Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Республика күні қарсаңында қаламгерлер мемлекеттік...

Республика күні қарсаңында қаламгерлер мемлекеттік марапатқа ие болды...

24.10.2025

3959

Республика күні қарсаңында қаламгерлер мемлекеттік марапатқа ие болды... - adebiportal.kz

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. 

Еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатарында бір топ қаламгерлеріміз де  бар.  

Ойлы жырларымен, өңірдегі ұйымдастырушылық істерімен танылып жүрген абайлық ақын Мерей  Қарт, проза жанрында өзіндік қолтаңбасын танытқан жазушы Рысбек Дәбей, әлем әдебиетін қазақ тілінде сөйлетуде елеулі еңбек сіңірген филолог, аудармашы Назгүл Қожабек, жазушы Жанар Әбдішова, жазушы Мақсат Мәлік, жазушы Бейбіт Сарыбай,  Магамедин Обылкасымовтар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Отандық журналистиканың дамуына сіңірген айтулы еңбегі үшін I дәрежелі «Барыс» орденімен аға буын журналист, редактор, публицист Сергей Харченко наградталды. 

Қазақтың жыраулық, жыршылық дәстүрін саф күйінде сақтап қазіргі дәуірге жеткізуші, әйгілі Сыр сүлейлерінің  жалғасы Алмас Алматов, қазақ айтыс өнерінің аға буын өкілі, алтын дәуірінің куәсі болған қостанайлық айтыскер ақын Әсия Беркеновалардың ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталуын мемлекеттің халық ауыз әдебиетіне, синкретті өнеріне жасаған құрметі деп білеміз.

Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани кемелденуіне және зияткерлік әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін белгілі ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және өндіріс саласының өкілдеріне «Парасат» ордені берілді. 

Қарт Шыңғыс қыр арқадан қиқуласа,

Орда тау орта тұстан тың тыңдаса.

«Қасқабұлақ» бола ма, Қасқабұлақ,

Қасқабас, қарыс маңдай ұл тумаса, - 

деп қасиетті топырақ Шыңғыстауын жырлаған айтулы ақын Төлеген Жанғалиев «Парасат» орденімен марапатталды. Қазақ поэзиясына өзіндік лебімен келіп, елшіл ақын, сыршыл ақын атанған Ғалым Жайлыбай шығармашылығы өлеңсүйер қауымға етене таныс. 

Ақша қардайсың,

Ақша маңдайсың,

Сағынышымды айттым сағымға.

Жүгіріп өткен ақ самалдайсың

Сәуірдің сәруар шағында.

Сарғайып санам сені іздеуші еді,

Сарылуға да жан шыдар.

Өмір мен Өлең...

Егіз деуші еді —

Сол сөздің жаны бар шығар..., - 

деп ақынның өзі жырлағанындай, өмірін өлеңмен егіздей жырлаған ақеділ ақын Ғалым Жайылбай «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ ардагер журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жақыпжан Нұрғожаев та «Парасат» орденімен наградталды.

Қазақ айтысының жаңа ғасыр тоғысында шамын жаққан бір шоғыр айтыскерлердің алдыңғы легінде Аманжол Әлтайдың есімі аталады. Бір заманда жазып алып, оқып айтысатын деңгейге түскен айтыс өзінің алтын дәуірінде жан жақты жарқырай түскен болатын. Айтыс сахнасында қыздырмалы қызбалықтан ада, сән-салтанатты сабырлы қалпымен-ақ қарсыласын қапысыз бағындыра білуімен танылған ақынның өз сөз саптауларында:

Даланың перзентімін қыр баптаған,

Қараша қоңыр үйде құндақтаған.

Парсының кілемінен бағалырақ

Анам басқан текемет, сырмақ маған.

...Бораны да ерекше туған жердің,

Бұл менің сөзім емес құр мақтаған.

Жұмақ табиғатынан өзге елдің

Астанамның аязы қымбат маған, - 

деп туған ел мен жерді, оның салты мен дәстүрін сүюді насихаттағанын көреміз. Бүгіндері заң шығару билігінде ел аманатын арқалаған ақын Аманжол Әлтай «Парасат» орденімен марапатталды.

Отандық журналистика ардагері Елена Брусиловская «Парасат» орденімен наградталды.
«Әдебиетке ең керегі – қоғамның ішкі өміріне, адамның жан-дүниесіне үңіле білу. Осы үрдіс, үдеріс Сәкен Сыбанбайдың әр туындысына тән. Сол үшін де оны жақсы көрем. Өзінің кісілік келбеті де ұнамды. Бойында бір табиғи мәдениеттілік бар. Тәрбиесі жақсы болған ғой деп топшылаймын», - деп шығармашылығына қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік лайықты бағасын берген талантты жазушы, журналист, публицист Сәкен Сыбанбай, ойлы жырларымен танылған талантты ақын, қаламы қарымды журналист Талғат Ешенұлы және «Менің шешелерім» әңгімесінен бастап, оқырман қауымды елең еткізген қарымды прозасымен, телеарнадағы, желідегі бұрынғы-соңды танымдық-мазмұнды әрі өткір сұхбаттарымен дараланған қаламгер Қанат Тілеуханұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. Жазушы, журналист Талғат Айтбайұлы, ақын, аудармашы, журналист Алмат Исәділ, ақын, аудармашы Сағынгерей Байменов, жазушы, публицист Көлбай Адырбеков те «Құрмет» орденімен наградталды.

Танымал жазушы, публицист Әшірбек Көпішев, көрнекті журналист, жазушы Марат Тоқашбаев, әдебиеттанушы ғалым Дандай Ысқақұлы, жазушы Сүлеймен Мәмет, белгілі ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы және айтыскер, ақын, ұстаз Серікзат Дүйсенғазин «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  атағына ие болды. 

1984-1999 жылдары аралығында беріліп келген «Қазақстанның халық жазушысы» атағы көп жылдық үзілістен кейін 2023 жылдан бері қайтадан беріле бастағаны белгілі. Биылғы жылы бұл құрметті атақ қазақтың көрнекті ақыны Марфуға Айтқожа мен сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлына берілді.

Еліміздің өсіп-өркендеуіне шығармашылық қуатын, қалам қарымын жұмсап қажырлы еңбек етіп келе жатқан рухани туындыгер қауымды Республика күніне орай ие болып жатқан марапаттарымен құттықтаймыз! Әрқайсыңыз атақ-марапатқа әбден лайықты, ел таныған елеулі тұлғасыздар. Алар асуларыңыз биік болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan