрген Исраил Сапарбай, Аспанбек Шұғатаев сынды авторлардың, балалар әдебиетіне ерекше үлес қосып жүрген Серікбол Хасанның, ақ өлеңде ерекше өрнек салып жүрген Файзолла Төлтайдың шығармаларын (әдеби үдерісті түгел айтып тауыса алмайсың, тек жаңашылдық тұрғысынан есіме түскендерін ғана айтып отырмын) атап өтуге болады.
- Қазір жас қаламгерлер арасында Нобель сыйлығына жетсем, Букер сыйлығын алсам деген арманмен шығарма жазатындар қалыптасып келеді. Осындай жастардан тың дүние, сенсациялық шығарма күтуге бола ма?
- Генерал болуды армандамайтын солдат болмайтыны сияқты, мұндай сыйлықты аламын деп талпынған дұрыс та шығар. Бұл ізденісті арттырады. Айналадағы болып жатқан құбылыстарға өзіндік көзқарасын қалыптастыруға, әдеби үдерісті зерделей алуға, теориялық білімді толықтыруға жетелейді. Бірақ шығармашылық тылсым құбылыс, ол құрастыра салатын пазл емес. Шығарма Нобель үшін де, Букер үшін де жазылмауы керек, шығарма оқырман үшін жазылуы керек. Жаратушыдан берілген ерекше түйсік, қаламгерлік қабілет пен білім ұштасқанда жақсы дүниелер туатыны мәлім. Ал ізденіс осы жолдағы бір белес қана.
- Кез келген жаңа туындыны оқыған бір топ мақтайды, екінші бір топ даттайды. Пікір қақ жарылғанда, туындыны әдеби теорияға сап талдау, таразылау қаншалықты ұтымды? Мысалы, Бақытгүл Сәрмекованың шығармашылығы, Ерболат Әбікенұлының шығармашылығы туралы не айтасыз?
- Көркем шығарма туралы жалпы оқырман пікірі тек эстетикалық әсерден туындағандықтан, оны мақтау немесе даттаудың болуы заңдылық. Әрбіріміз оқырман ретінде жеке тұлға болғандықтан, білім-білігіміз, кәсібіміз, өмірлік тәжірибемізге, жасымыз бен жынысымызға қарай да талғамымыз бен талабымыз әрқалай бола береді. Ал енді шығармаға байланысты кәсіби пікір білдіргенде «маған ұнамады, сондықтан бұл жаман шығарма» деген жүрмейді. Мұнда сол шығармаға лайық зерттеу әдістерін қолдана отырып саралап, баға бересіз. Лайықты зерттеу әдісі дегенді бекер айтып отырғаным жоқ. Мысалы, постмодернистік бағытта жазылған шығарманы сюжет пен композиция тұрғысынан талдау қате немесе ішінде кейіпкер психологиясы ашылмаған деп сынай алмайсыз. Теориялық талдау арқылы шығарма оқырманға түсініктірек бола бастайды, әсіресе, әдеби орта мен кәсіби мамандар үшін. Алайда теориялық талдау жалпы оқырманның пікірін өзгерте алмайды, себебі жалпы оқырман оны оқи бермейді, оқыса да түсінуі екіталай.
Бақытгүл Сәрмекованың шығармашылығымен, оның ішінде «Ақындардан жеріну», «Редактор», «Раушан гүл», «Итгершілік», «Қарагер тай», «Түйебай» сияқты әңгімелерімен таныспын. Мұнан өзге шығармаларын оқыған емеспін. Бұл автор қаламгерлік жолды белді буып таңдаса, ізденіс керек дер едім.
Ерболат Әбікенұлының «Министр» жинағын кезінде сүйсініп оқығанмын. Шығармаларындағы уытты әзіл, өзіндік ирония арқылы өзіміз өмір сүріп отырған ортаның ащы шындығын көрсеткенмен, кейіпкерлері езіліп кетпей, адамдық келбетін жоғалтпауға тырысатын оптимизмімен ерекшеленеді. Қоғамдағы жағымпаздық, жауырды жаба тоқу сынды т.б. келеңсіз қылықтарды, әлі күнге күн тәртібінен түспеген өзекті мәселелерді езу тартқыза отырып, жылататын шығармалары арқылы оқырманның көңілінен шыққан автор дер едім.
- Бүгінде көркем сын бар ма? Сынға мұқтаж жазушылар көп деп ойлайсыз ба? Сын теориясы замана үніне сай модернизациялана ма, әлде мұндай өзгеріске қабілетсіз бе?
- Сын жоқ десе де болады. Біріншіден, оған деген қажеттіліктің болмауынан да тоқыраған болуы мүмкін. Себебі қазір сын көтере алатын, сынды қажеттілік деп санайтын жазушы жоқ. Екіншіден, қазіргі әдебиеттің даму бағыты сыншыдан үлкен біліктілікті талап етеді. Қазіргі кездегі сында әдебиетке келіп жатқан үрдістерді зерделеуден гөрі жатырқау, жатсыну басым. Дегенмен, әдеби үдеріске баға беру үшін әлемдік бағыттардың ұлттық әдебиетке әсерін, оның сіңірілу, қорытылу дәрежесін бағамдауға талпыныс аздап болса да байқалады. Шын мәнінде сын – жазушының мүддесіне қызмет ететін жанр. Сондықтан, сынға мұқтаждық бар, себебі әдебиеттің басты насихатшысы, мінін түзеуші, бағын ашушы да сын.
- Егер постмодернге дейінгі классикалық қазақ әдебиеті дидактикалық функцияны атқарса, қазіргі заман әдебиеті қандай мақсатқа қызмет етіп жатыр деп ойлайсыз? Драма, лирика, проза – қайсысы көш бастап тұр?
- Меніңше, қазіргі заман әдебиеті әртарапты даму жолында. Әдебиеттің дидактикалық қызметі жоғалып кетті дей алмаймыз. Қазір ақылгөй автор мен үлгілі кейіпкер әдісінен бас тартып, сан-қилы тағдырдың иесі болған кейіпкердің ішкі әлеміне үңілу, себеп-салдарын бағдарлау басым. Түрлі философиялық ой-толғамдар, стилистикалық өрнектер, зілді әзіл, аллюзиялар сынды көркемдік категорияларының көмкерілген шығарма қорытындысын автор оқырманға қалдырады. Әдебиет қандай ағым-бағытта дамыса да дәуір келбеті, оқиғалар мен қилы тағдырлар айқын көрінеді. Қазіргі әдебиеттің көшін лирика бастап тұрғаны анық. Лирика мен драмалық шығармалар оқырманға тез жететіндіктен басымдық осы жанрда жазылған шығармаларда болып тұр. Прозаны да тұралап қалды деуге келмейді. Прозаның шағын жанрлары да көптеп жазылуда.
- Әдебиетіміздің бүгінгі даму барысы жайлы ой бөліскен әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.