Қазіргі қазақ поэзиядағы ырғақтың жасалу жолы сан түрлі. Силлабикалық өлең жүйесінде ырғақ тудыруға буын, бунақ, тармақ, шумақ сияқты компоненттердің негіз болатыны белгілі. Ал инверсия, интонация, ұйқас арқылы ырғақ барынша түрленіп отырады. Сол сияқты, біздің байқауымызша, силлабикалық ырғақ түзуде бұдан өзге де амалдардың қызметі зор. Қазіргі ақындардың өлеңдерінен көп байқағанымыз, ырғақты түрлендіруде өлең тасымалының сәтті пайдаланылуы. Бұл терминнің француз тiлiнде «тасымал» деген мағына бiлдiретiн «enjambement» («анжамбман») деген дербес атауы да бар.
«Анжамбеман (анжамбман; enjambement) – интонациялық-синтаксистік байланыстың метрикалық қатармен сай келмеуінен фраза бөлігінің бір тармақтан екінші тармаққа тасымалдануы. Өлеңді оқыған кезде паузамен (кідіріспен) айқындалады, онсыз өлең ырғақ мәнерінен айырылады. Бүтін сөз, сол сияқты оның бөлігі тасымалдануы мүмкін». Бұл ұғым орыс әдебиеттану ғылымында Г.А.Шенгели, Ю.Н.Тынянов, В.М.Жирмунский, М.Л.Гаспаров, М.И.Шапир және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен зерттелген. Ал қазақ ғалымдары ішінде алғашқылардың бірі болып қалам тартқан – тілші ғалым Рәбиға Сыздық. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысын зерттеген Рәбиға Сыздық ақынның өлеңдеріндегі тасымалды да ерекше қарастырған. Ғалым орыс филологиясындағы анықтамаларға сүйене отырып, өлең тасымалына мынадай анықтама береді: «Өлеңнің тасымалы өлеңнің тармағы мен оның синтаксистік бөлінісінің шекаралары сайма-сай түспейтін сәттерінде пайда болады. Ашып айтсақ, өлеңдегі белгілі бір айтылмақ ой (сөйлем) бір тармақтан асып, келесі тармақтың ортасында аяқталса, немесе бір тармақта айтылатын ой (сөйлем) оның алдындағы тармақтың жартысынан басталса, ондай синтаксистік құрылым өлең тасымалы болып шығады» дейді. Сөйтіп ғалым тасымал нышандарының Абай өлеңдерінде кездесетінін мысалдармен дәлелдеп береді. Ал М. Жирмунскийдің тұжырымы бойынша: «Өлең тасымалы – ол ауыз екі өлеңге («говорный стих») тән құбылыс және поэзияның музыкадан ажыраған дәуірінде дамиды. Ауыз екі өлең композициялық еркіндікке ие және проза тілі мен ауызекі интонацияға жақындауға ұмтылады. Солайша өлеңнің алғашқы әндік құрылымына тән айқын композициялық шекті бұзады» - дейді. Өлеңнің прозалық стильге жақындаған бүгінгі дәуірінде тасымал қазақ поэзиясында еркін норма ретінде кеңінен пайдаланылып жүр.
Мұны өлеңтанушы ғалым А. Үсен былай деп атап өтеді: «Қазіргі жаңа форма жасап жүрген ақындарда тасымал мен үзіліске ерекше мән беріліп жүр. Тасымал үзілістен гөрі ерте қолданысқа еніп, қазіргі күнде де белсенді поэзиялық айналымда».
Қазіргі заман ақындарының өлеңдерінен тасымал нышандары көп байқалады. Мысалға ақын Ақберен Елгезектің «Күзгі қала. Жаңбырлы кеш» өлеңінің мына шумақтарын алайық:
Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше,
Үш көзі
Жыпылықтап кезекпен…
Өлең үшін ішу керек, ішкесін,
Шер тіленген өзекпен!…
Тереземнің арғы жағы – гүр-гүр мотор,
Отынан
Жаратылған газ көкшіл…
Асфальт қана жазар бәрін жадына,
Жазылары – сөз кекшіл…
Бұл өлеңде біздің назар аударғанымыз, екі шумақтағы бірдей боп келетін буын сандары емес, өлеңдегі тасымалдың ырғақ түрлендірудегі қызметі. Айталық, 12 буыннан тұратын бірінші тармақ пен 3 буыннан тұратын екінші тармақ дауыс кідірісімен ғана бөлініп, бір ырғақтық-интонациялық құрылым түзеді. «Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше, үш көзі». Сонда «Үш көзі» деген тіркестен басталар ой өлең тасымалы арқылы келесі тармақта жалғасын тапқан. Ақынның бұл тіркесті өлең ырғағын туғызатын интонациялық ерекшелігі үшін жеке тармақ етіп алғаны әбден түсінікті. Келесі шумақ туралы да дәл осылай айтуға болады. «Жаратылған газ көкшіл…» деген тармақ формалық жағынан дербес сияқты көрінгенімен, мазмұны жағынан қарағанда алдыңғы тармаққа байлаулы.
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық та тасымал арқылы тұтас синтаксистік құрылымдарды ырғақтық-интонациялық кідірістерге орай бірнеше тармақтарға тасымалдайды. Ақын өлеңдеріндегі тасымал өлеңнің интонациялық динамикасымен барынша айқындалып отырады.
Кешегі көргеніңнің барлығы
бүгін түс секілді ізім-ғайым.
Боз жусан жұпарын сімірген
боздақ қыр құшырлана.
Ғұмыр-дария –
Таң мен Кештің өткелегіне
тіршілік торын жайып,
Өз несібіңді Тәңірден күту ғана…
Бұл шумақтардың буын құрылымы күрделі. Мұнда біртұтас құрылымдарды 10-7, 11-7, 10-9, 8-9 және 10-10, 9-7, 5-8-7, 12 буынды тармақтарға тасымалдай отырып, ырғақтық-интонациялық жүйе жасаған. Мұнда тасымалды бунақаралық кідіріс тудырып тұр. Өлеңнің ұйқасушы бірліктерінің буындары бірдей болғандықтан, ырғақтық құрылым өзара үндестік тапқан. Ақын өлеңі «Өрмекші» деп аталған екен, алайда өрмекші жайында ештеңе айта қоймаған. Сөйтсек... Өрмекші деген өзім екен. Ғұмыр деп аталатын дарияның екі жағы – Таң мен Кеш, бәлкім, ол Өмір мен Өлім болар. Сол екі аралықта өлместің күні үшін өрмек тоқыған Мен. «Таңғы нәсіп – Тәңірден». Біздікі тек күту, өйткені несібе – ғайып. Сондықтан Тәңірге ғана аян.
Енді ақынның «Құлазу» деген өлеңіне тоқталайық.
Үнсіздік пен айқайдың арасындағы//
Жалғыз аяқ соқпақ… ұзыннан ұзаққа шұбалған.
Бейне, ашылмаған Қиял кітабының ішіне//
Бір нәзік қол жасырып,
Жалғыз тал емен жапырағындай қуарған.
Өлең прозалық сипатқа тән ұзын сөйлемдерден құралғандықтан, тасымал арқылы тармақтарға бөлінген. Тасымалдың негізгі қызметі тармақтарды синтаксистік жағынан тұтастыру десек, бұл өлең жолдарында да бірінен-бірін бөліп, дербес қарай алмайтын тұтастық бар.
Тоқтарәлінің өлеңдерінде тармақ араларындағы тасымалдан өзге, шумақаралық тасымалды да байқауға болады.
Мына халық не біледі?!
Билейді олар... шу қылып...
Өткен өмір керуені
өксігіңде шыңғырып
тұрғандайын күй кешесің.
(Ессіз ой мен тілсіздік).
Билесе екен билесе шын,
Жан қалауын мұңсыз ғып...
Бұл өлеңде бірінші шумақ соңындағы сөйлемнің аяғы келесі шумаққа ұласып кетіп тұр.
ХХІ ғасырдың екінші он жылдығында әдебиетке келген біршама жас ақынның өлеңдерін қарастыра келе, өлең тасымалына мысал боларлық үзінділерді де барынша екшеп алдық. Жас ақын Еділбек Дүйсеннің «Алданған» деген өлеңіндегі тасымалға назар аударайық:
Уақыттың қарызы келеді əлі өтелмей,
Көлеңкесі көліктің езіп... жаншып кетердей
үрейімді үрлейді. О, о несі, о несі?
Өздеріндей мен-дағы бір ғұмырдың егесі
емеспін бе? Бақ пен сор арқалаған, жоқ қармап,
Көше шамы бітетін теңіз жақты бетке алған.
Өлең егіз ұйқасқа құрылған қос тармақтардан тұрады. Байқасақ, екінші тармақтың соңы алдыңғы ұйқасушы сөзге және 14 буынды ырғақтық құрылымға бағынып, тармақаралық кідіріс арқылы келесі тармақтың басына ұласып кетіп отырады. Бұл өлеңдегі тасымал ырғақтың бірқалыпты шығуына қызмет атқарып тұр. Өлеңнен жаңа поэзияның өз таным-түйсігі байқалады. Қоғамдағы келеңсіздіктердің көбі лирикалық кейіпкердің көңіліне олқы. Үмітсіздік пен үрей жетегіндегі, бақ пен сор арасындағы жан күйзелісі өлеңге өзек болған. «Көшпендінің қираған шаңырағындағы» ошақтан шыққан әлсіз түтінге жанын жылытқан үміт те бар.
Ақын Файзулла Төлтайдың «Катарсис» өлеңінің ырғақтық жүйесі дербес ырғақтық-синтаксистік және біртұтас синтаксистік құрылымдарды тасымалдау арқылы жасалған.
Бәрі – бөтен. Бәрі – жат.
бір өзгеше күйге еніп,
Өмір жазған Өлеңнің шимайына иленіп
отырамын –
адамдай Жалғыздығын жерлеген.
Қанды аңсаған қанжардың иесі едім.
Мен деген –
Дәруішпін адасқан.
Жол көрсетші, ақық түн.
Өз ішімнен Өзімді іздеймін деп жалықтым.
Жалғыз Үрей –
мұң тұнған жүрегімнің ішіне
бір құдайды таппаймын Шам жарығын түсірер.
Бұл өлеңде 14 буынды өлшем ырғақтық түрленуге түскен. Мысалы, «Өмір жазған Өлеңнің шимайына иленіп отырамын» дегенде тармақ жігі мен сөйлем жігі сай келмей, «отырамын» сөзі өлең тасымалымен келесі тармаққа ығысады. Ақын он төрт буынды өлең өрнегін кейде тұтас алып, кейде интонациялық кідіріске орай жеке тармақтарға бөле отырып, жаңа форма беруге тырысқан.
Катарсис деген ұғымның өзі – рухтың тазаруы. Өлеңнен бәрін жатсынған, бөтенсіген, тіпті өзінен өзі жеріген жанның әппақ әлемді, бір Тәңірді аласұра аңсағанын түйсінесің. Сөйте тұра көңілін күпті еткен үрей басым. Бұл тіпті де Құдайдан қорыққан пенденің үрейі емес. Мұңға шыланған жүректі Нұрға шомылдырар Құдайды таппаймын ба деген үрей. Бұл «қай құдайға құл болып жүргендігін» білмейтін дүрмек арасында адасқан жанның сеніміне түскен сызат қана. Әйтпесе, ақынның іздеген Тәңірі өзінің аппақ періште әлемінде екенін сезесің. Кеудесінен ұшқан Хақты аңсаған көгершін мұңмен, қасіретпен жанды тазартар өлең екені анық.
Мың сан күдік, мың сан ой – санада кіл,
Тек күнәлі сезімім арада тұр.
Біз ғашық ән айтылмай... Жүрек қазір -
Жүз ғасырға қартайып бара жатыр.
Бұл Әсел Кәрібайдың өлеңінен алынған үзінді. Мұнда өлең тасымалы дәстүрлі 11 буынды өлшемде жасалған. Сезімі суыған жүректің мұңын тасымал мен тыныс белгілерін пайдалану арқылы оқырманға сәтті жеткізе алған. Бұл жерде өлең тасымалы, соған сай интонациялық кідіріс сезім сырын әсерлі беріп, шынайылығын арттыра түскен.
Біз жоғарыда келтірген мысалдарда өлең өлшемі сақталған тармақтар шегі мен синтаксистік бөлінісінің сай келмеуінен болған өлең тасымалы айтылды. Ал, енді қазіргі поэзияда, әсіресе белгілі бір өлшемі сақталмайтын, ырғағы еркін, интонациялық тұрғыдан ауыз екі сөйлеуге жақын болып келетін ерікті өлеңдерде (верлибрлерде) де өлең тасымалы – ырғақ тудырушы амалдардың бірі. Ерікті өлеңдерде тасымалды қолдану айнымалы ырғақтарды синтаксистік тұрғыда үйлестіруге тән ерекшелік және верлибрлердің бірден-бір «поэзиялық» белгісі десек те болады.
Мұны бір жағынан өлең тасымалына верлибрдің әкелген эволюциялық сипаты деп те тұжырымдауға болады. Қазіргі заманғы ерікті өлеңдер ырғақтық-синтаксистік құрылымға негізделіп, мұндай өлеңдерде көбінесе өлең тасымалы өлең жолдарының шегін белгілейтін құрал ретінде қолданылып жүр. Осылайша, өлең тасымалы әрі еркін ырғақты өлеңге интонациялық қарқын беріп, әрі поэзия мәтінінің динамикасына ықпал ете отырып, ерікті өлеңнің өлшемін айқындаушы рөлін иеленеді. Өйткені ол өлең тармақтарының шегін және осылайша тілдік материалды өлең жолдарына бөлудің маңыздылығын баса көрсетіп, өлеңнің айқын ерекшелігі болып саналатын ырғақты сезінуге көмектеседі.
Енді Ұмтыл Зарыққанның «Алтай» өлеңінен бір шымшым үзінді келтірейік:
Бір қанатынан таң атса,
Бір қанатына күн батқан, Алтай,
сен бізді кешір.
Кенеуі кепкен кәрі емшекке кеміріктенген
біз де бір – жетім,
сен де бір – жесір.
Қалың қорымдар арасынан оянам ылғи
қаһарлы жолыңа
қап-қара жаңбырлар тұрғанда құйып.
Қонарға қалқа таба алмай
шалықтап жүрген,
бір жұтым күй екенмін деймін
табаным ысып,
маңдайым суып.
Тұтас синтаксистік құрылымдарды тасымалдау арқылы жасалған өлең тармақтарының шегі интонациялық-логикалық кідіріске орай белгіленіп отырады. Ақын өлеңін оқығанда Алтайдың аза бойыңды қаза қылар қаһарлы тарихы, «қара нардың бұйдасын жау кескен» қаралы көші көз алдыңа келеді. Ақынның Алтайды мыңжылғы Мықан ағашына балауы да өзімізше ой түюге жетелейді. Мықан ағашы – түркілік танымда өмірдің бастауы, мәңгілік өмір. Осы арқылы ақын Алтайдың адамзаттың кіндік мекені екенін меңзейтіндей.
Ал жас ақын Арман Әділбектің «Қоңырдың» қоңыр сағымы» атты өлеңінің психологиялық әсері басым.
Қардың бетінде қылтиған қурайдың сынған ұшын
Үрлейді желі Арқаның
Бейуақ сайын ызыңдатып.
…
Топты қарғаның
Тоқсан жыл бұрынғы шаттығын аңсап Қарқылдасқанын естіп
Оянып кетемін ұдайы,
Бейіт үстіне салынған сарайда үрейлі түс көріп жатып.
…
Дар ағашына байланған арқанды есіп жатып оянып кетемін,
Жазалының басына киілетін қапты тігіп жатып оянып кетемін,
Сәбидің уыз етін салған қазанға от жағып жатып оянып кетемін.
Өлеңді оқып отырғанда бірде «Қоңыр» күйінің сарыны, бірде сынған қурайдың ызыңы құлағыңа келеді. Сол ызың бір азалы жоқтаудай, Дала зарындай кеудеңді кернейді. Лирикалық кейіпкердің шошып оянған түсін ұлт санасының беймәлім түкпірінде шөгіп жатқан үрейлі үкімдер мен қанқасап жазалардың адам түсіне ауысқандағы көрінісі деп түсіндік. «Бейіт үстіне салынған сарайда тоқсан жыл бұрынғы шаттығын аңсап отырған топ қарғалар» ұлттың көрін қазудан бүгін де тайынбайтынын сезесің. Өлеңнен өзге емес, өз қолыңмен жасаған қылмысың мен күнәңа толы тарихыңды оқисың. Өлеңдегі тармақ, ырғақ, синтаксис арасындағы байланыс бірде реттеліп, біресе бұзылып отырады. Сондықтан поэзия мен прозаның біте қайнасуынан туған туынды ретінде қабылдадық. Айталық, «Қардың бетінде қылтиған қурайдың сынған ұшын үрлейді желі Арқаның бейуақ сайын ызыңдатып» деп келетін біртұтас синтаксистік құрылым бірінші тармақтан соң, 8 буынды тармақтарға тасымалданып, инверция арқылы прозалық сипаты бәсеңдейді. Сонымен тасымал өлеңдегі ырғақтық-синтаксистік құрылым құрамындағы сөздерге интонациялық әрі логикалық екпін түсіре отырып, өлеңнің эмоционалдық мазмұнын арттырады. Қазіргі заманғы өлшемнен азат ерікті өлеңдерде синтаксистік тұтас құрылымдардың тармақтарға бөлінуін белгілеп береді. Мұндай түрдегі өлеңдерде тасымалды қолдану өлең тармағының белгілі бір шегін айқындайтын қажеттілік десек те болады…
(жалғасы бар...)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.