Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Роже Мартен дю Гар...

23.03.2022 3374

Роже Мартен дю Гар 14+

Роже Мартен дю Гар - adebiportal.kz

Роже Мартен дю Гар – атақты француз жазушысы. Атақты болғанда да анау-мынау емес, Нобель сыйлығының иегері. 1881 жылы 23 наурызда дүниеге келген. Заңгер әкесі көпке дейін ұлымнан түбі бірдеңе шығады деп көп ештеңеден үміттенбеді-ау деп топшылаймыз. Мартенді үйдегілер әуелі Париждің 9-шы округіндегі Кондорсе лицейіне береді. Алайда оқу үлгерімінің нашарлығынан болып үйден оқуға жібереді. Сөйтіп профессор Луи Меллериодан жеке сабақ алуға мәжбүр болады. Басқа сабақты қаншалықты қатырғанын бір құдай білсін, бірақ балақай профессор мұғалімінің алдына барып жүріп кітап оқуға деген құштарлығы оянады. Интеллектуалдық қайраткерлік туралы ойлай бастайды.

Хош. 17 жастағы Роже Мартен дю Гар енді Сорбоннаға түседі. Бірақ тағы сол, оқи алмай университеттен қуылып тынады. Сонда да алған бетінен қайтпаған ол Эколь де Шарт жоғары тарихи-архивтік мекемесіне қабылданады. Сөйтіп 1905 жылы палеограф-архивист мамандығын алып шығады. Роже Мартен дю Гардың әдебиетпен шұғылдана бастауы да осы жылдардан басталады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскер қатарына алынған Мартен Батыс майданында жауынгерлік борышын өтдейді. Соғыстан кейін әуелі Париж театрында істеп, ал 1920 жылы Орталық Францияға қоныс аударады да, әке-шешесінің имениесіне тұрақтап, өзінің атақты «Тибо отбасы» романына кіріседі.

Роже Мартен дю Гар алғашқы туындыларын жазған кезде Л.Н. Толстойға қатты еліктесе керек. Содан да болар, автор алғашқы екі романын жариялауға жарамсыз деп тауып, қолжазбасын түгел өртеп жібереді. Ал «Жан Баруа» романынан кейін танымал жазушыға айналады. Бұл шығармасында ол диалог пен тарихи құжаттарды жымдастырып берудің жаңа техникасын қолданады. Кітаптың қаһарманы, жас кезінде діннен безген католик өлім алдында оған қайта оралады. Романның жазылуына Дрейфус ісі мен салдары түрткі болған. Шығарма мотивінде зиялы қауымның әлеуметтік қызметтен түңілісі, саясаткерлікке, клерикализм мен антисемитизмге қарсы күрестен туған үмітсіздік жатыр.

Жаңа бір сөзімізде айтқанымыздай, Мартен дю Гардың артында қалған ірі шығармаларының бірі – «Тибо отбасы» романдар топтамасы. Онда ХХ ғасыр басында өмір сүрген бай буржуй Тибоның екі ұлының тағдыры баяндалады. Дәрігер Антуан (католик) мен революционер Жактың (протестант) өмірге деген көзқарастары әртүрлі, бірақ әрқайсысы белгілі бір дәрежеде авторға етене жақын. Бірінші дүниежүзілік соғыс Тибо отбасына ауыр соққы болып тиеді – Жак көз жұмады, ал Антуан газдан қатты уаланы. Ендігі үміт Тибоға жау ниетті протестант отбасынан шыққан Женни де Фонтанен мен Жактың ұлында ғана. Роман отбасылық хроника түрінде басталады да, бара-бара жаңа ғасырда жеке тұлғаның қалыптасуына ұласады. Отбасы автор үшін әлеуметтік бөлшек қана, ол сол арқылы қайшылыққа толы қоғам мен оның ішкі қайшылықтарын баяндайды.

Өмірінің соңында Мартен дю Гар кейіпкердің жетпіс жылдық ғұмырын қамтитын «Полковник Момордың күнделігі» романын бастаған болатын. Алайда, шығарманың соңғы нүктесінен жазушының ажалы бұрын жетіп, роман аяқталмай қалады. Сөйтіп қолжазба негізінде өзі өлгеннен кейін жарық көреді.

Роже Мартен дю Гар 1937 жылы адам болмысын бейнелеуде көркемдік құдырет пен ақиқатты таныта білгені және жаңа өмірдің маңызды тұстарын ақтарып көрсеткені үшін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иемденеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар