Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Шалахметов шеңбері" кітабының таныстырылымы өтті...

18.04.2025 849

"Шалахметов шеңбері" кітабының таныстырылымы өтті 12+

"Шалахметов шеңбері" кітабының таныстырылымы өтті - adebiportal.kz

2025 жылғы 17 сәуірде, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова залында Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Журналистика Академиясы сыйлықтарының иегері, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, белгілі публицист-жазушы Шархан Қазығұлдың «Шалахметов шеңбері» кітабының таныстырылымы өтті.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал публицист Ғаділбек Шалахметовтың өнегелі өмірі мен шығармашылық жолын қалың оқырман қауымға таныстыру, әсіресе бүгінгі өскелең жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараға БАҚ басшылары мен өкілдері, қайраткер тұлғаның көзін көрген, бірге қызмет атқарған әріптестері мен отбасы мүшелері, туыс-туғандары келіп қатысты. 

Таныстырылымның тізгінін ұстаған белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы көпшілік қауым алдында бүгінгі іс-шара жайында қысқаша тоқталып өтті: «Бәріңізге белгілі, былтыр осы кезде публицист-жазушы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов 82 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді. Биыл бір жылдық асы қарсаңында публицист-жазушы Шархан Қазығұлдың «Шалахметов шеңбері» атты деректі дүниесі жарыққа шығып отыр. Бүгін біз Ғаділбек Мінәжұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған осы кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз. Қош келдіңіздер, қадірлі ағайын!»

Бұдан ары қарай Ғаділбек Мінәжұлының «Сынақ» деректі фильмінің бас кейіпкері, «қазақтың Корчагині» атанған Рахмет Өтесіновтің жұбайы, ардагер ұстаз Сақыш Қарабалина, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Ғаділбек Мінәжұлының туған қайнағасы, ардагер мұнайшы Шәкәрім Жансейітов, Қазақстан Журналистер Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, Қонаев атындағы қордың президенті Диар Қонаевтар сөз сөйлеп, ардагер жазушының өмір дерегі, шығармашылық жолы, адами тұлғасы  туралы жылы естеліктерін айтып, жүрекжарды тілектерін ортаға салды.

Бұдан кейін іс-шараның басты бөлігі – «Шалахметов шеңбері» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін жасау үшін ортаға Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы, Халық ағарту ісінің үздігі Сақыш Қарабалина, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев, Қонаев атындағы қордың президенті Диас Қонаев және ардагер мұнайшы Шәкәрім Жансейітовтер шақырылды.

Бұдан соң Ғаділбек Мінәжұлының досы, тарихшы-археолог Марат Сенбин, немере інісі, Атыраудан келіп отырған ардагер мұнайшы Пангерей Сәрсенғазиев, қарындасы Тамара Шалахметова, қызы Әсел Шалахметовалар сөз сөйледі. Сөз алған адамдар бүгінгі өткен іс-шараға негіз болған тау тұлға Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметовтің өмірі мен шығармашылық жолына тоқтала отырып, бар саналы ғұмырын туған халқының мәдениетін дамытуға арнаған тұлғаның сан алуан қырларына тоқталды. Өмірі мен шығармашылығы қоса өрнектелген «Шалахметов шеңбері» кітабы үшін авторға алғыс-ризашылықтарын білдірді. Өздерінің естеліктерін бөлісті.

Осыр ретте кеше ғана өмірден өткен танымал тұлға Ғаділбек Шалахметовтің өмір дерегі, қызмет жолы туралы қысқаша ақпаратты ұсыналық.

 1943 жылы 9 маусымда Ресей Федерациясы, Астрахань облысының Камызяк (Құмөзек) ауданы, Чистая Банка аралында дүниеге келген Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов – қазақ руханиятына олжа салған көптеген танымал тұлғалар сияқты, мектептен кейінгі өмір жолын металлург мамандығын игерумен бастаған екен. Яғни 1961-1966 жылдары Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетінде оқиды.

Бұл жоғары оқуды бітірген соң мамандығы бойынша жұмысшы, балқытушы, аппаратшы болып жұмыс істеген. 

Шығармашылық жолға бет бұрған Ғаділбек Мінәжұлы 1974-1976 жылдары мәскеуде сценарист, режиссер мамандығы бойынша жоғарғы курстарын бітірген. 

1967 жылдан бастап қазақ телевизиясында теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ КСР-і Мемлекеттік телерадио бөлімінің меңгерушісі, Қазақ теледидарының насихаттаушы бас редакторы, комментаторы, бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР  Мемлекеттік киносының бас редакторы, Қазақ КСР Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Теледидар және радиотаралым жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің бірінші орынбасары, жылдары ҚКСР Президентінің баспасөз хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ мемлекеттік телерадиохабар тарату компаниясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.

«Шалахметов шеңбері» кітабы осы қысқаша ғана мәліметтің арғы жағында тұрған өмір жолының  сан қилы соқпақтарына бастары сөзсіз. (Фотосуреттерді ұсынған: ҚР Ұлттық кітапханасы)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар