Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Құт» көркем фильмі көрерменге жол тартты...

«Құт» көркем фильмі көрерменге жол тартты

77

«Құт» көркем фильмі көрерменге жол тартты - adebiportal.kz

Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген тағы бір фильм көрерменге жол тартты. Белгілі режиссер Айхан Чатаеваның «ҚҰТ» көркем фильмі еліміздің үлкен кинотеатрларында көрсетіле бастады. Ал, киногерлер мен журналистер қауымы үшін премьера алдындағы арнайы таныстырылым Алматыда өтті. 

«Мама Роза» (басты рольді көрнекті актриса Әмина Өмірзақова сомдаған), «Түнгі блюз» көркем фильмдері және қазақ киносының қайраткерлері туралы көптеген деректі фильмдердің авторы Айхан Чатаеваның бұл фэнтези фильмінің негізгі  идеясы – туған жерге, елге  деген махаббат деп түйіндеуге болады. 

«Фильмнің түпкі ойы көне түркі мифологиясына негізделген, – дейді режиссер және сценарий авторы А.Чатаева. – Қазақ халқының Көк тәңіріне сыйынып, Ұмай-ананы қастерлеген көне түркі өркениетінен бастау алатын керемет дәстүрі –ата-баба аруағын қастерлеу. Туған жер – ата-бабаның сүйегі жатқан жерді көздің қарашығындай сақтау, қорғау, ешқашан ешкімге сатпау. Әйтпесе одан Жаратушының сыйы – ҚҰТ қашады...» 

Фильм оқиғалары шағын ауыл Ақтоғайда, жазғы демалыс кезінде өтеді. Бас кейіпкер - Ақтоғайдың қадірменді ақсақалы Рақымбайдың немересі, кітапты көп оқитын, «энциклопедия бала»  Қайсар (Заңғар Тұрсынқазы) үшін шынайы өмір мен қиялындағы өмір  тұтасып кеткен. Ол осы бір шағын ауылда күнделікті тыныс-тіршілікте жүріп, өзі жақсы білетін көне түркі аңыздары әлемінде өмір кешетін Рухтар елшісінің (Әлия Бөпежанова) болмысын танып-түсінуге ұмтылады. Ол қиялында аңыздағы Қара Мергенге (Болат Момынжанов) қарсы шыққан Қайсар батырдай  өңінде Ақтоғайдың жеріне көз тіккен бүгінгі байшыкештерге қарсы шығады...

Сонау қадым замандардан бастау алған – ата-баба рухын қастерлеу, туған жердің қадірі мен киесі, ұрпақтар жалғастығы, дәстүр жалғастығы және де бүгінгі қоғамның өзге де өзекті мәселелері қамтылатын; сюжеті көпқырлы, қызғылықты фильмге жас дебютанттар-мектеп оқушылары Бақдәулет Ақылбекұлы (Жайдар), Айша Мақсотова (Дария) және белгілі актерлер Қонысбек Бекайдаров (Рақымбай ақсақал), Дариға Күшкенбайқызы (Оралхан апа), Гүлмира Хасанова (Қырмызы), Мұхтар Қапалбеков (Ақымбай), Әріби Өр Алтай (Жылқышы), тағы басқалар түскен. Фильмнің өте көркем бейнеқатарын жасауға еңбек сіңіргендер - оператор Борис Трошев, суретші Алексей Шиндин, киім суретшілері Ажар Әубәкірова мен Әлия Имашева, композитор Әбілқайыр Жарасқан.

Киногерлер қауымы мен журналистер үшін арнайы көрсетілімнен кейін өткен пікіралысуда айтылған ой-пікірлердің түйіні – «ҚҰТ» көрерменге ой салатын, балаларға мотивация беретін; балалар, немерелермен бірге бүкіл отбасы болып барып көруге сұранып тұрған жарық та жасампаз кинотуынды.  «ҚҰТ» фильмі еліміздің барлық ірі кинотеатрларында жүріп жатыр. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan