Осыдан аттай отыз үш жыл бұрын, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының рәміздері дүниеге келген болатын. Рәміздер – кез келген мемлекеттің дербестігін айқындайтын басты нышандардың бірі болғандықтан, бұл еліміздің тәуелсіздігі тарихындағы аса маңызды қадамдардың бірі болғаны анық еді.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, Туы, Елтаңбасы, Әнұраны – жас тәуелсіз мемлекеттің өткені мен бүгінгі тарихынан хабардар етіп, елдің болашаққа деген арман-мақсатын танытатын біреге шығармашылық туынды ретінде көрініс табуы қажет еді. Солай болды да.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы. Еуразияның жалпақ төсіндегі ұшқан құстың қанаты талатын шетсіз-шексіз қазақ даласының мәңгілік көк күмбезі іспетті ашық көгілдір түсті матаның қақ ортасында шаңқай түс қалпында жарқырай нұрын шашқан алтын күн. Алтын күннің астында қанатын еркіндей керіп самғаған қыран бүркіт! Бұл атрибуттардың барлығы да біздің ұлттық санамызда бағзыдан бері қалыптасып кодталған таным-түсінігіміздің бейнелік көрінісі.
Сонау бастан, о бастан
Жаралғалы қара жер,
Жаралғалы көк аспан,
Естеми мен Бумынның
Адамзаттан бағы асқан.
Төрт бұрышы дүниенің,
Соларменен санасқан. (Қ.Мырза-Әлінің еркін аудармасы).
Тастағы жазуларда ап-айқын бәдізделген арғы тарих меңзеп тұрғанындай, Көк Аспан мен Қара Жердің ортасында алшаң басқан бағзы бабалардың өр рухын бүгінгі ұрпақ сезіну маңызды еді.
Қыран бүркіт – асқан батылдық пен күштіліктің, еркіндіктің нышаны. Қыран бүркітті баптау кәсібінің майталманын құсбегі, атап, оны сейілдік өнер деңгейіне шығарып саятшы атап, ХХІ ғасырға бар болмыс-бояуымен жеткізген әлемдегі бірден бір халық – қазақ-ақ болар.
Көк тудың желбірегені –
жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес,
маған керегі –
Көк тудың желбірегені!
Ақын Алмас Ахметбекұлы мен композитор Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнін – қапысыз әзірленген асқақ көк байрағымыздың құдіретті әсерін, мән-маңызын жан жүрегінен өткізе сезініп шығарылған қапысыз туынды десек болар.
Қазақстанның Елтаңбасы. «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,. Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!» - деп ақылдың ақыны Қадыр Мырза-Әлі арғы-бергіні меңзей, дәл тауып айтқан ғой. Сонау ғұндер мен сақтар дәуірінен бастап, күні кешегі Алтынордаға дейінгі тарихта ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен алып империялар құрып, адамның киімі түгілі ат әбзелдеріне дейін алтынмен әшекейлеп, еңселі ақ ордасын арба үстіне орнатып, ай мүйіздеп арғымақ мінген арғы күннің айбарлы да айшықты атрибуттары Елтаңбамызда айқын көрініс тапқан. Ондағы әрбір нышанның өз мәні бар. Олардың бәрін арқалана, марқалана тарқата айтып-жазуға да біршама уақыт кетері сөзсіз.

Қазақстанның Әнұраны. Қазақстанның Әнұраны тарихы алдыңғы екі рәмізге қарағанда сәл ерекшелеу. Әнұран тарихы 1992-2006 жылдар және 2006 жылдан бергі деген екі кезеңнен тұрады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы сындарлы кезеңде халқымыздың сан ғасырлық арманы мен мұратын, мемлекет құраушы қазақ халқы мен осы елдің демографиялық құрамын, елдің ұстанған зайырлылық бағытын қамтитын жаңа әнұранды әзірлеу конкурсына келіп түскен 750 жоба арасынан комиссияның талап үдесінен шығып лайықты деп танылған шығармашылық топтың құрамы болып мәтінін жазған ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева және әнін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамидилер танылды.
Осынау тізімге қарасаңыз да қазақ қоғамының тарихи-дәстүрлі құрылымы, әйел затына деген құрметі, ұлтаралық татулық, ескі мен жаңаның сабақтастығы, өткенге құрмет жатқаны анық аңғарылып тұрған жоқ па?
Жаралған намыстан , қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты – халықта,
Халықтың қуаты – бірлікте!
Гимн – айбар мен қуатты, аңсар мен мұратты танытатын, рухты да салтанатты музыкалық туынды. Әлемдік тәжірибеде өзге жұрттардың назарын бірден аударып, елең еткізіп көкейге қона қалатын гимнге ие мемлекеттер баршылық. 1945 жылы бекітілген Советтік Қазақстанның Гимні – кейінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының Әнұраны да осы тұрғыда сәтті шыққан музыкалық туынды болатын.
2006 жылы 7 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Әнұранға қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов пен «вальс королі» атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық тандемі арқылы 1956 жылы дүниеге келген «Менің Қазақстаным» атты тағдырлы әні негіз болды.
Қазақ халқының ұлттық патриоттық рухын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін, елімізде салтанат құрған бірлік пен берекені, татулық пен достықты бейнелейтін бұл әуен 2006 жылға дейін де халық арасында жарты ғасыр жүзінде кеңінен танымал болатын.
...Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің түпнұсқа мәтініне енгізген өзгертулеріне сәйкес, Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Әнұран авторлары тізіміне енгізілді.

Содан бергі жиырмаға жуық жыл жүзінде халықаралық ресми мәртебелі, айтулы іс-шараларда, дүниежүзілік олимпиадалық ойындар мен құрлықтық, дүниежүзілік спорт сайыстарында саңлақтарымыз жеңістің ең биік тұғырына көтерілген кезде Қазақстанның Туы көтеріліп, Әнұраны ойнатылып келеді. Бұл – барша ел тұрғындарына зор рух сыйлайды, кеудені мақтаныш кернейді. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі күшейеді. Оны қорғауға деген іштей парыз бен жауапкершілігі артады.
Ата-бабалар сан ғасыр жүзінде аңсап өткен, кешегі-бүгінгі ұрпақ қол жеткізіп жемісін жеп отырған ТӘУЕЛСІЗДІК мызғымас мәңгілік болсын! ЕЛТАҢБАМЫЗ мәртебелі төрде жарқырап, КӨК ТУЫМЫЗ биікте самғап, ӘНҰРАНЫМЫЗ кеудені керней шырқалып, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА салтанат құрған бейбітшілік мәңгілік баянды болғай!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.