Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қырғыз бас консулымен маңызды кездесу өтті...

Қырғыз бас консулымен маңызды кездесу өтті

02.04.2026

87

Қырғыз бас консулымен маңызды кездесу өтті - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағында Қырғыз бас консулымен маңызды кездесу өтті. Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Асанкулов Женишбек Асанкулович Қазақстан Жазушылар одағына ресми сапармен келіп, Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесті. 

Басқосу барысында бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту, қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қос елдің тарихында айрықша орын алатын бірегей тұлға Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолын ұлықтау жолындағы жайлар қозғалды. Женишбек Асанкулович, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы, Қырғыз халқының тарихи қайраткері Жүсіп Әбдрахмановтың қазақ елі үшін де ерен тұлға екенін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрулары осы тұлға есімімен байланысты болды. 

Бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Әбдешұлы Қырғызстанға келген іссапарында Қырғызстанның мемлекет қайраткері, Қырғыз Комиссарлары Кеңесінің бірінші төрағасы, қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіп Әбдрахмановтың еңбегі турасында жан-жақты айтқан болатын. Мереке ағаның сөзін қырғыз тарихшылары мен жазушылары, қырғыз зиялы қауым өкілдері бірауыздан қолдаған еді. Бүгінгі кездесу осы ерен тұлғаның жүріп өткен жолын, қайраткерлігі мен тұлғалық болмысын ұлықтай отырып, Алматы шаһарында Жүсіп Әбдрахманов атына көше беру, ескерткішін орнату жайын талқылау мақсатында өтті. 

Небәрі 26 жасында Қырғыз Республикасы үкіметінің басшысы болып тағайындалған Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолы, саясаттағы алғашқы қадамы қазақ елінде, Алматы қаласында бастау алған. 1901 жылы 28 желтоқсанда Ыстықкөл облысының Чиркей ауылында дүниеге келген ол 1920–1921 жылдары Алматы, Талдықорған қалаларында қызмет атқарған. Жүсіп Әбдрахмановтың ашаршылық жылдары зұлмат кезеңге тап болған қазақтарға қол ұшын созғаны тарих беттерінде жазылған. 

Мереке Әбдешұлы: «Қиын шақта біз кімді паналадық? Қырғызстанды паналадық. Сол кездегі үкіметтің басында отырған Жүсіп Әбдрахмановты біз ет жүрегіміз елжіреп жақсы көреміз. Қазақ деген айбарлы елдің астанасында немесе Алматы қаласында Жүсіп Әбдрахмановтың ескерткішін орнату маңызды деп есептеймін. Ол кісінің еңбегі турасында кеңінен жазу да біз үшін басты мұраттардың бірі», – деп айтқан еді. 

Бірінші жоспар – көшеге атын беру болса, екінші жоспар – Алматы қаласына Жүсіп атамыздың ескерткішін орнату. Осы мақсат аясында Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының мүсіншілері өзара ақылдасып, жұмыс жасауда. Екі елдің де осы салаға жауапты тұлғаларымен келісімдер жүргізіліп, мамыр айының басында ауқымды шара өткізілетін болады. Бұған дейін Талдықорған қаласында Жүсіп Әбдрахманов атына көше берілуі де тарихи маңызды оқиға болып есептеледі. 

Жүсіп атамыз алғашында қазақ еліндегі Жетісу облысында жұмыс істеп, содан кейін Қырғыз елінде еңбек жолын жалғастырып, мемлекет дамуына айрықша үлес қосқан. Жүсіп Әбдрахмановтың жары қазақ қызы – Гүлбахрам Әбдрахманова – Қазақ елінде шаңырақ көтеріп, екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, 1924-жылдары отбасымен Қырғызстанға қоныс аударған. Қазақ жерінде қызмет еткен кездері туралы күнделігіне де жазған екен. Екі ұлдан кейінгі қызы Аида Жүсіпқызы Қазақ ССР КГБ басшысының орынбасары Абдуманап Төлеулиевке тұрмысқа шығып, Алматы қаласында тұрақтап қалды. Ұлы мен немерелері осы шаһарда өмір сүріп жатыр. Ал атамыздың қалған ұрпағы Бішкекте, Қырғыз елінде тұрады. Кездесуге журналист, қоғам қайраткері – Қали Қамбаров, белгілі қазақстандық әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты – Мамай Қаниұлы және Белгілі қоғам қайраткері - Махмұт Нәлібаев қатысты. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan