Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуандық Түменбай. Көк кептердің көргені...

23.05.2023 3160

Қуандық Түменбай. Көк кептердің көргені 16+

Қуандық Түменбай. Көк кептердің көргені - adebiportal.kz

(Хикаят)

Көк кептер әліне қарамай әулие ағашқа қонақтапты.

                                                                                         (Халық сөзі) 

Бәрі  суретке түсуге  тырысады. 

Неге  олар құстардың  үнін түсінуге  тырыспайды. 

                                                                  Пабло  Пикассо

Құс та көрген-білгенін баяндай ма екен деп жұрттың таң қалуы мүмкін. Тірі жан бәрін де көреді, көріп тұрып көңілімен бағасын береді. Ит жерде,   жеті қазынаның бірі болып адамның жетегінде  жүрсе,  құс көкте шалқып,  қанатын қағып   күн кешеді, ащы мен тұщының дәмін  тұмсығымен шұқып, ажырата біледі. Тек тілі жоқ. Адамзаттың  артықшылығы – тілінде, олар бір-бірімен тіл арқылы түсініседі. Адамзат арам асқа аузын былғамайды, су шіркін бәрін де тазартады. Осы қасиетімен де ол – Адам.

Ақ көгершін адамға жақын болса, шымқай көкке боялып туған көк көгершін дегені тағы  бар. Адамдар оларды еркелетіп кептер дейді. Осы көк кептердің мына көп қабатты үйдің балконына қоныс тепкеніне біраз болды. Балапан кезінде келіп еді, қазір қанаты қатайып, көкте еркін самғап жүр. Тас үйдің төртінші қабаты – тұрағы. Бұл үйге қоныс тепкендердің бәрінің балконы қоршаулы, тор-тор темір терезелер бейне бір түрмені елестеткендей. Өзі  тұрақтаған пәтердің балконы ғана ашық, тау беттен лекілдеп самал соғып тұрады. Құстың да өз еркі өзінде, кезкелген мезгілде еркін кетіп, еркін  қонады. Балкондағы мыс табақшаға нанның қиқымын, күріш дәнін, тамақ қалдығын салып қояды, соны шұқып жеп бөтекесі бұлтиып  тоқ жүреді. Кейде балкон белдеуінде арлы-берлі өткен адамдарға қарап мүлгіп отырады. Тор-тор темір балкондарға өзіндей кептерлер тұмсық тигізе алмай, тигізсе де екпінмен келіп, тарс етіп соғылып, қонақтай алмай қайта ұшып кетеді. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ақын өлеңінің құйттай көрінісі осы. Осы өлеңді қожайыны – атақты оташы Мұқаш құспен бірге балконда сыртқа көз салып отырып есіне алды. Көршісінің тор-тор темір қоршауына бір қарап,  ойға шомған адамның көзінен қағажу ойды қағып алған көк кептер көргенін әпсәтте жұртқа жария ғып отыр. Несі бар, «өлең шіркін өсекшіл» деп адамдардың өздері айтқан. 

Құстың қожайыны – Мұқаш деген біреу, жүрісі олпы-солпы, бір басына жетерлік әпенділігі де бар. Өзінің қолы ашық, әйелі де тым қытымыр емес. Мыс табақшаны тамаққа толтырып қояды. Тіпті, тәуелсіздік алып, колхоз-совхоз тарап, кім не істерін білмей алақан жайып, тентіреп кетуге сәл ғана қалған кезде де мыс табақша толып тұрды, құс-тұмсықтың дәнсіз қалған кезі жоқ. Жалпы, бұл үйдің қожайыны – оташы Мұқаш ысыраптың адамы емес, бірақ жетімді жебеп, қолы қысқаларға болысып тұратын иманы бар кісі. Тамақты оңды-солды шашпайды, «ішкені алдында, ішпегені артында» болса да, обал-сауапты біледі. Әруаққа Құран бағыштап, әркез ағайын-туысты жиып, қол жайғызып отырады. Соңғы кездері жайнамаз жайып, намазға жығылып, маңдайын жерге ұрып жатқанын да байқап қалды. Төртбұрыш көкшіл кілемшені намазын оқып болған соң төрт бүктеп, серванттың ішіне тығып тастайды, келген-кеткеннен сақтанған сыңайы ма, қайдам? Құс болғандықтан бұның бәрінің айы мен күнін тап басып айта алмайды, әйтеуір заман өзгеріп, бір топалаң болғалы тұрғанын қожайын сезгендей, бірақ ол құс түгілі адамға тіс жарып артық сөз айтпайтын аузы ауыр пенде. Бүгін балконда отырып, салбыраған дәсбісін қолына алып, біртіндеп тізбектеп, біресе домалақ тасты әрі ысырып, біресе бері ысырып көп ойланып, қатты толғанды. Жұмысқа шығарда дәсбіні қабырғаға қағулы қара шегеге іліп кетті. Қожайын кеткен соң көк кептер салбыраған дәсбінің бір тасын тұмсығымен шұқып көрді. Тастай қатты екен. Жұмсақ болса, кім біледі, жемсауы құрғыр бүлкілдеп, бір шұқып, жұтып та жіберер ме еді. Мұндай кезде құс түгілі Адам да тәбетін тежей алмайды. «Қатты екен. Қатты болғаны қандай жақсы болды, ол – Адам, мен – Құс, ол маған сеніп іліп кетті ғой сол жерге, мен де осы үйдің бір тірі жаны емеспін бе? Анау торлы терезеге қанаттарын сарт-сұрт соғып кетіп жатқан құстар маған қызыға қарайды, қызғанады да. Қызығу мен қызғану – тірі жанға тән қасиет. Жақын маңдағы саябаққа  адамдар жем шашады, сонда өмірге бұрын келіп, жемсауы бүлкілдегендер біздерді қанатымен қағып тастап, «бәрін өзім жеймін» деп өзімшілдігін көрсетеді. Бұл, тегі, тірі жанға тән нәрсе, тек нысап керек. Менің қожайыным маған сеніп, балконына қонақтатып жүрген жоқ па? Мыс табақшаға түк салмай балконын торлап қойса қайтер едім. Нысап керек, нысап. Ол жақсы Адам. Тек соңғы күндері мазасы кетіп, қобалжып жүр. Балкондағы тапал үстелге қонжиып ап, қап-қалың кітаптан көзін алмайды. Кейде түртінектеп жазып қояды, кейде ақ қағазға ирек-ирек сызық сызады. Не де болса бәрі оң болсын, бәрінің ақырын берсін. Менің қожайыным иманды адам» деп, көк кептер сергіп қайтпаққа қанатын қағып, қалықтай жөнелді. Күнде түс ауа бір сергіп қайту – әдеті. Кетерінде шегеге ілулі дәсбіге көз салды. Ең шеткі дәсбі тасында ноқаттай қара дақ тұр. Бұл өзінің  қолтаңбасы, үшкір  тұмсығының ізі. Өмір онсыз болмайды. Дақсыз күн кешу мүмкін бе? Құстар да кей-кейде жемге таласып, бір-бірінің көзін шұқып алады, ал адамдар саналы, бәрін ақылмен істейді, олар онан да қауіпті әрекетке барады. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дегенді әнеукүні қожайын бір кітаптан дауыстап оқығанда естіп қалған. Түсінбесе де сол дауыс құлағында.  «Дәсбінің бір тасындағы иненің  жасуындай із менің кінәм. Оны білсе де қожайын білмеген боп жүр. Ол – Адам сойып, адамның жанын алып қап жүрген кәнігі оташы, тек біреуге жақсылық ойлап тұрады» деп көк кептер пыр етіп ұшып кетті. 

***

Қожайын бүгін көңілді. Келген бетте әуелі ваннаға шомылды. Ота жасардан бір күн бұрын әбден жуынып-шайынып, сақал-мұртын қырып, тойға барардай сәнденіп шығады. Ақ желеңді де өзі үтіктейді. Әйтпесе ауруханада ақ желең дегенің жетіп-артылады, оның үстіне бір институттың директоры – бас оташы үшін әтір аралас крахмал иісі аңқыған желеңнің жеті атасы желпілдеп ілулі тұрады. Бұл оның бір де біреуін үстіне ілмейді, ота жасар күні тек өзі үтіктеп, үйінен сөмкесіне сап алып келеді. Міне, біздің қожайын осындай ұқыпты, ұқыпты болғанда ешкімге салмағын салмайтын аржағы таза адам.

Әнеукүні дәсбісін санап, қобалжып жүруінің де себебі бар. Үлкен кісі – республиканың бірінші басшысы аяқ астынан жүрек талмасы ұстап, ауруханаға әкеліпті. Мұқашты үйінен шұғыл шақыртты. Кәдімгі ауқымы кең жүрек талмасы, тез ота жасамаса болмайды. Бұл кісі Мәскеу Денсаулық сақтау министрлігінің Төртінші бас басқармасында есепте тұрады, өзіне тиесілі орын-жайы бар. Тез сонда жеткізу керек. Денсаулық сақтау министрімен бірге қорқасоқтап қасына келгенде сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын кісі көзін ашып, баяу үн қатты. Даусы қоңыр, үні әуезді. Адамға деген сенімі тұр аржағында. Патша да пенде, жаны қиналған адамның өзіне деген үміті көзінен анық көрінгендей.

- Мұқаш, - деді ескі танысындай сөзге тартып. – Ота жасайсыңдар ма?

- Сізге Мәскеу жасайды, олардың рұқсатынсыз бізге жол жоқ

- Саяси Бюро мүшесіне біз жасай алмаймыз – деді министр бір орнында тұра алмай тапырықтап.

- Басқаларға жасағанда, маған неге жасамайсыңдар? Адамның бәрі бірдей емес пе? Оташыда өтпейтін пышақ бола ма? Мені тү-ү-у Мәскеуге сүйреп қайтесіңдер. Өздерің жасай беріңдер. Рұқсатты өзім алып берем, - деді де, - Дайындала беріңдер, - деп сөзін тұйықтады.

Кешке қарай «үш әріп» өкілдері келіп, Біріншінің басына төте телефон орнатып кетті. Мұқаш мазасызданып, әрі-сәрі күй кешті. «Шынымен маған сеніп отыр ма Үлкен кісі? «Оташыда өтпейтін пышақ бола ма?» дейді. «Менің пышағым жүректі емдейтін пышақ, кезенген пышақ емес». Ол қолына қондырған жалғыз ұлы мен қызын ойлап кетті, қырық жыл отасқан жұбайы да көз алдына көлең ете қалды. «Жалғыз баланы жетінші сыныптан ота жасауға қатыстырып... өзімдей ғып шығарамын деп... әйтеуір тәніне пышақ тигендер жаман сөз айтқан емес, бәрі де «екінші өмір сыйладың» деп бастарын иіп тұрады. Бір өмірді сүрудің өзі   оңай емес. Екінші өмірді бір Алла ғана сыйлайды. Адам Алланың құлы. Әке балаға пана болмайды, менің жолымды қумай өз жөнін өзі табуы керек пе еді. Етікші болса да адам соятын кәсіптен аулақ ұстауым керек пе еді? Өзі де өрекпіп қоймады. Танауын буып ап скальпель ұстағандар көзіне қызық болып көрінді. Оның үстіне жүрекке пышақ тигізу деген...». Ол белбеуін босатып, қалтасынан шақшасын шығарып, насыбай атты. Темекіден насыбай дұрыс, екеуінің атасы бір. Насыбай атам деп те шатылғаны бар. Бірде жұмыс үстелінің үстіне шақшасын қалдырып кетіпті. Еден жуушы әйел үстелін сүртіп жатқанда дөңгелек шақша сырғып еденге түсіп, аузы ашық шақшадағы  көк бұйра насыбай қызыл еденде бүртік-бүртік боп ақтарылып жатты. Мүңкіген иісі мұрын жарады. Шошып кеткен еден жуушы комендантты шақырыпты. Ол «жерден жеті қоян тапқандай» боп насыбай шақшаны бас дәрігердің орынбасарына жеткізіпті. Орынбасар біріншінің орнынан дәметіп, күн санап жүрген әккі еді, болған жайды министрдің орынбасарына баяндап, мәселесі аупартком арқылы жергілікті партия ұйымының жиналысында қаралып, феодализм қалдығымен айналысушы кеңес адамы ретінде қатаң сөгіс алған. Орнынан алмақшы да боп еді, аупартком бірінші хатшысының жұбайына ота жасап, өміріне ара түскені қалқан болды. «Оның жұбайын өлімнен алып қалған Алла, менің қолым себепші болды» деп тәубесіне келіп, насыбай шақшасын қалтасына салып, қалтарыста қалдырмайтын болды. Осы уытты әуестікті он бес жасында әкесімен бірге қой бағып жүргенде бастап еді, нәті апиын денесіне майдай жағып, тұлабойын біржола бағындырып алды. Ара-арасында темекі шегіп те  көріп еді, түтіні тым қою, отырған жерде иісі қалып, денені жайлап алады екен, қасыңнан өткендер тыжырынып танауын тартады, ал насыбай дегенің таза, серпіліп тұрып сыпайы атсаң ешкімнің жүрегін айнытпайды, тек шақшаңды көрінген жерге тастап кетпесең болғаны.

- Ал, Біріншіге қайсысың жасайсыңдар? - деді министр тіс қаққан оташыларды жиып ап. – Ауқымы кең инфаркт  миокарда, Чазовтың өзі қойған диагноз. – Бәрі үнсіз, суырылып шыққан ешкім жоқ. – Бүгін кеселдің мән-жайымен толық танысыңдар. Бәлкім, біреуің өз еріктеріңмен алға шығарсыңдар.

- Чазов мырзаның өзі жасамай ма? – деді директордың орынбасары – ғылым докторы тауып айттым дегендей төңірегіне тепсіне қарап 

- Үлкен кісінің өзі алысқа бармай-ақ қояйын, дейді. Алыс жолға жарамайды.

Ешкім үн қатпады, шыбынның ызыңы естіліп тұр...

Суға түсіп болған соң қожайын балконға кеп дәсбісін шиіріп, біраз отырды. Кептердің үшкір тұмсығы тиген дәсбі тасындағы сіркедей селкеу бармағына батса да, түк болмағандай әрі жылжытып жіберді. Отыз үш тасты бас бармақ жалдап, бір әрі, бір бері жылжытты. Көк кептер балкон жақтауында ноқаттай көзін өзінен алмай шоқиып отыр. Көңілін жаулаған осы бір қобалжудан қожайыным тезірек арылса екен деп тілеп отыр. Кешқұрым келіп те әуелі дәсбі домалатты, сосын кітапқа шұқшиып, ақ қағазға иір-шиір сызықтар сызды, ең соңынан, тапал орындыққа жайғасып, қалтасынан шақшасын шығарып, ернін шүйіріп тұрып бір атым насыбайды тастап жіберді. Көк кептер адамзаттың көңіл қобалжуына одан әрі куә болмайын дегендей пыр етіп ұшып кетті. 

***

- Ал, қайсың жасайсыңдар, - деп бас оташы қарауындағыларды жиып ап соңғы рет сұрады. – Ертеңнен қалдырмаймыз. Науқас ота жасауға дайын. Қан қысымы қалыпты, басқа жеңіл-желпі кеселдерге қарсы екпе жасалды, таңертең іске кірісу керек. 

- Академик жасау керек қой, - деді өзінің орынбасары – ғылым докторы. 

- Академиктің алдынан өттік. Ол кісі бас тартып отыр. Жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді, - деді Мұқаш. Күні кеше үйіне барып, кардиохирургияның ең жоғарғы деңгейлі маманымен сөйлесіп еді, бірден басын алып қашты. – Ота жасауды қойдық, қол шығып кетті, өзің жасағаның дұрыс қой, - деп жалтарды. – Мен өзі осыны біржола қойсам деп жүрмін, қартайдық қой, - деп тәжірибесін жұртқа жария қылғысы келмеді... 

- Онда мен жасаймын. Қайсысың ассистент боласыңдар? – Тағы да үнсіздік. Мына жерден шыбынның ызыңы естілетін шығар. Адамдар неге қорқақ болып барады осы. Біздің қазақ батыр халық еді, кейінгі кездері, тіпті, біздің жүрек емдейтін мамандарды да жалтақтық жаулап алды. Бұл не? 37-нің сарқындысы ма? Жас маман институт бітіріп, диплом аларда Отан қорғайтын жауынгердей ант беріп, ақ желең кимеуші ме еді? – Онда сен екеуің ассистент боласыңдар, - деп өзінің орынбасары – ғылым докторы мен жақында ғана кандидаттық қорғаған жас жігітке қарады. – Өзім жасаймын.

- Сізді шақырып жатыр, - деді рұқсат сұрап ішке кірген хатшы әйел. – Үлкен кісі шақырып жатыр. 

Әйелдің соңынан ілесіп жүре берді. «Не дер екен?» Оның жатын орнына кіргенде жастығын биіктетіп ап кереуетте бір ұзын терек сұлап жатқандай  көрінді. Өзін көргенде Бірінші біртүрлі қуанып кеткендей бетінде алаулаған қызыл шырай пайда болды да, оң қолын қасына келген бұның қолына қойды.

- Қашан бастайсың? – деді жайбарақат.

- Консилиум бітті. Құдай қаласа, таңертең... – деді де, сөзін жұтып тұрып қалды.

- Құдайды аузыма алдым деп қорықпа. Бәрі Құдайдың қолында. Мәскеу өз еркің деп отыр... 

«Мәскеуден алпыс төрттегі ұлы Әуезов қайтпай қалды. Жәй тоқішек жарасынан...» Ол бұл сөзді көңіл сандығында құпия сақтады да, сөзін жалғады.

- Менікі жүрек инфаркті. Жүрек біреу-ақ, - деп күлімсіреді де, - өзің жасайсың ғой, - деді. 

- Өзім жасаймын. Екі ассистентім бар. 

- Сен талайды ажалдан  алып қалды деп естігем. Ажал бір Алланың қолында, адамзат тек ара түсуге тырбанады. Біз бұрын бетпе-бет кездесе алмадық. «Басы ауырмаған Құдайды ауызға алмайды» дейді ғой. Қолыңа жеңілдік берсін. Мен дайынмын. 

- Таңғы сегізде бастаймыз. Рұқсат болса...

Сол күні үйге ертерек кеп өзінің отаға киетін ақ желеңін жуды. Балконға жайып кептіріп, қыртыс қалдырмай үстінен үтік жүргізді. 

Көк кептер бәрін де көріп, құс  көңілімен куә боп отыр. Бала күнінде ашқұрсақ өссе де, көңілі тоқ осы бір адамның жан-дүниесіне жақсылық тілеп, балкон жақтауында ұзақты күнге шоқиып отыр. «Жан қиналысына куә боп көзіне түсе бермейін, жалғыз қалып, өзімен-өзі болсын» деп көкке көтеріліп, көк аспанға сүңгіп кетті. Қанат қағып қалықтап бара жатып та осы бір шақша басы төмен салбыраған момақан адамға сәттілік тілеп бара жатты. 

***

Ота ойдағыдай өтті. Бас оташы Мұқаш үш жарым сағат аяғынан тік тұрып, Адам жанын алып қалу үшін пышақ ұшына үйірілген қол шеберлігін аямады, бітеліп қалған жүрек тамырларын тазартып, жіңішке жіппен тігіп болғанша басын бір көтермеді. Адамды қайта қатарға қосу үшін осынша уақыт тік тұрып, пышақ пен пинцентті саусақ ұшынан өткізді. Ассистенттері де бұны қабағынан танып, нұсқауын көзбен ұғып, өмір мен өлімнің аражігі осылай жалғанды. Бұл бұрын талай көрген құқайы, жансызданып қалған жүрек тамырларына жан бітіру ежелден бар ем болғанымен «мен бір елдің білдей Бірінші басшысының жүрек лүпілін қалпына келтіріп жатырмын» деген сөз миында сағат тіліндей тық-тық етіп тұрды да қойды. Ота үстінде аурудың бәрі бірдей, ол – етікші ме, есепші ме, патша ма, қылмыскер ме, жан біреу-ақ, сен оны емдеуің керек. Бірақ, дәрігер де пенде, осы жолы барынша сақтану керек, мүлт кетпеу керек деген бір жалтақ сезім пайда болды. «Аурудың өзі де сол аюдай ақырған үлкен жердің пышағына түскісі келмей қойшының баласы болсам да маған сеніп кеп отыр ғой» деген тұйық ой миында қаққан қазықтай тұрып алды. Ал, үлкен жер болса  кіші жерге кірпияз көзбен қарайды. Оны төменгі билікте жүрген біз білгенде, бұл кісі бізден үш есе артық біледі. Өзі де ұлы Әуезовті есіне алды. «Сол әншейін сылып тастай салатын тоқішектегі тырнақтай ғана тыртық қой. Кремльдің пышағы қалай мүлт кетті екен? Алдында ғана сол ұлы адам Монғолияға барып келіп, сондағы қазақтарды көшіріп әкелу мәселесін қозғап сөз сөйлеп, мақала жазған екен. Мәскеу өзіне жақпағандарды «батыр бір оқтық» қылады, әйтпесе пышақ үстінде жанын жаһаннамға жөнелтіп жібереді. Қаныш та Кремльдің пышағынан қайтпай қалды. Шәкен-актер де Отанымыздың жүрегіндегі көше қиылысында кенет қақтығысқа түсіпті. Үлкен Мәскеудің қонақ үйі мен көшесі де қызықтап барған ірілерге қауіпті, көзге түскенді қабаған иттей арс етіп қауып ап, асып бара жатқанды жоқ қып жіберер бір құдірет боп тұр ғой сол жер. Сонда да таңғы 6-дан кешкі 9-ға дейін сол Үлкен үйдегі құдірет – Лениннің бір тұтам сүйегін көруге адамзат баласы құмар-ақ». Мұқаш отадан кейін қолын спиртпен шайып, үстіне киген желеңін төрт бүктеп сөмкесіне салып ап үйіне келді. Қан дағы жұққан жерлерін жуып тастап, «әлі бұл желеңді үш рет киюге болады» деп көңілін тоқ санап, мың батпан жүкті иығынан түсіріп тастап, еркін жүрді. «Күн бата оянады, сонда барармын» деп балконда отырып жұмыр шақшасының аузын бұрап ашып, бір атым насыбай атты. Жаны рахаттанып қалды. Сол сәт өзін күтіп жүрген көк көгершін қалықтап кеп ұясына қонды. Мыс табақшадағы дәнді тауыспапты. «Осы көгершінім өзім секілді қанағатшыл. Қанағатпен қарнын тойдырып жүреді». Насыбай уытына елтіп отырып, құстың түймедей көзіне қарады. «Ауырлықтың бәрі артта қалды, енді екеуміз де бой жазып, демаламыз» деп құстың да тілеуін тіледі. «Ой, түріңнен сенің!» деп көгершін құсты адамнан бетер айналды. Шалқалап отырып ап шегеде салбырап тұрған дәсбінің тасын саусағымен ытқытты. Құс қарап отыр, Адам санап отыр. 

***

Ауруға түнде бармай таңертең бір-ақ барды. Күн бата сырқаттың көңілін сұрамайды, ол көзін ашып, өзін көрген соң бір нәрсе дегісі келеді. Сөз де күшке түседі, жанын босқа қинап, жағымпаздық жасамайын деп таңды күтті. «Кезекші дәрігер де, медбике де қасында ғой» деп өзін-өзі ұстады.

Таңертең келгенде науқас көзін ашып, ояу жатыр екен. Өзін көріп қуанып кетті. Қасына отырғанда бұның  алақанына  қолын қойып: 

- Бәрі де артта қалды, - деді сабырмен сөйлеп. – Өмірде жақсылық та, жамандық та артта қалады. Осындай жақсы күндеріміз көп болсын, - деді баяу үнмен. 

Дәрігер үнсіз тыңдай берді. Тек қасынан кетерде ғана: 

- Ертең тұрып, жәй басып жүруіңізге болады, - деді.

- Тәй-тәй басып жүрейін, - деді науқас күлімсіреп. – Адам өмірге еңбектеп келіп, еңбектеп кетеді дейді ғой. Біз де енді еңбектейміз.

- Ота ойдағыдай өтті. Организмдегі барлық көрсеткіштер қалыпты жағдайда. Қан қысымы да, жүрек лүпілі де қалыпты жағдайда, - деді кетерінде. 

- Жүректің лүпіліне не жетсін. Сол лүпіл үшін ғой өмір сүріп жүргеніміз. Демек, ақырына дейін күресеміз, - деді күлімсірей қарап.

Дәрігер «Үлкен басын кішірейтіп, менімен тең сөйлесіп тұр» деп таңырқаса, науқас «Ауруханада өз тіліңде сөйлескен қандай ғанибет. Мәскеуде жатсам қалай болар еді, тұсаулы аттай шойқаңдап, әр сөзді сақтанып айтып отырар едім.  Е-е-е, шіркін-ай,  еркін өмір сүретін күнге  біз де  жетерміз» деп ішіне бір ой түйді. Бұрын осы жігітті үлкен жиналыстарда алыстан көргені болмаса, жақын жүздесіп, тіл қатыспапты. Міне, кесел-ғайып екеуін кездестіріп отыр. Кесел кісі таңдамайды деген осы. 

- Маған алаңдама. Тірлігіңнен қалма, - деді есіктен шығарда. 

«Қабақ шытпайды екен. Қабақ шытпай өмір сүру қандай ғанибет. Ауруды да осындай адамдар жеңеді. «Әзілі жоқтың белінде қанжары жүреді» деген, сірә, осы». 

Мұқаш бөлмесіне кірер-кірместен  төте телефоны безілдеп қоя берді. Денсаулық сақтау министрінің  өзі.

- Сізді тыңдап тұрмын.

- Бірінші қашан шығады? – деп шап ете қалды ә дегеннен.

- Ота жасалғанына бір-ақ күн болды емес пе....

- Мәскеу сұрап жатыр. Тезірек шығарыңдар, дейді.

- Ота ойдағыдай өтті, науқас қалыпты жағдайда. 

- Сонда да Төртінші басқарма асықтырып жатыр. 

Мұқаш жылтыр шекесін сипап отырып қалды. «Ауруды да асықтыра ма екен? Тіпті, сотқа да ауруы себеп анықтамамен келмей қалуға болады ғой. Осы Мәскеуің де едірендеген бұзық балдар сияқты, Кремлің де қырына бір алса сындырмай қоймайтын саясат ұстаған мекеме болды». Бұның бәрін ішінен айтты, тісінен шығарса отыз екі тісін бір күнде қағып тастайтынын біледі. Осында бас оташы болғалы да қызметін ойлап қобалжудан жүрегі жарылып  өлген талайды көрді. Солардың көбі атына қамшы басып жүріп, күндердің күнінде үзеңгіден аяғы тайып кеткендер. Адам тақ үшін де жүрегін ауырта ма екен? Қой, әркім анадан әртүрлі боп туады. Жұрттың бәрі Адам сойып, күнін көріп жүрген Мұқаш емес қой». Осы күні үйіне ерте қайтты. Кетерінде Біріншіге соғып еді, жүзі жайдары, бас жағындағы тумбочка үстінде бір стақан қызанақ сөлі тұр. Әдеттегідей қуақы сөз, жеңіл әзілмен қарсы алды. 

- Жағдайым жақсы, қызыл іше бастадым, - деп қырлы стаканға қарады. – Жеңгең қасымда. – Бас жағында отырған бес биенің сабасындай бәденді әйел де күлімсіреп, басын изеді. – Мұқаш, маған алаңдамай жұмысыңды істей бер. Сенің қолың жеңіл дегенді естіп едім, жолың да жеңіл болсын, - деп батагөй қарттай сабырмен сөйледі. – Жеңгең қасымда қалуға болады ғой. 

- Болады, болғанда қандай, - деп балаша елпілдеп жауап берді. 

- Онда жағдайым жаман болмас. Жұмысыңа бара бер. Маған алаңдама. 

Дәрігер есіктен шыққанда Бірінші жон арқасынан көз алмай қарап қалды. Бесарық деген жылымдап аққан өзені бар түкпірдегі ауылдан алыс Алматыға аттанарда әкесі «Жолың болсын!» деп еді, сол сөз құлағына қайта естілгендей болды. Сол сөз мінез-құлқы ауыр, қатарлары «доғал» деп атаған дәрігердің құлағында күмбір қағып, жеңіл басып үйіне жетті. Келді де, балконға жайғасып, қара шегеге ілулі дәсбісін қолына алып, саусағымен шыр айналдыра бастады. Насыбай шақшасын шығармады, адал мен арамды қатар ұстағысы келмей бас бармағына дәсбі тастарын жалата берді. 

Көк кептер қалықтап ұшып кеп қасына қонды. Қожайынның көңіл-күйіне қарап, оның да тәбеті ашыла түсті. Мыс табақшадағы бидай дәнін тық-тық еткізіп, тұмсық ұшымен шұқи бастады.

***

Бас-аяғы бір аптада Бірінші аяғынан тұрып, ауруханадан шықты. Кетерінде Мұқаш өзі шығарып салды, ол  сұңғақ бойы теректей боп сорайып тұрғанда қасындағы Мұқаш мектеп оқушысындай боп көрінді. Күлімсіреп қолын берді, ауруды артта қалдырған адамның көңіл-күйіне куә болу бір ғанибет. 

Денсаулық сақтау министрі бір күн бұрын телефон соққан еді.

- Есік алдында медбике қыздар Біріншінің жұбайына гүл тапсырсын, - деді нығыздап.

- Оу, гүлді айығып шыққандар тапсыру керек емес пе? – деп Мұқаш та қитығып қалды.

- Сен де бір сөйлей береді екенсің. Соны мен ойлап тапты дейсің бе? Қалай түсінбейсің? Тапсыр деген соң тапсыр. Қып-қызыл раушан гүлі болсын! – деді ашуға булығып.

Министрдің сөзі заң, дегені болды. Осы министрден-ақ бәлеге қалды. «Бір аптадан асырмай тез шығар! «Кесел тарихын» Мәскеуге, Төртінші басқармаға шұғыл дайында!» деп зірк-зірк етіп нұсқау берді. «Оу, отаны біз жасап, өлімге біз араша түстік, олар неге орта жолдан киліге береді» дегенді, әрине, айта алған жоқ. Бірақ, іші алай-дүлей боп  жан дүниесін ыза буып отырып, бүкіл «кесел тарихын», ота жасау процесін құпия пакетке салып, Мәскеуге жөнелтті. «Осылар мені «халық жауы» қылғысы кеп жүрген жоқ па? – деп ішінен күліп қойды. 37-жыл болса, кім біледі, қармақ ұшында кетіп қалар ма едім» деп бір сәт сынап  саясатқа мойынсұнып, сосын өзінің дәрігерлік тіршілігіне кірісіп, кезекті отаның жоспарын түзе бастады. 

Демалыс алып, бір ай санаторийге барғысы да келді. Министрден сұранып еді, рұқсат бермеді. «Ешқайда бармайсың, заман қайта құрылып жатқанда...» деп бүкіл дүниені бір өзіне әкеп тіреп қойды. Осы жолы министрмен бетпе-бет тілдесіп еді, ол аса жауапты отаның ойдағыдай өткеніне алғыс айтудың орнына тұлданып, бір нәрсені бүлдіріп қойған баладай бұған тістене қарады. 

- Ешқайда бармайсың. Сен түгілі мен де бармаймын, - деп соғысқа кіретін адамдай алабұртып тұрды. Бұл болса үн-түнсіз басы салбырап, есіктен шығып жүре берді. Болмысында екі иығы төмен түсіп, басы  салбырап жүреді. Студент кезінде пойызға шығарда әкесі:

- Неге жерге қарап жүресің? – деді жолдан шақырып ап.

- Өзіңіз ғой, солай қып жаратқан, - деді қайсар қиқарлығына салып

- Менен кінә жоқ, бар кінә нағашыңнан, - деген насыбай шақшасын домалатып тастап.

Осы көріністер де есіне түсіп, әкесінің даусы құлағына естіліп келеді.

Кешқұрым болса да үйіне бармай жұмысына бұрылды. Әдетте, директор – бас оташы кезекшілікке қалмайды. «Бүгінгі кезекшілікті мен атқарайын» деп, ойда  жоқта есіктен кіріп кеп түнгі кезекшілердің қатарына қосылды. Бір күш – аурухананың спирт аңқыған иісі өзіне тартып тұрды. Медбикелер әрі таң қалып, әрі сескенді. Әрбір жатар жайға кіріп, аурулардың хал-күйін сұрады. Олар бас оташы қастарына келгенде мәз боп аурудан әпсәтте айығып кеткендей күй кешті. Сөйтіп, жұмыс бөлмесіне кеп таңды атырды. Арасында ерніне насыбай салды, уытын ішке сорып, қалдығын қағазға орап, қалтасына тықты. «Қоқыс салғышқа тастау да қауіпті. Білдіртпей аңдыған 37 болды ғой» деп миығы тартса да, көңілі құлазып отыр. Осы күнге жеткен де бар, жетпеген де бар...». Дәлізде жүгіре басқан медбике қыздардың тәпішке дыбысы да көңілін елеңдетіп жіберді. «Шүкір, шүкір,  31-жылғыдай аштық болмасын,  41- жылғыдай  соғыс болмасын, Ташкентдегідей зілзала болмасын...» 

Көк кептер отағасының кешіккеніне кәдімгідей көңілі тосырқап, жол тосып жүр. Ол дәсбісін ширатып болып, насыбайын керіле атып, тапал орындықта отырар тығыршықтай тапал кісі қайда жүр екен деп қанатын қомдап, жол жаққа әлденеше барып қайтты. Балкон ернеуіне қонақтап, қос ноқат көзі жол жақты тесіп жіберердей шұқшиып, қайта-қайта қарай берді. 

Мұқаштың жұбайы жайбарақат жүр. Күн бата келе алмайтынын айтып, хабар берген. Қос қанат  болса,  хабар-ошарсыз елеңдеулі, оған хабар беретін ешкім жоқ. Ол саналылардың арасына түскен бір сәуле сияқты.

***

Арада ай өтпей-ақ Бірінші қызметке шықты. Мәскеу де мазасын алды. Шақырып алып, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі таудай тұлғаға сәл қылилау көзін қадап, шапыраштана сөйледі.

- Сіз, немене, Кремльге сенбей, отаны Қазақстанда  жасаттыңыз ба? Ондай сенімсіздік кайдан пайда болып жүр? Бұрын мұндайыңыз жоқ еді, кейінгі кездері өзіңіз... – деді тиісе сөйлеп. Адамзат, ең әуелі, кеселге ұшыраған пенденің саулығын сұраса керек еді. Ескі гвардияның өкілісің-ау деп, ең болмаса, жасын да силайтын түрі жоқ. Кремльдегі кейіннен келгендерде сыйластық деген қағида қалып бара жатқан сияқты, бәрі де қолына қанжар ұстаған қатыгез.

- Жол жүруге жарамадым. Ота өте шұғыл болды. Оның үстіне ол жақта да кәсіби мамандар бар.

- Өзіңіз дайындаған мамандар ғой.  Сіз Кремльдің адамы емессіз бе? Бір күдігіңіз бар ғой, - деп кеше келген жас хатшы кәрі тарланға тарпабассалды.

- Ешқандай да күдігім  жоқ.

- Бойыңыздағы күдіктің бәрін сейілтіп, сергіңіз. – Жаңа басшы азу тісін ақситып екі шайнап, бір жұтуға дайын отыр...

Арада ай өткенде Бірінші Кардиология институтының директорын өзіне шақырды. Тап-тұйнақтай боп ақ көйлек, қара кәстөм киді, жұбайы «қызыл галстук байла» деп еді, тыжырынып, басын алып қаша берді.

- Қызыл құмарлығым жоқ екенін білесің. Мен тойға бара жатқан жоқпын ғой, мүмкін, жон терімді сыпыруға шақырған шығар, - деп еді, жұбайы, әдеттегідей, әйелдік әуестікке салды.

- Өзі шақырып отыр ғой...

Сөйтіп, көк галстук тақты. «Біздің көк кептер түстес екен» деп ішінен күбір етті. Жұбайы жұпар иіс әтірді ала жүгіріп еді, бойына дарытпай бұрылып кетті. «Мен тойға бара жатқан жоқпын, мәселемді қарауға шақырып жатыр» деп жұбайының қолын қақты.

Бәрі уақтылы болды. Қызыл кілемді басып, Біріншіге жеткенше оның пышаққа түсер алдындағы көңіл-күйін ойлап, келбетін көз алдына әкелді. Маңғаз, жаны қиналса да ауырсынып, айналасына зіл батпан  салмақ салып тұрған жан емес. Басын көтеріп еді, қарсы алдында күлімсіреп сол бейне отыр.

- Отыр, - деді қарсыдағы кішкентай үстелді нұсқап. – Сенің қолыңның жеңілдігі Мәскеуге де жетіпті. Сен неге академик болмай жүрсің? – деді тура қарап. Құлан-таза айығып шыққандығы жайдары өңінен көрініп тұр, пышаққа түскеннен кейінгі сызданудың  сарқынды  сызы сезілмейді.

Мұқаш үндемеді. «Бар қазақтың жүрегіне бір академик жетеді ғой» дегісі келді де, бұл сөзді ішіндегі алтын сандығына сақтап қойды.

- Сен өз ісіңнің шеберісің. Барлық баспалдақтан өттің. Медицинаның жүгенін енді саған ұстатсақ деп отырмыз. Дайынсың ба? – деді тесіле қарап.

- Дәл қазір дайын емеспін, - деді қанында бар ынжықтықты қайырып тастап, тілге келген тура сөзді тоқтата алмай. 

- Әрине, министр болам деп ойлап келген жоқсың. Біз саған сенім артып отырмыз. Бюроның атынан. Бізге көмектесуің керек. – Біріншінің жайдары өңі суып бара жатқандай көрінді. Ол талап етіп отыр, Коммунистік партия атынан сөйлеп отыр.

- Отадан қолым шығып кетеді ғой, - деді күбірлеп.

- Ота жасау өз еркіңде. Кардиология институтының директорлығын қоса атқарасың. 

Бұдан әрі тайталасуға болмайтын тәрізді. «Сенім, партия атынан...» «Қандай жылы әрі суық сөз».

- Мәскеу саған қарсы бола қоймас, пышақ ұстағандар сені түгел мойындайды екен. Мәскеуге барып қайт, келгесін бюрода бекітеміз - деді де, қолын ұсынды. Сосын орнынан тұрып: 

- Мұқаш, - деді. Бұл басын тік көтеріп алғанда көздері шарпысып қалды. – Сен басынды салбыратпай тік көтеріп жүр, министр болғандар сенен артық емес, - деп күлімсіреді.

«Жаралы жүректерге иіліп тұрам деп салбырап қалды ғой» дегісі келді де, тілінің шідерін шеше алмады. Әзілі ішінде кетті, артқа бұрылмады. Сол күйі жұмысына соқпай үйіне келді. «Жұмысқа түс ауа барармын» деп, үстіне ілген су жаңа кәстөмі мен көйлегін тезірек ақ желеңге ауыстырсам деп дызақтады.  Өзі қуанса да, күйінсе де жалғыз отырып жан шақырар балкондағы тапал орындыққа жеткенше асықты. Көк кептер белтемірде шоқиып, жүрер жолға қарап мүлгіп отыр екен. Өзін көргенде қанатын қағып-қағып жіберді. Мыс табақша жылан жалағандай тап-таза. Мұқаш әуелі ас бөлмеге кіріп, елден келген қазақы салы – ақ күріштің бір уысын алақанына салып әкеп мыс табақшаға шашып жіберді. Көгершін ақ көңілмен шашылған дәнді шұқып жей бастады. Лезде бөтекесі томпиып,  енді су іздеді. Ерінбей барып, тостағанға су құйып әкелді. Көңіл қуанышын ең  бірінші боп көк кептер  бөлісті. Сонан кейін ғана жамбасына қол жүгіртіп,  насыбай шақшасын шығарды. Адамның ләззатына ортақ болмайын деп құс басын кері бұрды. 

***

Көк кептердің қуанышы ұзаққа созылмады. Қожайынның қабағы түйілсе, оның  жаны қоса шырқырайды. Үй иесінің көңіліне сәл кірбің түссе, құс боп мыс табақшаға тұмсық тигізуден қалады, жем жеп, бөтекесін бұлтитқысы келмейді. Ел-жұртта өзі түсіне қоймас  бір «дүрбелең болып жатыр, құс атаулы топталып ұшып ағаш басына қонақтады, гүлзарлар мен саябақтарда бұларға  дән шашып, нан қиқымын тастайтын да ешкім қалмады. Адамдар өз  тіршілігін түзеу үшін өре түрегелген сияқты, жерден жем теріп жеу қиынға айналды, бәрі де ағаш қатпарындағы құрт-құмырсқаны аңдитын болды.

Биыл қыс ерте түсті, желтоқсан жылдағыдай емес ызғарлы. Бірақ, осы жердің иелері – бидай өңді, қара шашты адамдар өздерін асқақ ұстап, ешкімге емес, тек өздеріне ғана сенген көңілмен серпіліп, асқақ жүр. Ал осы жерді мекендеп, кірме болса да солармен қоян-қолтық араласып кеткен көк көз, сары шаштылар әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Тіпті, олар құстарға дейін күмәнмен қарап, «біз бәрінен күштіміз, бізден асатын ешкім жоқ» дегендей аяқтарын алшаң басатын секілді. Қара қарға ұзақ жасайды, екі жүз жыл ғұмырында олардың көрмегені жоқ, олар қарқылдап тұрып бәрін де бетке басады. Қарқылдағаны – біреуге қарап күлгені, табаға шыжғырып табалағаны. «Бұрынғы қол ұстасып, судай тасып жүрген кездерің қайда кетті, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» «ұлы достық лабораториясы» атанған ел емес пе едіңдер, кезінде осы қысық көз қаралар азып-тозып, босқын боп келген сендерді паналатып, қарындарыңды тойдырып, жыртық көрпесін бөліп жамылып едіңдер ғой» дегені. Ал, кезінде Сталин «сенімсіз ұлттар» деп атау беріп, құлақтары қалқиып, мұрындары қоңқайған Кавказ асып келгендер мен шығыстан келген тәмпіш танау, қысық көз ұлттың өкілдері қазаққа жандары ашып, көрген жақсылығын ауыз жаппай айтып  жүр.

Алматыда ағаш көп, биік үй онан да көп. Көк кептер Орталық Алаңдағы зәулім үйдің төбесіне кеп қонақтады. Ашынған жастар, алға итінген қыз-жігіт, оларға арпылдаған ит жіберіп, өз көкіректерін қалқанмен қалқалаған шен таққандар көк кептердің көзіне жандары тәтті адамдар боп көрінді. Терең бағамдауға Адам санасындай сергек сана жоқ, тек сол қара тобыр мен шенділер арасындағы қанды қырғынға биіктен қарап, тарам-тарам шипырға үшкір тұмсығын тық-тық тигізіп отырды. Кейін білді, қожайыны емдеген Біріншінің орнына халықпен санаспай алыстан бір орыс ұлтының өкілін әкеліп, тағайындай салыпты. «Адам түгілі мен де қожайын отырар балконға басқа біреу бас сұқса тіксініп қалам, ол жер менің ыстық ұям емес пе? Ыстық ұяңды  айдың күні аманда кімге  көзің қиып бере салмақсың?  Жастар осыған наразы, Мәскеудің саясатына  сыртқа тепкен ашу- ызасы  мен көрсеткен қырлары  екен. Алаң қызылала қан, жарылған бас, жұлынған шаш, шенділер екі күнде қарапайым халықты қырып салды. Осы күндері оташы Мұқаш та Біріншінің Кремльдің пышағынан неге сонша қашқақтағанын білгендей болды.  «Ауруханадан тезірек шығар деп Мәскеудің дызықтағаны да осы екен ғой. Екі ортада сол  кездегі министр жау қуғандай жер тарпып жүрді...»

Министр болғалы  қолы пышаққа жүрмей қойды. Аптасына бір ота жасайды, бірақ шақша басында қаншама мәселе мен цифр тізбектеліп тұрады да қояды. Бұрын тек өзі араша түсер аурудың «кесел тарихын» ежіктеп, ем дарытуды ойлап тұратын, енді бүкіл республика ауруларының хал-ахуалы жіпке тізіліп, жанына маза бермей, өзімен бірге ілеседі де жүреді. «Мен істейтін жұмыс емес екен. Мойнымнан галстук түспейді, байлап қойған қарғыбау секілді». Орталық Комитет, облыстық, қалалық партия комитеттері шақырса құрдай жорғалап жетіп барады. Партия дегенің пышақтан да өткір екен. Бұның кәсібі – өткір пышақпен жанды жерді сойып, тігісін жатқызып, жараны тігу еді, енді қарашы, бір жазылмас жан жарасы сыздай бастағанын. 

Ұзамай «үш әріп» атанған қауіпсіздік комитеті шақырды.

- Сіз неге сол кезде Кремль өкіліне ота жасадыңыз? – деді әй-шәй жоқ сұрақтың астына алып.

- Мен ауру таңдамаймын. Жүрек мен үшін біреу-ақ. Ақаулы жүректі емдеу – парызым. 

- Өзі келісім берді ме, әлде «мен жасаймын» деп өзіңіз емеурін таныттыңыз ба?

- Өзі келісім берді.

- Оның жүрегі енді қанша мерзімге шыдайды?

- Оны білмеймін.

- Сіз білмей, кім біледі?

- Құдай біледі.

- Сіз атеист емессіз бе? Боссыз, бара беріңіз... 

Бір жетіден кейін Орталық Комитеттің Бюросына шақырды. «Жұмыста жіберген елеулі кемшіліктері және іске деген қабілетсіздігі үшін» деген желеумен министр лауазымынан және Кардиология институтының директоры міндетінен босатылды. Бір бюро мүшесі партия қатарынан да аластау керек деп ұсыныс енгізіп еді, ешкім қостамады. Бюродан шыққан бетте үйге жаяу тартты. Көлікке отырмай кең адымдап бір рахат күй кешті. Жолай Шоқанның, Мұхтар Әуезов пен Мұқан Төлебаевтың бюст-ескерткішінің қасындағы орындыққа жайғасып, дем басты. Көкірегінен лекілдеп бір самал есті, «дер кезінде құтылдым, дер кезінде құтылдым, әйтеуір жұрт сияқты «суын ішкен құдығыма түкірген» жоқпын, сол аспаннан түскендей боп жүргендер  күнбағыс секілді бұрылып келе жатыр бүгінде. Кеше ғана Бірінші түшкірсе «жәрекімалла» деп отырғандар мынау түшкірсе беторамалдарымен сүртіп алуға дайын отыр. Дер кезінде құтылдым. Енді отамды жасап, күнімді көріп жүремін» деп ішінен сөйлеп, үйіне келді. Белінің сыздағанын суырып әкетер тапал орындығына жайғасты. Құс шіркін сезімтал, мыс табақшадағы нан қиқымына тұмсық тигізбепті, балконның белтемірінде қожайыннан көзін  алмай шоқиып отыр. Нан жарықтық осы зиялылар тұратын үйдің ауласында шашылып жатады. Тамақ пен нанның қалдығын обал-сауапты білмейтін бала-шаға  сыртқа лақтыра салады. «Қой дейтін қожа жоқ». Екі аттаса зәңкиіп қалдық салатын арнайы жәшік тұр. Таңертең бұл үйдің ауласы домаланған бөтелке, ход-дог пен боргердің қалбырынан көрінбей жатады, аула сыпырушы сөйлеп жүріп соның бәрін сыпырғышына іліктіріп әкетеді. Әр есікке «Аулаға артық зат тастамаңыздар!» деп ескерту де ілді. Ол да жұлым-жұлым боп жалбырап тұр. 

Қожайын «шаруа наны» деген қара нан жейді, екі күнде бір бөлке қара нанды қолы қалт еткенде жолай ала келеді. «Дүкенде жүргенің ұят емес пе?» деген жұбайына: «Сонда нан жеуге ұялмаймын да, әкелуге ұяламын ба?» деп бетін қайтарып тастады. «Ерік өзіңде» деп еркектің тірлігіне килікпейтін  әдетіне салды. Нанның қиқымы – құстың несібесі. Бірақ, осы құсты несібесімен қарық қылған адамның көңілінде бір кірбің бар, еңсесі түсіп, еңкейіңкіреп отыр. Құсқа жалт етіп бір қарады да, ас бөлмеге кіріп, бір уыс ақ күріш әкеліп, мыс табақшаға сау еткізіп ақтара салды. Бұл – көңілім ақ, саған деген пейілім таза, менің қабағыма қарама дегені еді. Көк кептер дәнді бір-екі шұқыды да қойды, тәбеті тартпады. Қожайынның дәл осылай екі бүктетіліп, еңсесі түскенін көрмеп еді, қашан көрсең де тапал бойын тік ұстап жүретін. «Әлде жалғыз ұлы бірдеңеге ұрынып қалды ма екен? Кешегі желтоқсанда қазақ баласын қырып салыпты дейді, баласы аман ба екен? Көтеріліске кілең ауылдан келген қыз-жігіттер қатысыпты дейді. Қала баласы алыстан қандастарына күле қарап тұрыпты, сойыл тигендер тек қазақша сөйлеп, қазақша  ойлайтындар, дейді. Биік тақты бағындырғандар балдарын бұндай қақтығысқа  жібере  қоймас. Тілдері де түсініксіз, бала-шағасымен шүлдірлеп әрең сөйлеседі. Менің  қожайыным ондай  емес, үй ішіндегілермен  тек  өз тілінде тілдеседі. Менің қожайынымнан басқа балконына құс қонақтатқан кім бар екен осы үйде?» 

Ол тапал үстелде отырып құсқа көз алмай қарады. «Сенің кінәң жоқ, қашан да менің көңілімді аулап жүресің. Тамағыңды же, мынау ауылдың ақ күріші. Адамзат деген өзі осындай құбылыс, бірде бие, бірде түйе. Жыл құстары сияқты жұптарын жазбай ұша алмайды, адамзат құс сияқты тату болса,  дүние гүлдей жайнап кетер ме еді. Соғыс та, қақтығыс та болмас па еді. Біз бұйрыққа бағынып үйренгендерміз. Мені біреудің жүрегін емдеп, жер бастырғаным үшін кінәлап жүр». Ол орнынан ұшып тұрды да, ішке кіріп, бір сапар кесе толы құбырдың  мұздай суын  әкеліп, қасына қойды. «Уһ!» деп бір күрсінді де, тамағы бүлкілдеп, жартылай сімірді. Жаны рахаттанып, жаңа туғандай күй кешті. Сығыр жанары бір сәт кептердің ноқат жанарымен арбасып қалды. «Осы менің су ішерлігім бар-ау деймін,  Мына өмірдің берген дәмін татып келе жатырмыз. Әйтеуір аузымды былғап жаман сөз айтып, қолымды былғап біреудің қорасына түскен жоқпын...» деді құсқа қарап іштей тіл қатып. Көк кептер қанатын қағып-сілкіп, бұлталақтап біраз  тұрды. Үй иесі қалған жарты кесе қара суды бір жұдырығын түйіп ап, тамағы бүлкілдеп тағы да сімірді. Көк кептер бүлкілдеген тамақ пен түйілген жұдырықты көргісі келмей көк аспанға қарай қалықтай жөнелді. 

Ұзамай қабырғасында 103 деген жазуы бар жедел жәрдемнің жер жарған ащы даусы естілді. Дәл өзі қонақтайтын пәтердің алдына кеп тоқтады. Моторы өшсе де, ащы дауыс әлі айқайлап тұр. Таңертең ерте, ел оянған шақта, құс атаулының қосылып шырқайтын шықылық әуезіне құлағы үйренген көк кептер томпақ мәшиненің ащы айқайын естіп, тұрағына қайта келді. Үш ақ желеңді төртінші қабатқа жүгіре шықты да, бұлардың пәтеріне бұрылды. Құс ашық балкондағы  белтемірге қонжиғанда тапал орындықта басын бір жағына қисайтып отырған қожайынын көрді. Қасындағы үңірейіп бос қалған сапар кесені жұбайы еңкейіп алып кетті. Құс тағат таба алмай көз көргеннің дәл алдына барып, сәл аялдап отырды да, ақ желеңділер кіріп келгесін жылыстап, жақтауға барып шоқиды. Қан қысымын өлшеп, көкірегіне тарам-тарам жіңішке сым самсатып, жүрек лүпілін санады. 

- Мына бір кептер неғып  жүр? – деп ақ желеңдінің біреуі өзіне қарап сөйлеп қалды.

Бірақ, оны тыңдаған ешкім жоқ, бәрі жанталасып, тірліктерімен әуре. Ең соңында, екі жігіт қожайынды зембілге салып, сыртқа алып шықты. 

- Қай жерге апарасыздар? – деді жұбайы жанұшырып.

- Кардиологияға... – деді үшіншісі.

Жұбайы үйде калды, құс томпақ мәшиненің соңынан еріп ұшты да отырды. Ауруды өзі жұмыс істейтін ауруханаға әкелді. Тез электрокардиограммаға  түсіріп, жүрек талмасы деген диагноз қойылды. Енді тезірек ота жасамаса жан иесі өмірмен қоштасып кетуі кәдік. 

Академик бұ жолы да ота жасаудан бас тартты, «қолым пышақтан шығып кетті» деп желеу айтты. Ғылым докторы – талай жыл өзінің орынбасары болған ізбасары да қашқақтай берді, «мойныма ала алмаймын»  деп сырдаң жауап қайырды. Кеше ғана тақта отырған адамды бүгін бәрі кісі құрлы көрмей кердеңдеп жүр. Ақ желең жамыларда берген дәрігерлік ант та жолда қалды. «Кезекші дәрігерлер жасайды ғой» деп бәрі де сырдаң қағып сытыла берді. Осында келгеніне көп болмаған өндірдей жігіт – Мұқаш пышақ ұстауды үйреткен ғылым кандидаты «Мен жасаймын!» деп жұлқынып шықты. Осыны естігенде тілден қалған Мұқаш басын изеді. «Алла сәтін салсын!» деп сол қолы дірілдеп,  алдындағы ақ параққа жазып берді, оң қолы кешеден бері жансызданып қалған.

Күн бата Кардиология институтының алдына қара «Волга»  тоқтап, ішінен қара кәстөм киіп, қара көзілдірік таққан екеу жерге түсті. Ешкіммен жүздеспей директордың уақытша міндетін атқарушы ғылым докторына тура тартты. Ауру Мұқаш Тұяқұлы Құтқожаевтың «кесел тарихымен» танысты. Қатаң бақылауға алып, кім келіп, кім кеткенін тізімдеп отыруды тапсырды. Медбикелер Мұқашты Бірінші жатқан жатын орынға ауыстырды, ол ызыңдаған дыбысты ирелеңдеп жазып алатын жыландай суық бөлме еді.

Көк кептер ұясына қонбағалы да екі күн болды. Мыс табақшадағы дәннен дәм татуға тәбеті жоқ. Аурухана алдындағы сәмбі талдың төбесінде қожайынымның қарасын көріп қалам ба деп бүрісіп отырады да қояды. Есіктен кім кіріп, кім шықты – бәрін де көзімен өткереді, тек бір-ақ адамды көре алмады. Ол – тапал бойлы, тығыршықтай, басы төмен салбырап, күрек тісі ақсия күлетін көзкөрген бейне. «Сол қашан шығар екен?» деп жаны дызақтайды. Шықпай қалмайды деген ойы жоқ. Есіктен кірген Адам есіктен қайта шықпай ма? 

Көк кептер қанатын көтеріп, бір сілкініп қалды да, қайта тыншыды. Үміт үзгісі келмейді. Басы төмен салбыраған осы бір адамды сұмдық жақсы көреді, екі күнде сағынып та қалды. «Ол кең дүниеге керек қой, жүрегі ауырған адамдарға көмек қолын созушы еді. Ол енді неге кешігіп жатыр?» Бейтаныс бейнелер дамылсыз кіріп-шығуда. Есік ашылып-жабылған сайын кептер өз адамын көре алмай үшкір тұмсығымен кәрі ағаштың діңін бір шұқып қояды. Қайда жатқанын білсем, қара шегеде салбырап тұрған дәсбісін тұмсығыма іліп ап терезе ашылғанда  тастап  кетер  едім. Саусағы да дәсбісін сағынған шығар. Көк кептер қожайынын көрсе аш-тоқтығына қарамай соңынан қалықтай жөнелуге  қамданып отыр. Есік тағы бір ашылса екен деп, құс тілеуі ішіне сыймай     қос қанатын  ағаш  бұтағына тырнатып, қағып-қағып жіберді.   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар