Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.11.2022 2481

Қолжазбалар құпиясы 14+

Қолжазбалар құпиясы - adebiportal.kz

Шығармашылық адамының қолжазбасы яғни жазушы романының алғашқы нұсқасы арқылы автордың суреткерлік қыры мен жеке өмірі туралы білуге болады дейді зерттеушілер. Яғни қолжазба тек мәтіннің мәні ғана емес, оның жазылу процесі туралы да айтады. Әлем әдебиетінің қолжазба қоры бай деуге болады. Көптеген ғажайып туындылар автордың шығармашылық процесін елестетуге болатындай редакцияланған нұсқасында сақталған, мысалы, Бальзактың «Шегірен былғарысының» тоғыз бірдей нұсқасы, «Ревизордың» редакцияланған бес бірдей нұсқасы бар екен.  Маргарет Митчеллдің он жыл бойы тапжылмастан отырып жазған «Унесенные ветром» романының кейіпкері Скарлетт О Хара басында Пэнси деп аталған. Егер қолжазбасы болмаса бұл туралы білмес едік.

Сондай ақ, өз шығармаларын жазып болып, ең соңында көңілі толмай өртеп жіберіпті деген мысалдар  шетел жазушыларының арасында  жетерлік. бірақ, ол жазушылардың атын естігенмен, шығармаларын оқымаған соң ол туралы айтқанның да қызығы жоқ. Бізге өзіміз жастай оқыған, сіңісті болған авторлардың іс-әрекеттері қызық. Айталық, Франц Кафканы көбіміз оқыдық. Оқыдық деп жүрсек... ол өзінің жазғандарының тоқсан пайызын өртеп жіберген адам екен! Сонда бізге жеткені он пайызы ғана ма? 

Тірі кезінде бірнеше әңгімесін ғана жариялаған, онысының өзін сол замандағы сыншылар сынап, іске алғысыз қылғанда соған жаны жараланып қалған жазушы бүкіл шығармасын өртеп жіберген дейді деректер. Өлерінен бұрын қолында қалғандарын досына беріп, отқа жағуды сұрайды, бірақ, ғажайып дүниені таныған жазушының досы Брод қолжазбаны жазушы қайтыс болған соң жариялатады, міне, осы шығармалар Кафканы әлемге таныстырған «Процесс», «Замок», «Америка» деген романдары екен.

Н. Гогольдің қолжазбасы

ЖАЗУШЫЛЫҚ – ЖАНКЕШТІЛІК ДЕГЕН СӨЗ ОЙҒА ОРАЛАДЫ

Шынымен де... шығармасын ақ тер, көк тер болып жазып келіп, әбден бітті дегенде өртеп жіберетін жазушыларды қияли демей гөр, әйтпесе, іштен шыққан баласындай мың күн ойланып, жүз мәрте шұқшиып жазған дүниесін өртеу қайдан оңай болады, оған да бір принцип керек шығар. 

Мысалы, Николай Гогольдің «Өлі жандардың» екінші томын отқа жағып жібергені аңызға айналған. Бұл кісі бір жағы тым шамшыл адам болған ау, 23 жасында «Ганц Кюхельгартен» дейтін поэма жазады, онысын сыншылар сынап, соған көңілі түскен жазушы шығарманың  бүкіл шыққан данасын сатып алып, отқа салған. Пушкиннің де көңілінен шықпаған дүниесін отқа өртегені туралы досы Александр Бестужевке жазған хатынан білеміз, онда ақын «Қарақшылар» деген шығармасын жағып жібергенін, тек бір бөлігі сақталғанын айтады. Кейін «Бақшасарай субұрқағы» поэмасын жазғанда осы қалған бөлікті пайдаланыпты дейді. Ал, «Евгений Онегиннің» оныншы томын өртегенінің себебі – онда декабристер көтерілісі туралы жазылғандықтан, «соңыма тыңшы түсіп жүрер» деп қауіптенген дейді зерттеушілері. Бірақ ақын өртемес бұрын шығарманың кейбір жерін хатқа түсіріп алыпты, кейін зерттеушілер осы жазба арқылы үш бірдей толық шумағы мен он төрт үзікті қалпына келтірген. 

А. Ахматованың қолжазбасы

САЯСИ СЕБЕППЕН ӨРТЕЛГЕН ҚОЛЖАЗБАЛАР

Гоголь  демекші, жас кезінде «Өлі жандарын» жатқа білген Достоевский 1865 жылы  «Қылмыс пен жазаның» Раскольниковтың атынан баяндалатын көлемді тұсын отқа жағып жіберген. Өйткені жазып бола келгенде жазушының ойына басқа ойлар, идеялар келіп, жаңадан кейіпкерлер қосылған, осы себепті ол бастапқы нұсқадан бас тартқысы келген болу керек,  Врангель деген біреуге хат жазғанда «бәрін өртеп жібердім» деп баян етіпті. Кейін «Нақұрыс», «Вечный муж», «Албастылардың» үзінділерін де өртеген. Шетелден кері оралып, шекарадан өтпек болғанда да жазушы  бұдан бұрын яғни 1849 жылы тұтқандалған кезде қаншама қолжазбасының ұшты-күйлі жоғалғаны есіне түсіп, «бәрібір тартып алады» деп ойлап, қолындағы қолжазбаларын жоймақ болған. Бұл туралы әйелі Анна Достоевскаяның естелігінде бар: «кетерінен екі күн бұрын мені шақырып, бірнеше қалың буманы беріп жағып жібер деп тапсырды» дейді. Бірақ әйелі қолжазбаны түгел жағуға қимай, бір бөлігін қалайда сақтап қалады, өзінің анасына беріп, ол кейін Ресейге жеткізген. 

«Быть знаменитым не красиво» деген өлеңінде «не надо заводить архива, над рукописями трястись» дейтін Пастернак та «Үш есім» деген роман жазып, онысын сүйген қызымен айрылысқанда отқа жаққан. Одан бөлек соғыс кезіндегі неміс әйелінің ерлігі туралы жазған пьесасын да «басыма пәле болар» деп өртеген. 

Әр заманның өз қорқыныш-үрейі бар, кеңес заманы өз идеологиясына кереғар ой айтқан адамды жау санаған. Әсіресе, халықтың ойын бұзады, соңынан ертіп әкетеді деп ақын-жазушысынан іш жиып, сезіктеніп, цензураны күшейтіп отырған. Сол замандағы көп ақын-жазушының соншама еңбектеніп жазған өз шығармаларын өз қолдарымен отқа жағып, жоқ қылып отырғаны – соңдарынан тыңшы түсуден, қуғындалудан қорыққан. Мысалы, Анна Ахматованың есте сақтау қабілеті керемет болғаны сондай,  өзінің өлеңдері мен поэмаларын өртемес бұрын әуелі бастан-аяқ жаттап алған дейді. Он бір жасынан өлең жазған ақын есейгенде баяғы балаң  өлеңдерін ұялыстан жоқ қылып өртеп отырған болса,  кейін отызыншы жылдардың ортасынан бастап өлеңдерін қуғынға ұшыраудан қорқып өртеген. Оның бір мысалы, 1934 жылы «Реквием» деген автобиографиялық поэма жазады, онда «халық жауының» аналары мен әйелдерінің сезімдері берілгендіктен,  1963 жылы алғаш рет баспасөзде жарияланғанға дейін шығарма тек ауызша таралып жүрген. Сол кездің адамдарына таңғаласың, сол заманның саясатына үйлеспейтін осы «қауіпті» поэманы ақынның жақын достары түгелімен жатқа білген  екен.  Бұл өлеңге, ақынға құрмет. Ахматованың өртенген қолжазбалары, жалпы үрей-қорқынышы жайында Лидия Чуковскаяның «Ахматова туралы жазбалар» атты кітабында бар. Бұл Корней Чуковскийдің қызы, өзі жазушы-мемуарист. Атақты Чуковский бір кездерде уақытша Финляндияда тұрған кезінде  үйлеріне Шаляпин, Репин, Маяковский сияқты атақты адамдар келіп тұрған, соны көріп өскен Лидияның өзі кейін Блок, Ахматова, Мандельштам, Гумилев, Горькийлермен араласқандықтан Лидия Чуковскаяның естелік жазбауы мүмкін еместей. Чуковскаяның естелігіндегі: «ол маған келген кезде «Реквиемнен» үзіндіні сыбырлап оқитын, ал өзінің үйінде өйтуге де шамасы келмей,  көздерімен қабырға мен төбеге қарап ымдап, әуелі маған: «шай ішесіз бе?» деп дауыстап алып, бір жапырақ қағазға әлденені асығыс жазды, мен сол бойда өлеңді оқып қайтарып бердім, ол тағы да «биыл күз ерте түсті» деп дауыстады да, шырпы жағып әлгі қағазды жағып жіберді» деген жолдардан Ахматованың соңында үш әріптің адамдарынан аңду болғанын байқауға болады. Ақынның «Энума-Элиш» деген пьесасы да болған, оны Тәшкенге жер аударылғанда жазған, бірақ ол да сақталмапты. 

Өлеңдері өзінің басына қатер әкелуі мүмкін екендігінен қауіп еткендердің бірі Мандельштам. Оның әйелі Надежда өзінің естелігінде жансыздар тінту жүргізген кезде ақынның өлеңдері асүйдегі кастрюльде, бәтеңкенің ішінде жатқанын келтірген, ал жансыздар ол жерлерді қарамаған. 

Булгаков болса тұтқындалудан қорықпаған, көбіне өзіне көңілі толмаған. Шығармаларын көбіне өз ойында пісірген автордың артында алғашқы нұсқалар, үзіктер қалмаған, тіпті қолжазбаларының өзінде түзетулер аз болған екен. Кейде әбден дайын болған әңгімелерін, аударма, өлең, тіпті 1930 жылы «Мастер и Маргаританың» алғашқы нұсқасын өртеп жібергені туралы дерек бар. Ол кезде кітаптың бастапқы тарауы басқаша болған, сонымен бірге автор бұл шығармасын «Қара сиқыршы» немесе «Тұяқты жонглер» деп атамақшы болған деген әңгіме да бар. Жақында бір зерттеу оқыдық, онда булгаковтанушы Мариэтта Чудакова Булгаков романның алғашқы нұсқасын өртейін деп өртемеген, ашуға берілген, өйткені, сол заманда жазушының Мольер туралы «Кабала святош» деп аталатын пьесасын қоюға рұқсат етпеген деп түсіндіреді. Ол пьесаны сол замандағы сыншылар жазушы монархия мен социализмді бір-біріне қарсы қойды деп сынаған. Жазушы одан бөлек «Қайтыс болған адамның жазбаларын», «Ақ гвардияның» екі томын жағып жіберген. Өйткені, жоқшылықтан қиналған ол ақырына дейін  «осы пьеса қойылса еңбегіме тиын-тебен алатын шығармын» деп үміттеніпті, ақыры 1930 жылы наурызда: «менің бұрынғы шығармаларым ғана емес, қазіргі және болашақта жазылатын шығармаларым да өлді. Мен сайтан туралы романымды, комедияның қолжазбасын және «Театрдың» бастапқы бөлігін өз қолыммен өртеп жібердім» деп үкіметке хат жазыпты.

І. Жансүгіровтің қолжазбасы

ЕСІЛ ЕРЛЕР... ЕҢБЕКТЕРІ ЖОҒАЛҒАН...

Жалпы, 20-ғасыр басына дейін өмір сүрген қазақ ақындарының арасында шығармалары хатқа түскендері аз. Бүгінгіге өз қолтаңбасы жеткендер Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды санаулы адамдар ғана. Көпшілігінің қолжазбасы жоғалған. Қолжазбасы өртеліп, жазған хаты жоғалған ақын-жазушылар туралы айтқан кезде қазақтың арманда кеткен есіл ерлері – Ілияс, Мағжандары, басқа да алаш арыстары туралы сөз қозғамау мүмкін емес.  Қаншама нәрсе жазып үлгерді, қаншама дүниесі елге жетпей желге ұшты, отқа оранды, із-түзсіз жоғалды... 

Ілияс Жансүгіров «Құлагерді» жазғанда алда болатын бір қауіпті сезгендей, ақыры өзі де атқан оқтай зымырап келе жатып қара күш-қаскөйліктің құрбаны болған  Құлагердің күйін кешті...  Осы поэманың жарыққа шыққанына жыл да толмай жатып, НКВД ақынды жауаптап, тергеп, ойдан шығарған айыптарын тағып, ақыры сол айыбын мойындатады. Бірақ ақын өзін қанша рет қорласа да достары мен туыстарына, таныстарына тағылған айыптауға қол қоймайды. Атылғанға дейін Жансүгіровтың кітабының қолжазбасы мен «Социалистік Қазақстан» газетінің «Құлагер» поэмасы шыққан шығарылымы түгел өртеледі. Қаншама қолжазбасы тартып алынады. Музей қызметінің ардагері Кәмилә Қоқымованың «Егеменге» 2019 жылы ақпанда шыққан  «Ілияс архивінің ізімен» деп аталатын мақаласында «Ақынның іс қағазымен танысуға рұқсат алған музей қызметкерлері 1937 және 1942 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің барлығы – 171 кітабын, 54 қолжазба дәптерін, оның ішінде 1923 жылмен мерзімделген «Әдебиет құрағы» тақырыбында №1-34-ке дейін нөмірлі дәптерлерін, №35-36-37 блокноттарын, №38-39-40 қолжазба дәптерін, №41 – 1916 жылдың материалдарын, №42 дәптерін, №43 – қолжазбасын, №44 – аудармаларын, 10 папка еңбектерін,оның ішінде №45 папка – №2 әндер туралы, №46 папка – №3 туралы, №47 папка – №4 туралы, №48 папка – №5 туралы, №49 папка – №6 туралы, №50 папка – №7 пьесалары, №51 – «Ақбілек» қолжазбасы, №52 – 3 дәптер қолжазбалары, №53 – 1 папканы тәркілегенін анықтады» депті. Бұл жай мәлімет емес, адамның жүрегін ауыртатын дерек. Сол қолжазбаларда жазушылардың идеясы, мұраты мен арманы қалды... 

Деректерге қарағанда, Ілияс Жансүгіров еңбектерінің  кейбіреуін Фатима Ғабитова сақтап қалып, ақынның алыс туысы Усман Жилкибаевке берген. Ол оны сақтап қойып, жиырма жылдан соң Фатимаға қайтарады, бірақ, бұл қолжазбалардың арасында «Құлагер» болмаған екен. Ақынның ең құнды еңбегі туралы деректі таппай жүргенде бір күні жазушы С. Бегалин іздеп келген. Сапарғали Бегалин бұл газетті жастығының тысына жасырып тығып, жиырма жыл бойы сақтаған екен. Ол заманда ондай нәрсені сақтаған адамдарға жаза да қатал еді, соған қарамастан Бегалин осындай ерлікке барған. Егер Сапарғали Бегалин сол газеттің біреуін сақтап қалмағанда бұл шығарма бізге жетпейтін еді. Сонымен бірге сексенінші жылдары Алматы маңында Голубятников деген бір кісінің өлерінде көршілеріне бір бума қолжазба аманаттап кеткені туралы да айтылады. Сөйтсе, бұл кісі кезінде Қаз СССР НКВД  тергеушісі болған екен, ол қолындағы Ілияс Жансүгіровтің қолжазбасын архивке тапсырып, қолхат беруі тиіс болса да ешкімге бермей, жоғалтпай,  43 жыл бойы сақтаған. Бұл туралы Ильфа Жансүгірованың естелігі бар: «...В начале 80-х мне позвонили по поручению Бижамал Рамазановой (она возглавляла Главное архивное управление при СМ КазССР) и сказали, что нашелся архив Ильяса, вернее его часть. Оказывается, два года назад в доме по улице Комсомольской умер старик Голубятников (фамилию могла перепутать), работавший ранее в органах НКВД. Старик жил одиноко, без родственников и друзей, а после смерти люди обнаружили много рукописей на арабском и латинском. Они обратились в ЦГА РК, оттуда прибыли специалисты, бумаги перевезли. Исследователи обнаружили, что это архив Джансугурова. Кстати, в нем была рукопись «Ақбілек» Жусупбека Аймаутова, арестованного гораздо раньше 1932 году. Мне показали расписку Голубятникова, которая свидетельствовала о том, что он яв­ляясь следователем по делу Ильяса, подверг уничтожению его архив путем сожжения... Что заставило работника НКВД спасти рукописи отца, аймаутовский роман? Но этот подвиг русского человека не может забыт нами». (И.Жансугуров: Документы, письма, дневники... Алматы, 2006. 13 с.). 

Ильфа Жансүгірованың осы естелігінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы туралы да айтылған. Кейін «Ақбілек» халыққа жетті, мүмкін, жазушының біз білмейтін басқа бір шығармасы туралы айтылып отырған шығар деген де бір ой бар. Олай деуге жазушы Зейтін Ақышевтің Жүсіпбек Аймауытов туралы естеліктеріндегі кейбір жайлар себеп.  Жазушы Зейтін Ақышев Қазақ КСР ғылыми академиялық кітапханасының қолжазбалар бөлімінен Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Жүсіпбек Аймауытовтың бір-біріне жазған хаттарын тауып алған. Бұл 1927-1929 жылдар аралығында жазылған хаттар (сондай-ақ екі алыптың бір-бірімен аталас туыстығы жөнінде де З.Ақышев еңбегінен білеміз). Міне, осы, жазушы Зейтін Ақышев тауып алып ұсынған Жүсіпбектің 1927 жылы 16 ноябрьде Шымкенттен жазған хатында – жазушы өзі аға тұтқан Мәшһүр Жүсіп Көпеевке  екі хатына жауап жаза алмағаны үшін өзін ұятты санай отырып, кешірім сұрап, екі жарым айдан бері роман жазғаны туралы айтады. «Не істедіңіз десеңіз – жылдамдатып бір роман жазып бітірдім. Өзіңіз көрген «Қартқожадан» көлемі екі есе. Бар ойым, ниетім, рухым сол романға кетіп, жынды кісідей болып досты, жолдасты, құрметті, қымбатты ағаны ұмытып кете жаздаппын... бірақ бұл күнде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын» дейді. Бұған қатысты Зейтін Ақышевтің өзі: «Бұл қай романы екенін өз басым айта алмаймын, «Ақбілек» деуге келмейді, оның көлемі «Қартқожадан» кем. «Жүсіпбек Кенесары туралы кітап жазып жүр дейді» деген бір сөз шыққан. Жарық дүниені көруге үлгере алмай біржола жоғалып кеткен сол болмаса» депті.  Сондай ақ, қазақ әңгімесінің шебері, Ілиястың досы Бейімбет Майлиннің «Қызыл жалау» деген, «Қоңсылар» деген романдарының екеуі де аяқталмаған, бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұловтың айтуынша, жазушы ішінде пьеса, либреттосы бар, 25-тен аса еңбек жазған екен, бірақ жазушы ұсталғанда қолжазбалар да жойылған.

М. Әуезовтің қолжазбасы 

ЖОҒАЛҒАН ҚОЛЖАЗБАДА ҚАЗАҚТЫҢ ЖАДЫ БАР

«Астана ақшамы» газетінде М.Әуезовтің бір әңгімесінің тарихына қатысты филология ғылымдарының кандидаты Санагүл Майлыбайдың «Тағдырлы тастүлек» атты мақаласы жарияланды, назарымызды аударған осы мақаладан үзінді келтірсек, онда автор: «Жазушының бұл шығармасы ешқайда басылып, жарияланбаған, оқырман қауымға белгісіз қолжазба күйінде мұражай қорында (80-бума, 37-48-б.) сақталған  – «Тас түлек» әңгімесі. Тақырыптың астына автор өз қолымен «ұзақ әңгіме», соңына «Жалғасы бар» деп арнайы жазылған мұраның жалғасы мұражай қорынан табылмады. 1930-32 жылдар аралығында НКВД абақтысында отырып, 1932 жылы 20 сәуірде «Үштіктің» бұйрығымен 3 жылға кесіліп, шартты мерзіммен мамыр айында түрмеден босап шыққан жазушы «Тас түлек» әңгімесін түрмеден шыққан соң жазған. Оқиға колхоздастыру науқаны кезіндегі ел арасындағы ауыр күйзелісті көрсетуге тырысқан. Жазушының негізгі нысанаға алған тақырыбы 1932 жылғы Қазақстандағы жаппай етек алған аштықтың себеп-салдарын көрсетуге негізделген. Ол кезеңді айтуға тыйым салынғандықтан әңгіме аяқталмай, кейбір беттері қолды болғанға да ұқсайды» деп түйін жасайды. Ғалым С.Майлыбайдың ғылыми ізденіске толы мақаласында жазушының қызы, тарих ғылымдарының докторы, Әуезов мұражайының алғашқы құрастырушысы әрі директоры Ләйла Мұхтарқызының «Сол заттардан әкем мен шешемнің бірге түскен суретін, бірер кітапты ғана қайтарды. Ашығына жүгінсек, жазушының 1930 жылға дейінгі қолжазбасының ешқайсысы да табылған жоқ, ізінен адасып қалдық» деген естелігі мысалға алынған. Өмірін қауіпке тігіп, қолжазбаларды сақтап қалған адамдар да шын мәніндегі батыр адамдар. Мысалы, әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» сақтап келгені, Ал Жүсіпбектің «Ақбілегін» Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета Бөкейханованың (Смағұл Сәдуақасовтың әйелі) Әуезовке тапсырғаны туралы там-тұм деректердің өзі жүректі қозғап өтеді.

         «Ғылым Ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынында сирек кітаптар музейі бары белгілі. Музейдегі құнды қолжазбалар арасында Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шәкәрімнің қолжазбалары, М.Бикеұлы жазып алған Абай өлеңдері, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинақтаған халық ауыз әдебиеті мұралары, Жаяу Мұса күнделіктері, Шәді төренің өлеңдері мен Әлкей Марғұлан шығармалары бар. Сонымен бірге Шортанбай жыраудың, Шал, Әсет, Мәди шығармаларын да көруге болады. С.Торайғыров жазып алған Әбілғазы Баһадүрханның «Тарихи шежіре ат-түрк» шығармасы, Көпеевтің «Қазақ тайпасының ата-бабаларының турасында сөйленген рауаятла баяны» атты қолжазбасы бар. Бұларды ұлттың рухани байлығының бір парасы десек те,  қазақтың рухы қыспаққа түскен замандарда қаншама дүние кетті. Ол тек жай қолжазбалар емес, халықтың тарихы, шежіресі, әдеби асыл мұрасы екені анық. Мысалы, ақын Қалижан Бекқожиннің әкесі Нұрғожа деген мықты ақын болыпты, оның мұрасын Сәкен Сейфуллин жинақтап жүріпті, бірақ Сәкен тұтқындалғанда ол қолжазбалар да бірге өртелген. Қалижанның өзі совет ақыны болса да, жас кезінде Кенесары мен Наурызбай батырлардың ерлігін мадақ еткен поэма жазып, содан қырын қабақ көріп, уақытша Түркіменстанда бас сауғалаған. Қолжазба десе, Қажығұмар Шабданұлы еске түседі. Тағдыры қиын, қытай империясының «дұшпаны» саналып, көп қиындық көрген, ғұмырын қапаста өткізген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романының да тағдыры тәлейлі болған. Үшінші бөлімі абақтыда жатқанда өртеніп кетеді, жазушы оны қайта жазып шығып, романның қолжазбасын әупірімдеп түрмеден шығарып, астыртын түрде Қазақстанға жіберіп, Қабдеш Жұмаділовтың еңбегімен оқырманға жеткен. 

Бірінші суретте Франц Кафканың қолжазбасы берілген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар