Қытайдағы қазақ әдебиетінің өкілі Астанада дәріс оқыды
Астанада өткен «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы кезекті дәрісте осы мәселе кеңінен сөз болды. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған кездесуге Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, ақын, аудармашы Әкбар Мәжит келді.
Адам баласы кейде өзі көрмеген елді әдебиет арқылы таниды. Жазушының шығармасынан өзіне таныс тағдырды, өз халқының басынан өткен оқиғаларды, өмірдің ортақ шындығын көреді. Көркем сөздің шекара таңдамайтыны да сондықтан. Бір елдің әдебиеті екінші елдің оқырманына жеткенде, екі халықтың арасындағы рухани жақындық та тереңдей түседі.
Астанада өткен «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы кезекті дәрісте осы мәселе кеңінен сөз болды. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған кездесуге Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, ақын, аудармашы Әкбар Мәжит келді.
«Әдебиет пен мәдениет – рухани қарым-қатынастың көпірі» тақырыбындағы дәрісінде қаламгер Қытай мен Қазақстан арасындағы әдеби байланыстың бүгінгі жай-күйіне, аударма ісінің маңызына, Абай шығармаларын қытай тіліне тәржімалау тәжірибесіне және Қытайдағы қазақ әдебиетінің дамуына тоқталды.
Әкбар Мәжит – шығармашылық пен аудармашылықты қатар алып жүрген қаламгер. Дәріс барысында қаламгер әдебиеттің халықтар арасындағы түсіністікті қалыптастырудағы қызметіне айрықша мән берді. Оның айтуынша, елдер арасындағы байланыс тек саяси немесе экономикалық қарым-қатынаспен шектелмеуі керек. Халықтар бір-бірінің әдебиетін оқып, мәдениетін танығанда ғана өзара түсіністік тереңдейді.
– Мәдениет пен әдебиеттің құдіреті – екі елдің жүрегін жақындатуында. Бір халықтың шығармасы екінші халықтың оқырманына жетсе, олар бір-бірінің өмірін, тарихын, көңіл күйін түсіне бастайды. Әдебиет пен мәдениеттің түпкі мағынасы да – халық пен халықты жақындастыру, – деді қаламгер.
Әкбар Мәжиттің шығармашылық жолындағы маңызды белестердің бірі – Абай мұрасын қытай тіліне аударуы. Ол ұлы ақынның қара сөздерін қазақ тілінен тікелей тәржімалауға 1990-жылдардың басында кіріскен.
Қаламгердің айтуынша, алғашында Абайдың қара сөздері орыс тілінен қытайшаға аударылған нұсқамен танысқан. Алайда түпнұсқаның көркемдік қуаты мен ой тереңдігі толық сақталмағанын аңғарып, шығармаларды қазақ тілінен қайта аударуға бел буған. Нәтижесінде Абайдың қара сөздері 1995 жылы қытай тілінде жарық көреді.
Бұл еңбектің ерекшелігі – аудармашының ақын шығармаларының мазмұнын ғана емес, өлеңнің ішкі әуезін, ұйқасын, айтылу табиғатын да сақтауға ұмтылуында.
Абай шығармаларының қытай оқырмандарына жетуі екі ел арасындағы рухани байланыстың маңызды көрінісіне айналған. Қаламгердің айтуынша, Қытайда Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріне қызығушылық артып келеді. Ақын мұрасы түрлі мәдени ортада насихатталып, оның ой-толғамдары қытай оқырмандарына таныла бастаған.
Сондай-ақ дәрісте Қытай мен Қазақстан арасындағы кітап алмасу, көркем аударма мәселесі де кеңінен қозғалды. Әкбар Мәжиттің айтуынша, Қытайда әлем әдебиетінің жаңа туындыларын өз тіліне аудару ісі жүйелі жолға қойылған. Америкада, Еуропада немесе Латын Америкасында жарық көрген елеулі шығармалар қысқа мерзім ішінде қытай тіліне аударылып, оқырманға ұсынылады. Ол мұндай тәжірибенің Қазақстан үшін де маңызды екенін атап өтті. Әсіресе екі ел арасында аударма ісін жандандыру арқылы бір-бірінің әдеби жаңалықтарынан дер кезінде хабардар болуға мүмкіндік берер еді.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында алдағы бес жылда 50 кітап аудару жөнінде келісім жасалғанын, оның 25-і қазақ әдебиетінен қытай тіліне, қалған 25-і қытай әдебиетінен қазақ тіліне тәржімалануы жоспарланған. Бұл бастаманың жүзеге асуы екі елдің әдеби кеңістігін жақындастырып қана қоймай, қазақ авторларының үлкен оқырман аудиториясына жол ашуына мүмкіндік береді.
Қытайдағы қазақ әдебиетінің жаңа буыны
Дәрістің тағы бір маңызды арнасы – Қытайдағы қазақ әдебиетінің қазіргі тынысы болды. Әкбар Мәжит кейінгі жылдары Шыңжаңдағы қазақ жастарының шығармашылыққа бет бұрып, кітап шығарып, қытай тіліндегі әдеби ортада танылып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, жаңа буын өкілдерінің шығармалары оқырман назарын аударып, әдеби байқауларда да бағаланып жүр. Бұл – Қытайдағы қазақ әдебиетінің жалғастығы мен жаңаруын аңғартатын құбылыс.
– Жыл сайын кем дегенде үш-бес жаңа жазушыны оқырманға таныстыру керек. Әйтпесе үнемі бұрынғы авторларды оқи берсе, оқырман да жалығады. Жаңа есімдер әдебиетке жаңа тыныс әкеледі, – деді ол.
Сондай-ақ Бейжіңде домбыра үйренген Ли Ухуй есімді қытай қызы Алматыда жеке музыкалық кешін өткізгеннен кейін Қытайда домбыра үйреніп жүрген балалар қатары көбейген. Қаламгердің айтуынша мұндай мысалдар мәдениеттің бір халықтың шеңберінде қалып қоймай, өзге жұрттың да рухани өміріне ене алатынын көрсетеді.
Кездесудің соңына қарай Әкбар Мәжит жазушылық өнердің табиғаты туралы ой бөлісті. Ол қытай әдебиетінің көрнекті өкілі Ван Мэннің шығармашылық тәжірибесіне тоқталып, жазушының өмірді бақылап қана қоймай, оны бастан кешіруі, есте сақтауы және көркем шығарма арқылы оқырманға жеткізуі маңызды екенін айтты.
Осы орайда қаламгер жазушы Бао Мэннің: «Алдымен өмірді бастан кешіреді. Одан соң бастан кешкен өмірді ұмытпайды. Үшіншісі – ұмытпаған өмірін жазып, елге көрсетеді», – деген сөзін мысалға келтірді.
Дәрістен кейін қатысушылар қаламгерге сұрақтарын қойып, Қытайдағы қазақ әдебиетінің бүгінгі жағдайы, аударма ісінің келешегі және екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты дамыту жолдары жөнінде пікір алмасты.
