Құсни хат жаздық тағы да бүгін

Ерқанат  Бағдатұлы – 2004 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Достық ауылында дүниеге келген. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педогогикалық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті факултетін бітірген. Облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

49

Құсни хат жаздық тағы да бүгін - adebiportal.kz

***

таба алмайтын жауаптың толқыны ауыр.

түн болады, мен кіммін?

жұлқынамын..

 

өзегімді өртейді өкініш кеп..

жас боп жаннан шығады өтіріктер..

 

өзегімді өртейді өкініш кеп..

мен сүйіп ем бұрында, сағынған ем,

сүйреп жүрмін ал, бүгін жанымды әрең..

 

неге, күнім?

мехнатқа құлай бердім?

неге кеттім?

сен неге жылай көндің?

 

сені аңсайды мен түгіл атырап бар,

құлазуды шығарды жапырақтар..

 

көздеріңнен ғаламды неге көрем?

сені сүйем,

ал, оның себебі не?

 

тағы бір түн,

содан соң мұңға сіңем,

мен — жаныңды түсінген жолдасың ем..

 

сен өмірді сүйгіздің өзің үшін,

қайда кеттің?

қайдасың көңіл құсым?..

 

сабырымды тауысты тірлік келіп,

(қол ұстастық.. қателік.. білдік нені?)

 

күнә атаулы жылайды сені көрсе,

сен нәпсімнің жалғыз - ақ мерекесі ең..

 

адасқанда Пайғамбар жерге түсіп,

бізді қосқан періште келмеді ұшып..

 

сабылғанда жыр жазу жанның үні,

қайда тастап барамыз сан ғұмырды..

 

өлгім келмей сен жоқ бұл атырапта,

табыт жасап аламын жапырақтан..

 

шақырымға ілесіп өгіздей мұң,

терезеңнің алдынан сені іздеймін..

 

ымырт түсіп, дұғама қосам сені..

сенен қорқам..

соншама ажал ма едің..

 

душар болып өзіңе он сегізде,

көздеріңді таба алмай көктен іздеп..

 

сенің ғана жолыңа басым тігіп,

өлім алды сипайды шашымды нұр.

 

мәңгі сенің иісіңе ойым қалғып,

өліп қалғым келеді, өліп қалғым..

 

* * *

Ескі қалада

Ескі адамдар елеусіз,

Ескі өрнектер естелік.

Сүйе беру де күнә сияқты себепсіз,

(Сүймеу де күнә).

Кеш күліп—

сәулесі түсер терезеңе кеп,

Ентігіп кірер күрең мұң.

(Құдай жазатын ережелерді,

Ежіктеп жүріп есейдің)..

Табылмай дауа жараңа бүгін,

Жабыққан неге сұсты өңің.

Өзіңді түнде табалай беру,

Өзіңді өзің өлтіру.

Жыр тамып нәзік білектеріңнен,

Сыр тамып сосын көзіңнен,

(Харамға қарап жүрек кірлеген,

Санаңнан жүрек езілген).

Телмірте берген төңірекке кіл,

Өмірің сондай азап па?.

Кеудеңе жиып өтіріктерді,

Қашасың қалай тозақтан?

Ескі қалада,

Ескі халық бар,

Есінде қалдың сен оның.

Ескі қалада,

Ескі халық бар,

Ескіге әлі сенетін.

Құсни хат жаздық тағы да бүгін,

Келмесімізге, келерге.

Көгіңнен сенің жаңбыр жауады,

Тамшы тамады төбеңнен.

Еріндер елітіп есіңді ала ма?

Иістер қалды жағамда.

Жанбаған шоғың өшіп қалардай,

Елеңдей бердім саған да.

Шағыңа осы Құдай кепіл тым,

Жаныңа жерік жындарың.

Болмашы сәтке жылай беруді,

Шығарған күйі сорладың.

Жаныңа ем боп бір өлең өргем,

Жауынға қалып құшақ мұң.

Сенің есімің жыр әлемінде,

Талайдың жанын жұбатты.

Ескі қалада,

Ескі халық бар,

Еңсесін биік көтерген.

Ескі қалада,

Ескі халық бар,

Ескі-құсқыға жөтелген.

 

* * *

Ішілмеген сырамнан ұялғандай..

Құт іздеген құтбадан кешегі күн,

Бірақ бүгін,

Өмірді сүреді өмір.

Ңөңге басын ұрғандай миығынан

аурудай мысқылдап күледі өлім.

 

(Сүреді ол ішінде бәріміздің),

Қинап әлек түн кірсе тағы күзгі ой.

Жетіспейтін бірнәрсе іздеп жүрмін,

Сол бірнәрсе ашар деп бағымызды.

 

Тағы сізді

Сағынған тірлік мынау,

түн ішінде міскіндей бұлқынған ар.

Ол жақта сені бәрі аңсайтындай,

Бұл жақта суық дем мен салқын жанар.

 

Жалқын оймен жұпыны сейілген мұң,

(Жақыныңның жоғалған күйін көру—

Қандай ауыр..

Жаратқан жолатпаса,

(Жолатпасын деп оған иілгенмін)..

 

Қала да анау будақтап сөнген шылым,

(Өлең жазбау қасірет..

өрген де өлім..)

Мен ешкімге дауа боп езілмедім,

Мені ешкім де дәруіш көрген де жоқ.

 

Ұйқасына қайғының ұйыған қан,

Біз күтпеген таңдардың бұйығы бақ.

Құбылаңа қараймын құрыған боп,

Құбылама қараймын сыйынам деп.

 

Ескі өмірді мүсіркеп, есіркеймін,

(Ессіз болып көрінді ескі кейіпім).

Жанарыңа қарауға дәтім де жоқ,

Осы шығар шынында өмір дейтін.

 

Тақпа кінә тағдырға, аянға да,

(Құшағымды жолыңа жаям жылап).

Біздің бізсіздігіміз сұрап алған,

Ең өтірік бақыттан баяндырақ.

 

* * *

сүрте алмаған қолдарым көзіңнің жасын,

алмағайып жолдарым күнәһар бүгін.

жанарыңда жас болып кезім қалғасын,

ең қайғылы шағыңда жұбата алмадым.

 

тұрғын үйдің шамдары көрінеді алдан,

мен неліктен кеземін түнгі қаланы.

сені жиі күтетін аялдамадан,

гүл ұстаған қыз көрсем жынды боламын.

 

шылым шеккен әр жанның буында ғазал,

үгілген-ді үміті бәрінің бірден.

жүрегіңнің дүрсілін ұғынбағаннан,

мен өзіңнің барыңда сабылып жүргем.

 

әлпештеген ғұмырға талақ айтамын,

сағынбадым сені де, кешір, ақылдым.

жазған хатым жараңды таңа алмай тағы,

жыр болсам да бөлмеңде оқылмай қалдым.

 

не күтесің, бәрі - бір, бақытың бес күн,

ишараға иланбай, неге иландың?

мен өзің ойлағандай ақылды емеспін,

сен де мені іздемей неге қиналдың?.

 

зарық жұтып, ымыртқа батам күн болып,

өкініш сол, өмірдің өлмелі екені.

сен құймаған мұңыма жағам жыртылып,

терезеңнен сұлбаңды көрмей кетемін.

десем..

 

* * *

шылым ұшында өмір бар.

біз - 

еңкілдеп жүріп тәкбірді күттік,

сетінеп жүріп жаңбырды.

қосылмай кеткен тағдырды күттік,

күткендей едік барлығын.

 

себеме ойға жапырақтарын,

үздіксіз күткен осы күз.

ескі әнмен кездім атыраптарды,

қайырмасына қосылып.

 

үзіліп түскен көз моншақтарың,

білезігіндей бедеудің.

тамырларыңа азаптай тақтым,

жазылмай қалған өлеңді.

 

ымыртқа түсіп сенімің, сүлдең,

себепкер менмін, мен едім.

«сені мәңгілік сүйемін» деуден,

жасқана берді өлеңім.

 

қорғансыз бүгін қарашықтарың,

ұмтылу қиын ар үшін.

келмейді сенсіз жаңа жылдарым,

алғашқы қармен жарысып.

 

санамда сөздер ежіктеледі,

көшіп келеді көктемім.

жаңбырды жалғыз кешіп келеді,

жанымның жалғыз ермегі.

 

еңкілдеп жүріп тәкбірді күттік,

сетінеп жүріп жаңбырды.

жауа алмай кеткен жаңбырдан көрдік,

қосылмай кеткен тағдырды..

 

* * *

бағытынан әрі аспаған жоқ мұңым,

ауық-ауық естелікпен күн көрем.

шылымым жоқ, бар қолымда оттығым,

үмітсізбін,

 

кешпегендей кешегінің бәрін де,

босағада босаңсыйды бар дұғам.

аңсауларда арман да жоқ көрінген,

жалғыздыққа Жаратқанды жар қылам.

 

қалғып жүріп қадір кеткен түңіліп,

қара аспанды төндіреді бұла бұлт.

сен кеткенде Жайық жақтан іңірің,

жұмыр жанын қорғаштаумен жылады.

 

өр мінезден өкініш тек қалғаны,

кешпе мейлің, кешірім де сұраман.

мен өзіңді сағынғанмен, бармадым,

сен де мені сағынғанмен, жыламан.

 

көздеріме көлеңкең де тым ыстық,

о, мен неге сорлы адаммын соншама?

Төккен жасқыңа алақаным жылынсын,

ешқашанда ақ денеңде болмаған.

 

жазғырумен не табасың тірлікті,

Өткеніңе өкпелеу де ессіздік.

Күнә сенің жүрегіңді өлтірді,

Күмән сені өзгерткелі көзсіз қып.

 

* * *

еріндерде еңіреп сүйісім қалған,

жабырқаңқы көңілдің емі - өткенім.

күртешемде кептеліп иісің қалған,

ауыр шығар мезеттің келмей кеткені.

 

гүл берем деп суықта тозған табаным,

жәудір көзің егілген кешірім күтіп.

жалғыздықта көшеңнен боздап барамын,

іздеріңді сен салған өшіру үшін.

 

түнге байлап жанымды ақ шүберектей,

қымтанамын сағыныш, тоңса жүрегім.

көз алдымда қалаған бақыт бүр етпей,

қарғай берем жылауық аспанды үнемі.

 

тебіренген жаныңды жара жеп күзде,

еміреніп сүйесің алақаныңды.

кешірімнен өзгеше шара жоқ бізде,

кешіре гөр, кешірші, Жаратқан бізді.

 

ғадауаты ғасырдың миықтан күлген,

шапағатын таратар сүйсе Құдайың.

далабыңның дәмі бар жыртылған жейдем,

тағдыры ғой, ендігі мен не қылайын?..

 

Өпкен кезде бетіңнен іңір сөздерің,

терезеңнің сығалап тұрады қала.

сағымдардың арасын бүгін кезгенің,

жүрегіңнен кешірім сұрамағаннан.

 

кім білсін?

өткен күнге егілем,

өткен түнге егілем.

өткен уағымды аңсаймын, өтіп кеткен сенімен.

іңірге бір сүйсінем,

ымыртқа бір таңырқаймын,

сүйетіндей сені мен,

сүйетіндей мені сен..

жырға айналам содан соң,

құсни хат боп өртенем,

тағдырыма налыймын төніп жатқан көлденең.

сүю жайлы сөз жазып, еміреніп көрмеген..

мендей болдың сен неге?

сендей болдым мен неге?

тебіреніп әуенге,

еңірейді кей сезім,

соның бәрі ойлану,

соның бәрі сүйгесін.

ашылмайтын есікті

 қаға беріп жалықтым..

сенің кінәң кейде - сөз,

менің кінәм кейде - жыр..

қоштасқалы көрмедім,

жүздеспедім..

іздегем.

қандай қиын жоғыңды біле тұра іздеген.

қала да тым жабырқау,

тағы тұман, тағы мұң.

сенің күнәң - сағынбау,

менің күнәм - сағыну.

 

* * *

алақаным жылу іздеп,

иіс іздеп суықтан.

жанарыңды әлі аңсаймын,

жанарымды суытқан.

 

көкке қарап күбірлеймін,

жамыламын мың қайғы.

сен жанымда болған сәтте, 

менің жаным тоңбайды.

 

сағынғаным тағы да рас,

түн - ойлардың апаны.

мен күн болып іңіріңе

 сені ойлаумен батамын.

 

сенің сүйген гүлдерің мен

сенің сүйген кітабың,

сенің сүйген ауаң да ыстық, 

демімді әрең жұтамын.

 

тағдыр бізді бөлген емес,

біз - өзіміз жоғалған.

іздемейміз, 

сол үшін де таппай жүрміз одан мән.

 

қабырғамды қайыстырды,

сенімім де сетінеп.

тереземнің алдында іңір

көп жылайды еңіреп.

 

еміс-еміс естелікке қарашықтан құлар мұң,

ұмыта ғой сен, сүйіктім,

мен «менмін» ғой,

шыдармын.

 

сағым сынып,

жаным ауыр қайғы арқалап әр түні,

терезеңнің артындағы есінейді тағдырым.

 

өкіну де өтпелі кез,

өтпелі кез ғасырда,

жанардағы жасты аяймын,

бояуларың жасырған.

 

Шағыну

Жалқы жаныңды жаралап кетті жалының,

Бөзге оран енді бекерден.

Сен жалғыздықтың,

мен Құдайдың жарымын,

Бәрібір, елде өсек көп.

 

Тамызық түнде көзіңнен тамып қасірет,

Қайғы жұтады қара өлең.

Тағдыр мен таңнан күтесің қандай әділет,

Адасып жүрсе қалың ел.

 

Табалдырықтан аттамаған-ды арманың,

Төсектен аспай қиялың.

Көтеріп келем жалғыздымның салмағын,

Жалғыздығыңа сыятын.

 

Ілеспей көшке, безіндім көптен, жараннан,

Тағынып келем тұмша мұң.

Менің ең ұлы сағынышымнан жаралған

Сенен де кеткем.

Қош, тамыз!

 

Көптің бірі боп, көлбеңдей беру — ғарыптік,

Жаратқан олай жаратпас.

Есенғали боп көзіңнен тамдым, жарықтық,

Жас болып аунап баратқан.

 

Үрейің құшып, тамады көзден лағыл нұр,

Өбектей берген қала – жау.

(Өзіңді іштей тәккапарлықпен сағындым),

Жұтылып дауға барады ар.

 

Егіле бермей, есіңе ал ескі шақтарды,

Сол шығар сенің бар емің.

Атыру үшін жасқа малмайтын ақ таңды,

Ұмыту керек әуелі.

 

* * *

Сағындым деді,

Сағынғандығы сезілмей,

Езгілеп өмір, екі түрлі жол, екі күй.

Жаншылап жатқан тағдырға тағар кінәм бар,

Тұрғанда демім үзілмей.

Бақтарда әсем шырқалып нәзік дауыстар,

Айналам тұман,

Айналып жатыр хаосқа.

Балғын шағымды алып кетердей көңілдің

Құдайы сонша жауыз ба?

Өкініштердің жиып-ап бүкіл сор-мұңын,

Күнін кешеміз күніге бірдей сорлының.

Өткен шағымда қалып қойғандай уақыттың,

Қадірі жатты қор қылып.

Нөсерлеп төбем, дөмбекшейді елес, зәру жан,

Ілесе де алмай көлеңкелерге, қамығам.

Айнала берем, айнала берем орнымда,

Бөзге оранып, жібермей жанның жалынан.

(Сонда да әлі жалынам)

Сонда да әлі жалынам, бекер емес дым,

Сағынам сосын сөздерін түнгі елестің.

Гитарамды алып барғым да келген үйіне,

Бірақ, гитарист емеспін...

Бірақ, гитарист емеспін...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan