Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қостанай облысының 4365 педагогі кітап оқу марафон...

Қостанай облысының 4365 педагогі кітап оқу марафонында 15 кітаптан оқыды

18.03.2026

4483

Қостанай облысының 4365 педагогі кітап оқу марафонында 15 кітаптан оқыды - adebiportal.kz

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», - деп халқымыз бекер айтпаған.

Сонау тоқсаныншы жылдардың экономикалық қиындығында бұрынғы кітапқұмар халқымыз кітап оқудың қарқынын бәсеңдетіп алды. Осы жағдайдан қоғамымыз енді айығып келе жатқан тұста, жаңа ғасырдың оныншы жылдарынан ақпараттық технологиялардың дамуы да кітап оқуға аз-кем болса да көлеңкесін түсіргені анық еді. Пайдалы тұстары болғанымен, интернетті тым көп әрі талғамсыз пайдалану – адамдардың өмір cүру дағдысына дендеп еніп, руханиятпен айналысар уақыттың телефонға көбірек ұрланып жатқаны – бүгінгі дәуірдің ащы шындығы. Бұл өз кезегінде бала тәрбиесіне де теріс ықпал етіп жатыр. Яғни қазіргі заманда жас балалар түгілі, олардың ата-аналары да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес болып алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Ұлттық құрылтай барысында қозғағаны бекер емес.

Мемлекет басшысы қоғамымыздағы бұл аса өзекті мәселе жөнінде: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», - деген болатын. 

Бұл мәселе тұрғысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырған болатын: «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», - деп атап көрсеткен болатын.

Қазақстан бойынша маңызға ие болған «Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылдың қыркүйегінен бастап бірнеше өңірде, соның ішінде Қостанай облысында пилоттық режимде іске қосылған болатын. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлтты қалыптастыру бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Халықтың барлық топтары арасында тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастыру, сыни ойлауды дамыту және кітапты білімнің негізгі көзі ретінде насихаттауды мақсат ететін бұл жобаға әр өңір өзіндік леппен белсене қатысуда.

Осыған орай Қостанай облысында кітап оқу ісі кеңінен өріс алуда. Соның айғағы: 15 кітаптан оқыған 4,3 мыңнан астам педагог «Кітап оқитын педагог» байқауының мектепішілік бірінші іріктеу кезеңінен онлайн-тест тапсырды. Кітап оқу байқауы 2026 жылғы 17 наурызда өтті. Мұның өзі аталған өңірдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ауқымды бастаманың маңызды қадамы болды.

Аталған жобадан бастау алған «Кітап оқитын педагог» бағыты мектеп және колледж мұғалімдеріне арналған. Қатысушылар қазақ, орыс және шетел әдебиетінен ұсынылған 15 шығарма бойынша тест тапсырған. Кітап оқу байқауы екі лигада – қазақ және орыс тілдерінде өткізілді.

Қостанай облысында іріктеу кезеңіне облыстың барлық 20 ауданы мен қаласынан 4365 педагог қатысты. Оның ішінде 1549-ы қазақ лигасында, 2816-сы орыс лигасында. Онлайн-тест педагогтарға өз білімдерін терең көрсетуге мүмкіндік берді.

Бұл кезеңнің жеңімпаздары диплом мен сертификатқа ие болды және осы нәтижесі бойынша аудандық, облыстық байқауларға қатысуға жолдамасын алды.Осы жолдамаға ие болғандардың бірі – Жітіқара политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Фариза Ерсаиновна Токкабулова былай деп өз лебізін білдірді: «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысу мен үшін шығармашылық жаңалық болды. Бұл қазіргі заманда кітап оқудың рөлін жаңаша түсінуге, қабілетімді ашуға және әріптестерімді шабыттандыруға мүмкіндік берді. Диплом алу – мен үшін зор құрмет әрі алға басуға үлкен ынталандыру. Ұйымдастырушыларға кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған осындай маңызды бастама үшін алғыс айтамын».

Қостанай қаласындағы №31 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Садуақасова Ляззат Темірханқызы да байқау туралы өз ойын былай білдірді: «Осындай байқауға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе және шынайы шабыт болды. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде кітаптың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөлін жақсы түсінемін. Бұл жоба маған өз білімімді тереңдетумен қатар, оқушыларда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың жаңа әдістерін үйренуге мүмкіндік берді. Әр кезең өзімді сынап, кәсіби тұрғыда өсуге жол ашты. Ең маңыздысы – жоба ұстаздарды ортақ құндылық төңірегінде біріктірді және кітап арқылы рухани байытуға ықпал етті. Кітап оқитын педагог – кітап оқитын ұлттың негізі екеніне сенемін. Осындай игі бастамалардың жалғаса беруін қалаймын.»

«Кітап оқитын педагог» байқауының келесі кезеңдері (аудандық және облыстық) 2026 жылдың сәуір айында өтеді деп жоспарлануда екен. Аталған ауқымды байқаудың қорытындысы бойынша өңірдің үздік кітап оқитын педагогтары анықталмақ.

Бұл дәстүрлі жобаны «Amanat» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігі жүзеге асыруда. Жергілікті кәсіпкерлердің осынау жобаға көңіл бөліп, өз қаржыларын құйып отырғанын атап өткен жөн. Өңірлік демеуші ретінде «Олжа Агро» ЖШС агрохолдингі атсалысып отыр.

Осылайша Мемлекет басшысының: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деген сөзі нақты атқарылған істер арқылы өңірлерде шынайы көрініс табуда.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan