Қосшыда ақындардың поэзия кеші өтті

Қосшылық ақындардың жырын арқау еткен кеш те осы мәдени ошақтың ашық алаңында өтті.

Қосшыда ақындардың поэзия кеші өтті - adebiportal.kz

Кеше Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының қанат жайып, көркейіп келе жатқанына бес жыл толуына орай поэзиялық кеш ұйымдастырылды.

Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері шаһарда көптеген әлеуметтік нысан бой көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылыпкеледі. Солардың бірі – қалада жаңадан бой көтерген Мәдениет үйі. Бүгінде қоғамдық мәдени-спорттық кешен қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыратын көпфункционалды орталыққа айналып отыр. Мұнда кинотеатр, ерекше кітапхана, спорт және хореография залдары, коворкинг, шығармашылық студиялар мен робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Балалар мен ересектерге арналған түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, концерттер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады.

Қосшылық ақындардың жырын арқау еткен кеш те осы мәдени ошақтың ашық алаңында өтті. Арқаның кешкі самалымен жыр тыңдауға жиналған қала тұрғындарының да қарасы қалың болды.

Поэзия кешінде ақын, ардагер журналист, зерттеуші Бодаухан Тоқаннан бастап, Ахат Расул, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Айгүл Сейілова, Олжас Қасым, Қабиден Қуанышбай, Арман Шеризат, Ғылымнұр Кәдірбай сынды ақындардың өлеңдері оқылды.

Кештің бір ерекшелігі – ақындардың жырларын негізінен кәсіби актерлердің оқығаны болды. Олар әр өлеңнің мазмұны мен табиғатын терең сезініп, жүрекпен жеткізе білді. Ақын жырын сахналық шеберлікпен сабақтастырған актерлер кеш көркін қыздырып, ара-арасында әуелете ән де салды.

Осылайша, Қосшының бес жылдық белесін жырмен өрнектеген поэзия кеші қала тұрғындарына рухани әсер сыйлап, әдебиет пен өнерді тоғыстырған тағылымды кеш болды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan