Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Түменбай. Саябақтағы классикалық әуен...

08.08.2021 4123

Қуандық Түменбай. Саябақтағы классикалық әуен 12+

Қуандық Түменбай. Саябақтағы классикалық әуен - adebiportal.kz

Зейнеткер Сұрағанның күндегі дағдысы осы. Көп қабатты үйдің үшінші қабатынан шығып, таяқ тастам жердегі саябаққа келеді. Таңғы шәйін ішіп болысымен қос қолын айқастырып артына ұстап, шырша мен аққайың өскен алаңқайға қарай аяңдайды. Бұрын кемпірін ертіп, «екі жарты, бір бүтін» боп қолтықтасып жүретін. Қазір жалғыз өзі, кемпірін Кеңсайға қоныстандырғалы да үшінші жыл. Бір ұл, бір қыз өз бетімен кетті, сексеннен асқан шал үйге қараған күзетші секілді. Асханаға да алақанын үйретті, түртиген кене-макарон мен жуаннан жіңішке жасап, фри-кәртөшке қуырудың да хас шебері болды. Бос кезінде көзі талғанша кітап оқиды, өйткені кітапта радиация жоқ; жаңа шыққан газетте бір қытымыр иіс бар, бірақ сол жанына майдай жағады, әрқайсысы он бес беттен асатын баспасөздің иісін иіскеп, бір шетін бүктеп отырып оқымаса құмары қанбайды. Интернет қарауға көзі жарамайды, көңілі де толмайды; бір ауыз сөзді он ауыз ғып сауатсыз сөйлемдермен зықыңды шығарады, мазмұнына жеткенше діңкелеп бітесің. Балдардың сауатсыздығын да осы интернеттен көреді. Теледидар да оңып тұрған жоқ. Масқара, коронавирус індеті басталғанда бір тележурналист: «Өкінішке орай, бұл аптада ешкім індеттен көз жұмған жоқ», - деді қасқайып тұрып. Кісі өлімі болмағандығына күйінетін сияқты. Оу, адам деген сөз бен сөйлемнің мазмұнына мән бермей ме екен? Септік жалғаулардың да ауылы алыста қалды. Бұларды үстінен бақылайтын ешкім жоқ па? Біздің кезімізде дайындаған анықтамадағы қисық түскен бір әріп үшін басымызға әңгір таяқ ойнатушы еді. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең». Дикторлар да сөздің ырғағын бұзып айтады, дауысты-дауыссыз дыбыстардың оқылу мәнерін білмейді. Директорды директор, редакторды редактор деп қалай жазылса солай оқиды. Шіркін, баяғы Байжанбаев пен «Времяның» дикторларын айтсайшы, дауыс десең дауыс бар, көрік десең көрік бар. Қазір бет-аузын бояған тәмпіш танау қыздардың бәрі диктор. «Мейлі, менің кемем судан өтіп кеткен, енді әркім өз кемесіне капитан боп алға сүйресін».

Үй жанында әп-әдемі саябақ бар. Жаз шықса жайқалып гүл өседі, сәмбі талдар мен ақ теректер де сап түзеп тұр. Жапырақтан шыққан жұпар иістің өзі жанға дауа. Жүргінші жолында қылау жоқ, кедір-бұдырсыз жол табанға сондай жайлы тиеді. Субұрқақ су бүркіп, кішкентайлар саусағын тигізіп ойнайды, сол кезде Сұраған бір ұл, бір қыздан өскен екі немересін іші шымырлап сағынып кетеді. Араға апта салып өзі барады, екеуі атасын іздеп келуді білмейді. Келе қалса, соларды қолынан жетектеп, субұрқақты айналдырып ойнатқысы келеді. Бірақ, олар алыста, атасы болса екеуін аңсап, көргісі кеп, әр қылығын еске алып отырады. «Өзімнен де бар, екі баламен шектеліп... Екі бала қала зиялысы үшін қанағат болды. Стандарттан асып кетсек бағып-қаға алмайтын секілдіміз, қызметке қолбайлау секілді, қазақтың саны артып кететін секілді. Өзімнің құдайдан сұрап алған Сұраған екенімді ұмытып кеттім. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Келіп тұр, көріп жатырмын көресіні». Сексенді оңынан ұрып, тоқсанға қарай ытқыған Сұраған осы бір інгені мен ботасы қатар бейнеленген скульптураның қасына келсе жаны рахаттанып, көз алмай қарап тұра бергісі келеді. Інген алда, ботасы артта, бір-біріне ілесіп, із басып келеді. Осы саябақ салынғалы пайда болды бұл сәулет өнерінің туындысы. Өзін жез металдан соққан. Қандай әдемі, ботасын ерткен інген бейнесі. Бірақ, бұл өнер туындысы, өмірде бәрі басқаша болып тұр ғой. «Осы көркем туынды не үшін жазылады екен?» Зейнеткер селт тұрып, тағы да інген мен ботақанға көзі тойғанша қарап, жаны рахаттанды. Қызыл қоңыр түспен боялған скульптуралық бейнеге ішіп-жеп көз салып тұрып, көңілінің босап қалған бір бұрандасын қатайтуға бекінді. Бір апта болды, осы бейненің дәл алдына алаңқай жасалып, Шәмші сазгердің аяғын айқастырып отырған ескерткіші ашылғалы. Осыған күн сайын көзі тойғанша қарап, сонан кейін ғана інген мен ботаға қарай аяңдайтын әдет шығарды. Шәмшінің жезден құйылған сидам саусағын сипап та көрді. «Мәндалиннің шегін шерткен саусақ осы ғой» деп тілсіз бейнеге сұрау салды. Бір қап жел арқалап, жер тарпып әскерден келгенде ауылы түгел «Ақмаңдайлым» деп әндетіп жүр екен, соның авторы ғой бұл. О дүниелік болған жан жарымен танысқан кеште де қызға бір қарап алып, «Ақмаңдайлым» деп әндетіп қоя берген. Бір адамдай даусы бар, отырыстың әншісі атанып жүрді. Қазір мыңжапырақпен күніне екі шаятын қырылдауық тамағымен кезінде «Ақмаңдайлымды» армансыз шырқаған Сұрағанның көңілі кілт ете қалды. «Оу, мыналар... – деп тіксіне қарады, – Шәмшінің жез мүсіні де індет жұқтырады деді ме екен? Ескерткіш-Шәмшінің аузы-мұрнына біреу тұмылдырық тағып кетіпті. – Балдардың тірлігі ғой. Балдар деп кімді кінәлаймыз? Атасы өзіміз. Олар интернеттен көргенін істейді». Ескерткіш-адамның тұмылдырығын жұлып ап, әудем жердегі қоқыс салғышқа тастап келді. «Мәссаған, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Көзім де бұлдырап, бірден көре қоймайды...». Шәмшінің айқасқан тізесінің үстіндегі сидам саусақтарының арасына темекі тұқылын қыстырып кетіпті. «Бұл да балдардың тірлігі ме? Бала да, ересек те бұл әрекеттен құр қалмайды. Жат пиғылдар да қазақ десе тісін қайрап тұрады. Солардың да үлесі бар». Түбіне дейін сорылған темекі тұқылын саусақ арасынан алып, тағы да қоқыс салғышқа тастап келді. Қол шаятын су іздегендей айналасына бір сәт аңтарыла қарап, топыраққа алақанын тигізіп, сосын сәмбі талдың діңіне жалатып-жалатып алды. Сыпырғышымен қиқым-сиқымды сыпырып жүрген ала киімді жігіт қасына келгенде көзін шатынатып тік сөйледі.

- Сен мына ескерткішті көрдің бе?

- Көке, не деп тұрсыз? Кәмпазитордың тұмылдырығын көрдің бе деп тұрсыз ба? Көрдім. «Тұмылдырықсыз аттап баспа!» - деп жүрген өздеріңіз емес пе? – деп дарылдай күлді.

- Саусағындағы темекіні ше?

- Оны көргем жоқ. Тұра берсін. Шәмші көкем кезінде темекіні нан ғып жеген дейді ғой, - деп тағы да дарыл күлдіге салды.

- Әдепсіз! – деді шал. – Қалай аузың барады сондай сөзге!

- Көке, мені босқа ғайбаттамаңыз. Мен тұмылдырыққа да, темекіге де жауап бермеймін. Мен жердегі қиқым-сиқымға жауап беремін, – деп сыпырғышын иықтап кете берді.

Сол сәт саябақтың ішінен жіп-жіңішке, жібектей есілген әуен естілді. «Мынау оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі ғой. Даусы қандай нәзік. Менің о дүниелік жұбайым сондай жақсы көруші еді осындай оркестрді. Өзім де кет әрі емеспін. Мынау «Смуглянка» ғой. Мына қара, бәрі қаз-қатар сап түзеп алып, ұртын толтыра үрлеп тұр. Міне, үрмелі аспаптар оркестрі. Бәрі қосыла үрлегенде адам жанын толқытар әсем әуен төгілді. Бұлар неге саябаққа келіп ойнап тұр екен? Әлде көпшіліктің көңілін көтергісі келді ме екен? Дұрыс-ақ. «Адамға қызмет – басты міндет». Кәрі шенеунік – Орталық Комитеттің бұрынғы бөлім меңгерушісі үрмелі аспаптар оркестрінің мүшелеріне таңқала қарап қалды. Осындай іс-шаралар өтер кезде мәдениет бөлімінің қызметкерлері қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүретін, кадрмен айналысатын ұйымдастыру бөлімі оларға күле қарап, сайқымазақтана сөйлейтін. «Мәдениетті көтергілерің кеп жүр ме?» - деп қастарынан қағытып өте шығатын. Сөйтсе, өмірдің мәні мәдениетте екен ғой. Осыны қызметтен кетіп, қара жаяу болғалы біліп жүр. «Адам басқа түспесе білмейді екен. Ағылшын Черчильдің 45-жылы «Советтер соғысқан жоқ», - деуі өз басына түспегесін айтылған бөстекі сөз емес пе?» Оркестр алдында екі қолын ербеңдеткен дирижер, тік тұрғандардың алдында айқыш-ұйқыш нота қағазы – бәрі біресе дирижердің бүлкілдеген қолына, біресе көздерін төңкеріп, нота сызығына қарайды. Сыбызғышы түймедей тесікті ернін шүйіре үрлесе, жыланша ирелеңдеген саксофонды тағы біреу барынша үрлеп, сыңсытып әуенге қосып тұр; флейташы да ағаш аспабының қуысын аянбай үрлеп, нотаға қиыла қарап, дирижердің қас-қабағын міз бақпай бағып тұр. Дөп-дөңгелек қос мыстабақты тағы біреуі шалт қимылмен шәңк еткізіп беттестіріп қалғанда «Смуглянканың» қайырмасы бітіп, енді арттағы біреу сидам таяқшаның жұдырықтай дүмін дөңгелек барабанға жалатып-жалатып алғанда оркестр жаныңды жадыратар майда желіске салды. «Барабан – оркестрдің жүрегі» дейді, қарашы, бәрінің сәнін барабан келтіріп тұрғанын. Бұлар неге бақ ішінде ойнап тұр, неге түрегеп тұр?» деп, өзі де біраз селт тұрып қап, қасынан қараңдап өте берген тапал көршісі Баязитке бұрылды.

- Әй, культуролог, – деді мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған өзінен көп кіші жас шалға қарап. – Бұлар неге саябаққа кеп дүңкілдетіп тұр?

- Соны да білмейсіз бе, заворг, мәдениеттен түк хабарыңыз жоқ. Үш күннен кейін қала күні емес пе? Репетиция. Біздің бақта екі күн концерт.

- Негізгі концертті қай жерде қояды?

- Қайда болушы еді? Дворецтің алдында, Абайдың артындағы ашық алаңда қояды. Әкім келмей ме...

- Бұрын мұндай болмаушы еді.

- Бұрынғы әкімдер саксофонист болмаған... Қалай білмейсіз, өмір бойы кадрмен айналысып... – Жұп-жұмыр басында «әтеш» қалпағы, қос қолында жіп-жіңішке жол таяғы – кәнігі әріптесі алқынып, терренкурға алып шығар баспалдаққа тырмысып барады.

- Жауабын қарашы, «Мен мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын», - деген Жванецский емес пе еді. – Айтып салуға таяғын шошаңдатып, қасынан ұзап кетті, тек «әтеш» қалпағының төбесі көрініп барады.

Оркестр енді «Славянкаға» салды. «Прощание славянки». Осы әуенді тыңдаса жүрегі шымырлайды. Соғыс біткесін он жетіге енді іліккен түбіт мұрттарды әскерге алып, бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге жіберді. Әскерше киіндіріп, Киев пен Минскіге апарар көкірегін көмірмен өртеген қара айғыр паровоз сүйреген қызыл вагонға отырғызды. Пұшпақтай жерде тығылысып, қара паровоздың дөңгелек белтемірі қара көмірдің күшімен ырбаң-ырбаң етіп алға жылжығанда бекетте «Славянка» шырқалсын кеп. Көнетоз киінген бір топ солдат оркестрде ойнаса, қыз-келіншек егіліп қол бұлғап тұр, бірақ қиғаш пилотка киген солдаттардың ұнжырғасы түспеген, мылтық емес, күрек ұстап, қара жұмысқа бара жатқанына көңілдері тоқ. Сөйтсе, қыз-қырқын сүйген жігітін, әйелдер әкесіз өсіп, әліқұлыққа жете қоймаған балдарын қимай тұр екен ғой. Бұны да сол жақтан бір басы екеу боп қайтқанда білді. Татар қызы Рәсима Донбастан Алматыға шығарып салғанда жылап қалды. «Басыңа көрінсін, – деді бұл қазақшалап. – Жылама. Мен әке-шешемнің Құдайдан сұрап алған жалғызымын. Атымды Сұраған деп тегін қоймаған. Ешқайда кетпеймін, енді бір айда сені Алматыдан күтіп аламын», – деді құшағына алып тұрып. Айтқандай-ақ, Рәсиманы Алматы вокзалынан күтіп алды. Сонда ақ көйлек, қара шалбар, қара шляпамен бөлекше киінген бір топ адам пойыздан түскенде үрмелі аспаптар оркестрі осы бір жан толқытар әуенді ойнап тұрды. Құрметті кісілерді гүлмен емес, әуенмен қарсы алу – соғыстан қажып шыққан елдің көңілін көтерген бір дағды еді. Сонда шырқалған «Славянка» теріні түртіп жазу жазған инедей тұлабойын шымырлатып, есінде ұмытылмастай боп қалып қойған. «Ал мыналардың тұрысы не тұрыс? «Культуролог» айтты ғой, оның білмейтіні жоқ. Тағы сұрасам, түйеден түскендей ғып жауап беріп жүрер». Әнебір жігіт қорбаңдап, жұпар шашып жайқалып тұрған гүл қоршауын қопарып алып тастап жатыр. «Бұнысы несі? Бұл – гүлдің қорғаны емес пе? «По газонам не ходить!» деген жазуы бар тақтайшаны да анадай жерге лақтыра салды. «Сұрасам ба екен?» - деп солай қарай екі аттады да, сақ көңілі өзін-өзі тоқтатты. Ақ үйдің ережесі сақтыққа үйретті, біліп тұрып айтпауға, көріп тұрып сұрамауға көндірді. «Тағы да сөз естіп қалармын. Дегенмен...». Тағы бір-екі аттады да, алдына сескене қарады. Көрген адамның көзі тойсын дегендей, гүлді қоршаған тарам-тарам темірді тағы бір қарулы қара жігіт бұзып алып, жүргінші жолына қарай лақтырып жатыр. Сол сәт артынан таныс дауыс естілді. Шалт бұрылып еді, әлгінде көрген, Шәмші ескерткішінің қасындағы қоқыс жинап жүрген жігіт екен.

- Сіздер бүлдіресіздер, біздер жинаймыз, – деп жерде жатқан жіңішке темірлерді қол арбасына сала бастады. Қолы істе, аузы сөзде.

- Көке, тағы да таңғалып тұрсыз ба? Бұл әкімнің нұсқауы бойынша... Далаға да, гүлге де еркіндік керек. Гүлсезім дейді. Гүл де қоршаудан шығып еркін өмір сүрсін. Бізге жұмыс көп болса, айлық та мол болады. Тағы да мені кінәлап жүрмеңіз.

Шал бұрылып кетті де, биікке қарай өрледі. Тарам-тарам баспалдақты басып, Республика сарайының алдындағы алаңқайға шыққанда көргені – тізе бүгіп еңкейіп, ағаш балғамен алақандай мрамор еден төсеніштерін абайлап ұстап, тық-тық ұрған біреу. Өздері құстың балапанындай шүпірлеп отырып алыпты. «Не болды екен бұл жерге? Еш мүкісі жоқ еді. Онан да анау Абай ескерткішінің тұғырына белесебедпен зырғып кеп айналып түсіп, жаттығу жасап жатқандарға тиым салмай ма? О, тоба-ай!»

Қос тізесі бүгіліп, жып-жылтыр төртбұрыш плиткаларды қиюластыра алмай ағаш балғамен абайлап ұрған жігіттің қасына кеп үңіле қарады.

- Көке, бұл не тұрыс? Біздің прораб секілдісіз. Сонан енді құтылғанда... ақыл айтқыңыз кеп тұр ма?

- Таңқалып тұрмын.

- Несіне таңқаласыз? «Бұз» дейді бұзамыз, «соқ» дейді соғамыз. Жаңа әкімнің бұйрығы. Бұл жерге ертең концерт қойғанда жаңа әкім кеп жаңа еденді басу керек. Аяқ киімі де жаңа болу керек.

- Мынауың қиюласпай тұр. Мынау екінші сортты плитка ғой. Бұндай жерге жоғары сортты плитка төселу керек. Цементі де тым сұйық боп кетіпті. Бұрынғы плиткалардың пайдалану мерзімі әлі біткен жоқ еді...

- Бірінші сортты тауып беріңіз. Оны әкімге айтыңыз. Аяқтың астында жатқан дүниенің өмір сүру срогін мен белгілемеймін.

«Бәрінің сөзі қалта телефонның сөзі сияқты нақпа-нақ айтылады. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай... Анау культурологтың сөзі де осындай». Шал ішкі ойын сыртқа шығаруға сақтығы жібермеді.

- Қашан бітіресіңдер?

- Екі күннен кейін. Әкім кеп осы жерде концерт тыңдайды. Духовой оркестр кеп концерт қояды. Сіз білмейсіз бе, әкімнің кім екенін? Саксофонист. Енді басымды көп ауыртпай, анау саябаққа барып концерт тыңдаңыз. Оркестр сонда тренировка жасап жатыр.

Шал тіл қатпай бұрылып кетті. Құрылыстың майын ішкен кәнігі өзі еді. Осы Республика сарайы біткенде Орталық Комитет құрылыс бөлімінің меңгерушісі болатын. Бірінші басшы құрылыс біткенше ай сайын алып нысанды көзімен көріп, көңілін тоғайтып, көмегін аямай жүрді. Өзі болса, мынау табан тиер мрамор еденді ағаш балғамен тық-тық ұрып, диаметрін сызғышпен өлшеп, өкшесін қайта-қайта қатты тигізіп, бітер істің баянды болуы үшін жанын шүберекке түйді. Сол кезде бірінші басшы, жарықтық, кадр біткенді бақайшағына дейін тексеріп, кімнің қолынан не келетініне көз жеткізіп барып креслоға отырғызушы еді. Осы алып нысан біткесін тірлігі мен тиянақтылығы ұнап, ұйымдастыру бөліміне меңгеруші етіп ауыстырды. Зейнетке де сол жерден шықты, енді естелік айтып, саябақты айналып жүрісі мынау. Шал дегбірі кетіп, алаңды бір айналып, жігіттің қасына қайта келді.

- Жігітім, бұл жердің едені әлі он бес жылға шыдайды. Бұл – СССР-дегі ең сапалы плитка. Қарасайшы, қиюынан бит жорғалап өте алмайды.

Жігіт ағаш балғамен қанша ұрса да, жылтыр плитка қиюласпай, арасынан қыл көрініп қалғанда шал шоршып түсті.

- Балам, мынаның арақашықтығы қанша миллиметр? Мынауыңда воздух көп қой. Ертең-ақ күлегеш адамның езуіндей ыржиып кетеді мынауың. Сосын мынауың жауын-шашынға жарамсыз плитка. Алматыда екі күннің бірінде жаңбыр екенін білесіңдер ғой.

Жігіт тық-тық ұрған ағаш балғаны қолына ұстап тұрып қалды.

- Көке, сізге концерт көріңіз дедім ғой. – Нәті жуас Сұраған солай қарай бұрылып жүре берді. – Нашелься, начальник... – соңынан орысша айтылған сөз естіліп қалды.

«Анау культуролог та келмей қойды. Сол дөрекі болса да көп нәрсе біледі. Қанша дегенмен, культуролог қой» дей бергенде, саябақ арасынан оркестр дирижерінің ербеңдеген қолы көрініп, «Синий платочек» сыңсып қоя берді. Сексеннен асқан Сұраған тағы да сілтідей тұнып, қалт тұра қалды.

Әйелі өмір бойы консерваторияда сабақ берді, ән атаулы бұның үйіндегі қара рояльда ойналып, айқыш-ұйқыш нота сызығы боп қағазға түсіп шығатын. Осы ән де соғыстан кейінгі жылдары жиі шырқалатын. Осы вальс ойналғанда жауды жеңіп келген жігіт бұйығып тұрған қызды бірден биге шақыратын. «Біздің үйлену тойымызда да жастардың көбі жұптасып, осы «Синий платочекке» биледі». Ол жүрек тұсына қолын қойып, селт тұрып қалды. Ақырын басып, кішкентайлар әткеншек тепкен алаңқайға келді. Оның да қоршау темірін жұлып тастапты. «Балдарға ит-құсты жолатпай қорған боп тұрушы еді, бұның не кедергісі болды екен?» Сол жерде қызғылт түсті көп адамдық ағаш орындық тұр. Жұбайы екеуі саябақтан серуендеп қайтқанда осы орындыққа отырып біраз демалатын. «Қашықтап кеткен бір ұл, бір қыз да кезінде осы әткеншекке тербеліп өсті. Енді... орындыққа тимесе болғаны. Әне, қара, менен де кәрі өлмелі шал әткеншекті тербетіп, немерелерін ойнатып жүр. Мен неге осылай тұрып тербетпеймін, біреуді кінәлай бергенше... Бәрі адамзаттың өзінен. «Нашар бишіге қашан да духовой оркестр кедергі келтіреді» деген сөзің сөз-ақ қой. Духовой оркестр көңілімді көтеріп, төбемді көкке жеткізіп тұр». Сұрағанның көңіл қалтарысынан өзі қатарлы шалдардың төбесі қылтиып көрініп қалды. «Мен әйтеуір тілім бар қазақпын, анау болса немерелерімен шүлдірлеп орысша сөйлесіп жүр». Әткеншек тербеткен топ-томпақ шалға көз астымен бір қарап, пышақ елі болса да өзін биік қойды. Қызылмен сырланған тарам-тарам орындыққа жәй басып кеп жайғасып, кең тыныс алды. Осы жерге отырса көкірегі ашылып, жаны жай табады. Кейде серуеннен қайтқанда қасындағы серіктеріне қарап, қос қолын көкірегіне қойып, «Сендер жүре беріңдер», - дейді де, өзі осы жерде жарты сағат аялдап, жұбайымен үнсіз тілдеседі. «Әйеліне Құран бағыштауға кетті», - деп серіктері селкілдеп күліп бара жатады. Қазір де солай. Оның үстіне сыңсып шыққан мынау «Синий платочек» кеудесін кеу-кеулеп сыздатып кетті. Рәсимасы кеп көкшіл орамалмен маңдайын, бетін, мұрын ұшын сүрткендей бір жұп-жұмсақ сезім құшағына бөгіп бара жатты. «Тек қасымда Рәсима жоқ. Құдай адамды қартайғанда жалғыз қалдырмасын». «Сұраш, шәй дайын», - деген бір ауыз сөзді естісем деп құлағын тосты. Бірақ, ешкім үн қатпады. «Анау культуролог та терренкурдан қайтпай қойды. Сол көп нәрсе біледі», - дей бергенде: «Заворг, әйеліңе Құран бағыштап отырсың ба?» - деген жарықшақ дауыс естілді. Сұраған қуанып кетті. Қуанғаннан аузы-мұрнын жапқан тұмылдырығын бірден иегіне тартып, орнынан сүйретіле тұрды. «Әжептәуір боп отырғанда... мынау да бір», - дегенмен, біреуден екеу жақсы боп қасына келген қараға ілесті.

***

Екеуі бұл жолы да серуеннен бірге қайтты. Бір кездегі қылышынан қаны тамған Орталық Комитеттің екі бөлім меңгерушісі – Ақ үйдің бетіне кісі келе алмас қос арланы бір-біріне сүйеу боп, бірінің сөзін бірі сөйлеп, мүлт кетсе де тігісін жатқызып бас изеп, шікәмшіл көңілдің шідерін тартып келеді. Тойдан қайтқандар жауапкершіліктің бәрі билікте екенін ойлағанда іштері шым етіп, оларға күн сала қарап, жамандығын естісе «шоқ-шоқ» деп, жақсылығын естісе төмен қарап тосырандап қалады.

- Сарай алдына төселген плитканы қала әкімі қайта алдыртып тастапты. Қала күнін жаңа еден, жаңа табанмен басамыз, күн-түн демей бітіріңдер, депті. – Культуролог жаңалық ашқандай жадырай сөйледі.

- Іс істеп жатқандар не дейді?

- «Түнгі сменге төлене ме?», - депті.

- «Төленеді. Тек екі күнде бітіріңдер», - депті. «Бізге бәрібір, ақша төлесе болды, үш рет қайта жаса десе де жасаймыз», - дейді бір прораб жігіт.

- Сапа ше? Сапаны кім ойлайды?

- Сапа деген не сөз? Сана жоқ жерде сапа бола ма? Сіз де бір, тоқсанға тақасаңыз да, тоғыз ауыз сөзді ойланып айтпайсыз, – деп жасы кішісі жылдам ауыздығына салды.

- Трамвай жолы алынды. Ол біздің дәуірдің көркі еді. Сол қара рельс, төртбұрыш вагон қаланың тарихындай боп жүйткіп жүретін. Мәскеу мен Санк-Петербургтың көркін бұзбай-ақ жүр ғой сол кәрі трамвайлар.

- Сіз де бір, қайдағыны айтатын қияли боп кетіпсіз. Ол рельстеріңіз қаш-шан металлом болып сатылып кеткен. Кәрі, кәрі дегенге сіз де бір...

- Ал енді, культуролог, мына гүлзарды қоршаған темір қоршауды неге сыпырып тастады? Осы маң түгел бомж, анау Абай ескерткішінің астындағы жылы гранит олардың от жақпайтын тұрағы. Абайды да, гүлді де аяу керек қой.

- Тәуелсіздік, Сұраған Қасымович, тәуелсіздік. Біз Мәскеудің бақылауында өскен адамдармыз. Бұлқынып, ноқтамызды сыпыра алмай жүрміз. Алдындағы асын біреу тартып жеп өскен бала қарны тойып, ас ішкен күні тостағанды жалап қоймай ма? Шыдау керек, шал, шыдау керек. Артық ішкен ас харам. Гүл де қоршаудан құтылып, европаша еркін өсуі керек. Еркіндікке не жетсін бұ дүниеде. Ит те еркін жүру керек. Мәдениет еркіндіктен кейінгі екінші орында, – деп серігі аяғын шапшаң басты. Сол сәт саябақ жақтан әуелі сәбидің қыңқылындай жеңіл дыбыс естіліп, сосын ирелеңдеген бір әуен Көкке көтерілді.

- Мыналар тағы да «Смуглянканы» тартпақшы ғой, – деп Сұраған шалт бұрылып тұра қалды.

- Бұл репетиция. Ертең Дворецтің алдында, жап-жаңа еденді басып тұрып, духовой оркестр ойнайды. Әкімнің өзі де кезінде осы оркестрде ойнаған. Өзін көргендей болады да.

- Сонда оның мамандығы?..

- Консерватория бітірген саксофонист. Флейтада да ойнайды. Сонан емес пе, музыкаға жанын салып жүргені. Қала күні алматылықтар классиканың бәрін тыңдайды.

- Ім-м... Онда неге оны консерваторияға ректор ғып...

- Оған ғылыми дәреже керек.

- Әйтпесе, Мәдениет министрі ғып...

- Сіз де бір, орготдел екеніңізді білдіресіз де жүресіз...

- Жоқ, агроном егін өсетін жерге, металлург кен шығатын жерге басшы болушы еді...

- Сіз де бір... Өмір бойына заворг болам деп ойладыңыз ба? Қазіргі әкімнің бәрі социолог, саясаттану ғылымының докторы, адам факторын білсе болды да. Сіз де бір...

- Жоқ, қой маңырапты дейді, «сойса қасап сойса екен» деп...

- Сіз де бір... осылай өткеніңіз өткен ғой. Мен кеттім, әйелім күтіп отыр. Шәй суып қалатын болды. Ертеңге дейін...

«Әйелім күтіп отыр, шәй суып қалатын болды» деген сөз көкірегіне инедей қадалды. Сым тікендер жүрек тұсына кірш-кірш ете қалды. Сол сәт саябақ ортасынан оркестрдің үсті-үстіне аккорд беріп бастаған тәтті әуені естілді де, тұла бойы елжіреп қоя берді. «Мынау «В городском саду» ғой. Матвей Блантердің вальсі. Классикалық әуен». Ол көкірегіне үшкір ине шаншылған күйі селт тұрып қалды. Ұзын бойы сәл иіліп, қос тізесі бүгіліп кетті. «На скамейке где сидишь ты, нет свободных мест» деген Әлібектің даусы құлағына естілді. Сұраған әткеншек жанындағы көлденең тұрған жалғыз орындыққа қарады. Бос жер жоқ. Бірінің үстіне бірі шығып, жастар иін тіресіп отыр. Түбіт мұрт шалқалап, көкірегі түртиген қыз етбеттеп, шөп-шөп сүйісуде. Қастарындағы қыз темекі түтініне қақалып, жөтел қысса, тағы бір түбіт мұрт қалта телефонмен аузына келгенін айтып, орысша боқтаудан шаппай бәйге алып отыр. Шал жүрек тұсына оң қолын қойып, не де болса орындыққа қарай кібіртіктеп аяқ басты. Саябақтағы үрмелі аспаптар оркестрі әуенді қайырып-қайырып тастап, төбе құйқаны шымырлатса, «На скамейке где сидишь ты, нет свободных мест, В городском саду играет духовой оркестр» деген сөздер көкірегін құрт боп шұқып жеп барады. Орындықта бос орын жоқ. Бұрын ымырт жабыла, қайтар жолда дәл осы орындықта жанжары екеуі дем басып, бүгінгі қыдырыстарының қалай өткенін бағамдап, саябақта өскен тал-терек пен жапыраққа сүйсіне көз салып, орындарынан тұратын. Жұбайы отырған жерде әнебір қаракөз қыз иіліп, бүгулі тізесіне сүйір иегін тақап, барынша талтайып, қып-қызыл қарлығаш-лыпасын жарқыратып отыр. «Ең болмаса, аяғын жиып отырмай ма?» Сұраған көз алды тұманданып, орындыққа қарай тағы бір аттады. Оның бар арманы – бүгін қыдырыстап қайтқанын, көп нәрсе көргенін, саябақтан классикалық музыка тыңдағанын жайбарақат отырып іштей тіл қатып, жанжарының рухына жеткізу еді. Орындықтан бір тұтам жер тисе жаны рахатқа бөленер еді. «Енді қашан, енді... Ешкім орнынан тұрмады. Шал шалқалап құлай берді.

- Ста-рый ум-ер, – деді темекі түтініне қақалған қыз әр сөзін бөліп айтып.

Тәмпіш танау қазақы қыз жүгіріп, қасына келді.

- Жоқ, тірі, – деп қалта телефонмен «103»-ті тере бастады. Сұраған шалқалай құлағанымен көңілі ояу, тілі күрмеулі. Күнтізбе мен энциклопедия датасы көкірегіне қақ боп қатып қалған кәрі шенеунік есеңгіреп жатып тағы бір күнін ойлады: «Жақында, қарашаның он үшінде, халық санағы жүреді, соған іліксем...». Басын көтеріп, қайта сылқ түсті. Құлағына құйқылжыған әуен естілді: «В городском саду играет духовой оркестр, На скамейке где сидишь ты, нет свободных мест...». Қызыл тіл сары тістің арасында тістеулі, көкірегі жыбырлаған ән сөздері. Әдемі әуенді ойбайлап келген жедел жәрдем бұзып жіберді. Көзін жұмғанда зәулім Сарайдың алдына төселген мрамор еденнің арасы соқаның тісі тиген қара жердей ырсиып-ырсиып бара жатты. Көзін ашқанда таяқ астам жердегі жұпар иіс аңқыған гүлзарда қарғыбауы жоқ қабаған ит оң аяғын көтеріп тұр екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар