Сәкен ғұмырының ізі қалған мекен

Астананың қақ ортасында, заманауи зәулім ғимараттар мен қарбалас тіршілікке толы көшелердің арасында, құдды ХХ ғасырға тап болғандай әсер қалдыратын ерекше ғимарат орналасқан. Ол – қазақ  әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болған Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин мемлекеттік мұражайы. 15 қазан мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған күніне орай, «Әдебиет порталы» дәл осы мұражайға қонақ болып барып қайтқан еді. Бұл шағын ағаш үйде көрнекті ақын Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін тамаша экспозициялар ұсынылған. Мұнда қаламгердің жеке заттары, қолжазбалары, фотосуреттері мен құжаттары бүгінге дейін сақтаулы тұр. 

Сәкен ғұмырының ізі қалған мекен - adebiportal.kz

1988 жылдың 21 қаңтарында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде ресми түрде ашылған бұл мәдени орын жай ғана мұражай емес, мұнда жазушы, қазақ зиялысы, мемлекет және қоғам қайраткері, сырбаз да сері Сәкеннің жастық шағынан бастау алатын біраз құнды дүниесі қойылған екен. Аз ғұмырында тұтас ұлтқа татитын түрлі сынақты өткерген Сәкен Сейфуллиннің қилы тағдыры жайлы кеңінен мағлұмат алып, ақынның отбасы, асыл жары Гүлбаһрам, ұлы Аян, інісі Мәжит жайында да көптеген құнды ақпараттарға қанық болуға болады. Алты залды аралап, ақынның өмірі мен шығармашылығының әр кезеңіне үңілген сайын, өткен дәуірдің тынысын сезінгендей күй кешесіз. Әр жәдігері – ақын ғұмырының бір үзік сырын шертіп, келушіні сол бір уақытқа жетелейтіндей. Бұл – тарих пен әдебиет тоғысқан, ақын өмір сүрген кезеңге ойша сапар шегуге мүмкіндік беретін айрықша тарихи-мәдени мекен. 

Қазіргі таңда музейдің негізгі экспозициясы орналасқан ғимарат – XIX ғасырдың соңында бой көтерген, ағаштан салынған бірегей сәулет ескерткіші. Тарихы терең бұл нысан 1846 жылы Ақмола өңірінің көпестері бастамасымен тұрғызылып, алғашында қойма ретінде пайдаланылған екен. Алайда уақыт өте келе қарапайым қойма қабырғалары ұлт руханиятының қастерлі мекеніне айналды. 1920-1930 жылдары дәл осы үйде қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Сәкен Сейфуллин тұрып, шығармашылықпен айналысқан. Бұл – қаламгердің әдебиеттегі өз жолын айқындап, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасуына белсене араласқан күрделі де жарқын кезеңі еді. Сондықтан бұл ғимараттың әр қабырғасы – өткен дәуірдің үнін сақтаған тарихи куәгер іспетті. Мұнда Сәкеннің табаны тиген, ойы мен арманы тоғысқан, әдебиетке қатысты талай толғамы туған десек артық емес. Үйдің тарихи-мәдени құндылығы да осында – ол ұлт тарихында айрықша орны бар тегеурінді тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолының куәсі болып отыр.

Айта кетейік, 1988 жылға дейін ғимарат балабақша ретінде пайдаланылған. Кейін тарихи маңызы ескеріліп, мемлекет қорғауына алынып, музей кеңістігіне айналды. Бүгінде бұл мекенге табан тіреген жан өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірден өткендей бөлек әсер алады. Музейдің екінші нысаны – әкімшілік бөлім орналасқан ғимарат. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ағаш сәулет өнерінің көрнекті үлгісі саналатын бұл үй эклектика стилінде салынған. Бір кездері дәрігер Федор Иванович Благовещенскийдің меншігінде болған ғимаратта ол шамамен қырық жыл тұрып, елге дәрігерлік қызмет көрсеткен деседі. Кейіннен ғимарат бухгалтерлік курстарға арналған мектеп ретінде пайдаланылды. Ал бүгінде ол Сәкен Сейфуллин музейінің әкімшілік орталығы ретінде музейдің тыныс-тіршілігіне қызмет етіп келеді.

Музейдің тұрақты экспозициясы алты залға орналасқан. Қорында жеті мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Олардың әрқайсысы – Сәкен өмірінің белгілі бір белесін, шығармашылық әлемін, өзі өмір сүрген дәуірдің тынысын танытатын тарихтың үнсіз әрі құнды шежіресі. 

Сәкен Сейфуллин музейіне табан тіреген сәттен-ақ, келуші өткен дәуірдің тынысын сезінгендей күй кешеді. Алты залға жинақталған тұрақты экспозицияда ақыннан қалған небір құнды жәдігерлер сақталған. Оның ішінде, қаламгерге сыйға тартылған 20 караттық алтын сағаты, жазу мәшинесі, киген киімдері мен қолданған бұйымдары бар. Әрбір бұйым – жай ғана музейлік құндылық емес, Сәкен ғұмырының белгілі бір кезеңінен, сол дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін уақыт таңбасы. Экспозицияның өзегін Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары құрайды. Күнделікті өмірінде пайдаланған бұйымдарынан бастап, қаламгердің қолтаңбасы қалған қолжазбалар мен хаттарға дейінгі жәдігерлер ақынның болмысын жақыннан таныта түсетіндей. Түпнұсқа қолжазбалардан оның шығармашылық ізденісі мен ой әлемін аңдасаңыз, алғашқы кітаптары мен басылымдары қаламгер шығармаларының ел руханиятындағы елеулі жолын көрсетеді.

Музей қорындағы фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар да – Сәкен өмір сүрген заманның айнасы. Олар арқылы қаламгердің жеке ғұмыры ғана емес, өзі куә болған тарихи кезеңдердің бедері де көз алдымызға келеді. Ал Сәкен бейнесін арқау еткен суреттер, мүсіндер мен ескерткіш өнер туындылары ақын тұлғасының уақыт өткен сайын ұлттық жадтағы орнының тереңдей түскенін аңғартқандай. Музей жұмысы жәдігерлерді сақтап, келушіге таныстырумен ғана шектелмейді. Мұнда Сәкеннің өмірі мен шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қаламгердің әдеби мұрасын жаңа қырынан таныту, тарихи деректерді толықтыру, тың жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу – музей қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Осы мақсатта музей мамандары түрлі экспедициялар ұйымдастырып, Сәкеннің өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректер мен жәдігерлерді жинақтайды. Көрмелер, ғылыми конференциялар, әдеби-мәдени кездесулер мен танымдық іс-шаралар арқылы қаламгер мұрасы кейінгі буынға насихатталады. Мектептермен және жоғары оқу орындарымен орнаған байланыс та осы жұмыстың аясын кеңейтіп, музейді жас ұрпақ үшін маңызды рухани-ағартушылық ортаға айналдырып отыр.

Сәкентанудың дамуына үлес қосу – музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Сонымен бірге әдебиет пен ғылымның өзара сабақтастығын нығайтуға, ұлттық мәдени мұраны зерделеуге бағытталған жұмыстар да қатар жүргізіледі. Осылайша музей қабырғасында сақталған әрбір жәдігер зерттеу нысанына айналып, әрбір дерек ұлт тарихының жаңа бір парағын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Сәкен Сейфуллин музейі – өткенді таныстыратын ғана емес, өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани кеңістік. Мұнда әдеби мұра ғылыми ізденіспен, тарихи дерек ұрпақ тәрбиесімен, музей жәдігері ұлттық жадымен сабақтасып жатыр.

Өйткені Сәкен мұрасын сақтау – бір ғана қаламгердің өмір жолын сақтау емес. Бұл – тұтас бір дәуірдің үнін, ұлт рухының бір белесін, қазақ әдебиетінің қалыптасу тарихын келер ұрпаққа аманаттау.

Сондықтан Сәкен Сейфуллин музейі – әдеби-тарихи орталық шеңберінен әлдеқайда кең ұғым. Ол – ұлттық рух пен сананы ұлықтайтын, тарихи жадты жаңғыртатын, ғылыми ізденіс пен ағартушылықты тоғыстырған маңызды мәдени мекеме. Мұнда өткеннің ізі ғана сақталмайды, сол із арқылы бүгінгі ұрпақтың өз тарихына деген танымы қалыптасады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan