«Шушасыз Қарабақ, ал Қарабақсыз Әзербайжан болмайды».
Гейдар Әлиев
Ойнаумен өтсе бір күнің,
Ойлаумен өтер мың күнің.
Ғасырларменен сырласқан
Қарабақ – жері түркінің!
Төбемде күліп тұр күнім,
Көргенбіз тағдыр күркірін.
Әзербайжанның жүрегі
Қарабақ – жері түркінің!
Сылдырар суы ағындап,
Таулары тұрған дамылдап.
Түр-түрі өскен ағаштың,
Қарабақ деген – қалың бақ.
Бақыттың құсы қонған жер,
Тылсымға қойны толған жер.
Адамға алғаш мекен боп,
Түркіге бесік болған жер.
Айтатын болсақ аз-кемді,
Қарабақ – мекен қастерлі.
Әз мекен азат болғанда,
шаттанды көңіл, жас келді.
Қарабақ нені көрмеген?
Залымдар тұрды көлденең.
Қарыс жер жауға бұйыртпа,
жаныңнан артық жер деген!
Қарабақ нені көрмеген?
Елдікке қанат сермеген.
Өлсең де елді қорғап қал,
арыңнан артық ел деген!
Дастан боп шабыт шарықтар,
Оң-солын Әлем парықтар.
Тарихты білсін жас ұрпақ,
шындықты білсін халықтар!
****************
Қарабақ – жері түркінің
Әзербайжан Қарабаққа мұрагер,
Алынбайтын қамал болып тұра бер.
Ғасырлардан келе жатқан тарихқа
Кура менен Араз өзен куәгер.
Бұл Қарабақ келген сый ғой тағдырдан,
Елдік жолда болған талай жан құрбан.
Рухы мықты Қарабақтың хандығын
жаванширлік Панахали хан құрған.
Панахали Гераклмен тең күші,
Хандығына достың келер келгісі.
Әрбір тасы қорған болған Шушаға
Панахабад – соның тек бір белгісі.
Ғасырлардың үні бізге жетеді,
Белгілі ғой сырының мол екені.
Отаны бұл Молла Пенах Вагифтің,
Қарабақ, ол – Сары Ашугтың мекені.
Мынау өлке, ұлылардың кені бұл,
Хуршидбану Натеванның елі бұл.
Анау жерде Ашуг Пери жыр айтқан,
мысал жазған Закирлердің жері бұл.
Қарабақта өмір қыз-қыз қайнады,
Қарабақта көңіл гүлдей жайнады.
Сәмед бектің әскер құрған жері бұл,
Нежеф бектің мектеп ашқан аймағы.
Кезер болсаң тауы менен даласын,
Тарихты сен Қарабақтан табасың.
Ағартушы Фиридун бек Көчерли
осы жерде оятқан ел санасын.
Хосров бектің құжаттары қолда тұр,
Анау тұрған Сұлтан бек қой, ол – батыр.
Хақвердиев театр ашқан өлке бұл,
Ағаоғлы жүрген әне, жол жатыр.
Бұлбұл деген – шын өнердің қалыбы,
Хан Шушинский – көкке ғашық тау ұлы.
Үзейір бек – музыканың тарланы,
Юзиф Везир – әдебиеттің алыбы.
Бехбудов та мұнда өмір сүрген ғой,
Күллі адамзат Қарабақты білген ғой.
Симфония мен сюитаның атасы –
анау жерде Ниязилер жүрген ғой.
Қастерлі аймақ қаруларды қой деп тұр,
Адамзаттың әрбір күні той деп тұр.
Мына таулар таланттарды туғызған,
Қарабақтың әрбір тасы сөйлеп тұр!
*************
Қиянат
Мың сегіз жүз бесінші жыл болатын,
Жел ол кезде Ресей жақтан соғатын.
Қарабақты патша қосып алған ғой,
жабысып ап тас кенедей соратын...
Ибрахим хан болып еді соңғы үміт,
Өлтірді оны Ресей гүлдей солдырып.
Әзербайжан жерін жаулап алған соң
барлық ойы – қалып қою орнығып.
Орыс ойға келгенді істеп көсілді,
Ол өзіне жақтас санын өсірді.
Қарабаққа Түркия мен Ираннан
екі жүз мың армянды әкеп көшірді.
Келімсектер келе салып есірді...
Тегін жатқан мол байлыққа кенелді,
Қалай, қайтіп өмір сүрмек ел енді?
Басынғаны,
қайдан тапқан десеңші
келе сала төр менікі дегенді?!
Қарабақта қайран жүрек жұлқынды,
Қарабақта еркін көңіл бұлқынды.
Сай-саламен ағылып кеп көбейді,
көшіп келген армян салды қырғынды.
Келген армян қашырды ғой құтымды,
Қыз-қыз қайнап ашу талай жұтылды.
Қасиетті шаңыраққа қарамай,
келе сала келімсектер құтырды!
Әрбір оғы көпке өлім сепкендей,
Әрбір ойы заһар мен у төккендей.
Әзербайжан көрсе көзі қызарған
күллі армян банды болып кеткендей!
***********************
Намыс деген – өткір қанжар қындағы,
Естеліктер – ерімес мұз шыңдағы.
Армяндардың зобалаңын ұмытпа,
мың тоғыз жүз жиырмасыншы жылдағы.
Тарихты айтсам үгітілем,
егілем,
Сыр аңдаймын замананың лебінен.
Қарабаққа апта сайын, күн сайын
армян келді,
келе берді легімен.
Бау-бақшаны басып кетті шоңайна,
Өгей болу қасірет қой,
солай ма?
Әзербайжан күннен-күнге азайды,
өз елінде тепкі көрген оңай ма?!
Қастық ойлап елге жатса,
тұрса да,
Қырғын жасап құтырынды құл сана.
Сол армяндар бүлік салды Жәбрайыл,
Зангазурда, Жаваншир мен Шушада.
Бастан өтті небір нәубет,
қырғындар,
Жазықсызды қорладың ба?
– Тындыңдар.
Өлтірілген – бейбіт жандар, бауырлар,
зәбір көрген – қарапайым тұрғындар.
Көмектескен әзербайжан қайғы алды,
Армяндардың тойып,
ұрты майланды.
Кеше ғана қаңғып келген босқындар
енді міне, басқыншыға айналды.
Көреміз деп ойлап па едік мазақты?
Қайран халық тартты талай азапты.
Тау мен дала қалғандайын қансырап,
Қарабақтың жанарынан жас ақты!
Жылап тұрды күңіреніп Қарабақ,
Қарабақтың көңілінде қара дақ.
Осылайша дөңгеленіп дүние,
жау қолына көшкені ме бар алап?!
Бауырларым құйылса да құрыштан,
Қалжырады көтеріліс,
ұрыстан.
Әзербайжан алысқанмен,
амал не,
Қарабақты шығарды ғой уыстан...
Мың тоғыз жүз жиырма үштің жазында,
Армяндар көп, әзербайжан азында.
Қарабақтың автономдық облысы
құрылды да,
Шаумян тұрды басында.
Тәуір көрген түркілерді езгенді,
Степан Шаумян түсті бірден көзге енді.
Астанасы Ханкендидің атауы
Степанакерт болып мүлде өзгерді.
Құтырды ғой көрші елдерден ауғандар,
Істе – қысым,
ал сөзінде жалған бар.
Нахчыванды бөліп тастап әдейі,
Зангазурды тартып алды армяндар.
****************
Мұхит қой өмір,
ол жағын талай ескерем,
Замана – қайық,
мен болсам жай бір ескегі ем.
Бұл Әзербайжан жоғалып барып табылған,
бұл Әзербайжан нелерді бастан кешпеген?!
Көңілі – қайғы,
жүрегі – жара,
көзі – мұң,
Тұтас бір халық сынады тағдыр төзімін.
Әділдік пе бұл?!
Озбырлық көрер қалайша,
бұл Әзербайжан жерінде тұрып өзінің?!
Қанжарды қайрап,
намыс пен арды егеймін,
Болмаса жерім бай болсам дағы кедеймін.
Аманат болған қастерлі жерден айырылсақ,
сақтаған жаудан бабаларыма не деймін?!
Босқындар қаптап,
жиналды жаулар ал енді,
Құйтырқы жандар пысқырмас берген сәлемді.
Дәл осы сәтте бабалар келсе не дейміз,
тұлпарыменен жаулаған жарты әлемді?!
Не істейді екен Қарабақтағы ел енді,
Айрылдық жерден,
дерт басты бүкіл денемді.
Сақтай гөр, Құдай,
шығарған қайдан армяндар,
келе салып-ақ менікі бұл төр дегенді?!
Армяндар келіп тарихқа салды таңбасын,
Өткенім – жеңіс,
күтіп тұр енді алда сын.
«Ежелгі жауың ел болмас» деген бабалар,
бауырлар, байқа,
арқадан қанжар салмасын!
*****************
Қорған болған бұл Отан
Мың тоғыз жүз сексен сегіз. Ақпаны,
Армяндардың қаптап кетті қақпаны.
Қарабақтың депутаттар кеңесі –
күллі елдің көп телміріп баққаны.
Армян нөпір Қарабақтың ішінде,
Оларменен тең емес-ау күшім де.
Әзербайжан аз боп қалды,
әттең-ай,
армяндар көп депутаттар ішінде.
Кеше ғана ашқан халық есікті,
Көкейлерін жерді алу тесіпті.
Қарабақты депутаттар шуылдап
Арменияға берілсін деп «шешіпті».
Бұл Қарабақ ашқан құшақ басқаға,
Босқан елге болған еді баспана.
Қарабақты пана тұтып келгендер
енді оны сатып кетті,
масқара!
Түркілердің тауы менен даласы,
Көк пенен жер жылап тұр ғой, қарашы.
Қарабаққа жаны ашымас армянның,
Әзербайжан – Қарабақтың баласы!
Әз Отанды қалай жатқа беруде?
Бұл сұмдыққа болар қалай сенуге?
Әзербайжан наразы боп «шешімге»,
Әскеранда шықты бейбіт шеруге.
Ел дегенде асқазанға ас батпай,
Әнұранды шырқап шықты асқақтай.
Ұлтын сүйген әзербайжан жастары
қарсы тұрды жауған оққа қас қақпай.
«Өнер» шықты қаңғып келген қонақтан,
Түркілер-ай бар байлығын тонатқан!
Бөрілердей арыстанды талаған,
жау топталды бейбіт елге оқ атқан!
*******************
Дәл осы жыл.
Арменияда зобалаң,
Ол жақта да жапа шекті мол адам.
Әзербайжан көрсе бірден елірген
армяндарың халықты көп тонаған.
Алдыменен малды,
кейін жанды алды,
Әзербайжан халқы сұмдық сандалды.
Армяндарың көздеріне қан толып,
өлтірді ғой қарсыласқан жандарды.
Қайтпек керек көкейді құрт тескесін?
Адалдардың жолын арам кескесін.
Қарсы тұрды әзербайжан ұлдары,
көптің аты көп емес пе,
не істесін?
Нәсіп болмай,
бұйырмапты қалғанды,
Халық көші елге қарай жалғанды.
Армениядан Әзербайжан еліне
екі жүз мың әзербайжан ауған-ды.
Бір арланды мың ит жұлып талады,
Жарасынан қан тамшылап тамады.
Екі жүз мың әзербайжан көшкен жоқ,
екі жүз мың тағдыр көшіп барады!
Екі жүз мың өмір көшіп барады...
Сүйенетін елің барда құлатпас,
Барлық жерде әзербайжан мұраттас.
Қандастарға тірек болар Отаны,
Әзербайжан елі оларды жылатпас!
******************
Арман болған бұл Отан,
Қорған болған бұл Отан.
Панасызға көлеңке,
орман болған бұл Отан.
Оқ атылды тасадан,
Жау қиянат жасаған.
Үй де, жай да табылар,
болса екен бас аман!
Ардақ тұтсын хан басын,
Далада өліп қалмасын.
Әзербайжан қарсы алды
екі жүз мың қандасын.
Қалмау үшін мазаққа,
Түспеу үшін азапқа.
Орналасты бауырлар
Гянджа, Товуз, Газахқа.
Кірісті де шаруаға,
Түсті бір-бір арнаға.
Қоныс тепті бауырлар
Ханлар, Евлах, Бардаға.
Үлгі етіп қыранды,
Биік ұстап ұранды.
Әзербайжан тартты алға,
жылағандар жұбанды.
Өр халыққа сүйінем,
Ез халыққа күйінем.
Екі жүз мың адамға
орын берді үйінен.
Жау шекеден ұрғанда,
Қанды жоспар құрғанда.
Құламайды қандастар
Әзербайжан тұрғанда!
***************
Бөлінбейтін Әзербайжан жасасын!
Мың тоғыз жүз сексен тоғыз.
Қыркүйек,
Әзербайжан мәселесі үлкейед.
Неткен бақыт,
қуаныш бұл не деген,
Әзербайжан елі енді егемен!
Ел қуанды егемендік таңына,
Бірден хаттап жазып қойды Заңына:
Әзербайжан мынау өлке,
бар алап,
Елмен тұтас Нахчыван мен Қарабақ.
Бұл бақытты күтті халық мұншама,
Ал, армяндар,
«ішің күйсе тұз жала».
Қуаныштан көңіл шіркін, тасасың,
бөлінбейтін Әзербайжан жасасын!
********************
Мың тоғыз жүз тоқсан бірде.
Қараша,
Түркі әлемі қуануда балаша.
Автономдық облыс еді Қарабақ,
айтылатын бұрын ылғи даралап.
Қуан, дүние!
Жан да шіркін жайдары,
Бұл Қарабақ – Әзербайжан аймағы.
Осы жағдай бекітілді Заңменен,
жарасқандай салтанатым сәнменен.
Әкесімен кездескендей баласы,
Тұтасқандай елдің тау мен даласы.
Көңіліңнен қайғы-мұңды таса ғып,
Әзербайжан, қайта жаңар жасарып!
*******************
Отанды қорға
Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің жылында,
Қатыгез жау қанжар салды жұлынға.
Армяндарың соғыс бастап тосыннан,
Әзербайжан батты қанша шығынға!
Қанқұйлы жау салды басқа сарсаңды,
Қарабақты аламыз деп жар салды.
Иек артып әскеріне шетелдің
Армения Қарабаққа лаң салды.
Қолға түскен адамдарды қинапты,
Зорлық жасар нәпсілерін тыймапты.
Балабақша,
мектептерді атқылап,
ал үйлерді танкыменен қиратты.
Жау жақ күшті,
қаруы мол,
қолы ұзын,
Әзербайжан қайтіп жерін қорысын?
Қандай ғана жан шыдайды мұндайда,
мешіттерге қамағанда доңызын!
Қайран халық жылап-сықтап,
қайғы алды,
Кеуделерде ұлт намысы қайралды.
Жау әскері басып алған жерлерде
кітапхана атқораға айналды...
***************
Тоналды елдің ырысы,
Қайрат қыл, соғыс – дұрысы.
Жер қорғау үшін соғысу –
соғыс біткеннің ұлысы!
Ел қорғау үшін соғысу –
перзент біткеннің ұлы ісі!
Борышын ұлан ақтасын,
Әділдік жолын жақтасын.
Отан – Ананы сақтап қал,
жауға тапталып жатпасын!
Атамекенді қорғайтын
ерлерді бір Хақ сақтасын!
Тамырда қаны туласын,
Таңдасын жолдың турасын.
Атқа мін, аттан соғысқа,
анадан ұл боп туғасын!
Отанды қорға қас қақпай,
тайсалып қалу – ұлға сын!
Басталды соғыс еліңде,
Басталды қырғын жеріңде.
Қарабақ – көзде қарашық,
Әзербайжаным, шегінбе!
Қолыңда тұрсын автомат,
қанжарың тұрсын беліңде!
Қатарда қарты, жасы бар,
Сайының бір-бір тасы бар.
Жасасын рухты оғландар
жауының құтын қашырар.
Көр де тұр, әлі жау күйреп,
кешірім сұрап бас ұрар!
Бұзылмай тұрсын шеп алда,
Оқ өтпестейін ет, Алла.
Дұшпанды қуып тастаңдар,
бабалар үшін кек ал да.
Бүркіттей түйіл, әскерім,
Әзербайжаным, тек алға!
*******************
Ербол батыр
Әзербайжан, қазақтың бір тілеуі,
Заңдылық қой қатар жүріп түлеуі.
Әзербайжан елі үшін от кешкен –
Барымбетов Ербол – ердің біреуі.
Күні өтеді қорлық пенен мазақтың,
Қарабағым болар жаудан азат күн.
Жапа шексе әзербайжан бауырлар,
сыздамай ма жан-жүрегі қазақтың?!
Ар-намысын шығармаған уыстан,
Бір-бірінің мұң-қайғысын ұғысқан.
Біл, ұл-қыздар,
тамыры мен тегі бір,
қазақ пенен әзербайжан туысқан.
Жау соғысты бастағанда тосыннан,
Бейбіт халық еліктейін жосылған.
Әлем білсін Ербол деген қазақты,
Әзербайжан әскеріне қосылған.
Жарысқандай сайын дала желімен,
Күндіз-түні жүйрік аттай жел(і)ген.
Қарабақты қорғау үшін жаулардан
Ербол келді Қазақстан елінен.
Білесің бе Ербол деген ұланды?
Көмек берер ердің ісі ұнамды.
Қайтаруға басып алған жерлерді
ерікті боп Қарабаққа сұранды.
Ел дегенде өзін тіпті ұмытқан,
Жастайынан жер-дүниеден сыр ұққан.
Барымбетов Ербол деген хас батыр
десант болып Қапшағайда шыныққан.
Қарабаққа жау шапқанда өкініп,
Түсіндірді айтпастан еш өтірік.
Әзербайжан әскеріне қосылды
Салих деген замполиттен өтініп.
Қазақ келді Қарабақтың тауына,
Ербол келді Қарабақтың бауына.
Алпамыс пен Қобыландыдай түйілді
Ербол батыр шүйілгенде жауына.
Толық күшпен жан аямай шабысты,
Ербол жаумен Ер Тарғындай алысты.
Жаудың оғы тоқтата алмас қазақты,
танкылар да таптай алмас намысты!
Нағыз ерлер самғатады арманды,
Шын батырлар тәрк етеді жалғанды.
Қалай ғана жауға беріп қоймақшы
Қалбажар мен Газах деген ауданды?!
Олар аз-ақ,
жау дегенің қаншама!
Тас теседі тамшы баяу тамса да.
Ербол батыр мойымады, сынбады
аяғынан жараланып қалса да.
Жан жаралы азап шексе жақының,
Затына сай Ербол деген атының.
Қарабақты жау бүлдіріп жатқанда
госпитальда қалай жатсын батырың?
Күдер үзбей арайлаған таңдардан,
Қуат алып көкке ғашық заңғардан.
Толық әлі жазылмастан сұранып
алғы шепке қайта кетті Ханлардан.
Туысқандар досын қайта сапқа алды,
Батырымыз қайта түлеп шаттанды.
Барымбетов Ербол сардар,
бас болып,
тоғыз әскер жау тылына аттанды.
Жарылыстан,
шудан құлақ тұнад-ты,
Қаруы мол армян жағы қуатты.
Зеңбірек пен минометті жойды да,
тоғыз әскер елу жауды сұлатты.
Батырларым бітіргендей зор істі,
Жау әскері секунд сайын толысты.
Амал бар ма басқа түскен тағдырға,
тоғызы да қоршауда қап соғысты.
Перзентіне зор міндетті іліпті ел,
Қорықпайды болашақтан үмітті ер.
Ербол қайтпай әскеріне бұйырды:
«Соғысамыз.
Берілмеңдер, жігіттер»!
Баһадүрлер артқа қарай шегінбес,
Өлім дағы қорқытпайды еріңді еш.
Тастан берік әзербайжан әскері,
батыр қазақ жауына еш берілмес!
Қайтпас қайсар адамдардан жоқ күшті,
Төбеден де, жан-жақтан да от түсті.
Жалындаған жиырма жасар жігіттер
тоғызы да шаһит болды,
оққа ұшты.
**************
Тоғызын да кейін іздеп тауыпты,
Жерлеу үшін ақ табытқа салыпты.
Өлді деген тоғызының біреуі –
қансыраған Мехман тірі қалыпты!
Ер жігітке қандай сынақ келмеген?
Бұл Қарабақ айтшы, нені көрмеген?
Мехман деген тірі қалған оғланым
өр халықтың үміті ғой өлмеген!
Шейіт кету – таусылғаны азаптың,
«Шейіт – өлмес», осы сөзің ғажап тым.
Қарабақта шейіт болған Ерболым –
батыры ғой әзербайжан, қазақтың!
Ұмытпаңдар түннен кейін күн барын,
Даладан соң таулар менен шың барын.
Мәңгілікке ұмытпайды Қарабақ
ел қорғауда шейіт болған ұлдарын!
Сен де ұмытпа,
ей, ұрпағым,
тыңдағын!
*****************
Ганира
Әзербайжан қыздарында ар, иба,
Елді сүю жігеріңді жани ма?
Жараланған әскерлерді емдеді
дәрігерлік оқудағы Ганира.
Жаралылар қаптап кетті елде енді,
Барлығына орын жетпей сенделді.
Қарабақтан жаралылар көп келді,
қаншамасы дауа тауып емделді?!
Жаралылар толтырғандай тізімді,
Аурухана алдында көп тізілді.
Тепсе темір үзетұғын оғландар
Ганираның көз алдында үзілді.
Сыйынумен көкке қолды жайғанда,
Суық хабар келіп жатты қайдан да.
Элчин, Шакир, Самир менен Азер де
жау қолынан шейіт болды майданда.
Соғыс зардап әкелді ғой әр үйге,
Қайғы бірден ұмытылмас, әрине.
Қайтіп қана жан шыдайды қарауға,
бір қолынан айырылған Әлиге?!
Қарабақта күңіренді боз қырлар,
Шуша жақтан жақсы хабар тостыңдар.
Ханкендиден, Зангазур мен Гөйчеден
күнде-күнде ағылды ғой босқындар.
Әзербайжан аялаған,
баптаған,
Әз мекенді жат жұрт жаншып,
таптаған.
Қырылды да бір тұрғыны қалмастан,
аңырады Қарадаглы, Ақтабан.
Қарабақтан қуды армян күнде елді,
Ерте жұлып тастағандай гүлдерді.
Халық әлі ұмытпайды кешегі
Хожалыда қырғын болған күндерді.
Дұшпандардың талабында өзек жоқ,
Орыс тұрды армяндармен көсеп шоқ.
Шуша, Лашын, Қалбажар мен Агдамнан
келіп жатқан есіл жұртта есеп жоқ.
Қарабаққа қайтатын жол жабылды,
Босқан елге Отаннан жер табылды.
Зенгиланнан, Кубадлы мен Жебраил,
Физулиден қашқан халық ағылды.
Армян сілтеп оңды-солды қамшыны,
Өз жерінен қуып елді жаншыды.
Көргеннен соң осылардың барлығын
Ганираның ет жүрегі шаншыды.
Қатыгез жау көпірлерді жарыпты,
Баспанасын тастап ел-жұрт зарықты.
Әзербайжан Қарабақтан жер ауған
паналатты бір миллион халықты!
Үрейлерін халық жеңіп,
жоя алды,
Бүлдіршіндер атқылаудан оянды.
Әттең... әттең...
бомбы түскен үйлерде
ойыншықтар қызыл қанға боялды...
Қаруланған түрі сұсты жауым бар,
Аттанбасаң ұлы міндет ауырлар.
Қарабақты азат етіп қайтуға
кетіп жатты әзербайжан бауырлар.
Ұмытылмас ел боп мехнат шеккенің,
Армяндардың бұза алмадық шептерін.
Бұл соғыстан мүгедектер көбейіп,
балалардың күйік шалды беттерін...
Ұмытылмас ауыр күндер елдегі,
Келген халық еңбек етіп терледі.
Ата-анасын асырауға тырысқан
балалардың майысты ғой белдері.
Адал перзент Отанды ойлап жүреді,
Лүп-лүп етіп елін сүйген жүрегі.
Мұның бәрін көріп жүрген Ганира
жермен бірге,
елмен бірге жүдеді.
Жау жаулады өзен судың тұнығын,
Жерім кетіп үзілгендей жұлыным.
Қарабақты жаулап алды армяндар
енесінен айырғандай құлынын.
Көмектесер бір Хақ жоспар құрғанға,
Күрескер рух жеңбей тұрып тынған ба?
Ганира қыз ән салмаймын деп шешті
Қарабағым жау қолында тұрғанда!
Ер ел үшін айналады қорғанға,
Ел ер үшін айналады орманға.
Ганира қыз билемеймін деп шешті
Қарабағым жау қолында болғанда!
***********************
Аманат
Бөрі ұрпақ!
Бар жарамыз емделсін,
Дұшпан бізге төтей алмай сендесін.
Ана сүтін емген мұңсыз сәбилер,
Қарабақты қайтаратын сендерсің!
Соғыс тоқтап,
елге бейбіт күн келсін,
Отан – Ана жан жарасын білдірсін.
Қарабақты қайтарыңдар күн туса,
өсіп келе жатқан тәтті бүлдіршін!
Сөйле, қалам!
Жайды айтып бүгінгі,
Әз Қарабақ танымастай бүлінді.
Жау қолында қалған жерлер картасы
балабақша,
мектептерге інінді.
Қайта жайқалт өспей қалған бауыңды,
Қарабаққа қайта көшір қауымды.
Күн туғанда қайтарып ал, жас ұрпақ,
картадағы әр аудан мен ауылды.
Үміттенші әрбір таңың атқанда,
Дұға тіле көңілің гүл таққанда.
Аманатта Қарабақты ұрпаққа
соңғы демің шығып бара жатқанда.
*******************
Аттану
Екі мың да жиырмасыншы жыл еді,
Қыркүйекте күн тамылжып тұр еді.
Қарабақты алғанымен тоқтамай,
құтырынып, жау сақылдап күледі.
Қалған жер де біздікі деп қызғанды,
Шабуылды үдетті жау ызғарлы.
Бұған дейін армян жағы содырдай
келісімді қайта-қайта бұзған-ды.
Сенімсізбен көрші тұру қауіпті,
Әзербайжан шыдай-шыдай жалықты.
Қандай ғана жан төзеді мұндайда
бейбіт кезде атса жаулар халықты?!
Төзе берсең тоналады ырысың,
Жұдырықтай жұмылу да ұлы ісің.
Қандай халық шыдайды екен ессіз жау
қайта-қайта алса елдің тынышын!
Шошынғаннан құстар ұшты дүр етіп,
Зеңбіректен жер қозғалар дір етіп.
Қарабақтан оқ жаудырды армяндар
жорықтар мен шабуылын үдетіп.
Даналардай оң мен солын екшеген,
Рухты елді езе алмайсың өкшемен.
Қарабақты алғанымен тоқтамай,
қанқұйлы жау жаңа жерлер көксеген.
Ел қорғауда тұрсын қару қолыңда,
Келді сәтің.
Аманатты орында.
Алға ұмтылды Әзербайжан әскері
тұтастығын сақтап қалу жолында.
Әзербайжан,
толысты енді қуатың,
Жау қолында өзен,
тау мен қыратың.
Білесің бе, жау тоқтату бір бөлек,
Отаныңды азат ету – мұратың!
Олжасына тіке түсер қырандар,
Әзербайжан ұлдар ел деп ұрандар.
Алға ұмтыл!
Ұлы дүбір басталды,
Қарабақты жаудан босат, ұландар!
******************
Аспанды бұлттар торлады,
құрысты бүкіл жан, денем.
Соғысу оңай болмады
бекініп алған жауменен.
Азаттық үшін күн толып,
бақыт қой күшті ақтару.
Сезетін болсаң бұл жорық –
отыз жыл күткен аттану.
Көңілге сенім толады,
айтатын болсақ аз-кемнен.
Қарабақ азат болады
арыстан жүрек әскермен!
***************
Оғландар
Жаудан әскер қыңбады,
Президентті тыңдады.
Көрсетуде ерлікті
Әзербайжан ұлдары.
Білсін кінә таққанды,
Көрсет елді шапқанды.
Хамидаға капитан
алғы шепке аттанды.
Шепке бастар ар оны,
Кекке бастар қан оны.
Тоқтата алмас жауларың
Спецназдағы Шамоны.
Жау танкысын қозғалтқан,
Ер намысын қоздатқан.
Самир кетті алдыға
құралайды көзге атқан.
Жасықтарға күйінем,
Жалын жасқа сүйінем.
Мұрат жауға аттанды
қоштаспастан үйімен.
Алда майдан ашылды,
Ердің даңқын асырды.
Зеңбірекші Гусейн
жаудың құтын қашырды.
Тұманданып тұр алап,
Әскерлерді сынамақ.
Мұса кетті танкымен
қашқан жауды қуалап.
Сарбаздарым қоңдырақ,
Техника да оңдырақ.
Әкбар отыр дұшпанды
«Байрақтармен» бомбылап.
Берілді де «кәдесі»,
Сөнді сұмның дәмесі.
«Аллаху акбар» дегенде
ұшты жаудың зәресі.
Ашынған ер қиын-ды,
Жау сүйегі үйілді.
Қашқан қызыл түлкіге
қыран қатты шүйілді.
Азаттықтың жолында,
Байрағың бар қолыңда.
Ел намысы дегенде
айбаттанар момын да.
Жау тигенде қонысқа,
Қарсы шабар жол ұста.
Қаптап кетті жер-жерден
сұранғандар соғысқа.
Дайында ел, ұлыңды,
Қозды кегің бұрынғы.
Әзербайжан түйіліп,
жұдырықтай жұмылды.
**************
Алға, әскер!
Әскерменен елге сенім таралар,
Сенім болса тез жазылар жаралар.
Қарабақтың тамырына қан келді,
қайтарылды ауыл,
аудан,
қалалар.
Бұл соғыста Әзербайжан ұтып тұр,
Сарқылуда,
жау шамасы бітіп тұр.
Физули мен Жебраил, Зенгилан,
балаларын үмітпенен күтіп тұр.
Қарабақтан таң атуда арайлап,
Енді жаудан азат болар бар аймақ.
Губадлы мен Агдам, Лашын, Қалбажар
перзенттерін күтіп тұр ғой қарайлап.
Алға қарай адымда деп тұрса түн,
Тағдыр қалап беріп тұрған мұрсатын.
Сай-саладан ағылып кеп әскерлер,
Шушаны да азат етер күн жақын.
Қару ұстап,
жорыққа алар затыңды үй,
Жеңіс күнін тойлайтұғын жақын би.
Шиебөрі қашып барад тобымен,
«қашқан жауға білсең тіпті қатын би».
Алға, әскер!
Жеңіс күні жақындар,
Ер түркіден ұл боп туған атың бар.
Бар Әлемнің мақтанышы сендерсің,
жау танкысын тартып алған батырлар!
**************
Жылаған жер
Адам аңдай қатыгездік келгенде,
Жер жылайды қауіп-қатер төнгенде.
Қандай ғана сұмдықтарға кез болдық
Қарабақты қайта айналып келгенде.
Азат жерге Губадлыны қосқасын,
Сұмдық жайды ақын жаймен қозғасын.
Ғасырлардың көзі болған мешітке
армяндарың кіргізіпті шошқасын!
Жаулар тонап Агдамды да жылатқан,
Талан-тараж,
қиратуды ұнатқан.
Панахали ханның құртып сарайын,
тұлғалардың кесенесін құлатқан.
Өкініш қой өртеу үшін от алған,
Жайнап тұрған не қалдырды Отаннан?
Музейлерді тракторымен тегістеп,
мектептерді танкісімен қопарған.
Ғасырлар мен жылдар бойы қорғалған,
Ең ежелгі үңгірлер-ай ор болған!
Қару-жарақ қоймасына айналған
Лашындағы кітапхана-ай қор болған!
Есірме жау!
Күнің туды сұралар,
Бүлдіргендер қайтіп жерде жүре алар?
Жауынгердей бүк түсті де құлады
бабалардан қалған асыл мұралар.
Заманамен Қарабаққа жарысам,
Ер түркілер, намысыңды жанысам.
Жау қашқанда өртеп кеткен үйлерді
қайтіп жырлап,
қалай айтып тауысам?!
Жауға қарсы аттанғанда жоқ арман,
Іздемеген жер картадан жоғалған.
Шыңғыруда өртке оранған Зенгилан,
Шуша қалам жылап тұрды тоналған.
****************
Ақпараттық соғыс
Жалған жаннан тез жүгіріп өткендей,
Шындық бүгін асу бермес өткелдей.
Дүниені дүр сілкінтіп бұл күнде
ақпараттық соғыс жайлап кеткендей.
Тайталасқан жарық күн мен түндейміз,
Қурап тұрып қыста дағы гүлдейміз.
Ақ-қарасын айыра алмай дал болып,
кімдікі жөн екенін де білмейміз.
Көп елдерің серік етті зорлықты,
Әлсіз болсаң көрсетеді қорлықты.
Жаһандану дәуірінде заңдылық –
ақпаратты кімнен алсақ сол мықты.
Ақ-қараны айырмаған не дейді?
Өтіріктер кептіргендей көмейді.
Қарабақты азат етер соғыста
армян жақтан фейк ақпарат көбейді.
Жеңе алмайсың жеңісті шын аңсамай,
Әр сарайды танытады жан сарай.
Ер, президент, тұлға Ильһам Әлиев
жер-жаһанға сұхбат берді шаршамай!
«Қарабаққа біздің әскер өтіп тұр»,
Тұран даңқы бар әлемге кетіп тұр.
«Басқа елден ешбір сарбаз келген жоқ,
өзіміздің жүз мың әскер жетіп тұр».
Әр ісімен сейілтетін тұманды,
Шын сөйлейтін жан қашанда ұнамды.
Ер президент қитұрқы көп сұраққа
жауап беріп жойды барлық күмәнді.
«Босып келдің қозғар болсақ өткенді,
Ей, Пашинян, өшірме құр өкпеңді.
Біздікі деп даурықпаңдар бекерге,
Қарабақ, ол – Әзербайжан. Леп белгі».
Қарабақты қайтару – Хақ бұйрығы,
Ел бөлінбес. Құлағыңа құй мұны.
Сенбе, әлем армяндардың фейкіне,
«Бір-ақ тұтам өтіріктің құйрығы».
*********************
Рафаэль Ниязбек ақыны бастаған,
Дәулетбек Байтұрсынұлы да қостаған.
Қазақтар Қарабақ жайында жыр төкті,
Қосылды Алматы, Шымкент пен Астанам.
Жырымен қолдауын білдірді бауырлар,
Қарабақ күтіп тұр, азат ет басқадан!
Қырандар қырғидай шүйілді жауына,
Бөлінген мекенін еңсеріп тастаған!
**********************
Гянджаны атқылау
Дәл осы жыл.
Қазан айы,
оны еді,
Әлем қарап, Мәскеу жаққа төнеді.
Ақылдасып он сағаттай отырды,
Әзербайжан, Армян қағаз толтырды.
Қайта оралмау үшін соғыс, түтінге,
келді екі ел бейбіт өмір, бітімге.
*****************
Қайтадан шапты жау,
Айласын тапты жау.
Қазанның он бірі,
Гянджаны атты жау.
Түсірді қақпанға,
Тыныштық тапқанда.
Атты ғой бейбіт ел
ұйқыда жатқанда.
Естіді дүрсілді,
Айнала күл сынды.
Төрт қабат үйлерде
бейбіт ел күрсінді.
Аулада толы адам,
Табылды моладан.
Өмірге тым ғашық
өлді ғой он адам.
Қорғайды елімді ер,
Кек алар, сеніңдер.
Неге аттың Гянджаны,
жауабын беріңдер!
Жалмады жақынды,
Сұраймын ақымды.
Тып-тыныш қалаға
зымыран атылды!
Білместен шаманы,
Атты ғой баланы.
Қан-жоса боп жатыр
отыз бес жаралы...
Айта алман арғысын,
Ұшқандай жан – құсым.
Жаудырды дұшпанға
бар әлем қарғысын!
*************
Бұл Гянджаның төрт жүз мыңдай жан саны,
Әскері жоқ,
қорғалмаған жан-жағы.
Дәл сол жылы он жетінші қазанда
Армениядан атты тағы Гянджаны.
Бейбіт елді атқанға бақ қонбас та,
Қаза болған тұрғын орны толмас та.
Не құны бар бейбіт жатқан қалада,
нақ майданды атқыласа жөн басқа.
Жырқыштық бұл,
адам ғой деп санама,
Гянджаны ату – құрт түскені санаға.
Сұмдық қой бұл!
Не ақысы бар екен
шырт ұйқыда жатқан бала-шағада?!
Бәрібір де Әзербайжан жоғары,
Қанды қырғын ұмытылған жоқ әлі.
Көрлеріңде өкіртеді,
көр де тұр,
қаза болған он үш жанның обалы!
Армяндарда болмас енді нұрлы арман,
Отты көздер төніп тұрар қырлардан.
Үш зымыран келіп түскен Гянджаға,
үш баланың өмірі ғой ұрланған!
Пасық жаудың жеткені осы шамасы,
Қабақ түйді адамзаттың баласы.
Елу үш жан жараланды әп сәтте,
ал ол жара – тұтас елдің жарасы!
****************
Ильхам Әлиевтің үндеуі
Сұмдығын жаудың білді ғой басқа елдер де,
Жаралы жанды желге ұшқан сөздер емдер ме?
Тағы да міне,
жасаймын үндеу жаңбырдай,
Әзербайжаным,
қара орман халқым, сендерге!
Бабадан қалған қайықтың мен бір ескегі ем,
Қарабағымның үміті ешбір өшпеген.
Жеңіс тұр алда,
рухыңды көтер,
қайрат қыл,
бұл Әзербайжан нелерді бастан кешпеген?!
Шушаны алу – әскердің ұлы арманы,
Дұшпанның өзі басына бәле таңдады.
Таусылды төзім.
Тып-тыныш жерді жау атты –
Гянджа мен Тәртәр, Агджабеди мен Барданы.
Бітімге келіп,
атады оқты қайтадан,
Күшіміз кемел ұрпақпен мықты,
айта алам.
Он жеті жылдай келісім жасап көрген ем,
жұдырық болып жұмылып енді қайтарам.
Қаймықпа, елім!
Қас қақпа елдік жолында,
Тұтассақ, халқым табылар алдан жоғым да.
«Бөлінбес Отан, шейіттер өлмес»,
біз барда,
Қарабақ – Ана тұрмайды жаудың қолында!
Азат ет, әскер,
тұтасқан тау мен даланы,
Күн сайын жауың қорқақтай қашып барады.
Тоқтамай енді соңына дейін барамыз,
майданда жүріп жауын аяған – жаралы.
Басқызба жауға бабадан қалған қонысты,
Кез келді, аттан!
Күшіміз әбден толысты.
Арыстан болып туылған нағыз ерлерге,
атқару ерлік перзенттік ұлы борышты!
******************
Әскер құстай ұша алды,
Жау аяғы тұсалды.
Әзербайжан оғланы,
әр үндеуден күш алды.
Жеңбей келме, дем алма,
Жеңісіңді бер, Алла!
Әзербайжан әскері,
Алға! Алға!
Тек алға!
*****************
Шушаны азат ету
«Алға!» деген басқа сөз естіместен,
Рухты ерлер тайсалмас еш күрестен.
Қияметтің күні кеп орнағандай,
соғыс болып жатқанда кескілескен.
Шушаны алмай ер көңіл жайланбады,
Ер ез болса жанады қайдан бағы?
Жанарында жұлдыздар жарқыраған
айналар ел батырдан майдандағы.
Ел қорғаған әрбір жан – алтын адам,
Сарбаздарың өзендей сарқыраған.
Шейіт болған ерлердің аты өлмейді,
ақ жүзінде сәуле бар жарқыраған.
Тасқа түскен бабалар таңбасындай,
Оғландарың ұлылар жалғасындай.
Шуша жаққа ағылды әскерлерің
сай-саладан аққан су арнасындай.
Су жоқ жерде топырақ та таза емес пе,
Жігерліге күзің де жаз емес пе?
Ғасырлардан әр тасы сөйлеп тұрған
Қарабақтың бұл Шуша тәжі емес пе?
Ер ұландар жерді азат етер енді,
Доңыз жайлап,
ластамас бетегемді.
Жау бүлдіріп мұрасын бабалардың,
сайрандады отыз жыл,
жетер енді!
***********************
Зеңбірекпен атпаймыз,
Әділдікті жақтаймыз.
Шабуылдап аламыз,
мұраларды сақтаймыз.
Елін ерлер сүйеді,
Отына да күйеді.
Зымыранмен атпаймыз,
мешіттерге тиеді.
Жау тізесі бүгілер,
Шушаны алсын бүгін ер.
Тастамаймыз бомбаны,
кесенелер бүлінер.
Көкке қанат сермейміз,
Жер жарасын емдейміз.
Жау келгенде бүлдірді,
біз келгенде жөндейміз.
Құстар ұшсын көгімде,
Гүлдер өнсін көңілге.
Жерді жаудан қайтару –
ең әділ іс өмірде!
**********************
Жеңіс сәті күннен-күнге жақындар,
Басқыншыдан алатұғын ақың бар.
Жебраил мен Физулиді, Зенгилан,
Губадлыны азат етті батырлар.
Шуша жаққа құлақтарын түріпті ел,
Бір арнаға тоғысқандай үміттер.
Үн шығармас жолбарыстай жылжыды
спецназдағы сай тасындай жігіттер.
Елін сүйген ерді Отан қолдайды,
Кеудедегі имани гүл солмайды.
Алға кетті ең таңдаулы ұландар
мақсат айқын – Шушаны алмай болмайды!
Жау олардың келетінін ескермес,
Рухты ерлер ештеңеден сескенбес.
Алға тартты тастай берік сарбаздар
әрқайсысы он әскерге дес бермес.
Қашанғы жау Қарабақта сайрандар,
Жерді азат етуден еш таймаңдар.
Тайсалмады Жүсіп, Рамис, Эльчиндер,
Тұран, Әли, Айхан, Угур, Байрамдар.
Шуша қала қорғандайын алынбас,
Заманамен,
ғасырлармен сарындас.
Жан-жүрегі Шуша болып дүрсілдеп,
Тауға қарай өрмеледі жалын жас.
Спецназдықтар ұран қосты ұранға,
Биік таулар бөгет емес қыранға.
Борап тұрған оққа қарсы оғландар
тау-таспенен көтерілді тұманда.
Шын батырлар жеңістерге бастаған,
Тілектес боп тұрды Шуша – тас қалам.
Ерлер рухын дастан етіп жырлаймын,
минометпен атса дағы қашпаған.
Қарабақты тоздырды жау қарамай,
Әзербайжан ұлына жер анадай.
Жау оғынан жасырынған әскерге
Қарабақтың әрбір тасы панадай.
Алды адыр,
қыраттар мен жондарды,
Оғландарға Құдай жолды оңғарды.
Тосқауыл боп жапты әскер алдымен
Шуша жаққа көмек келер жолдарды.
Ел көңілі ерлерімен самғайды,
Жаужүрек ер үміттерді жалғайды.
Алға, әскер!
Жау қоршауда,
Шушаға
Ханкендиден көмек келе алмайды.
Армян жақтың ынтымағы кетілген,
Әзербайжан жақта тәсіл жетілген.
Әскер Шуша қамал-қорған сыртында
жауды жойды тау-мен тасқа бекінген.
Шеңбер жасап ерлер жауды құрсады,
Жаралылар қан жоғалтып, сусады.
«Ер кезегі үшке дейін» деген рас,
шабуылдап алды әскер Шушаны.
Биік тұрып өткендерді байқаған,
Шуша – тарих мұрасына бай қалам.
Қуан халық!
Шуша қайта біздікі!
Қарабағым қайтарылды қайтадан!
****************
Жеңіс. Келісім
Екі мың жиырма.
Қарашаның онында,
Қарабақ тұр Әзербайжан қолында.
Бауырлас ел жетті ұлы жеңіске
әз Отанды азат ету жолында.
Отыз жылдай күткен бұл нақ жеңісім,
Отыз жылдан кейін берді жемісін.
Әзербайжан, Армения, Ресей бар,
үш ел бірге жасады бір келісім.
Халық енді шын бақытты,
жайдары,
Ұранды айт қырдағы мен сайдағы.
Жеңіс деген күш-жігері халықтың,
қырық төрт күн соғыс соның айғағы!
Бәле іздеген табар түбі бәлені,
Тыныштықта тұрсын Жердің әлемі.
Бақыт деген намыс пен рух,
бірлікте,
қырық төрт күн соғыс соның дәлелі!
***********************
Халыққа үндеу
Қуансын, көңіл, шарықта,
Жеңісті күнді парықта.
Президент Ильхам Әлиев
жолдады үндеу халыққа:
«Шегінді жаудың топтары,
Атылмас әскер оқтары.
Қырық төрт күнге созылған
бұл соғыс бүгін тоқтады.
Тік ұста халқым, басыңды,
Тауларға жолдар ашылды.
Келісім солай, қайтарды
Қалбажар, Агдам, Лашынды.
Құжатпен үш ел келісті,
Болсыншы бейбіт Жер үсті.
Шушаны азат еткендер –
жақындатқандар жеңісті!
Қарабақ – елдің тұрағы,
Халқымыз көшін бұрады.
Бітімгер орыс әскері
екі елді жалғап тұрады.
Қарабаққа көш бет ала,
Қауіпсіз болсын шекара.
Жолдармен түрлі жалғанад
Нахчыванменен екі ара.
Орындалды ел тілегі,
Бір Хақ қой халық тірегі.
Бұл Шуша, білсең ер халқым,
Қарабағымның жүрегі!
Маңдайда соғыс әжімдей,
Ұран сөз болмас әзілдей.
Қарабақ деген патшаның
гүл Шуша ғажап тәжіндей.
Әділетті Әлем қолдайды,
Тыныштық енді орнайды.
Бабадан қалған мешіттер
доңызға қора болмайды!
Басқыншыларға төзбе енді,
Саяси жағдай өзгерді.
Бабадан қалған қонысқа
көшетін қайта кез келді.
Тұтастық сақтап өтерміз,
Бұл жолда біздер бекембіз.
Мың шүкір!
Жеткен жеңіске
бақытты халық екенбіз!»
********************
Жеңіс тойы
Бұл жеңіс – Қарабақпен қауышқаның,
Баку да сүйді әскер – арыстарын.
Көшелер жеңіс тойын тойлап жатты,
тұрғындар желбіретті намыстарын!
Жеңісте арылғандай бар күнәдан,
Көшелер нұрлы жанмен жарқыраған.
Күлімдеп,
қуаныштан бал-бұл жанып,
кеткендей бір ағза боп барлық адам.
Бұл жеңіс жігер,
намыс қайрағандай,
Көшелер кемелердің айлағындай.
Көк, қызыл, жасыл түске бөленіп тұр,
бүкіл ел Әзербайжан байрағындай!
Күш алған тамырдағы жылы ағыстан,
Адамның көңілін-ай құрақ ұшқан!
Күллі ел жеңіс тойын тойлағанда
Қарабақ жылап тұрды қуаныштан...
Қуан ел!
Бүкіл Әлем елең етсін,
Шаттыққа Әзербайжан бөленед шын.
Бақытқа бар халықты мас қылатын
сен неткен жеңіс тойы,
кереметсің!
Жүректің дүрсілі де жиілеп кетті,
Ән-жырын Әзербайжан түйдектетті.
Ағаштай көктемдегі бүршік атқан,
Ганира қуаныштан билеп кетті.
Бауыр ел қуат алды тылсым түннен,
Толықсып тұрсын аймен,
күлсін күнмен.
Еңсесін тік көтерген халық емес,
түркілік Рух па шіркін
дүр сілкінген?!
Көңілін дос елдердің суытпайды,
Жауларын ел осылай құрықтайды.
Өзінің туған күнін ұмытса да, -
оныншы қарашаны ер ұмытпайды!
******************
Түлеген жер, түрленген ел
Айналар ерлер тіреуге,
Бермейді елін біреуге.
Бет алды бүгін Қарабақ
дамуға,
қайта түлеуге.
Қарабақ үміт сыйлаған,
Таусылмас қуат жинаған.
Қырағы әскер жер-жерді,
тазартып жатыр минадан.
Әлемдік ойға жармасып,
Өсетін елдер,
таңға асық.
Көңілді көкке көтерер,
жолдар мен жолдар жалғасып.
Ғаламнан тылсым үйренген,
Қарабақ жарқын күйге енген.
Сәбидің үні естілді
ақшаңқан жаңа үйлерден.
Бақ емес,
бәлкім бап шабар,
Құйылған елден ақша бар.
Салынып жатыр қайтадан,
мектеп пен балабақшалар.
Қалыпқа келді қорғандар,
Түлеген жерді қолдаңдар.
Өртенген шақты ұмытып,
жайқалды қайта ормандар.
Бақытты шаттық,
еселе,
Ағылды жұртың нешеме!
Бабалар, риза болғайсың,
жөнделді қайта кесене.
Тілекші болып байқағам,
Қарасам елге жай табам.
Аллаға шүкір,
естілді
азанның үні қайтадан.
Көңілі жұрттың даладай,
Әр ауыл болды қаладай.
Қарабақ бүгін әскерден
баласы келген анадай!
Ұшқан бақ қайта қона алды,
Толтырды қозы қораңды.
Соғыстан қашып жоғалған,
бұлбұлдар қайтып оралды.
Тауыңның тасы тәспі екен,
Бұлттарың тұрған тәж бе екен?
Құшағыңды ашшы,
құлайын,
Қарабақ деген әз мекен!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.