Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйе...

Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйел» кітаптарының таныстырылымы өтті

29.10.2025

3442

Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйел» кітаптарының таныстырылымы өтті - adebiportal.kz

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Кітаптар әлемі» жобасының бес жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Кеш аясында жас жазушы Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйел» атты қос кітабы таныстырылды.

Шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш жүргізді.

Кештің алғашқы сөзін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов алып, жас қаламгердің шығармашылық ізденісіне жоғары баға беріп, жаңа кітаптардың мазмұны мен көркемдік ерекшелігіне тоқталды. Ол Салтанат Әбдіғалидың әдебиетке шынайы еңбекпен келгенін атып, авторға сәттілік тіледі.

Мерейтойға арнайы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы мен «Шалқар» радиосының директоры, жазушы Болатбек Төлепберген де қатысып, «Кітаптар әлемі» жобасының қоғамдағы маңызы мен автордың еңбегіне тоқталды. Олар Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйел» кітаптарының көркемдік салмағы мен әлеуметтік өзектілігін атап өтті.

Кештің көрігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева шәкірттерімен бірге орындаған әуезді әндерімен қыздырды. Жиынға Салтанат Әбдіғали жетекшілік ететін «Кітап жанашырлары» клубының елімізден және шет елден келген мүшелері де қатысты. Түркістан облысынан Тұмартай Дінтайұлы, ақын Несібелі Шайдазымова, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан Төлеген Баянханұлы, Шымкенттен Рүстем Кенжеұлы және Түркістан қаласынан қаламгер Жібек Искакова сөз сөйлеп, жобаның жетістіктеріне ризашылықтарын білдірді.

Жас жазушының «Кішкентай әйел» атты прозалық жинағына қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды қозғайтын «Ата иісі», «Әкеге хат», «Жалғыздың мұңы», «Бақытгүлдің бір күні» сынды әңгімелер енген. Бұл туындыларда өмір сынына төтеп беріп келе жатқан әйелдердің тағдыры мен әке мейірімін аңсаған балалардың жан әлемі шынайы суреттеледі. Ал «Жаназық» кітабы «Кітаптар әлемі» жобасының бес жылдық белесіне арналған, оқырманды рухани байытуға бағытталған туынды.

Салтанат Әбдіғали бес жыл бұрын қолға алған «Кітаптар әлемі» жобасы бүгінде ел ішіндегі оқырман қауымын біріктірген үлкен қозғалысқа айналып келеді. Осы уақыт аралығында «Бірге кітап оқиық!», «Жарыса кітап оқиық!» және «Әсерлі әңгіме» секілді республикалық онлайн байқаулар ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінен балалар мен жасөспірімдер қатысып келеді.

Клубтың құрамында ақын-жазушылармен қатар, мұғалімдер, кәсіпкерлер, құрылысшылар сынды түрлі мамандық иелері де бар. Салтанат Әбдіғали әлеуметтік желілер арқылы клуб мүшелерін біріктіріп, әр шараны тартымды, мазмұнды форматта өткізіп келеді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan