Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қазіргі қазақ поэзиясындағы ырғақ феномені...

18.03.2024 2140

Қазіргі қазақ поэзиясындағы ырғақ феномені 12+

Қазіргі қазақ поэзиясындағы ырғақ феномені - adebiportal.kz

Өлең мөлшерлі түрдегі ырғағы болуымен қарасөзден ерекшеленеді. Мұны өлеңге тән өзіндік өлшемненяғни өлең өрнегінің қолданыс ерекшелігінен туатын ырғақ десе болады. Қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «Сөздің өлең болып көңілге ұнап реттілігінен туатын қасиет, сөзді айтқан кезде, сағаттың шық-шық жүргені сияқты, тамырдың бүлк-бүлк соққаны сияқты, дауыстың бір түрлі ырғақ-ырғағы болады. Сағат шық-шық еткенінің, тамыр бүлк-бүлк соққанының арасы да қандай бірдей болса, сөйлегендегі дауыс ырғақ-ырғағының арасы да сондай бірдей болады. Сүйтіп, дауыс ырғақ-ырғағы сөзді бірдей-бірдей буынға бөледі, сондықтан сөз табиғи негізінде қамыс сияқты бунақ-бунақ буыны бар нәрсе болып шығады» дейді.

«Өлең ырғағы жорға жүрісінің тайпалуы, теңселуі сияқты екінші өңді ырғақ болады, бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы»,  деп анықтама береді тағы да ғалым. Қазіргі кезде бірнеше буыннан тұратын өлшем – бунақ көбінесе ырғақты топ деп аталып та жүр. Ғалым өлең ырғағын жорғақ деп атаған екен. Ақын поэтикалық ойды ырғақта тербетеді. Яғни ырғақ – поэтикалық ойдың өзіндік даму тәсілі, ол үндестік (гармония) заңына сәйкес туындайды. Ғалымдардың пікірлерімен айтсақ, «ырғақ гармонияны сезіндіреді» (Э.Г. Эткинд, ырғақ – «эстетикалық тұрғыда танылған норма» (Б.В. Томашевский [, ырғақ – «өлеңнің өзекті, құрылымдық факторы» (Ю.Н. Тынянов).

Ғалым З. Қабдоловтың пікіріне жүгінсек, өлеңнің тынысы ырғақта: «Ырғақ, ырғақ! Шумақ, тармақ, бунақ – бәрін туғызып жүрген – ырғақ. ... өлең туралы ілімдегі шумақ жайлы ұғымдардың бәрі шартты; өлеңді терең тану үшін оның шумағын санаудың керегі жоқ, ырғағына қарау керек» дейді. Біріншіден, ырғақ өлең мазмұнын, ой салмағын бағамдау үшін қажет болса, екіншіден, ырғақ арқылы өлеңнің лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесін, өлеңнің табиғатын сезіне аламыз. Өлеңнің көркемдік «формуласы» ырғақ-форма-мазмұн категориялық үштігі екені бізге белгілі. Мұнда ырғақ белгілі бір өлшем, яғни тармақ, шумақ бойында желі тартқан эстетикалық мәні бар қозғалысты ұйымдастырушы рөлін атқарады. Ырғақты өлеңге тән сапалық әрі сандық негіз деуге болады, ол, бір жағынан ақынның шабытынан туып, мәтінде аңдаусыз түзілсе, екінші жағынан, оқырманның автордың поэтикалық әлеміне бойлауы сәтінде аңғарылады. «Силлабикалық өлең атаулының бәріндегі, оның ішінде қазақ өлеңіндегі поэзиялық қасиеттің көптен-көбі буында жатыр. Өлеңді өлең ететін ырғақ болса, қазақ өлеңіндегі күллі ырғақ буынмен үндес. Қазақ өлең сөзінің теориясын негіздеп берген ғалым Зәки Ахметов «Қазақ поэзиясында өлең ырғағының тірегі – буын. Ырғақ буын санымен өлшенеді, сондықтан қазақ өлеңі силлабикалық (силлабо – грекше буын деген сөз) жүйеге жатады. Ал силлабикалық өлең жүйесінде буынның бәрі ырғақтық сапасы, сипаты жағынан тең саналады, мұнда өлең ырғағын туғызатын да, ол ырғақтың қандайлығын анықтайтын да буын саны болады», – дей отырып,  өлеңнің ырғақтық жүйесіндегі буынның, бунақтың қызметін, табиғатын тыңғылықты түрде қарастырып кеткен. Сондықтан біз  3. Ахметовтың «Өлең сөздің теориясы» атты зерттеуінде жан-жақты талданғандықтан, буын, бунақ, тармақтың ырғақ жүйесіндегі маңызы жайлы айтуды міндетімізге алмадық. 

Қазақ өлеңіндегі ырғақтық-интонациялық ерекшеліктерді жете зерделеген ғалым Серік Негимов ырғаққа «Қазақ өлеңіндегі ырғақ дегеніміз – буынға негізделіп, бунаққа жіктеліп, бір тармақ құрап, әрі қарай жүйелі қайталанып, үйлесімділік тудыратын түр», деген анықтама бере келіп, қазақ өлеңі ырғағын үш салаға бөліп қарастыруды ұсынады. 

1. Жүйелікке, үндестікке, дыбыс әуездігіне құрылатын дәстүрлі өлең үлгілеріндегі әуендік ырғақ. Мұнда ырғақтық бөлшектердің қабысуы, бір-біріне пара-пар келушілігі бар.

2. Жазба әдебиет өкілдерінің, атап айтқанда, Абайдың «сегіз аяғындағы» келте тармақтарға құрылған ырғақтар. Атап айтқанда, бір фраза, бір сөз тіркесі келте ырғақтың ең шағын бірлігі болып есептеледі. 

3. Жазба әдебиет өкілдері поэзиясындағы алуан үнді айнымалы ырғақтар.

Ғалымдардың бұл пайымдаулары қазіргі қазақ поэзиясының ырғақ жүйесін қарастыруға барынша жәрдем болары сөзсіз. Біз бүгінгі өлеңдердегі ырғақтың ерекшелігін тармақ түзілісімен, буындарының санымен, ұйқас түрлерімен, өлеңнің мазмұнымен,  тағы басқаларымен сабақтастыра қарастыратын боламыз. Біз бұл мақаламызға ХХІ ғасыр басында әдебиет есігін ашқан ақындардың өлеңдерін нысанаға алып отырғандықтан, қазіргі поэзиядағы «алуан үнді айнымалы ырғақтар» жайында сөз болмақ. 

Қазіргі заманғы поэзияның идеялық мазмұны өзгеріп, жаңа сипат алғандықтан, соған сай өлеңнің ырғақтық-интонациялық байлығын да молайту мақсаты көзделді. Қазіргі қазақ өлеңдерінің  ырғақтық-интонациялық сипатына бүгінгі поэзиямыздың мазмұндық-идеялық, тақырыптық ерекшеліктерінің өзіндік ықпалы зор. Қазіргі қазақ поэзиясындағы интеллектуалдық пайымдауларды,  өлең сөз бен философияның тоғысуын, сондай-ақ, өлеңнің таңба құпиясына тіл бітіруін  қазақ өлеңінің мазмұндық-сапалық тұрғыдан түбегейлі жаңаруы дей аламыз.  ХХІ ғасыр поэзиясының ерекшелігі, негізінен, тақырыптық-идеялық жаңалығы мен мазмұн байлығында жатыр дейтін болсақ, сол мазмұнды өлең формасы, яғни өлеңдердің өрнектік ерекшеліктері арқылы беруге тырысушылық байқалады. Мағына даралығын күшейтіп, жаңа ырғақ тудыру үшін жол сындыру, әр сөзді, сөз тіркесін салмақпен, ерекше екпін-интонациямен оқу, ол үшін сөз бен сөз арасындағы дауыстың кідірісін паузаны неғұрлым ұзарта түсу, қысқа, үзік-үзік, атаулы сөйлемдер мен прозалық сипаты басым ұзын сөйлемдер, яғни ұзынды-қысқалы тармақтар аралас қолданылған өлшемдер жасау, өлең сөзді сөйлеу интонациясына неғұрлым жақындата түсуге тырысу, өлеңнің шумақ, тармақ кестесін мейлінше толықтыру өзге де амал-тәсілдердің бәрі қазіргі қазақ поэзиясындағы өлең өрнектерін байыта түсу бағытындағы талап-талпыныстар болып саналады.» Десек те поэтикалық мәтіннің формасы мен мағынасының бірлігі мәселесі қазіргі өлеңтануда да өзекті болып қала береді. Өлеңдегі ырғақты да мағынадан бөле-жара қарай алмаймыз. Мағына мен ырғақ көбінесе бір-бірін  толықтырып тұрады. Ырғақ мағынаны сүйемелдеуші десек те қателеспейміз. Сондықтан өлең үндестігі, үйлесімі ырғақ үйлесімінен сезіледі. Бірақ тілдік материалды өлшем қалыбына тықпалаудан ырғақ автоматты түрде туындайды деп түсінуге болмайды.  Сол сияқты өлең ырғағын түрлендіру немесе байыту үшін берік орныққан өлең өлшемдерін мақсатты түрде бұзып, буын санын кемітіп-көбейтіп, оны жаңалық ретінде қабылдау да дұрыс емес.  «Егер поэзияны рух пен тәннен жаралған тұлға десек, оның жаны ырғақта. Ырғақ қана поэзияның өзіне ғана тән ұйқасы мен формасын туғызады. Поэзия дегеніміз – көрінбейтін рухтың толқыған сәтте жылт еткен сәуледей ырғақ пен ұйқаста белең беруі. Сондықтан да болар поэзия үшін ырғақ пен ұйқас – көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін «жұмсақ» нәрсе. Оның бар екенін тіпті ақынның өзі де тек жан-тәнімен берілгенде ғана аңғарады. Оны ақынның бойындағы өзіне ғана тән бояуы мен жеке басының зердесі ғана жаратады»  – деген ақын Ардақ Нұрғазының пікіріне илана отырып, бүгінгі ақындардың өлеңдеріндегі «өзіне ғана тән бояуды» саралап көрдік.

2000 жылдардан кейін  қазақ поэзиясында көрінге ақындар қатарында Ақберен Елгезектің есімі көбірек аталады. Алдыңғы толқын аға-әпкелері де Ақберен туралы жылы пікірлі мақалаларын арнады. Ақынның өлеңдер жинағын парақтағанымызда өлеңдерінің дені дәстүрлі өлең өлшемдерінен аса ауытқымағанын көреміз. Бірақ оқырманды жалт еткізген – Ақбереннің тосын ойы, жаңаша пайымдаулары. 

Ымырт...

Жым-жырт...

Бөлме іші күңгірт...

Кеңістікті кезіп жүрген уақыт – 

Ең баянды шындық..

Өзгерместі өзгертетін ажал ғой – ол...

О, Сүйкімді сұмдық!..

Бұл шумақтың 1-3 тармақтары жеке-жеке тармақтарға бөлініп, дербес атаулы сөйлемдерден құралғанымен, 1-2 тармақ бір ырғақтық құрылым түзеді. Атаулы сөйлемдерді көп нүктемен, бөлек тармақтармен бере отырып, ақын әр тармаққа эмоционалдық екпін берген. Өлең жолдарын бұлайша бөлшектеуі ақынның сөз әсерлілігін арттыру мақсатындағы ізденісі десек болады. Өлеңнің келесі жолдарында 6 буынды тармақтар ұйқасып келіп отырады. Өлеңде кеңістік пен уақыт ұғымы көрініс тапқан. Ымырт – уақыт өлшемі болса, жым-жырт, күңгірт бөлме – кеңістік. Міне, осы аяда лирикалық кейіпкердің жаны алас ұрады. «Уақыт – ең баянды шындық» деген байламға келген ақынның ойы біздің «Уақыттың өзі төреші» деген түсінігімізді өлең тіліне салып тұр. Жалпы ақын өлеңдерінің палимпсест мәтін ретіндегі мағынасын байқамау мүмкін емес. «Бұрынғы мәтіндердің семантикасы соңғы жазылған мәтіннің мағынасының астынан сәуле шашып көрініп тұрады. Бір-бірімен қабаттасқан интертекстуальдік семантикалардан тыс жазу мүмкін емес».

 «Ажал өзгерместі өзгертеді» дейді ақын. Осы тіркесті оқығанда бірден санаңа қазақтың «Бүкірді көр ғана түзетеді» деген нақылы сап ете түседі. Ақын бұл ойды жаңа поэзия «бояуына» шылап, мағынасын кеңейткен. «Ажал – Сүйкімді сұмдық» деген тосын ойы Абай хакімнің «Өлім барда қорлық жоқ» деген түйінін еске салады. Адам баласы өлімді сұмдық үрей деп білгенімен, уақыттың өткіншілігін, дүниенің баянсызын түсінген ажалды пендені өлім ғана азаптан арашалап алмақ.  Ақын жеті-сегіз буынды тармақтармен де жүрек лүпілін өрнектеген. Қазақ өлеңіндегі дәстүрлі өлшемдердің негізгілеріне саналатын бұл өлшемдер қазіргі ақындардың өлеңдерінде де белсенді қолданыста. Бұл өлшемдердің буын саны аз болған соң, көп буынды өлшемдердегідей өлеңнің мағыналық жүлгесіне орай тармақтарға тасымалдауға келе бермейді. Сондықтан да болар қазіргі поэзияда осы өлшемдер көп буынды өлшемдермен сабақтасып, келісті ырғақтық құрылымдар жасалып та жүр.  Сегіз буынды өлшемнің жеті буынды өлең өлшемімен еркін сабақтасып, мәнері келіскен ырғақтық-интонациялық жүйе құратынын ақын өлеңдерінен анық байқауға болады. 

 Осы буынның тағы бір өкілі Тоқтарәлі Таңжарық.  Өлеңдегі ең алғашқы аяқ алысын дәстүрлі формамен бастаған ол, буындарды, тармақтарды, шумақтарды өлең мазмұнына қарай әуезді ырғаққа салу шеберлігімен көрінді. Тоқтарәлінің ерекшелігі сол, өзі тілге тиек ететін поэтикалық  бейнеге тың түйсікпен қарап, жаңа ойларды ұтымды жеткізе біледі. Бұл ретте ақын қазақ поэзиясына енген формалық соны лепті, постмодерндік жаңалықты жатсынған жоқ. 

... Досым, мені тыңда сен,

Сайтанмен де көңілдес,

Құдаймен де мұңдас ем.

Кеудемдегі жарамен қарсы алып ем таңды мың,

О, киелі Қара Өлең – Жалғандағы зарлығым,

Саған шақтым мұңымды,

Жаратушы Раббыма болу үшін ұғымды.

Қылқобыздың қылы едім, Ұлы Оғыздың ұлы едім,

Жарып тастап жалғанның кетпек едім түнегін...

Сапарларым баянсыз. (Оны тым кеш ұқтым мен),

Соқпақ-соқпақ жолдармен сорға бола шықтым мен.

Ақынның осы «Боздақ» өлеңі – егіз ұйқас ретімен құрылған шумақсыз өлең.  7  және 14 буынды өлшемді шебер тұтастыра білген. Байқасақ, 14 буынды өлшем 7 буынды өлшемнің қосылуынын жасалып тұрғанын аңғарамыз. Сондықтан он төрт буынды тармақтардың көпшілігі 7 буыннан бөлінуге икемді, кей тармақтарда 7 буын шегінде ой аяқталады немесе интонация бәсеңдей түседі. Ішкі бунақтық құрылымы да тұрақты 4+3 болып келеді. 2-3 тармақ 7 буыннан екіге бөлініп тұрғанымен, бір ырғақтық тұтастық құрап тұр.  Ақынның кеудесіндегі жараның қаны, жанының мұңы  Жалғандағы зарлығы  – Қара Өлеңде боздап тұр. Ақын – Боздақ. Ақынның мұраты – «жалғанның түнегін жарып тастап кетпек...» Бірақ  Өлең өзекті ақын тұр ғой, тіршілік тілекті пенденің апшысын қуырған  қым-қуыт заман оның «сорға бола шыққанын» мойындатады. «Өнерді сор ғана көтереді дегені» (Таласбек Әсемқұлов) осы болар.

Ақынның «Тырналар» өлеңі де 14 буынды өлең өлшемінің үлгісі. Мұнда да ақын өлең өрімін егіз ұйқаспен өреді. Өзара ұйқасқан тармақтар негізінен біртұтас синтаксистік құрылым түзеді де, бір ой оралымын тиянақтап отырады.  Өлеңнің ырғақ жүйесі 4+3+4+3 болып келетін он төрт буынды өлшемге негізделген. Шумақсыз өлеңнің 3 тармағын  логикалық екпінге орай 7 буыннан екіге бөліп,  өлең өрнегіне түр беруге тырысады. 

Зарығумен, аңсаумен өтер өстіп енді өмір,

Қанаты жоқ себебі пендемін ғой мен де бір.

Көкке қарап ұлыған көкбөрісі ем жырдың аш,

Қайғым да бар жетерлік,

Қасіретім – мың құлаш!..

Қайтқан құстың сұңқылы жанын сыздатқан ақын бір сәт «құс та болғысы келеді», «құс боп ұшып жоғалғысы да келеді». Шексіздік  пен еркіндік – ақын жанының қалауы.  Түркі баласын аруақтандырар Көкбөрі символы бұл ақынның да рухына жақын.  Ал Көкбөрінің Көкке қарап ұлуы – Көк Тәңірімен тілдесуі болар, бәлкім. Әдетте біз қайғы мен қасіретті қатар қолданып жүрсек, ақын жүрегі оларды өзгеше салмақтайтын сияқты. Ақынды жырға ашықтырған да, көкірегін басып тұрған да осы қасіреттің салмағы. 

…Үһілемеші бейуақта.

Әр сөз – әмір.

Ауыр.

Қорғасын!

Тәңір кешірмейді,

Кешпейді Тәңір,

Жауапсыз аққан көз жасын!

Ақынның «Мінәжат» деген өлеңінен алынған  шумақта белгілі бір өлшем жоқ. Бірінші шумақта 1-тармақ 5+3 өрнегімен жасалып, ұйқастан тыс қалып тұр.  3-4 және 5-6 тармақтар жеке жолдарға бөлінгенімен, «Ауыр.Қорғасын!», «Тәңір кешірмейді, Кешпейді Тәңір» болып, ырғақтық сабақтастығы тұрғысынан екі тармақ жүгін арқалайда да, шалыс ұйқаспен байланысады. «Кешпейді Тәңір» деген инверсияға құрылған қайталама тіркеске екпін түсіп, эмоционалдық маңызы артқан. Бұл шумақ   8 буынды 5+3 өлшемді өрнекке 4-2-3-6-5 өлшемдердің сабақтасуымен жасалған.  Екінші шумақтың ырғақ жүйесі (2+9)+12+6+15+10. Байқасақ, екі шумақ та  тармақтардың соңғы бунақтары үш буынды болып келгендіктен, тармақтардың ұзынды-қысқалығына қарамастан, ырғақ жүйесі соншалықты бұзылмайды.  Біз мінәжатты пенденің Тәңіріне айтар дұғасы деп білеміз. Бірақ мұнда Құдайға деген мадақтың да, жалбарынған тілектің де ізі білінбейді. Керісінше Тәңір алдында «өзіме де обал жоқ» деп қарғап-сіленген сыңай бар. «Ұрлатқандай бабаңның бағзы мұрасын» депті. Шындығында «ұрлатқандай» емес, ұрлатып ап отырған жоқпыз ба? Ұрлатып алғандықтан да рухымыз жалаңаш қалып отыр ғой. Ақын жалқы мұңын жалпылыққа ұластырып әкетіп, ұлт жанындағы індетті меңзеп отырғаны сөзсіз. Дұғамыз, мінәжатымыз рухсыз болған соң, Тәңір де тілегімізді бермес.

Жетпеген бізге сірә, не?

Жылу мен жарық.

Көбелек мүлгіп тұр, әне,

Бүріскен гүлдің шығына сирағын малып…

Негізінен 8 және 5 буынды тармақтардың кезектесуі арқылы шалыс ұйқасқа құрылған. Дәстүрлі ырғақтық жүйеден айнымаған. Тек соңғы тармақта 8+5 буындарын сабақтастыра отырып, 13 буынды тармақ түзген. Бұл өзінше жаңаша ырғақтық үлгі боп шыққан. 

Гүл шығына сирағын малған көбелек – сөзбен салынған сәтті сурет, психологиялық параллелизм. Көбелек пен гүлге де жетпейтіні – жылу мен жарық. Пендеге де жетпейтіні осы ғой: жылу – мейірім, жарық – нұр. 

Енді ақынның «Ырым» деген өлеңінен үзінді келтірейік:

Бармашы, жақындамашы отқа, 

Қараңғы түкпірде жағылған. 

Билейді Ол ана бір жақта, 

Үй тігіп сағымнан... 

 Бармашы, жақындамашы суға, 

Ішпеші дұғасыз. 

Батырар бағзы бір мұңға 

Қарашығыңды күнәсіз.

Ақынның қолданып отырған тәсілі инверсия екенін бірден аңғарасың. Мұнда  инверсия мүмкіндігіне қарай өлеңнің ырғағын түрленткен тың айшықтар жоқ емес.  А.Үсеннің: «Қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңа интонация тудырушы негізгі факторлардың бірі – инверсия, яғни сөздердің орын тәртібінің ауысуы болса, өлеңнің әуендік өрісін өзге арнаға бұрып отырған – сөздердің осы бір ғана орын ауыстыруы» , – деген пікіріне жоғарыдағы өлең дөп кеп тұр.  Бірді-екілі тармағы болмаса, өлең бастан-аяқ инверсияға құрылған. Әрі расында, өлеңнің интонациясын бір арнаға бұрып, өлең ырғағын жасауға  негіз болып тұр. Байқағанымыздай, әр шумақтағы буындар саны әркелкі. Басқы шумақтарға «Бармашы, жақындамашы...» деп басталатын 10 буынды тармақ негіз болады да, келесі тармақтар 9-6, 8-6, 7-5 буынды болып түрленеді. Соңғы екі шумақта 8-5 буынды тармақтар араласып келіп отырады. Өлеңдегі буындар саны түрліше өрілгенімен, ырғақ жүрісінен жаңылмайды.

Қазіргі заман поэзиясында поэтикалық бейненің таңбалық мәніне ден қою басым. Тоқтарәлінің «Ырым» өлеңінен де осыны аңғарамыз. Қазақы танымдағы ырымдардан ой тартқан өлеңнің астарындағы мағынаны түсінбеу мүмкін емес. 

Мен топыраққа айналған күні 
Тіршілік бәз-баяғы қалпында жалғанып жатар.  
Шығыстан шығып Күн,
Батысқа батар.  

Мен топыраққа айналған күні 
Мүмкін, бір ағашқа ақ шыт байланар.  
Мен топыраққа айналған күні 
Топырақтың өзі топыраққа айналар...

Бұл шумақтарға «Мен топыраққа айналған күні» деген он буынды тармақ өзек болады да, 5-6-11-13-15 буынды өлшемдермен сабақтасады. Алғашқы шумақта өзара ұйқасатын дыбыстық үндестіктер 5 буынды, ал екінші шумақта 3 буынды болып келетіндіктен, шумақтардың интонациясы әркелкі. 

Бұл өлеңнің тінінде «адам топырақтан жаралған, өлген соң топыраққа айналады» деген діни таным жатыр. Абай хакімнің «Адамзат – бүгін адам, ертең –топырақ» дегені еріксіз еске оралады. Адамның таусыншақ күні, татар дәмі таусылғанымен, дүниенің дидары жарық: батар күн, атар таң.  Тек рух үрленген топырақтың (Адамның) демі үзілген соң Жер-топыраққа айналатыны болмаса.  Тоқтарәлі Таңжарық өлеңдерінің көпшілігі айнымалы ырғақтық-интонациялық жүйеге құрылған ерікті өлеңдер десек болады. Бұл қазіргі қазақ поэзиясындағы басты үрдіс екені белгілі. Десе де бізге ерікті өлеңдердің бастауы одан да арыда екені мәлім. 

Жыраулық кезең немесе хандық дәуір кезіндегі асқақтық пен азаттыққа орыс отаршылығы қыл бұрау салғаны тарихи шындық. Мұнымен бірге қазақтың еркін ойлы жыры өзгеріске түсті. Бұл ойымызды академик С.Қасқабасовтың мына бір тұжырымы қуаттайды: «Бұрынғы жыраулық поэзиядан қалған әдеби үрдіс, көркем өрнектер ары қарай ақындар шығармашылығында жалғасын табады. Бұл, ретте, әсіресе, Көтеш ақын  мен Шал ақынның дәнекерлік қызметі ерек­ше. Осы екеуінің шығармашылығынан бастап қазақ өлеңінің формасына да өзгеріс енеді. Олар байырғы жыраулық поэзиядағы формалық еркіндікті шектей бастайды, яғни ерікті шумақ, еркін ұйқас, еркін бунақтар бірден жойылмағанымен,  ығысуға мәжбүр болады. Бұрынғы толғауларға тән тирадалық еркін құрылыммен қатар 4 тармақты шумақ қолданылады. Сондай-­ақ жыраулар толғауларындағы ұйқас ерікті болып, бірнеше тармақта қатарымен келіп, көп жағдайда ұйқаспен бірге ырғаққа құрылса, ақындар поэзиясында ұйқас ааба түрінде қатал сақталатын болады және ырғақтан гөрі әуездеп айтуға бейімделеді. Тіпті, бірте­-бірте толғаудың ор­нына 11 буынды қара өлең формасы орнығады, ертеден келе жатқан 7­, 8, кейде одан да көп буыннан тұратын тармақ енді міндетті түрде 11 буыннан құралатын болады» дейді. Міне, сол «ығысуға мәжбүр болған» ерікті өлеңдер Қазан төңкерісінен кейінгі түркі тілдес халықтар поэзиясы дамуының жалпы үрдісіне айналған еді. Қазақ өлеңтануының білгірі, академик З.Ахметов  ХХ ғасыр басынан бергі қазақ поэзиясындағы ерікті өлеңнің үлгілеріне шолу жасай отырып, бұлайша өлең жазу силлабикалық өлең жүйесін бұзбайтынын және буын санын тұрақты қалыпта сақтау принципін жоққа шығармайтынын тұжырымдаған болатын. Ал тәуелсіздік алған тұста поэзияға келген толқын ерікті өлеңді қазақ поэзиясына мықтап орнықтырса, ХХІ ғасыр басында әдебиетке араласа бастаған ақындар ерікті өлеңнің күрделі түріне, ұйқассыз өлеңге қалам сілтеді.  Шындығында, «поэзия өлкесіне ат басын бұрғандардың барлығы осы өлшемдік жүйемен өлең кестелеуді мақсат қойған. Бірақ бұл өлең түрін еркін меңгеріп, ой өзегін осы күрделі ырғақтық жүйеге құра білгендері бүгінгі поэзияда көп емес. Қазіргі ерікті өлеңдердің ырғақтық негізін дәстүрлі өлшемдердің әрқилы өрнектерінің сабақтастығы құрап отыр. Ұзынды-қысқалы өлшемдердің жүйелі сабақтастығына құрылған өлеңдер қазіргі ақындардың көпшілігінің шығармашылығына тән. Қазіргі ақындардың өлеңдерінде ұзын әрі қысқа немесе көпбуынды және аз буынды өлшемдерді сабақтастырып, өлеңнің ырғақтық интонациялық жүйесін құнарландыру үрдісі бар». 

Тоқтарәлі де өлеңдерінде дәстүрлі өлшемдердің жаңа ырғақтық сабақтастығымен қатар, дәстүрлі өлең өлшемдерінен тыс ізденістерге бара алған. Қалыптасқан дәстүр аңғарында қалып қоймай, мазмұндық-пішіндік ізденістерге бара алуы ақынның ішкі қуатының мүмкіндігін аңғартады. Ақынның көңіл-көзесіне толған ой бұлағы біздің құлағымызға үйреншікті ырғақтың арнасынан асып төгіліп, сол ой жүлгесіне сай жаңаша ырғақ пен ұйқас тауып жатады. Жаңа заманның  өз үні, өз ырғағы болатыны сөзсіз. 

Сен қайдасың, қоңыр көлеңке? 

Ояу жүрсем де түс көргендей 

Сені сағынам. 

Кәрі еменнен саулаған жапырақты иіскеймін, 

Бірін бірі шимайлаған 

жолдардың өткелінде тұрып. 

Қаңыраған көшелерді жалғыз кеземін 

Иен аралдай көкірегім құлазып, 

Әлі жаттамаған дұғаларды күбірлеймін. 

Ашқылтым түс көріп ұйқымнан оянсам, 

Ойымнан әлдебір әуен сарыны кетпейді – 

Жорылмаған түсім секілді, 

Болжанбаған сағынышқа шомамын. 

Мүлгіген бақта мұңлы әуенді ыңылдап, 

Мен иіскеген жапырақты 

маңдайыңа басып, 

Көлеңкеңнен көлеңке өрбіп, 

Мен кешпеген өзендерді кешіп, 

Мен жаттамаған дұғаларды күбірлеп, 

Сен қайда жүрсің, қоңыр көлеңке?! 

Ақынның «Қоңыр көлеңке» деген өлеңінен алынған үзіндіде ешбір ұйқасушы сөздер жоқ. Дәстүрлі ырғақтық сабақтастыққа да негізделмеген. Мұндағы тармақтардың соңғы бунағындағы буындар саны бәрінде біркелкі болып келмейді. Сондығымен де дәстүрлі ырғақтан алшақтап, прозалық сипаты басып тартады. Бірінші шумақтың тармақтарындағы соңғы сөздер құрылымдық негізі бірдей болғанымен, дыбыстық үндестігі шамалы. Ал екінші шумақтан өлеңге тән ырғақты сезінбеу мүмкін емес. Тармақтар интонациялық ерекшелігі, сөйлем құрылысы жағынан алғанда бір-бірінен алшақ кетпеген. Әсіресе м, к дыбыстарының үндестігі айқын сезіледі. Содан да болар тармақтардан белгілі бір  ырғақтық қалып аңғарылады. Өлеңді оқи отырып, «көлеңке» архетипі қылаң беретінін аңғарамыз. Швейцарлық ғалым К.Г.Юнг зерттеулері бойынша бұл архетиптің адам баласы­ның санасына тән ұғым екенін білеміз. Психоаналитикалық тұрғыдан қарастырғанда адам санасы қос жарылып, «кө­леңкелі» жағы бейсаналы түрде адамның ішкі әлемін билеп әкетеді. Адамның өзінің ішкі әлеміндегі әлем-тапырық ойлардан қашып құтылуы қиын. Тіпті ол көлеңкеге айналып, қадамыңнан бір адым қалмайтындай әсер қалдырады. Ақынның өлеңінде  көлеңке «иен аралдай көкірегі құлазып, қаңыраған көшелерді жалғыз кезген» лирикалық кейіпкердің аңсар сырласына, жалғыздығынан құтқарар образға айналған. Қазіргі заманғы ақындардың ұйқассыз өлең жазуға деген ұмтылысы зор. Ақындардың өлеңнің осы бір дыбыстық көркемдеуші құралына байланып қалмай, форма еркіндігіне ұмтылуы  бүгінгі поэзияның қажеттілігі ме әлде ақындардың дарынсыздығы ма – бұл жағын әлі ешкім жіліктеп айтып бере қойған жоқ. Әйтеуір, «бүгін поэзияның дәмін мүлде басқаша сезінетіндер сол баяғы әлемге әйгілі басқаша стильдегілердің сүрлеуімен келе жатқандар. Қалайда поэзияның керуені көшіп барады. Жаңашылдар бүгінгі поэзия бұқара халыққа бөліп берілетін ұсақ-түйек тауар секілді емес екендігін жариялады. 

Ақын әрі әдебиет сыншысы Томас Элиот «Ақындардың рухани санасы қандай бір тәжірибе алаңы секілді» деген екен. Тоқтарәлі Таңжарық – өлеңге мазмұндық әрі формалық тұрғыда жаңалық әкелу ізденісінде жүрген ақын. Ақынның өзіндік қолтаңбасы қалыптаса қоймаған кездегі алғашқы жинағы мен әредік-әредік жарық көрген өлең топтамалары оның графоманиялық «аурудан» ада екенін аңғартты. Яғни, ақын ізденісінің ғаламат нәтижесі біз мысалға алған өлеңдерде емес, әлі де өз жүрегінде байыз таппай жүр деп сенеміз. 

2000 жылдардың басында өлең өлкесіне қадам басқан Ерлан Жүніс алғашқы аяқ алысымен-ақ елең еткізді. Ақын өлең өрнегін барынша байытуға, ырғағын, интонациясын құбылта түсуге талаптанады. Ол өлеңдерінің мазмұнына, мағыналық сапасына ғана емес,  сыртқы пішініне де мән береді. Әр ақын көкірегінде тербеткен ойына лайық жаңа форма, образ, көркемдік құрал іздейтіні белгілі. Ерлан өлеңдерінен де біз өзіне тән ізденістерді барынша саралауға тырыстық. Ақынның «Іңірдегі пессимизм» деген өлеңіне назар аударып көрелік.

Жоғалған армандарыма

Көңіл айтып қара түн

Жыладым...

Жарығы түбінен артпаған шамдай

Бұл қала мені жылыта алмады

Жанымның сыңар қанатын

Көтере алмай

сұладым

көз жасындай салмағы!

Өлеңнің ырғақтық құрылымы 8-7-3-11-11-8-5-3-7. Бұл өлеңдегі тармақтар бір ырғақтық-интонациялық бірліктің үзіктерінен тұрады. Тармақтарды ақын бунақаралық үзілістерге орай бөлген және тармақ соңы ұйқасқа негізделіп отырады. Мысалы, «Жанымның сыңар қанатын көтере алмай сұладым» деген синтаксистік құрылым үш тармаққа бөлініп, осының алдындағы екі бірліктің тармақтарына ұйқасқан. Сондықтан да құрылымның өз ішіндегі байланыс шамалы әлсіреген. Өзара ұйқасатын жыладым және сұладым сөздері бөлек тармақпен берілу арқылы ырғақтық-интонациялық екпінге ие болып тұр. Бұл сөздердің жеке тармақ болып берілуі арқылы ырғақ түйінделіп, өзіне назар аудартып тұр. Және лирикалық кейіпкердің барша қайғысы мен күрсінісі осы екі сөзбен шығарылып тұрғандай. Ақын ұйқасушы сөздерді жеке тармақтарға тасымалдай отырып, осы арқылы өлеңнің ырғақ жүйесін түрлендірген. 

Мен кеше,

Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін көрсеттім жарыма!

Мен кеше,

Сүйем деп айттым ғой тағы да.

Өлең ұзын және қысқа тармақтардың ырғақтық сабақтастығына құрылған.   Осы ұзынды-қысқалы тармақтардың басын қосып, олардың ырғақ-интонациясы жағынан үйлес айтылуына  «Мен кеше» деген тіркестің жеке тармақ ретінде қайталанып отыруы біршама себеп болып тұр. Осылайша  21 буынды ұзын тармақты 12, 9 буынды тармақтармен сабақтастыру арқылы ырғақтық-интонациялық түрлендіру жасаған. 

Ақынның «Ғапыл» өлеңінен де дәстүрлі өлшемдерді құбытқанын көреміз. 

Жүректің тасқа айналуы үшін,

қасірет шегу міндетті емес,

Бауырға тастың байлануы үшін,

жасыңды төгу міндетті емес:

бір ғана сөз жетеді –

жемір!

Көз жетеді –

шегір!

Бір ғана сәт жетеді түңілу үшін,

лағыл тасты құрт тесуі үшін;

Ал тастың құм болып үгілуі үшін,

құмға гүл өсуі үшін,

жеткіліксіз өмір! 

Шумақтың алғашқы төрт тармағы салдар мәнін білдіріп, 11-10 буынды өлшемнің сабақтасуы арқылы жасалған. Бұл сабақтастық қазақ өлеңінде көп қолданыста емес. Орын тәртібі сақталған, сондығымен де сөйлеу интонациясына жақын. Ал келесі төрт тармақ ойдың себеп мәнін білдіріп, 9 және 7 буынды өлшемдердің екі тармаққа бөлінуі арқылы жасалған. Өлеңде жемір, шегір, өмір деген ұйқасушы сөздер ырғақ тудыруда маңызды рөл атқарып, эмоционалдық мәнге ие болып тұр. Сондықтан олар екпін түсіріле, оқшау айтылады. Ақын өлеңдерінің көпшілігі  астрофикалық жүйеге құрылған, яғни шумақсыз өлеңдер. Байқағанымыздай, мұндай өлеңдерде ой жүлгесі үзілместен, өлеңнің аяғына дейін сақталады. 

Енді ақынның «Мұңұрған» өлеңін оқып көрелік.

Күз неге жылайды, мен бе екем жылатқан?!

Жапырақ құлайды, 

Құлатқан – 

мен емес тағы да! 

Кешірді ол басынан не дәуір? 

О, бірақ осының барлығы жаныма, 

Соншалық неге ауыр? 

Неліктен кінәлі сезінем өзімді, 

көзінің жасына

Сүюді, сезуді, 

үйреткендегің осы ма, Қыркүйек? 

Дертіңді көтерту үшін бе? 

Жұтқызып жасыңды? 

Күзгі бақ ішінде қаңғыртып басымды? 

Сұранам, сездіргің келеді о, нені? 

Жапырақ құлаған 

жылаған жүректің өлеңі екенін өзім де білемін

Есіме салмашы! 

Дерт – өлген! 

Жүрегім – 

онсыз да, күз, сенің кітабың... 

Қараша түнінде өртелген! 

Өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесі біршама күрделі. Мұны ішкі ұйқасқа құрылған ырғақтық құрылымынан байқаймыз. Ұзынды-қысқалы тармақтардың араласып келгенімен, көбінесе он екі, тоғыз, алты буынды өлшемдер болып келеді. Тоғыз  буын 6+3 тармақтарға, ал он екі буынды өлшем 3+9 тармақтарға бөлініп те беріледі. Ұйқастың ырғақ тудырудағы әрі интонацияны түрлендірудегі қызметі зор. Ұйқасушы сөздер әдеттегідей тармақ соңында, ал енді бірде тармақ басында, бірде тармақ ортасында кездеседі. «Құлатқан – мен емес тағы да!», Жүрегім – онсыз да, күз, сенің кітабың...» деген секілді синтаксистік құрылымдарда  ұйқасушы сөз бөлек тармақ ретінде келіп, ырғақтық-интонациялық екпінмен айтылады. Осылайша тармақ ішіндегі бунақтың, буынның рөлі артып, ырғақ арқылы сөздің мағынасын, әсерін қалыптастыруға қызмет етеді. Ақын ішкі ұйқаспен ырғақ жүйесін түрлендіре отырып, дәстүрлі өлең өлшемдерінің ішкі мүмкіндіктерін кеңінен аша білген. 

Қазақы көзқарас: 

Оқ жона алмадым! 

Мендегі азаптың салмағын 

Ішімде тұншықты 

Көтере алмаған талай жас арманым!.. 

Сен мені жазғырма, қара түн, 

Бір қақса, қағады кәрі анам, 

жанымның жаралы қанатын..! 

...Түсімде жүремін жоғалған соқпақта адасып 

әкемнің үйіне баратын!

Өлең ұзынды-қысқалы бірнеше өлшемнің сабақтасуымен жасалғанымен, соңғы бунақтарының 3 буынды болып келуі өлеңді ырғақтық-интонациялық жағынан жымдастырып жібереді. Негізінен, өлеңді алты және тоғыз буынды өлшемдердің сабақтастығы десек те болады. Мұндағы он бес буынды тармақ та 6+9 буындардың қосылуы арқылы жасалған. «Мендегі азаптың салмағын ішімде тұншықты көтере алмаған талай жас арманым!..» деген 3-4-5 тармақтар инверсияға құрылған бір синтаксистік бірлік. Осыған орай синтаксистік-интонациялық ерекшелігін сақтай отырып, тармақтарға тасымалданған. Ақын өзгеше ырғақ өлшемін туғызған демесек те, дәстүрлі өлшемдерді сабақтастыру арқылы жаңа ырғақтық-интонациялық жүйе жасауға талпынғанын көре аламыз. 

Бағасы қалмаса бiр күнi басымның,

мен өлсем, өлемiн – 

тiлде! 

Қатыгез жандардан жүректi жасырдым, 

жүректi жасырдым 

Кiмге?!..

Өлең, негізінен 12 буынды және 8 буынды өлшемдердің сабақтастығынан тұрады. Алайда, ақын сегіз буынды өлшемді 6+2 буын  арқылы екі тармаққа жіктеген. «Тілде!», «Кімге?!» деген бір сөзді тармақтардың мағынасы терең. Сөздің қадірі қашқан мына замандағы сөз ұстаған ақынның халін ұғындырады. Ақын сөзі өзі өлгенде емес, тілі өлгенде өледі деген ой ұшқын береді. Осы бір ғана сөзден тұратын тармақтар арқылы лирикалық кейіпкердің өмірдегі мақсұтын, ақын-жүректің барша аярлықтан, арамдықтан жеріген нәзік лүпілін сезіндіреді. Ақын тасымал мен тыныс белгілерін лирикалық кейіпкердің жан-дүниесін аша түсетін құрал ретінде ұтымды пайдаланған әрі жаңаша ырғақтық сабақтастық түзе алған. 

Жазылмаған өлең – оқылмаған дұға,

Оқылмаған дұға қалшылында жанның.

Оқылатын шығар, 

Алдында бір таңның.

Бұл өлеңде ақын 12 буынды өлшемді түрлендіре отырып, 12-12-6-6 ырғақ жүйесін түзген. Он екі буынды өлшемді 6+6 буынды тармақтарға тасымалдау арқылы 3-4 тармақтарды жасаған. Шумақтағы еспе қайталау, о дыбысының үндестігі интонацияны құнарландыра түседі. Шумақтағы тағы бір баса айтар ерекшелік – төртінші жол толықтай тармақ ұйқас болып тұр: қалшылында жанның – алдында бір таңның. Бұл жерде ақынның қазақ поэзиясына енді орныға бастаған алты буынды ұйқасты шебер пайдаланғаны көрінеді. Ақын Ерлан Жүністің шығармашылығын зерделей отырып түйгеніміз, ақын өлеңді ырғақтық-интонациялық тұрғыда түрлендіру үшін дәстүрлі өлшемдерді тасымалдау, дыбыстық қайталаулар, синтаксистік әдіс-тәсілдер, тыныс белгілері арқылы дәстүрлі өлең өлшемдерінің жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге тырысқан. Ақынның нәзік лиризмге толы өлеңдерінде буын саны жағынан әр түрлі өлшемдер шебер қиюласып, қазіргі қазақ поэзиясының ырғақ жүйесін құнарландыруға өзіндік үлес қосқан. 

Тағы бір  әдеби қауымға таныс есімнің бірі – Бауыржан Қарағызұлы. Ақын әуелде көңілді тербеген сезім жайын өзек еткен өлеңдерімен ауызға іліккенімен, бүгінде азаматтық, ақындық үнімен өз есімін қалыптастырды. Поэзияда өз жолыңды тауып, өз соқпағыңды салу қандай талантқа да қиын. Бауыржан да алдыңғы буын ақындардың иірімінде біраз айналып жүрді, ақыры өз арнасына түскендей болды. Бұл пікірімізге ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының мына бір сөзі куә: «...Ең бастысы, Бауыржан ақын ой ойлауда өзіндік дара жол тауып, соны барған сайын кеңейту үстінде. Ол жол – ақ өлең (верлибр) мен қара өлең һәм қасиетті қара сөз синтезі түріндегі ерекше стиль. Оның кез келген өлеңінде сол ерекшелік үнемі алабөтен жарқырап, анық көрініп тұрады». Ақын қазақ өлеңіне енген формалық жаңалықты, тың ізденістерді жатсынған жоқ. Бауыржанның өлеңдері болмыс-бітімімен ерекшеленеді, оның өлеңдерінде прозалық поэзияның стильдік айшықтары  да бар. Ақын өлеңдерінде көбінесе дәстүрлі өлең өлшемдерінің жаңа ырғақтық-құрылымдық сабақтастығы байқалады.

– Жер ауырлап барады…

– Ауырласын.

– Ой да ауыр…

– Иманың ауырмасын.

Жүрегін ауыртпашы адамдардың,

Әр адам – тағдырласың, бауырласың.

Ақынның «Жеті нүкте» өлеңінің «В. Нүктесінен» алынған үзінді диалогқа құрылған. Өлеңді диалогқа құру бүгін пайда болған жаңалық емес, бірақ бұл өлеңде формалық өзгешелік бар. Өлеңде дәстүрлі он бір буынды өлең өлшемін тасымалдау арқылы бөлек тармақтар жасаған, яғни диалогтың 1-2 тармағы, 2-4 тармағы – бір ырғақтық құрылым. Кідіріс пен тыныс белгілер арқылы тармақаралық жік тереңдей түсіп, өлең интонациясын айқындайды.  Ырғақтық құрылымның соңғы бунақтары  4 буынды болып келеді. 

«Жер ауырлап барады» дейді ақын. Осы бір жолға күллі әлемнің құсасын сыйғыза салған. Күнәһардың күнәсі мен жаласын, күнәсіздің көз жасы мен наласын,  пенде біткеннің қазасы мен жазасын, қарғысы мен қайғысын арқалаған Жерді ауырлап барады демей не дерсің?! Лирикалық кейіпкердің тілейтіні – тазалық.  Жүрегі адал адамның иманы сау. Ауыр Жер төңкерілмей тұрар болса, ол да осы иманы сау адамдардың шарапатынан болар, бәлкім.

– Мына Жолды…

– Еріктен тыс тағдырменен жазғасын,

Нені ойласын тәуекелшіл әз басың.

– Уақыт пен кеңістікке тәуелді

Ой деген не?!

– Менің қоңыр күрсінісім — көз жасым.

– Ақ дұғадан жаралдым,

Бәлкім, мәңгі дұға болып қалармын…

– Құпиясы, кілті мына ғаламның,

Күлкісінде, жүрегінде анаңның…

– Күлкі???

– және Көз жасы ғой…

– Кім үшін?

– Ана деген – жүрек үшін… Нұр үшін.

Оқылады мейірімен анаңның

Жүрек деген – Кітап қой ол дұрысы.

– Ештеңені түсінбедім, құрысын!

– О дүние мен Бұ дүнияның арасы –

Сабырыңның тобасы.

– Мына Жолды…

–D. Нүктесін қарашы...

Диалогтың «С. Нүктесіндегі» ырғақтық құрылым он бір буынды өлең өлшеміне 4, 7 буынды өлшемдерді сабақтастыру және 11 буынды тармақтарға тасымалдау арқылы жасалған. Тармақтардың тасымалдануы, сондай-ақ тыныс белгілер жүйесінің өлең мазмұнынының тынысын сезіндіруі өлең интонациясын түрлендіруге қызмет етеді. Айталық, 11-12-13 тармақтардағы «Күлкі және көз жасы ғой…Кім үшін?» деп келетін 11 буынды біртұтас интонациялық-ырғақтық құрылымды тыныс белгілері арқылы жеке тармақтарға бөле отырып, негізгі ырғақтық жүйеге қоса, көп интонациялы детальдарды беруге тырысқан. Осы ретте академик З.Қабдоловтың он бір буынды өлшем туралы айтқан мына пікірімен келіспеске болмайды: «Бұл өлшемнің ықылым ғасыр жасаса да көнеру орнына жаңарып, қартаю орнына жасарып келе жатуы да сондықтан. Бүгінде де бұрынғыша он бір буынмен жазбайтын қазақ ақыны жоқ. Бүгінде де бұрынғыша он бір буын әрбір талантты ақынның ешкімге ұқсамай, тек өзінше, тек өз өзгешелігімен ғана жазуына ешқашан кедергі болған емес, болмайды да; бұл өлшемнің мүмкіндігі мол, ғұмыры ұзақ болу себебі де сондықтан» дейді. Бауыржан ақынның өлеңдеріндегі кеудені күрсініске толтырған ой өзімізше тұжырым жасауға жетелейді. Ақын өлеңі – жанның күбірлеген дұғасы. Әрине, ол дұға дәрежесіне жете алса ғана. Біздің ойымызша, құр сөз – жалған, дұға – ақиқат. Егер де өлең дұғадай таза болса ғана ғұмыры мәңгілік болмақ.  Қалай десек те Бауыржанның о дүние мен бұ дүние арасындағы тіршілік жайлы ойлары, адам жанының күмәні мен сенімі, сезімі мен сергелдеңі туралы тосын тұжырымдары ойлантпай қоймайды. Бұл бүгінгі өлең өресінің өскендігіне бір дәлел.

Түн іші. 

Жоқ, мүмкін таң алды, 

немесе түстегі асынан, 

бір адам табылмай қасынан, 

бастығы, досынан, қасынан, 

қиянат көргенде, сыпырып басынан, 

қанша адам асылып өлді екен осыған?! 

Ақынның соңғы уақыттағы өлеңдерінің бірі – «Галстук».   Небары 6 тармақтан тұратын өлеңнің 2 тармағы ұйқастан тыс қалады, қалған жолдардың екеуін омонимдік ұйқас, соңғы екеуін егіз ұйқас десек болатындай. Өлеңнің ырғақтық құрылымы – 3-6-9-9-9-12-12. 1-2 тармақтар тасымалданғаны болмаса, бір ырғақтық құрылымға жатады. Сонда өлеңді 9 және 12 буынды өлең өлшемдерінің сабақтастығы десек болады. Осы алты тармақтың өн-бойында бір ғана ой ағымы бар. Ой салмағы соңғы тармаққа түсіп тұр, сондықтан эмоционалдық, психологиялық салмағы басым. 

Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан, 

Мейірім жауып тұр мөп-мөлдір. 

Иә, рас, 

біз — жетімбіз жерге тасталған, 

мастанған Жоққа, 

не 

Рахым Нұрына мас болған, 

ұмытшақ нүктеміз — адасқақ… 

Ақынның «Топырақ демі» деген өлеңінен алынған үзіндінің өрнек кеcтесі: 11-9-2-9-5-1-8-9. Байқасақ, өлеңнің өлшем өрнегі әр түрлі. Мұндағы 2 және 1 буыннан жеке тармақ жасау интонациялық екпін үшін ерекшеленген деп ұқтық. Бірінші тармаққа он бір буынды өлшемнің жаңа бунақтық сабақтастығы 5+3+3 негіз болған. 3-4 тармақтарды да он бір буынды өлшем ретінде қарай аламыз: «Иә, рас, біз — жетімбіз жерге тасталған». Мұндағы өлшем өрнегі 2+4+2+3 болып келеді де, он бір буынның тағы бір интонациялық мүмкіндігін көрсетеді. 

Бізде қанша уақыт бар, жан апа,

Көзімнен мұң құлайды.

Бізде қанша уақыт бар, шынында,

Еске алуға Құдайды?

-?!

Бізде қанша уақыт бар, жан балам?
Өкпелетпе адамды.
Бізде қанша уақыт бар, шіркін-ай,
тану үшін ғаламды?! 

Бұл шумақтар – он және жеті буынды өлең өлшемдерінің кезектес ұйқаспен өрілген сәтті сабақтастығы. Өлеңдегі қайталаулар, қаратпа сөздер мен одағай сөздің қолданылуы өлеңнің эмоционалдық-интонационалдық әуезділігін арттырып, лирикалық кейіпкердің өткінші өмір турасындағы күйініші мен күрсінісін, өкініші мен өтінішін жеткізеді. Өлең соңында  «Бізде қанша уақыт бар, Жаратқан?..» деп сауал тастай отырып, пенденің белгіленген ғұмырының Жаратқан құзырында екенін, адам баласының дәрменсіздігін аңғартып өтеді.  Бауыржан ақынның өлеңдерінің ырғақтық-интонациялық жүйесі өлең мазмұнынан желі тартып жатады. Ақынның лирикалық кейіпкері жанының жалғыздығын, кірлеген қоғамнан жерігенін, жанын қоярға жер таппай аласұрғанын жеткізеді. Ақынның өлеңдеріндегі ырғақтық құрылымдардың көпшілігі дәстүрлі өлең өлшемдерінің жаңаша сабақтастығы, түрленуі арқылы жасалады.   

Қазіргі ақындар өлеңдерінің ырғақ кестесі құбылмалы. Бұл орайда В.Шкловскийдің мына бір пікірін келтіре кеткенді орынды көрдік: «Прозаның ырғағы маңызды машықтандырушы элемент десек, ал поэзияның ырғағы өзгеше. Өнерде белгілі бір «тәртіп» бар. Алайда грек храмының бірде-бір бағаны белгілі бір тәртіппен орнатылмағанын ескерсек, поэзия да осыған ұқсас жүйесіз ырғақтан тұрады, – дей келе, – жүйесіздікті реттеуге қатысты шаралар жасалды әрі бұл әрекеттер ырғақ теориясындағы күнделікті мәселенің бір бөлігі десек те болады. Іс жүзінде, мәселе ырғақтың күрделенуінде емес, оның болжауға келмейтін жүйесіздігінде болғандықтан, дұрыс қалыпқа түспеуі де мүмкін. Егер ырғақты жүйесіздендіру дәстүрге айналатын болса, онда бұл тілдің сапа тұрғысынан жақсару шарасы ретінде тиімсіз болып шығар еді», – деп ой түйіндейді .  Жоғарыда бірнеше ақынның шығармашылығын нысана ете отырып, қазіргі поэзиядағы жаңа ырғақтарды саралағанда осы күнге дейін қалыптасқан өлшемдер арқылы жаңа ырғақтық-интонациялық жүйе жасау мүмкіндігі артқанына, көп буынды өлең тармақтарын бірнеше жолға бөліп, жаңа форма тудыруға болатынына көзіміз жетті. Қазіргі заман ақындары қазақ поэзиясындағы дәстүрлі өлең өлшемдерін сабақтастырып, жаңа ырғақтық-интонациялық жүйе жасау жолымен өлеңді құрылымдық тұрғыда жаңартуға үлес қосып келеді. Қазіргі поэзиядағы ырғақтар жүйесін саралай келе айтарымыз, қазақ өлеңінен дәстүрлі түрде ойып орын алған өлшемдермен қатар, айнымалы ырғақты өлеңдер кең айналымға еніп, өзге де ырғақтық жүйелермен сабақтаса отырып, біртұтас ырғақтық-интонациялық жүйе құра алды. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ырғақ тудырудағы осындай жаңаша мүмкіншіліктер әр ақын шығармашылығынан көрініс береді. Мұны поэзияның мазмұндық және пішіндік тұрғыдан жаңа бағытта дамып, тың ізденістермен байып жатқаны деп түсіндіре аламыз. Ғасыр басынан бергі жиырма жылда қазақ поэзиясы түрлік-пішіндік жағынан азат, логикалық интонацияға бейімделген ішкі әуездік сипаты басым өлеңдермен толықты. ХХІ ғасыр поэзиясының ерекшелігі, негізінен тақырыптық-идеялық жаңалығы мен мазмұн байлығында жатыр дейтін болсақ, сол мазмұнды өлең формасы, яғни өлеңдердің өрнектік ерекшеліктері арқылы беруге тырысушылық анық байқалады.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                         (жалғасы бар...)

             

                                                                                                                                                                                


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар