Құсалық
...Не жазбақпын? Нені мақтан етемін? Бар шындықты қалай жайып салмақпын? Бізді ел сыртымыздан «жетімектер» деп атайды емес пе?! Ендеше, қайдағы отбасы? Əпкемнен басқа ешкімім жоқ қой. Мен бір жаралы, ақсақ киіктей бейшарамын. Жаралы киіктей кеудемнің жан жарасын кім ұғады? Өз ойының шырмауына оралып, жол бойы аласұрумен болған баланың қара суықты елерге де мұршасы жоқ.
Бектас жетінші сыныпта оқып жатқанымен ой-өресі əлдеқайда өзінен үлкен балалардан асып түседі. Бəлкім, өмір тауқыметін көп тартқаннан болар... Күліп-ойнап, өңгелер сияқты қыдырған да емес, мектепте жиі ұйымдастырылатын саяхаттардың біреуіне де бармайды. Бара алмайды. Елдің балалары сабақтан келе тамағын ішіп, ойнауға шыққанда бұл сорлы жартықұрсақ күйі шөлмек іздеп, көше кезіп бара жатады. Көше бойы шашылып жатқан шөлмектерді теріп өткізіп, тауып келген нəпақасына əпкесі екеуі ілдалап күнелтеді. Тапқаны талғажауға жарап, жүрек жалғап, өзектерін үзіп алмай əупірімдеп күн кешіп жатыр.
Бұлардың əкесі – нағыз маскүнем. Күнара үйіне бас сұғып, ес-түссіз ұйықтағаны болмаса, балаларының бар-жоғымен шаруасы да жоқ. Үстінен арақ мүңкіп, оған кірдің иісі қосылып, қашанғы сасып жүргені. Ащы суға сылқия тойып келгенде балаларының мазасын алып, Бектастың күнкөріске деген бірер тиынына арақ алдыртып, иттей қорлайды.
Сыртқы есік ыңырси ашылғанынан-ақ бауырының келгенін аңғарған əпкесі үйде екенінен белгі беріп, жөткірініп қойды. Екеуіне «жүрек жалғар» дайындап, от басында жүр еді. Үйдің ішінен көктің иісі шығады. Өте салқын. Жаз бойы бауырының жинап келген ағаштарын тұтатып, көрші Хəкім атаның үйінен сұрап алған малдың қиын үстіне тастап, от жаққан болып, жандарын сақтап отыр.
Жаға-жеңінің жиегі қырқылып кеткен ақ көйлегі мен тылтия қысқарған мектеп киімін шеше, қиқайған сынық стөлге ыждаxаттылықпен іліп қойып, дастарханға жақындады. Аяғы қисық, тапал жер стөлге келіп, малдас құра отырды. Əпкесі бір табақ қуырылған пияз бен екі-үш тілім қатты нанды бауырының алдына қойды. Ақшылдау болса да ыстық, сүтсіз шайдан екеуі сүйсіне сораптап ішеді. Біртоға, салмақты Лашын ешқашан да сөз бастап, əңгімеге тартқан емес адам баласын. Кəнігі əдетпен сөзді Бектас бастады.
– Əпке, білесің бе, бізге апай отбасы туралы шығарма жазып келуді тапсырды. Не жазам? – деді, шарасыз күйге түсіп.
Бауырының жан дүниесін жақсы түсініп отырғанымен, бұл тақырып екеуі үшін тым ауыр тақырып еді. Қалай ғана жұбатып, тығырықтан шығатын жолды нұсқарын білмей, Лашын да үнсіз мұңайды. «Бауырым тойсын!» – деп, ортадағы қуырмашына қол созбай отырған қыз, шайын сораптап қойып:
– Білмеймін, ботам! – деді күрсініп.
Əпкесінің ақыл қоса қоймайтынын аңғарған бала тұшымды жауап алмаған күйі орнынан көтерілді. Бетін сипап, бата жасады. Екеуі ес білгелі «толыққанды отбасы» дегеннің не екенін ұққан да, көрген де емес. Аналары кетіп қалған. Лашынның есінде бұлыңғыр бейне бар. Еміс-еміс көлбеңдегені болмаса, анық елес бермейді. Бектас тіпті ана сүтін де жарып ембеген. «Ұлының екі жасында кетіп қалған» – деседі сыртынан сыбырласқан ел. Тастай суық əлемге тастап кете барған тасбауыр ананы кешіру мүмкін бе?!...
Жұпыны күртешесін іліп, тұмсығы ырсия ашылған бəтеңкесінің бауын байлап жатқан бауырын аяп кеткенімен, Лашынның қолдан келер амалы жоқ. Жаңағы сұрағы санасында жаңғырып, жүрегін қарс айырып барады. «Отбасы» дегеннің не екенін білмейді ғой. Қандай ақыл қоспақ, бауырына?! Енді мына жырым-жырым болған бəтеңкені сүйретіп, сүйектен өтетін қара суықта өз жандарын өздері бақпақ үшін шөлмек іздеп кетіп бара жатқанын қарашы...
Өксігін өкпесіне тыққан Лашын жымия, бауырын құшақтады. Сəттілік тілеп, бауырына қыса, бетінен сүйді. Манадан бері жүрегіне шаншылып тұрған ауыр ой дəл осы сəтте көкірегін ашытып шыға келгені... Бауырының жұпыны киімдеріне сіңген ащы ыстың исі жанын тебіренткені...
Өксіп жылап жіберді.
Бектас, «қыздар əлсіз, қорқақ, жылаңқы болады. Еркек жыламауы керек. Ол – жақындарының қамқошысы!» – деп түсінеді. Сол себепті де, əпкесін ақылы бар ер азаматтай жұбатты.
– Əпке, жыламашы! Жылама!
Бұл күн де өтеді! Өмірде еш нəрсе де мəңгілік емес! Ертең-ақ ер жетеміз! Бəрі өзгереді! – деп бастырмалатып жатыр. Əпкесі қойсын ба? Бауырының жылы сөздері жанын онан сайын тербеп, одан ары көңілі босай берді.
– Ботам! Ботам сол!
Сен болмасаң мына жалғанда қалай өмір сүрер едім?!
Тірегім! Мақтанышым! – деп бауырын емірене құшты.
Көп сөйлемейтін əпкенің осындайда бір шешен болып кететіні бар. Ананың ыстық мейрімін аңсап, əкенің жұмсақ алақанын армандаған бейбақтың жүрегін елжіретіп, қанша мықты болайын десе де, Бектастың көкірегіндегі өксіктің қатпары да ағытыла берді...
Босағада құшақтасып, ұзақ жылаған қос бейбақ сол күйі əлі тұр. Бектас, əлсін-əлсін өксіктің қалған-құтқанын кеудесінен суырып, дірілдей күрсінеді. Киіз қағылған ескі ағаш есіктің тесіктеріне шұқшия қарап, қатып тұрған Лашынның мұнда құр сұлбасы ғана бар. Ойы тым алыста.
... Не жаздық? Неге елдің əкесі мен анасы бар? Неге біз осындай қасірет арқалап жүрміз?... – деп, іштей өз қайғысымен алысады.
– Əпке! Əпке, мен барайын! Кеш болып кетеді...
Бауырының дауысы ойының астаң-кестеңін шығарып, ел кезіп кеткен есін қайтарды.
– Аааа, иə! Бар! Бара ғой құлыным!
Жолың болсын! – деп құшағын жаза, бауырын босатқанда, салбараған ағаш есік ерінбей тағы да бар даусымен ыңырана сыңси берді. Есіктің арғы жағындағы қатал да əділетсіз əлемге сүңгіп, ап-арық, жалғыз бала бара жатты.
Ата-ана жылуын аңсап, мейірірім іздеп, құса болған екі жетімді аяп тұрғандай, дала да күңгірт тартып, аспанның қабағы түксиіп, тіршілік түнере қалыпты...
Аяныш
Сыз тартып, ызғар қарыған үйдің іші тым салқын. Бектас, пештің ығына төселген ескі көрпенің үстінде ыңыранып, ес-түссіз жатыр. Есі шығып, əбігер болған əпкесі шүберекті сулап, маңдайына қойып, бауырының қасында қалт етпей бүкшиіп отыр. " Мммм" – деп ыңыранған баланың көзі əлсіз ғана ашылып, біраз дамылдады да, кірпіктерін көтере алмай, қайта жұмылды. Зəре-құты қалмаған Лашын бауырының шекесіндегі шүберекті жұлып алып, маңдайына қолын тигізді. Шүберек алдақашан жылып кеткенге ұқсайды. Маңдайының ыстығы алақанын қарығандай. Əбден сасқан сорлы қыз, тұншыға жылады.
«Мммм... Ақсақ киік... Киігім! Келе ғой» – деп, Бектас əлденелерді айтып, сандырақтай бастады. Баланың ауырған сайынғы əдеті осы: «ақсақ киігім» – деп сандырақтайды. Кейде, дəл сол сөзді айтып жатып, шошып оянады. Əйтеуір, түсініксіз құпияның сырын өзі де, өзге де ұқпайды.
– Ақсақ киігің не? – деп сұраған əпкесіне қайырар жауап таппай, тізесін құшақтап үнсіз отырады да:
– Білмеймін! – дейді, тұнжырап.
Əншейінде, əпкесінің жүзін мұң торыса дегібірі қашып, анау-мынауды сөз қылып алдаусырататын баланың бұл жолы əпкесін ойларға қалі жоқ.
Лашын, бұлай тұра берудің еш пайдасы жоғын түсінді. Естияр біреуден көмек сұрамаса болмайтынын ұқты. Мектепте әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға берілетін көмекпен тиген күздік жұқа шапанын іле сала, далаға жүгірді. Төрт үй арырақ, Сəнімкүл деген медбике келіншек тұратын. Сол кісіден көмек сұрауды шешіп, бет алды.
Дала тастай қараңғы. Аспан торығып, бар жұлдызын бауырына тығып, бұйығып алған. Көк тайғақ көше құдды мұз айдынындай жалтырайды. Қараңғыға біраз көзі үйренген қыз айналасын болжай бастады. Жатақ шарбақты шалқайта итеріп, көшеге түсіп, Сəнімкүлдің үйіне қарай жүрді.
Зəулім көк қақпа құдды бір xан сарайының қорғаны сияқты. Қып-қызыл кірпіштермен биіктете қоршап тастаған. Екі қабат үйінің шатыры – қалпағы қайырыла қалған қызыр атаның бейнесіне ұқсайды. Лашын, қақпаның шетіне қағылған қоңырауды басқаны сол еді, арсылдаған дəу ит жүгіріп келіп, қақпаның астына тұмсығын тыға, сұғанақтана үрді. Даусы қандай зор еді, шіркіннің. Бойын билеген үрейді жеңбек болып:
– Кет! – деді қыз, бəсең ғана. Ит мұнысын қорлыққа санады ма, əлде, «Мен қорғаушымын ғой!» – деп ескерткені ме, одан бетер өршелене, зорлана арсылдады.
– Кім ей? – деген еркектің даусы ашулы естілді.
– Ағай, ашыңызшы! Көршімін!
Лашын, басқа қандай сөз айтарын білмеді. Жақын маңда тұратынын алға тартып, жалынышты жауап қайырды. Аздан соң тырпылдата басып келе жатқан аяқтың дыбысы жақындай, зəулім қақпаның есігін қиқая ашылды да, дәу қара еркек мұртнын едірейтіп:
– Не болды? – деді, жұқа киім ішінен дірдек қаққан қызды менсінбей, енжар ғана. Әлгіндегі ит иесінің оң жағына бір, сол жағына бір шығып, тыпырши қыңсылайды. «Иесі де, иті де дәу екен» деп ойлап үлгерген қыз баяу ғана, жалынышты үнмен:
– Аға, Сəнімкүл тəтеге келдім! Бауырым... Қатты ауырып жатыр! – деді, əбден тоңғаннан дірілді дауысын үзіп-үзіп жеткізе, жыламсырай. Дəуқара, қыздың бұл сөзін жақтырмағандай:
– Түнгі сағат үште ме? – деп гүж ете қалды.
– Ыстығы түсер емес... Сандырақтап жатыр, – деп тұтыға кемсеңдеген қызға жауап та қатпастан, қақпасын гүрсілдетіп жаба салды, Дəу қара. Кейін шегінді. Гəлөшін дәл жаңағыдай тырпылдатып, кері кетіп бара жатқан Дəудің аяқ алысын санап, Лашын үнсіз қала берді. Қайтарын да, күтерін де білмеген қыз қақпа сыртында дірідек қағып, бүрісіп əлі тұр. Десе де, дәудің аула шамын өшірмегені үміттін үкілеп, күдерін үзбей, күтіп тұрған бойы қаққан қазықтай орнынан қозғалмады.
Əлден соң, əйел адамның келе жатқанын, итіне: «жат!» – бұйырған жіңішке даусынан ұқты. Қақпаның есігі ашылғанда, аула шамының жарығына шағылысып, арғы жағынан толықша келген, аққұба жүзіне қызыл реңі жарасқан əйелдің сұлбасы көрінді.
– Не болды, балам? – деді, биязы сөйлеген əйел жұмсақ дауысымен қыздың жанын баурай.
Лашынның жүрегі елжіреп, көзі көлкілдеп, жасқа толды. Енесінен айырылған қозыдай дірілді дауысы үзіле жалғанып, өз жайын үзіп-жарып жеткізді. Тоңғаны мен қорыққаны ұштасып кеткен бейбақтың сөзін жүре тыңдаған əйел, жұпыны киінген қызды қатты аяды. Сəнімкүл, қызды жетелеп алғысы келіп қолын созғанда, адам баласынан мұндай бейіл көрмеген қыз қолын ұсынарға қымсынып, тартынып қалды да, именшектей созған қолын жып-жылы алақанынға тигізді. Қыздың мұздай сасусақтары жүрегіне біз сұғып алғандай əсер еткен келіншек:
– Ойбуууу, байғұс қызым – ау! Қатты тоңып қалыпсың – ау! – деп, мамық алақанына Лашынның нəзік саусақтарын көмкере, өзіне тартты. Аязға жайыла аузыдарынан шыққан бу будақтаған екеу, жып-жылтыр мұздың үстімен түн-түнекті жара кетіп барады. Көрген қорлығы шегіне жетіп, қыжалатының шешуі табылғандай, Лашынның жаны жай тауып, көңілі орнықты.
Сəнімкүл келгенде баланың денесі оттай жанып, жүзі албырап жатыр еді. «Ақ киігім! Ақсақ киігім! Келші! Кетпеші!» – деп сандырақтап жатқан баланың басына қолын тигізе, шоқ ұстап алғандай ыршып түскен медбике келіншек бірден ем-домға көшті. Үйінен ала келген дəрісін беріп, басын сүйей ыстық шай ұрттатты. Түнде келген құтқарушысы берген дәрі бойына тарап, аздан соң теріге түскендей денесі жіпсіп, маңдайы шып-шып терлей бастады, Бектастың.
Айналасына барлай көз жүгіртіп, үнсіз отырған келіншектің жүрегі сығылып барады. Аяныш сезімі бет жүзінен ап-анық байқалып тұр. Əкелерінің маскүнем екенін жарты ауыл білсе де, бейшара балалардың xалі осыншама мүшкіл деп ешкім де ойламаған еді. Сəнімкүл əлден соң дене қызуын өлшеп көрмек болып баланың қолтығына қол жүгіртіп, градусөлшегішті сүңгітті. Пысылдап ұйықтап жатқан Бектас оянып, басын бұрды. Айналасына бажайлай қарайды. Демін ішіне тартып, алаңдап отырған əпкесіне жымия:
– Əпке! – деді, еркелей.
Жан шақырып, ес жиған бауырын құшақтай, Лашын жерге құлай кетті. Бауырын бауырына басып:
– Бауырым!... Ботам!... Ес-ақылымды алдың ғой... Қорқып кеттім! – деп, жылап та, сөйлеп те үлгеріп жатыр. Қорқынышы сейіліп, қуанышы кеудесіне сыймаған бауырмал қыз бастырмалата сөйлей, аялай түсті інісін.
Ақылды қыздың жаныңды тербер сөздерінен Сəнімкүлдің де көңілі босап, көзінен ыстық жасы ытқып шығып, құлдырай сырғанап барады. «Неткен аянышты тағдыр» – деді, іштей егілген əдемі əйел. Тек, жаңа естіген «ақсақ киігінің» сырын ұқпады…
Таңғажайып таңғы ас
Бектас басын көтеріп, үй ішіне көз салды. Аяқ жағына жата кеткен əпкесі естілер-естілмес қана пысылдап, бүрісе ұйықтап жатыр. Жаурап жатқаны бүктеліп жатқанынан-ақ белгілі. Тізесіне жабыса, иіле түсіп, өзін қапсыра құшақтап алыпты. Түнімен бауыры үшін шапқылап, əбден қалжыраған сияқты. Інісі үстіндегі тозыңқы көрпесін əпкесіне жапты. Титтей ғана қытайдың сағаты үздіксіз тықылдайды. Таңғы алтыға он минут қалыпты.
От жақпаса болмас. Есікті ашқаны сол еді, сарышұнақ аяз жапатармағай үйге лап қойды. «Қап, әпкем оянып кетер ме екен?» – деп күбірледі бала. Есікті жаба, қи жиналған қалқаға беттеді. Айнала мүлгіген тыныштық. Осы күні ешкім от жақпайды, үйін газбен жылытады. Баяғыда жағылған оттың иісі айналаға тарап, ұзын мойын мұржалардан ирелеңдей түтін көтеріліп жатушы еді, бүгін сол мұржаның бәрі босқа шошайып тұр.
Оты әбден өшіп, отыны күл болып қалған пешті көсеп, тесігінен астына түсірді де, ескі дəптерін ұмаждап, үстіне жаңқа қойды. Айқастыра тастаған қара ағаштың кесінділері ең үстінде жатыр. Тұтатып жібергені сол, мұржасынан аяз сорып тұрған пеш жалпылдап жана бастады. Біраз гүрілдей жанды да, су тартқан білектей қара ағаштарға жеткенде оттың адуыны басылып, əлсірей жылпылдады. Отының өшуге айналғаны ашуына тиген Бектас пештің аузын ашып, тереңінен тарта ауа жұтып алып, кері үрледі. Өстісе отыны қызарып, жарқырап шоқтана түседі де, лезде сөне салады. Əбден əбігерленіп, қиналып отыр. Даладан кіріп, тоңы жібіп, сулана сөлкілдеген отын əлсіз тамызыққа бойұсынғысы келмейтіндей. Үйдің іші көк түтінге толды. «Білектей отын жанып, құрғақ қиға жетіп алса, мынау тастай үйдің суығы сынып, жылынар еді» – деп ойлады Бектас. Тоңып кеткенінен ашып тұрған саусақтарын бүре жинап алып, аузына апара үрлеп, өз демімен жылытқандай болады.
Жазда əкімшілік бөлген мəшине көше бойлап, талай ағаштың артық бұтақтары мен шіріген ағаштарды кесіп тастағанда Бектас сүйреп жүріп, тасып алған. Бұтап, қыс қамына дайындап қойған еді. Енді міне сол еңбегі еленбей, шапқан отыны тұтанбай бықсып, қолқасын қауып, қинағаны...
Тосыннан ашылған есіктен əлгі аяз тағы да үйге ұмтылды. Пештің аузына басын тыға, көтенішегінен тарта үрлеп отырған бала селк ете қалды. Сəнəмкүл апатайы екен. Екі қолындағы тыңқита толтырған ауыр сөмкелерін қойып жатып, Сəнімкүл: « О, батыр ояныпты ғой! Жақсы болдың ба?» – деді жымия, киіз қағылған есікті жауып.
Күйелеш-күйелеш болып отпен алысып отырған титтей баланы тауқыметінен құтқарып, отты өз мойнына алуға ниеттенген Сəнімкүл пешке жақындады. Ыңқия дөңгеленген үлкен сөмкесін жерге қотара салғанда, ішінен бір бума газет шықты. Бес-алты пакетке бөле байлап тастаған көмірлер үсті-үстіне құлады.
Сыйқыршы дерсің, Сәнімкүлді. Пеш гүр ете түскенде, Сəнімкүл келесі сөмкесіне қол жүгіртіп, ток шамын алды да, сорайып тұрған токтың сымына бұрады. Үйдің ішіне лып етіп нұр тарай берді дағы, жап-жарық бола қалды. Ыс сіңіп, күңгірттеніп кеткен қабырғалар да қараңғылықтан құтылғанына қуанғандай, қоңырқай тарта бадыраяды. Бектастың айналасы балшыққа құлаған баланың бетіндегі сатпақ-сатпақ.
Күңгірт əлемге нұр əкелген періштедей, Сəнімкүл қарсы алдында состиып тұрған балаға көз салды. Енді аңғарды, Бектастың жүзі боп-боз. Қан-сөлсіз, жүдеңкі баланың шүңірейген көзін көріп, аяп кетті. Күйелеш-күйелеш танауын тартып қойып, аяқ астынан жап-жарық болған үйіне барлай қараған баланың пошымы күлкісін келтіріп, мырс етті. Келесі сөмкесіне еңкейе қол сүңгіткен Сəнімкүл, иісі жұпар қол сабынды сурып алып, Бектасқа ұсынып: «Мə, балам, беті-қолыңды жуа ғой!» – деді де, ұйпа-тұйпа шашын аялай қайырды мейірлене.
Жұпар иісті сабынның қағазы қандай керемет! Неткен қанық сурет. Құлпынай бейнеленген екен. Беткас, бұрыштағы қол жуғышқа бұрыла, сабынның орамын қызықтап біраз тұрды. Беті-қолын жуып, кері бұрылғаны сол, өз көзіне өзі сене алмай аңтарылды. Жерге жақын, аяғы сынық жер стөлдің үсті түрлі-түрлі тамаққа толып тұр. Сəнімкүл тізерлей отырып алып, əрбір пакеттегі тəттілер мен мейіз, жаңғақтарды бөле салып, қалғанының аузын байлап, əрі итеріп қойып жатыр.
Үй ішін жайлаған тəтті иіс пен, жарықтан оянып кеткен Лашын, басын жерден жұлып алды да, ұйқылы-ояу, айналасын шолды. Сəнімкүлдің арқасын бере, дастарқан жасап жатқанына таңырқай, сұраулы жүзін бауырына бұрды. «Өзім де түсінбей тұрмын ғой!» – дегендей, Бектас иығын қиқаң еткізді.
Бұл таңғы ас – екі баланың ғұмырындағы «таңғажайып» ас болды! Ешқашан да мұндай дəмді асты ауыздарына алмаған екеу тамсана шолпылдатып, қомағайлана, асап-асап жейді. Тауықтың санын құшарлана мұжып отырған Бектас, күллі əлемді ұмытып кеткен сияқты... Əр тəттіні бір тістеп, бажайлай, таңырқай үңіліп, Лашын да ерекше сезімге батқан. Сорлы балалардың бұл көрінісі Сәнімкүлдің жанына батып, жүрегі сыздады. Екеуіне үнсіз, мүсіркей көз тастап қойып, орталанып қалған баланың кесесін алды да, өзі əкелген қою сүт қатып, күреңдей шай құйып, күлімдей ұсынды.
«Ертегідегідей сиқырлы дастарқан, таңғажайып ас болды ғой!» – деп Бектас май-май саусақтарын жалап, күле береді. Лашын, өз ойын оқып қойғандай бауырына бұрылып, қосыла күлді. Бұларға Сəнімкүл де қосылды. Екі байғұстың қомағайлана, сүйсіне жеп отырған түрлерін əрі қызық көріп, əрі аяп, ұзақ күлді. Ала келген əппақ орамалымен еріксіз жағаласқан көз жасын сүрте берді...
Жиіркенішті қонақ
...Азапты күндер артта қалып, Бектас пен Лашынның жүздеріне күлкі үйіріліп, шырай кірді. Бойларын алыс салып жүретін сыныптастары шырттай киініп келетін екеуіне алғашқы күні ауыздарын ашып, таңырқай қарайтынды шығарған. Өзара үйіріле қалысса: «Ееее, бұларға бұндайды қайырымдылық жасайтындар əперген ғой» – деп көмірдей қара Жексен іштарлығын дауыстай жариялайды. Жексен шешесінен естіген өсегін айналасына осылай жаяды.
Ешкіммен де шаруасы жоқ, өз алдына жүруге дағдыланған Бектас, назар аудармай орнына барып жайғасты. Сыныпқа қоңыраумен жағаласа кірген әдебиет пәнінің оқытушысы: «Балалар, бəйге жарияланып жатыр!
Кімде-кім жақсы шығарма жазса, алдымен мектепішілік іріктеуден өтіп, ең-ең мықтысы аудан көлемінде сынға түседі. 1 – орынға планшет; 2 – орынға смартфон беріледі; 3 – орын ақшалай жүлдемен марапатталады!» – деді Майра Жұмашқызы бүгінгі сабағын хабарландырумен бастап. Сосын тағы: «Уақыт тығыз. Бір аптада өткізіңдер!» – деп, қатаң ескертті.
Жаңаның ғажап исі мүңкіген киімдерін киіп алып, сабақтан қайтып бара жатқан екі бала ерекше көңіл-күймен, шаттанып келеді.
– Əпке, қарашы! Мына бəтеңке мүлдем сырғанамайды! – деп, көк мұзға аяғын қайта-қайта үйкелейді, Бектас.
– Шынында да! Бұрынғы етігім жақсы еді. Үйге сырғанап, қалай барғанымды да білмейтінмін! – деп қуақылана күлген Лашынға Бектас та қосыла кетті. Екеуара сықылықтай күлген жетімдердің көңіл-күйін күйге қосқандай сақылдаған қысқы аяз уілдеп тұр. Сыңғырлай күліп, қуаласа жарысып келе жатқан балалардың күміс күлкісі мен əдемі дауыстары, кең дүниені шаттыққа бөлейді. Тіпті, бұл екеуіне мына жаратылыс, аппақ əлем бүгін тым ерекше сұлу көрінетін сияқты.
Есіктің құлпысы ағаштан шыға, салбырап тұрғанынан-ақ үйде əкелері барын аңғарған екеу жаңағы көңіл-күйден бір сəтте жұрдай болды. Шарбақтан аттай бере, біріне-бірі қарап үнсіз біраз тұрды да, амалсыз үйге беттеді.
Міне қызық. Əкелері жалғыз емес...
– Оооо, балалар келді! – деді қашанғы əдетімен ауыз үңгірін жалпылдата сөйлейтін əкелері.
Бұрышта, жүрелей ұйықтап отырған қортық əйел көзін сығып айта ашып:
– Ееее, амансыңдар ма?! – деді, тілі күрмеліп.
Тілінде кемістік бар ма, əлде, мас па, ол жағын болжай алмаған балалар босағада состиып əлі тұр. Есіктің маңдайшасындағы Сəнімкүл тəте іліп қойған ет жоқ. Екеуі қуырып жеп, арақтарын ішіп, тойып алғанға ұқсайды.
Дастархан ыбырсып, шашылып жатыр. Зығырданы қайнап кеткен Лашын:
– Сен кімсің? Кет! Шық үйден! – деп қоңыр-қызыл жүзі домбығып, ісіп кеткен əйелге зекіре айғайлады.
Қатты əсер ете қоймаса да бүкшеңдеп, тұруға əрекет еткен қортық қатын қозғалақтай бастады. Омалып, тұра алар емес.
Үйдің ішін алып кеткен сасық иіс мұрынды жарады. Бүкшеңін қайталап жатып зорға көтерілген қортық қатынның орны – дөп-дөңгелек су.
– Мынау, үйдің ішіне жіберіп қойып, жайбарақат отыр ғой! – деп танауын баса, әйелді нұқып жіберді, Лашын.
Бұтына жіберіп отырғанын сезбегендей, жалбыраған май-май шашын тілініп, күстеніп кеткен қолдарымен желкесіне қарай сипап қойып:
– Үйййй, не болды? – деді кекештене, маскүнем əйел.
«Балаларың жақтырмай тұр, кетейік» дегендей, еркексымағын бір тепті тəлтіректей тұрып. Манадан сөйлеуге шамасы келмей, тұтығып жатқан əкелері бір шынтағына сүйене, басын көтерді де:
– Жап-ей, аузыңды! Үйййй, əкеңнің! – деді міңгірлей.
Осындай көрініске шыдап тұра алмай, мүңкіген иіс қолқаларын қауып, екі бала далаға жүгіре басып, атып шықты. Лашын көкірегіндегі кекті жеңе алмай, аяздың күйіне зарын қосып, өксіп жылай берді. Ауыл сыртындағы өзеннің жағасына қойылған орындықта екі жетімек біріне-бірі сүйене, үнсіз отыр. Кеш батып келеді.
– Əпке, осы біздің анамыз қайда? – деді Бектас, əлден соң.
Жауап қатпай ұзақ отырған Лашын:
– Кетіп қалды! – деді, естілер-естілмес қана, біршама уақыттан соң.
– Неге? Неге тастап кетті? Қандай ана баласын тастайды?
Бектас кіжіне айғайлады. Шерлі дауысы көктің бауырын тіліп түскендей қар себелеп, бірте-бірте жылдамдығы ұлғая берді.
Бауырының əбден тоңып, албыраған жүзі Лашынның жүрегін жылатты. Ызалы дауысы жұмыр етіне шаншудай қадалды. Қарындары да шұрылдап барады.
Екі бейбақ ілбіп, үйлеріне қайтып келеді. Айқара ашылған есік арғы жағында ешкімнің де жоқ екенінен xабар беретіндей, қиқая салбырап тұр. Лашынның жүрегі су ете қалды. Екеуі бірін-бірі итере үйлеріне жүгірді. Əкелері қайырымды аға əперген су жаңа киімдерінің барлығын сыпырып кетіпті. Сəнімкүл апатайы əкелген тамақтардан ырымдыққа да қалдырмай, түгел əкетіпті. Ыза буып, тығыла жылаған бауырын кеудесіне қысып, қыз, үнсіз егілді...
Қортық əйел сиіп кеткен көрпені далаға лақтырып, үйді сыпырып, ыдыстарды жуып, екеуі біраз тыраштанды. Бектас Сәнімкүл апатайы әкелген көмірді тастап, маздата от жағып қойған. Гүрілдей жанған пештің есігінен жылтыңдаған қызыл жалын отты барлап, Лашын үнсіз отыр. Əне-міне дегенше болған жоқ, шəугімнің қақпағы тарсылдап, бұрқ-сарқ қайнады. Тіске басар ешнəрсе қалдырмаған əкесіне назаланып, шəугімді шетке қарай ысыра салды, қыз.
Сабаққа аш келген Бектастың кеуде тұсы ауырып, мазасызданды. Асxанадан тамақ əкеліп жеп жатқан балалардың қолындағы тоқаштардың тəтті иісінен ішегі шұрылдап, кеудесі бүріп барады. Бүгін тіпті, əр сабақ бір ғасыр болғандай. Сабақтан шыға үйіне қайтпай, шөлмек іздеп, көше кезіп кетті. Кешелі бері нəр сызбаған асқазаны ауырып, жанын қинағаны-ай! Əпкесінің де аш екенін ойлағанда дегібірі қашты...
Опасыздықпен бетбе-бет...
...Мектептің алдында əпкесін тосып, ұзақ тұрған Бектасты кезекші мұғалім ішке шақырды. Лашынның сұранып кеткенін естіп, бауыры таң болды. «Неге маған ескертпеді екен?» – деп ойлады. Əпкесі кеше күні бойы ішін басып, бүрісіп жатып алып еді. Жайсыз тамақ жеп қойды ма? Жоқ! Ештеңе де жеген жоқ! Аш жаттық емес пе?! Аштықтан ауырып жатқан шығар? Əлде, қыздар кейде осылай ауыра ма?...
Өз ойымен арпалыса үйіне асығып келе жатқан баланың жүрісі жылдамдап, желе жүргендіктен денесі жіпсіп, үсті-басы терге малшынды. Шарбақтан аттай бере, үйден əпкесінің жан даусы шығып жатқанын естіді. Есінен айырыла, үйіне тұра жүгірді. Шалынысып құлап, сөмкесін лақтыра салып, есікке жармасты. Есік, ілулі.
Анадайда бөренеге тұмсығынан шаншылған қара балтаны жұлып алып, онсыз да ілдəлап, зорға тұрған есігін тарсылдатып шаба бастады. Ашу-ыза мен үрей балаға күш бітіргендей. Құлаштай соғады. Көзді ашып-жұмғанша қақ бөлінген есіктің арғы жағынан туған қызымен алысып жүрген əкесін көрді. Бағанадан есіктің тарсылдап жатқанын естімеген сыңайлы. Әбден мас. Қолында балтасы бар ұлының өршелене кіріп келгенінен айылын жиғандай, мелшиіп тұрып қалды. Мастығы да тарап кеткен секілді. Белінен ағытқан шалбарының түймелерін асыға түймелей, қалшиып тұр.
Əпкесінің жанына жетіп барған Бектас, бұрышқа тығыла, жылап отырған Лашынды көріп, көзіне қан құйылды.
— Жоғал! Кет! Хайуан! – деді күллі əлемді басына көтере айғай салып. Балтасын кезеп, сес көрсетті. Бар даусымен, жан айқайы шыға сестенген Бектастың мойыны күдірейіп, күре тамырлары білеуленіп, бүлк-бүлк соғады. Зəресі ұшып, шошып қалған Лашын əкесіне балта ала жүгіргенінен қорқып, ұшып келіп бауырын құшақтай, қосақтала жерге құлады. Ет-бетімен түсіп, өкіріп жылаған інісін кеудесімен баса, басын көтеріп:
— Кет! Екінші келме! – деді əкесіне ызғарлана.
Балта кезенген ұлының əрекетінен шошынып, ес жиып қалған əкесі сасып тұрған қалпын лезде-ақ өзгертіп, күстеніп кеткен жейдесі мен тозығы жетіп, созылып кеткен кеудешесін ышқырлай салып, қақ айырылған есікті серпи:
— Кетсем, кетем! Əкесіз қалыңдар! – деді өршелене, онсыз да жоқ орнын үңірейтіп. Жартылай салбыраған есікті бір теуіп, шығып кетті.
Бауырлар ұзақ жылады. Көрген азаптарының шеті-шегі жоқтай, қорлана өксіді. Əкелік мейірімі, адамдық ақылы жоқ жалғыз жақындарының қатыгездігінен түңілді. Жаңа ғана жандарын жаралаған әкенің кесірінен қақпасыз қалған құжырасының сұп-суық ауасы екеуін дірдек қақтырды. Жан сақтап жүрген жалғыз əлемдері жат əлемге айналып бара жатты. Ендігі бұл жерде қалғылары жоқ. Үңірейген есіктен тісі ақсиған жалмауыз кемпір шыға келіп, міне-міне тап беретіндей. Үрейлене дірілдейді.
Жетектесе жылап келіп қоңырау басқан екі баланы қарсы алған Сəнімкүлдің жүрегі қарс айырылды. Тоңып кеткен екеуін құшағына қыса біраз тұрды да, көз жасын сүртіп, үйге бастады. Мəн-жайдан xабардар болған соң:
— Тиіскен жоқ па? – деді көзі шарасынан шыға, ызаланып.
— Жоқ! Белім ауырып, сабақтан сұранып кеткен едім. От жағып қойып, қисая тұрайын дегенмін. Ұйықтап кетіппін. Əкемнің қалай келгенін байқамай да қалдым. Бектас дер кезінде келмегенде... деп, тұншыға жылады, Лашын.
Осыншама қорлықты тартқызған əкелерінің опасыздығынан қаны басына шапшыды, Сəнімкүлдің. Телефонын қолына ала, полиция бөлімшесіне xабарласты. Айғайлап, ашулана, өктем сөйледі: «Емдейтін орталыққа жатқызасыңдар ма, қамап тастайсыңдар ма, шаруам жоқ! Көзін құртыңдар! – деп, бар даусымен ышқына бұйырды.
Дəу қара екі сорлыны аса жақтыра қоймайтын сияқты. Десе де, ішкіш əкеден өлігі артық-ау! Бұларға жүзін бұрмастан, теледидарға телмірген күйі, жұмсақ диваннан бір түспеді.
— Ертең демалыс. Бүгін осы үйде қоныңдар. Ағаларың таңмен барып, есіктеріңді қағып береді! – деді, ыстық сорпасын сорпылдата ішіп отырған Дəуқараны иегімен нұсқай, ас үстінде Сəнімкүл. Екеуі дəу қараға көз салды. Ол болса, тамағына шұқшиған күйі лəм-мим деместен, буы бұрқыраған ыстық сорпасын сораптауын жалғастыра берді.
— Мақұл! – деді сонда да жарыса, екі бала.
Ас соңынан түрлі тəттілерді қойып, Сəнімкүл қою-күрең шай берді. Дəуқара Бектасты ертіп, үйлеріне барды. Қақ айырылған есікті ашып-жауып, біраз тұрды да:
— Түгел ауыстырмаса болмайды! Шіріп кетіпті! – деді қысқа қайыра, гүрілі басым дауысымен. Бүгіндікке аузынан шыққан жалғыз сөз осы ғана болды, Дәуқараның. Айналсоқтап əрлі-берлі жүрді де, тоспасы тозып, желкесінен салбырай ілініп тұрған есікті епке келтіріп, жауып қоярға амал қылар құрал іздеді. Қар-көрпе жамылып, қымтана бей-жай жатқан əрнені бір теуіп, ақ жамылғысын ашып тастап, бірталай ағашты жалаңаш қалдырды. Айқаса, айқыш-ұйқыш жатқан ағаштардың мықтысын іздеп жүргенге ұқсайды. Барлай шолып жүріп, бұталары арбайған ағаштардың бірінің қолтығынан тарта суырып алды. Томарға ұшынан шаншылып, жүзі қайтып, тоттанып кеткен балтаны алды да, содырайған бұталарды шауып жатты. Жалбыраған ағаштың алба-жұлба бұталары қырқылып, сидаңдап қалды. Дəуқара осыны діттегендей сүйреп келіп, екі баланың үңгір-үйінің есігін тірей жауып қойды. Əпкесі екеуінің кітап-дəптерлерін алып, қамданып алған Бектас, Дəуқараның алшаң адымын қуалай желе жүгіріп, еріп келеді.
Сəнімкүл мен Лашын бұлар қайтып келгенше тəтті торт пісіріп қойыпты. Дəуқараның аузын буған қаптай дөңкигені болмаса, бүгінгі отырысы ерекше əсер етті Бектасқа. Қорбайған кеудесіне тыққан бір мейірімі бардай көрінді. «Бұл дүниеде Сəнімкүл аптайдан сұлу, Сəнімкүл апатайдан жақсы жан жоқ шығар!» –деп ойлады, тағы.
Сəнімкүл əлденелерді самбырлай айтып, Лашынға қарата əңгімені соғып отыр. Лашын да тым көңілді. Сəнімкүл берген су жаңа көйлегі жарасып, ақша жүзі албырап, күлім қағады. Кешкі шай аса көңілді болды.
Бектас, ұйықтап жатқан əпкесінің айдай жүзіне үңіліп, ұзақ отырды. Көзі ілінер емес. Сəнімкүл салып берген жұп-жұмсақ, аппақ көрпені жатсынып тұрғандай тікесінен тік отыр. Дəуқарамен үйіне барғанда көтере келген сөмкесіне қол салып, екі бет қағаз алды. «Ақспқ киік» деп тақырып қойды. Қаламын тістеп, ойланып отыр. Бүгінгі күйі, бұрынғы ойларынан ерекше сөйлемдер құратып жатқандай. Əсерлі күннің əр минуты көзінен сырғанай беріп, ерекше шабытқа ұштасып барады. Жылы үй, тəтті тамақ, ақ төсек... Бəрінен бұрын жүрегі сұлулыққа толы Сəнімкүл апатайының нұр жүзі жанын баурап, жұдырықтай жүрегін толқытты. Бөтенсінбей, бауырына басқан Сəнімкүл апатайдың иісі қандай керім! Тау бұлағындай сыңғырлаған дауысы қандай əсем! Күн қонақтаған жүзі қандай сұлу! Шіркін, бəрінен бұрын жүрегін айтсаңшы!... Дүниеде Сəнімкүлден жақсы адам бар ма екен?! Жоқ шығар... Жоқ!
Мен мең дала төсінде еркін шауып, желмен жарыса жүйтки жөнеле алмаған ақсақ киік сияқты емес пе едім... Сылти басып, аяғын сүйрете ақсаңдаған жаралы киік...
Бектас, жарыса келіп, ойыса берген ойларын жинап алып, ақ қағазға салғанда қаламы жүгіре жөнелді.
«Мынау сұлу жарық əлемде əлемнің өзінен де жарық, өзінен де сұлу бір жан иесі бар! Адамзат атаулыдан бағамы артық жан! Ол, нағыз сыйқыршының өзі!» – деп бастағанда-ақ, қауырсын-қалам киіктей желіп, ақ қағазда шауып барады...
Есейткен жаназа
— Бектас, сен жинала ғой! Үйіңе бар! – деді Майра апайы сыныпқа кіре. Даусы бəсең. Жүзі солыңқы.
— Неге? – деді Бектас, сүйікті дәрісін қимай.
Десе де, жиналды. Жаны ұшып кетердей, жүрегі өкшесінен соғып жатқандай. Аяғын басса болды, шыбын жаны шырқырап, алпыс екі тамыры тырсылдап, жарылып кете жаздайды. Қанша тырысса да жүрісі өнер емес. Қара терге түсіп, азаптанып келеді.
«Əпкем... Əпкеме бірдеңе болған жоқ па? Əкем тағы да...» Өзімен-өзі сөйлесіп, жанұшырып барады. Есіктің алдында қараңдап, əлдекімдер жүрген сияқты. Анық көзі жетті, анау – көрші ата. «Тоңып қалмаңдар!» – деп əр күзде кептіріп, қап-қап қи əкеліп беретін. Қарадəу ағай да жүр. Кеше ғана салбырап қалып, тіреп кеткен есік айқара ашық.
Мəссаған! Сəнімкүл апатайы шықты үйден. Аулада біраз кідіріп, жаңағы екеумен əлденелерді сөйлесті де, қайта үйге сүңгіп кетті. Бектастың аяғынан жан қашқандай. Жап-жарық əлем күңгірттеніп барады. Көзтүрткізсіз қараңғылық жайылып кеткендей, əлемге. Қу жүрек бір сұмдықты сезе ме?! Осы өмірде əпкесінен жақын ешкімі жоқ! Жүрегі қуанса, əпкесі үшін қуанады. Жыласа, əпкесі үшін жылайды.
Əлдекім құлаштап келіп, жалаңдаған өткір бəкімен жұдырықтай жұмыр етін осып өткендей. «Əпкетайым! Аман болшы! Өтінемін!» – деп жылай берді, жүрегі. Жақындап қалған баланы көріп, Дəуқара қарсы алуға ыңғайланып, бұрыла берді. Жаңа ғана аяғынан жер қашып, қанша тырысса да жүрісі өнбей, шалынып келе жатқан Бектастың көкірегін өкініш қарс айырып, алапат күш ұшырып əкете барды.
— Қарағым, Бектас! Жігітсің ғой! Бекем бол! – деп мəймөңкелеп тұрған көрші қарияны көзіне де ілмеді. Адуындап барып, үйге бір-ақ сүңгіді. Қарсы ұшыраса кеткен Сəнімкүл баланы кеудесімен тосып:
— Мықты бол, балам! – деді, кемсеңдей.
— Жооооқ! Жоқ! Жоқ! Жоқ!
Əпкем қайда? Əпкетайым! Əпкееее...
Бектастың зарлы дауысы жер-жаһанды жарып, айналадағылардың жанын түршіктірді.
...Бектас!... Бектас, ботам!... Есіңді жинашы! ...
Шеті-шегі жоқ шыңыраудың тұңғиығына құлдырай құлап барады. Тоқтай алар емес. Əпкесінің əлсіз, көмескі дауысы қайдан шығады? Қайдан табады? Неге қараңғы? Шыңылдаған сүйкімсіз дыбыс неге тынбайды?... Сұп-суық... Беті ме, еті ме дуылдап кетті ...
Кенет, əлгі шыңыраудан ақ киік шыға келіп, қарсы шапты. Кəдуілгі ақ киігі емес пе?! Иə! Дəл соның өзі! Əншейінде ақсаңдайтын киелі жануардың шабысын-ай! Жүйріктің дəл өзі екен-ау! Оқтай заулап келіп, Бектасты үшкір мүйізіне іле, кері қарай серпи лақтырып жіберді. Бектас, сол серпінмен кері ұша берді. Көтеріліп келеді... Қайтып келеді...
Міне, жап-жарық əлем!
Шіркін, қандай керемет едің!
— Əпке? Əпкетай! Сен тірімісің?...
Өңі ме, түсі ме түсініксіз! Мейлі, бəрібір! Тек, қасында əпкесі болса болды! Құшақтай алды!
— Ботам, есіңді жинашы! Сен бұлай етсең, мен қайтемін?...
— Əпке?
– Иə! Менмін, ботам! Екеуміз енді анық жетім болдық! Жұрттың «жетімектер» деген атағына лайық болдық... Əкемізден айырылып қалдық...
— Əкемізден?...
Бектас, əке қамқорлығын сезінбеген соң, «əкеден айырылып қалудың» қайғысын да сезіне алмады. Əкеден емес, əпкеден айырылып қалудан қорықты. Қатты қорықты. Əпкесін құшақтай алды. Қатты, қатты құшақтады. Ешқашан құшағынан босатпауға серт етті, егіліп. Шын жетімекке айналған екі баланың айқасқан құшағын ешкім жаза алмады. Айырылмады, бауырлар. Бұлардың кеудесіндегі қабат-қабат шер-мұңды кім түсінсін?!...
Мұз жарылып, əкелері суға кетіпті. Мас күйінше, есін жыймастан, екі баласымен бақұлдаспай, ештеңеге өкінбей-ақ ағып кете барыпты. Ұлға өсиет, қызға ұлағат айтпай, бұл жалғаннан өзі де рахат таппай, перзенттеріне де рахат көрсетпей, сұп-суық суға тұншығып, өле салыпты. Соңғы демін толқынға үздіріп, былапыт өмірімен қоштасып, мөп-мөлдір судың қойнында мəңгілік ұйқыға батыпты.
Көрші-қолаң жиылып, əкенің жаназасын оқыды. Екі баланың көңілі суысын деді ме, көкпеңбек күп болып ісіп, міне-міне жарылып кетердей тырсиған қорқынышты мəйіттің бетін ашып, балаларына көрсетті. Қоштастырды. Мұсылман жұрт жуындырып, кебіндеп, қорымға апарып көмді. Бектас, алғашқы рет ақыреттік əлемді көзімен көрді. Кір-қожалақ болып, теңселіп, көше кезіп жүретін əкесінің қардай аппақ матаға оралып, жер қойнына тапсырылғанына куə болды.
Əп-сəтте есейіп кетті. Ешқашан жақсы көрмеген əкесін, ешқашан жек көрмегенін қабір басында ғана түсінді. Дəуқара ұсынған күректі алып, үлкен жігітше əкесінің мəңгілік үйіне серпи, толқи, топырақ тастады...
Сəнімкүл апатайы күнде келіп шелпек пісіріп, көрші атаға құран оқытып жүрді. Əкелерінің өлімі, Лашын мен Бектасты есейткендей. Ешқандай пайдасы да, зияны да жоқ жалғыз жақындарынан айырылып қалғандары жандарына батты. Тұңғыш рет əкесі де, шешесі де жоқ, жетім өскен əкелерінің өмір-тарихын жиналған көпшіліктің аузынан естіді.
«Елімде, атамекенімде өмір сүремін! Туған жерімде өлемін!» – деп Ресейдің Орынбор елді мекенінен ауып келгенде, ере келген сұлу келіншегі болыпты қасында. Тілі де, ділі де, діні де басқа елге сіңе алмай: «Ресейге қайтайықшы» – деген орысмінезді əйеліне көнбеген соң, Лашынның бес жасында, ұлы Бектастың екіге толар-толмас шағында тастап, кете барыпты, келіншегі. Екі жетімнің анасы.
Əйелін қатты сүйген екен, сабазың! Десе де, жігіт! Қатынның соңынан сөлпеңдеп еріп кетпепті. Бар күйігін, бар сағынышын арақпен жеңді демесең... Əкелері мен аналары жайлы ақиқатты естігенде, Лашын мен Бектастың еңсесін басқан зілбатпан мұң уатылып кетті. Кеуделеріне нықталған келсаптай түйін де түймедей болып, кеми берді...
Əкенің жаназасы – екеуін де есейткен жаназа болды.
Жеңімпаз
...Аудандық зəулім салтанат залы оқушыларға лық толы. Төрге созыла қойылған стөлге ақ жапқыш жабылған. Бағанадан жарыса сөйлеп, əрлі-берлі қозғалып, у да-шу дабырлаған балалар дүрілдей көтерілді. Артқы есіктен кіріп келе жатқан қонақтарды мектеп директоры бастап келеді. Бірінен соң бірі сахнаға көтерілген қонақтар отырып болған соң, сөзді директор бастады:
«Қымбатты балалар!
Аудан көлемінде əдебиетті сүйетін оқушылар арасында бəйге ұйымдастырылғанын жақсы білесіңдер! Міне, бүгін сол бəйге межесіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бірер минуттан соң, сол мықтының кім екенін білетін боламыз!» – деді, маңғазданып. Сөйтті де, сөз кезегін аудандық «ақпарат бөлімі» басшысына берді. Аудан бойынша бəйгеге қатысып, шығарма жазған балалар жапа тармағай қол соғып, өздерін ертіп келген ұстаздарына жалтақтай қарайды. Барлығы да қобалжып отырғанға ұқсайды.
Əдебиет пəнінің мұғалімі Майра апай, оң жағында отырған Бектасқа жымия көз салып: «Сəттілік!» – деп қолын қысып қойды. «Уайымдама, бəрі жақсы болады!» – дегенге саяды, апайының сөзі. Қулана айтқандай ма?! Бектас, толқып тұр ма, қорқып тұр ма айыра алмады.
Сөзді созып, ұзақ сөйлеген газет тілшісі əдебиеттің қандай керемет өнер екенін тамсана айта келіп, ақын-жазушылардың туындыларынан үзінділер оқып, мысал келтіріп, ерекше толқи, асықпай тұрып алды. Кімнің не түсініп отырғанын қайдам, бар баланың көзі – стөлдегі мұғалімдер əкеліп қойған қорапшаларда.
Сахнада кезек-кезек сөйлеген үлкендер, бір-бірден атап, шақырып алып, əр баланың қолын ерекше ілтипатпен қысады да, бір қорапты қолтықтатып жібереді. Бірінің үстіне бірі, іркес-тіркес қойылған қорапшалар азайып, əрқайсысы иесін тауып, кетіп жатты. Жеңімпаздардың есімдерін атай, жетістігін жариялай, мақтау қағаздарын ұсынып, қолын қысып тұрған мектеп директоры əр баланы жымия қарсы алып, жымия шығарып салып тұр. Əлсін-əлсін дүрілдей қол соғылады. Сыйлықтың қатары азайды.
— Әмина! Үшінші орын! – деді директор жөткіріне.
Ортаға жеңімпазды шақырғанда стөлде бар-жоғы екі - ақ қорап қалды. Оның үстіне жеңімпаз орындары да түгесілді.
Көңілі су сепкендей басылып, жүрегі алай-дүлей болған Бектас, орындығынан төмен сырғанап, жатақши отырды. Соғылып жатқан қолдар да, айтылып жатқан құттықтаулар да, директордың қағытпасына ду күліп, салтанат залын гүрілдеткен дауыстар да Бектасқа алыстан естіліп, көмескіленіп барады.
Тұңғиықтан «Бозжігітов Бектас!... Бектас! Әй, Бектас!» дейтіндей, əлсіз үн келеді құлағына. Ойдың желмаясына мініп, шартарапты шарлап кеткен Бектас оң бүйірінен тиген жағымсыз соққыдан селк ете қалды. Көз алды қарауытып, құлағын шаншытқан шу үдей түсіп, басын жарып жіберердей зорайып барып, жаңағы шулы залға оралтты.
— Оу, батыр, ұйықтап отырмысың? – деген директордың сұраулы жүзіне көзі түсіп, əуелімде не болғанын түсінбей мең-зең күй кешті.
— Бар! Барсаңшы! – деді Майра апайы қабағын түйе.
Ұстазы зеки сөйлеп, алға итерді. Бектас, «Шақырған екен, бару керек!» – дегендей ұмсына көтеріліп, ілби жылжып, директордың алдына келді. Көз алмай күтіп тұрған директор сол баяғы əдетімен қарсы алып, арқасынан қағып қойды да, мақтай жөнелді. Стөлге бажайлай көз салған Бектастың көңілі құлазып сала берді. Түк жоқ. Директордың иығынан қысып, мадақтап жатқанына селт етер емес, қайран жүрегі.
Сахандан қалың көпшілікке қарсы қарап тұруы – алғашқы рет. Қызық! Жап-жарық, биік сахандан көрерменге қарау қандай қызық! Өзіне үңілген көздердің əрқайсынан шашыраған нұр жап-жалтыр сəулеге айналып, төбесіне себіліп тұрғандай. Өз ойымен өзі, бейқам тұрған баланың ойын директоры тағы бұзды.
— Қымбатты ұстаздар! Қымбатты оқушылар! Қадірменді ата-аналар! – деп кеңірдегін кере, иегін көтере сөз бастап, аудан көлемінде шығармаға бəйге жарияланғанын, ауданға кіл мықтылардың шығармасы іріктеліп келгенін қайталап айтып, сарнай берді. «Жаңа айтып еді ғой! Несіне қайталай береді?» – деп ойлады, Бектас. «Болашақ сендердің қолдарыңда!» – деп қолын көкке сермей сөйлеген директор, Бектасқа бұрылды. Күлкісі келді. Директор емес, борсыққа ұқсайтын сияқты. Қарны дөп-дөңгелек, қолы қысқалау. Артына қайыра тарап қойған шашы да судан жаңа шыққандай жалтырайды.
— Ал Бозжігітов, құтты болсын! «Ақсақ киік» – деген шығарма жазған екенсің, бəрімізді де бір жылаттың ғой... Жарайсың!
Нағыз əдебиетші екенсің! – деді, қолын созып. Мақтау қағазын ұсынды, сосын. «Осы-ақ па?» – деп іштей ренжіді Бектас. Салғырт қана қабылдап алған мақтау қағазына қуана қоймағанын ұқтырып, басын салбырата тұра берді.
«Енді, менің кезегім!» – дегендей, биік һәм денелі келген сұлу кісі алға жылжып, директорды кері ысырды. Қолында үлкен қорабы бар. Бектасқа жақындай, иіле бетінен сүйді.
— Құттықтаймын! Мықты жігіт екенсің ғой! – деп, қолындағы қорабын ұсынды. Күтпеген қорапқа көз салған Бектастың көзінен ұшқын шашырады.
— Мынау... Мынау планшет қой! – деп қалай айғайлап жібергенін өзі де байқамай қалды. Көпшілік, ду күлді. Директор да қарны бүлкілдей, селкілдеп күліп тұр. Бектастың жанары жасаурап шыға келді. Көзіне мөлтілдей толған ып-ыстық жасы міне-міне үзіліп кетердей. Сыйлық ұсынған сұлу ағайға алғыс айтуға күші жетер емес.
— Ана жаққа қара! Суретке түсейік! Аудандық газетке шығатын боласың! – дейді сұлу ағай қарсы алдарында сартылдатып суретке түсіріп тұрған фотограф мырзаны меңзеп.
Барлық ел тік тұрып, қол соқты. Мобилограф ағай суретке қайта-қайта түсіреді. Елден ерекше аянбай алақанын шапалақтап тұрған Майра апайдың жүзі бал-бұл жанып, қолын биікке көтере береді. «Болашақ жазушым!» – деп бетінен сүйе берді, сүйе берді. Әуелі, Бектастың ұстазы ретінде аудандық газетке сұхбат та беріп үлгерді.
Өрт пен серт
Бектасты жеңісімен құттықтап, түрлі-түрлі тəттісін көтеріп Сəнімкүл де жетті. Дəуқара сол можырайған күйі, сөйлемейтін қалпымен, өзі əкеліп, балаларға қойып берген теледидарына шұқшиып, шынтақтап жатыр. Бектастың мақтау қағазын жылтырақ қағазға салып, қабырғаға іліп қойған Лашын, планшетін шұқылаған бауырын əлсін-əлсін құшақтап, екі бетінен шөлпілдетіп сүйіп кете береді.
Бектас, Сəнімкүлдің суретін түсіріп, планшетінің бетіне қойып алды. Тіпті, Дəуқарамен де бірнеше рет суретке түсті. Құдды, отбасы сияқты. Күнде осылай, осынау жақсы адамдармен суретке түсіп, болашаққа сақтауды армандады.
Бақытты күнінің кеші де дəл сондай тамаша өтті. Тəтті тағамдарын жеп, дастархан басында көңілді əңгіме айтып, рахаттана шай ішіп отырған бейнелерін суретке түсіре берді-түсіре берді. Сəнімкүл əктеп берген əлгіндегі қошқыл қабырғалар ақшаңқандай жалтырай, суретке түсіп жатқан бақытты балалардың фонын асқақта түседі. Сондай тамаша кеш! Бақытты сәт!
...Бектас!... Бектас, тұршы! Жанып жатыр!
Жанұшыра айғайлаған əпкесінің даусы құлағына еміс-еміс жетеді. Орнынан тұрғысы келгенімен, қанша ышқынса да серпіліп тұрып кетер күш таппады. Əйтеуір, əлдекімнің иығынан сүйреп бара жатқанын сезетін сияқты...
Көзін ауруxанада ашқан бала, үйлерінің түк қалмай жанып, өртеніп кеткенін естігенде жап-жаңа планшетін қимай ұзақ жылады. Тіпті, күйік шалған қолын да елемеді.
Сəнімкүл: «Екеуіңді қамқорлығыма алуға құжат жинап жүрмін» – деген. Сорпа пісіріп, жеміс-жидек алып келіп, басынан сыйпап, бетінен сүйіп кеткен.
Үнзсіз, булыға жылаған бауырын қалай жұбатарын да білмей, Лашын, үнсіз мұңайды. «Отты дұрыс жаға алмадым ба?...Пештің аузын тіремегенімін-ау!» – деп өзін іштей кіналап, іштей жеумен болды, бауырмал қыз. Бауырының жанып кеткен планшеті де, ондағы бақытты күннің суреттері де өкінішке ұласты.
Енді бізде әке де, үй де, ештеңе де жоқ. Әкеден қалған жалғыз естелік, жалғыз мұраны от жұтты. «Тілсіз жау» дегені рас-ау, ата-бабамның. Қалаға оқуға кетсем, Бектас қайда тұрады? Кімді паналайды?
Лашынның көз жасы тоқтамады. Өксігі өзегін өртеді. Қыз болып қызыл-жасыл кимедім деп өкінген емес. Бар арманы – жалғыз ғана бауырының амандығы емес пе еді! Сол қуанса екен дейтін. Сол үшін тырысатын. Сабағын да жақсы оқушы еді ғой. Бауырына ана да, пана да болуды армандайтын. Зардабы өткен жоқшылықтың орнын толтырып, бауырын тәттіге тойдыруды қиялдайтын.
Ыңырси оянған Бектасқа дәрігерлер укол салып еді, қайта ұйықтап кетті. Ыңырси оянып, талықси ұйықтап қалған бауырын құшақтап отырып жылаған қыз, қайтсе де бауырының қамқоршысы, мақтанышы болуға серт етті. Жалғыз. Іштей. Үнсіз. Қайтсе де оқуға түсіп, білікті маман болуға бел буды.
— Лашын! Ау, Лашын!
Сәнімкүлдің сыңғыр дауысы қызды сергіткендей. Алғашында түс көріп жатырмын ба деген, мап-мамық, жып-жылы алақан бұрышынан жүгіргенде өңі екенін ұқты.
— Ау, апа?!
Дәл осылай айтамын деп ойлаған жоқ еді. Дәл осылай айтуды жоспарланған да жоқ. Бірақ, қалаған. Бәлкім, армандаған шығар. Ұялып қалды. Мұнысын Сәнімкүл де сезіп, түнімен кірпік ілмей бауырын күзеткен қызды құшақтай алды.
— Лашын, мен сендерді қамқорлығына алуға құжат тапсырдым. Енді сендерді өз жүрегіммен қорғайтын боламын! Өз баламдай аялаймын! Серт етемін! – деді, кемсеңдеп.
— Апатай! Сіз бізге жақсы ана боласыз! Біз сізге жақсы боламыз! Уәде беремін! Серт етемін!
Тумаған деп кім айтады бұл екеуін? «Туды» деген ана баласына, бала анасына мейірімсіз болып, қатыгездік танытып жататыны өтірік пе, өмірде?! Рас қой! Ондайлар көп!
Бәрі де жүректің қалауына, жанның жылуына байланысты екен-ау!
Сағыныш
Бектас әпкесін сағынады!
Осы жалғанда одан басқа жақыны болған ба еді?! Бөтелке жинап өткізіп, тауып келген тиын-тебенін түгел қолына салғанда, сол ақшаға алған азын-аулақ тамақты інісінің аузына тосып, өзі тартынып отыратын əпкесінің ұстамдылығы есіне түскен сайын көзінен жас ыршып кетеді.
Лашын оқуға кеткелі бауыры бұйығыланып, көп сөйлеметін болып алды. Сəнəмкүлдің: «Балам!» – деген жылы сөзіне бар өмірін айырбастап жіберуге бар. «Апатайым ренжімесе екен!» – деп, берген тапсырмаларын құрақ ұша орындап, үнсіз қалпы асын ішіп, төсегіне сүйретіліп келіп кітап оқиды. Сабағы – кілең «5»
Сап-салқын ауа көрпесін итеріп, шашынан төмен денесін бойлай қойынына еніп барады. Тəп-тəуір түс көріп жатқан сияқты еді... Əпкесі мен Сəнімкүл апатайы үшеуі жап-жасыл шүйгінді басып, өрге қарай кетіп барады. Айнала - қырмызы-қызғалдақ.
«Апа!» – дейді Лашын, Сəнімкүлге жымиып.
Сəнəмкүл үнсіз қалшиып тұрып қалды. Əлден соң бейнесі шашылып, ұсақ-ұсақ түйіршектерге бөлініп, ауаға сіңіп жоқ болды. Тағы сол, ақсақ киік... Əне жүр... Бектасқа қадаған отты жанары жарқ етіп, алға озып кете барды, киелі жануар.
Шошып оянған Бектас, жетімдік өмірден суырып алып, құшағының жылуымен жылытқан Сəнімкүл апатайынан айырылып қалғандай, төсектен басын жұлып алды да, есін жиып, сол иығына: «Астағфируллах» – деп үш рет түкірді. Бұл, дəу, қара ағайының үйреткені.
Өртке оранған үйдің ішінде қалып, денесін күйік шалып, иіс ұрып, ауруханада ұзақ жатқанда Дəуқара өзі барып алып келген. Жаман түс көріп, шошып оянатынды шығарғанда басынан сыйпай арқасынан қағып, осы сөзді айтып, сол иығына үш рет түкіруді үйреткен.
Құдай, біреуге бəрін үйіп-төгіп береді де, біреуді тартып қояды екен-ау! Сыртынан қарасаң пошымынан ат үркетін Дəуқараның да іші мейірімге толы болып шықты. Бір перзентке зар болған екеудің қу мазардай суық үйінің құлаққа ұрған тыныштығы бұзылып, балалардың күлкісіне кенеліп, жан біткенде Дəуқара да жұлып-тартып əңгіме айтып, қорбаңдай күлетінді шығарды, ара-тұра. Кейде, алғаш жатсынып, бойын алшақ салуға тырысып қашқақтап жүретін осы бір дəуді «әке!» – дегісі де келіп кетеді. Келбетті болмаса да, жан-дүниесі сұлу ғой, ағатайының!
Ауруханадан келіп, өртеніп кеткен үйінің орын сипап, ұзақ жылағанда: «Жылама, балам! Бұл - өмір! Адам басқа салғанға көніп, сабыр ету керек! Жігітке жылаған жараспайды! Көз жасын көрсетпейді, еркек деген!...» – деп, құшағына қысып тұрып, бірге жылаған Дəуқара көкесі, кемсеңдей. Көп ұзамай, су жаңа планшет алып берген, Бектасқа.
Күйіктен бүріліп, тыртық болып қалған білегін сипап, өткенді еске алып біраз отырды, бозбала... Əпкесі сүйреп шықпағанда, сол үйіндінің астында бір уыс болып пісіп қалар ма еді, кім білсін?! Дəуқараны «әке» демесе де, «көке» деп атап кеткен əпкесі: «Көкенің арқасында аман қалдық. Өрт шыққанын естіп, жанұшыра жүгіріп келіп, екеумізді де құтқарып алды ғой. Мен сені есікке дейін сүйреп барып, босағаға құлаппын!» – деп көзіне жас алатын.
Бектас терең ойға сүңгіді. «Өз анамыз бізді неге тастап кетті екен?... Əкем неге мейірімсіз болды? Соншама қатыгез адамдардан неге тудық? Көке мен Сəнімкүл апатайымнан неге тумадық?!» – деп жауабы жоқ сұрақтармен алысты.
Аязды күндері от жағылмаған тастай суық үйде құшақтасып, бүркеніп жататын кездерін есіне алды. Жылуы жоқ көрпенің астында бүрсеңдеп, тоңып жатып талай жылаған, əпкесі. Сонда бұл, жігіт болып: «Жылама, əпке! Мен өсемін! Сені бағамын! Əдемі көйлектер алып беремін! Дəу үйде тұрғызамын!» – деуші еді, өз өксігін зорға жұтып.
Əпкесінің жұрттың қыздары сияқты жұтынып көйлек кие алмай, жұпыны жүретіні жанына қатты бататын. Өзінің бəтеңкесінің ауызы ырсиып, тілі жалаңдап тұрса да айтқанға көнбей, бар тапқанына əпкесіне етік алдырған, сонда. Арзанның тұзы татымас... Ол жарықтық апта кимей, табаны қақ бөлініп, салақтады да қалды.
... Жылап жатып ұйықтап кететін де, түн жарымында қатты тоңып оянатын. Əпкесіне көрсетпей, өзі де талай жылаған.
Кеудесін сағыныш кернеп, көзіне жас үйіріліп, əпкесін көргісі келді. Əттең, алыста! Телефон соғып, қалін білмекке шешті. Даусын естігісі келіп тұр. Қоңырау үні ұзаққа созылып барып, үзіліп жатыр...
— Алло! Алло?!...Бектас! Неге үндемейсің, ботам?!...
Бектастың сөйлеуге күші келер емес... Сағынышы асқынып, жалғандағы жалғыз жақыны, əпкесінің дауысы жанын толқытты. Кемсеңдеп, икемге келмей қинаған еріндерін зорға жиып:
— Əпке! – деді, бар болғаны.
Лашын, бауырының жылап тұрғанын ұқты білем, өзі де үнсіз қалды... Телефонның екі жағынан үнсіз ұғысқан бауырлар тілсіз сөйлесіп тұр... Жылап тұр...
Бұл - сағыныш!
Са - ғы - ныш!
Алғашқы махаббат
Міне-міне мектеп бітіреміз деп жүрген балалардың барлығының мінезінде салмақтылық орнап, өздері де, сөздері де іріленген. Не айтса да екіұшты емес, нақ, нық айтады. Ұсақ-түйекке шекісіп қалатын ұлдар, болар-болмасқа ұрысып қалатын қыздар жоқ қазір. «Үлкен адам» образы мықтап бекіген, бойларына.
Бектастың абыройы параллель сыныптас бозбалалардың бəрінен биік. Бала кездегідей киген киімі, ұстаған сөмкесі, жұмсаған ақшасы аңызға айналып, өзгені таң қылатын шақтың емес, жігіттің «жігіттігі» бағаланып, биіктігімен бағындыратын шақтың бекзадасы. Қыз біткеннің қара көзі, нұр жүзі Бектасқа тиесілі. Бой түзеген, бұрымды бойжеткеннің ешбірі «кетəрі» емес. Əсіресе, Шынар.
Шынардың Бектасқа өлердей ғашық екені құпия болған жоқ, жария болды. Бүкіл мектеп біледі. Қыз атаулының маңдайалдысы, ұзын бойлы, ақша жүзді, мойыл қара көзін үнемі желпіп тұратын ну-қара кірпігі кімді есінен тандырмайды, Шынардың?!... Жігіттердің арманы – Шынар, Шынардың арманы – Бектас.
Ауылда өзімен теңдесер ешкім болмаған соң, ауданға алып кеткен тренері Бектасты. Ауданда да жұдырықтастарының бірінен соң бірін накаутқа түсіріп, қалаға тартты. Қаладан бокс спортының чемпионы болып оралды. Республикалық чемпион!
Құрдастарға сыйлы, інілерге үлгі болатынындай-ақ бар жігітке ғашық болмау мүмкін бе?! Қыздың бәрі ғашық. Бәрінен де Шынар ғашық. Бектастың жүрегі Шынарға бұрмайды. Ол жүректің қалауы басқа. Ол, ешкімге ұқсамайтын қыз. Шынардай ақша жүз, қарақат көз, қолаң шаш та емес, сəнді киім, əдемі көйлек те кимейді.
«Пах, шіркін! Қыз-ақ екен!» – деп ешкімді мойынбұрғызып, мойындатпайды да. Қараторы, орта бойлы, шидей арық, жұрт «қара кемпір» атап кеткен жаман кемпірдің бауырына басқан немересі.
Қайран кемпір... Тапқаны – жалғыз бала. Жалғыз перзентін де қимапты, Алласы. Өзі беріп, өзі алып, тағдыр-тауқыметке осы кемпірдің соқа басын сопаитып қалдыра салыпты. Жалғызы жуас болған соң отау тікпей, əбден жүріпті. Отыздан асқанда қатарлас-құрдастары алып қашып əкеліп берген өзінен де жуас келіншегімен шаңырақ көтеріп, небәрі бес жыл өмір сүріпті. Елдің малын жайлауға шығарып, бағып, семіртіп келетін жұптардың абыройы оңай болмаса керек...Əйтеуір, «сол заманда қара кемпірдің аузынан ақ май ақты» – дейтін, жұрт.
Ұлыстың ұлы күні туып, мерекеге дайындалып жатқан кез. Əр сынып – бір ауыл. «Абай ауылының» Абайын таңдады, балалар. Дəуқара көкесінің домбырасын тыңқылдатып, көкесін қолқалап жүріп, аспаты əжептəуір үйреніп алғаны көпшіліктен оздырды, Бектасты. Абай болды да алды. Бəрі соны қалады, соны таңдады. Ал Əйгерім қайда? Қыз біткен «Əйгерім» болғысы-ақ келіп, ұмсынады. Бектас Абай болғанда...
Қыздар жағы тəжікелесе бастады. Соңы, соғыспен тынбақ. Мұны ұққан Майраш апайы:
— Бектас, Абай атаңды білесің! Топ ішінен таңдағанын алды емес пе! Ендеше, Əйгеріміңді өзің таңда! – деп асқан қулықпен тыя салды, қыз-қырқынды.
— Айтқаныңыз болсын! – деді Бектас та апайымның тапқырлығына риза болып, іліп әкете.
Демін ішіне тартып, Бектасқа үңілген қыз-жігіт «кімді таңдар екен?» – деп ісін бақты. Болжарға да ешкім жоқ. Өйткені, Бектас өзге құрдастары сияқты ана қызбен бір, мына қызбен бір көңіл қосып, махаббат жырын жырлаған емес. Кімді ұнататыны, кімді сүйетіні бəріне де таң. Жұмбақ.
— Шынарды таңдайды – деп күбірлесті, қыздар.
— Жігіт атаулы құмар емес пе, Шынарға. Əрине, сол! – деп салды тағы біразы.
Естірте айтады. Əдейі сөйтеді. Бұлар ұнатқан серілер Шынарды ұнатып, жүректерін жаралап жүр емес пе! Кектене, тістене сөйлейді. Шынар, естіп тұрса да, естімегенсиді. Мұндай сөздерге намыстанбайды да, күйіп-піспейді де. Керсінше! Мақтанады!
Қазіргі бар ойы – Бектас! «Əйгерім болуға лайықпын ба? Бектастың маған ғашық болмауы мүмкін емес қой...» – деген үміті жіңішкергенімен, үзілмей тұр...
Ұшқан шыбынның ызыңы естіледі. Тып-тыныш. Тым-тырыс. Қаншама көздер Бектастың ерніне үңіліп, үздіге қадалады. Майраш апайдың да екі көзі «Абайында»...
Шыдам таусылып барады.
Бектас қыз атаулыны барлай, шолып отыр. Құдды, кімді таңдарын білмей, басы қатып отырғандай. Алайда, жігіттің топ ішінен таңдаған сүйіктісін іздеп отырғанынан түгелі бейхабар. Анталаған қалың қыздың ішінде Меруерт жоқ. Қайда кеткен?
Бектас орнынан көтеріліп, бітесе иықтасқан алақақотан жастарды жарып өтіп, сыныпты шарлай қарады. Əне отыр! Сүйіктісі, ешкіммен де шаруасы жоқ, өз ойымен əуре. Аппақ қағазға үңіліп, бар ойын қарындашына сыйлап, сурет салып отыр. Жанына жақындаған Бектасты байқар емес. Бектас қара қарындаштың əрлі-берлі секеңдеп, өз бейнесін кестелеп жатқанын көрді. Жүрегі жарылардай қуанып кетті. Тіпті, жұмыр еті ыршып түсіп, мынау ақ қағаздағы жансыз бейнеге сіңіп кетемін десе де, қарсыласар ниеті жоқ. Мейлі! Тек қана, Меруерттің сүйріктей саусақтары көмкерген «бақытты қарындаштан» құйылып тұрса, разы!...
Жігіттер қол соғып, қыздар ішегін тартып, у да - шу болды. Осы дабырдан есін жиған Меруерт, қарсы алдында, өзі салып отырған суретке, өз бейнесіне сүйсіне қадалған Бектасты жаңа байқады. Қиялының тереңінен суырылып қалып, аяқ астынан алты қабат аспаннан құлап түскендей селк ете, қағазын жұлып алып, арқасына тыға қойды.
Бектастың назары Меруертте. Меруерттің қарашығы жерде. Кірпігін көтере алмай, жасырған жалғыз жан-құпиясының ашылып қалғанына қапаланып, қыстыға жылайды. Топлиының тұмсығына тамып жатқан ып-ыстық тамшылардан ескі шоқайы балқып бара жатқандай. Кері шегіне береді. Қол соққан жігіттердің алақандарының сартылы құлағын жарып, басын күңгірлетіп барады.
Бектас, шегіншектеген қыздың қолынан тартып, тоқтатып алды. Артына тыққан суретті жұлып алып, екі бүктеп, кəстөмінің төс қалтасына салып қойды. Дүрсілдей соғып тұрған жүрегінің тұсына салды. Меруерттің қолынан жетелей, алға озғанда қыздың қарсыласарға да күші жетпей, ере берді. Екеуі сəнді киім киінген, жұпар əтір себінген, биік өкше топлилары жалтыраған қалың қызды қақ жарып келеді. Зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер екі ғашықты қол соға қарсы алып, шапалақ-қошеметпен ұзатып салып жатыр.Бағанадан бері осынау керім көріністі тамашалап, ең пəк, ең алғашқы махаббат оқиғасына куə болып, толқып, көз жасын біресе əрі, біресе бері жасқап тұрған Майраш апайы қол ұстаса алдына келіп іркілген шəкірттерін құшақтай алды...
Бектас пен Меруерттің «Абай мен Əйгерім» образы аңызға айналды. Өлеңші Жексен де бұларға арнап ғашықтық жырларын жазды. Мектептегі соңғы жылының соңғы күндерін барынша көңілді өткізуді қалаған балалар соңғы қоңырауға дайындалып жатқан. «Соңғы вальс» дайындығына Меруерт келмеді. Өсек те гу ете қалды. Әсіресе, Шынардың дауысы саңқылдай шығады. Меруертті алып қашып кетіпті – мыш...
Бектас алып-ұшып Меруерттің аттаған босағасына барды. Адуынды жігітке сыныптас достары ере кетті. Күйеу жігітті бүктеп тығу шебер боксерға сөз болып па?! Мұндайға достары жол бермеді. «Сотталып, болашағыңа балта шаппа!» – деп ызалы жігітті жабыла басып, əзер ие болды.
— Менің тағдырым осы шығар... Сен сияқты қалаға да бара алмаймын. Оқу да оқи алмаймын. Етегіне салып, жаулығына орап баққан əжемді жалғыз тастап, алысқа кете алмаймын! Бара ғой! Бақытты бол! – деп егіл-тегіл жылаған сүйіктісін өзінен бір мүшел үлкен «можантопайға» қимай, Бектас қатты қиналды. Қатты азаптанды.
— Кетейік! Жүр! Алып кетеміне, қыз көнбеді.
— Мен енді қыз емес, келіншекпін! Бір əулеттің келінімін! – деді, астарлай. Қатар арбасқан өкініш пен сағыныштың құрсауының тұтқынына айналып, тұншыға жылады.
— Маған бəрібір! – дегеніне де келіспеді, Меруерті.
Бектас ендігəрі қыз атаулыға сенбеске, қыз атаулыны сүймеске серт етті! Соңғы вальсті Шынармен жұптаса биледі. Соңғы кеште де жұптары жазылмады. Ынтығып, күйіп-жанған қыздың кеудесінен итермеді. Сол түні, алғашы рет сүйісті...
Ұнамады! Əсерленбеді!
Кеш соңында Шынардан кешірім сұрап, үміттенбеуін, ендігəрі жоламауын өтінді.
Оқушылық өмірдің соңғы биі биленіп, соңғы кеші тойланып, соңғы күнін қарсы алуға аттанған балалар мəз-мейрам! Əне, көкжиектен жалқынды жарық нұрын шашыратып, алтын күн көтеріліп келеді. Балалар, балалық шағымен қоштасып, шаттана шапалақтайды...
Бектас, көпшіліктен оқшауланып, алабөтен жалғыз тұр. Қызыл арай күннің сəулесіне шағылысқан жасы жүзінде жалт-жұлт етеді. «Уа, күн! Күнде көкжиегіңнен көтеріліп, менің Меруертімді нұрландыршы! Жүзін алтын шуағыңмен сүй! Еріндерін аймала! Мен сияқты сүй! Меруертім, саған аманат!» – деді сыбырлай...
Дәуқараның шын аты
Бектас мектепті алтын медальға бітіріп, Дəуқара көкесі мен Сəнімкүлдің абыройын көтеріп тастады. Кəмелеттік жасқа толмаған екі баланы қамқорлығына алып, құжат рəсімдеп алған жұбайлар, сол күннен бұл екеуін өзі тапқандай-ақ мейірімге бөлеп, бауырына басып, балалы ата-ана болып шыға келген. Лашын, Сəнəмкүл апатайы сияқты дәрігер болуды қалады. Өздерінің жанына септескен апатайы, өлімнің азуынан арашалап қалған періште іспеттес. Кім біледі, дəл сол кезде шауып келмегенде... Қорғансыз екеуге аяушылық танытпағанда... Қамқорлығына алып, құрақ ұшпағанда... Бəлкім, екеуі суық үйде қатып қалар ма еді... Аурудан көз ашпай, өліп кетер ме еді... Алауға оранған үйде, қызыл тілі жалаңдаған қызыл отқа жанып кетер ме еді... Əйтеуір, дəл осы күнге, дəл осылай жетпес еді!
Ел-жұрт, көрші-қолаңды шақырып, қошқарын сойып, дастархан жайған Дəуқара осы кеш баладай қалбалақтап, жиылған көпшіліктен бата сұрады. Бектасқа сəт-сапар тілеуін өтінді. Мəре-сəре дабырласқан жұрт тараспай, ұзақ отырды. Əңгіме айтып, өткен-кеткенді сапырып, əндетті. Жылжи айналып келген сөз кезегі үй иелеріне ойысқанда, сөзді Дəуқара бастады. Алдымен жөткірініп алып, тереңін қазып, қазына іздегендей көп отырды да:
— Хммм... Құдай маған бəрін берді! Дүние де, жар да... – деп, тоқтап қалды. Шамасы, өзі айтқан «бəрін бердісіне» көңілі толмағандай, ойланып отыр. «Бала бермеді... Перзент бұйырмады...» – деді əлден соң, кемсеңдеп.
Лашын мен Бектас үшін мына жалғанда Дəуқара көкелерінен мықты ешкім жоқтай көрінетін. Ендігі сол «батырларының» мынау көңілі босап, көзі жасаурап отырысы екеуіне де жаңалық сияқты. Таңданыстарын жасыра алмаған жанарлары ұшырасып, қайта ажырасып, көкелеріне кері бағытталды.
— Əскери қызмет қылдым. Зейнетке шыққалы, денсаулығыма байланысты өзге шаруаға араласа алмадым. Егер, Сəнімкүлім болмағанда... аяқтан тұрып кетуім екіталай еді.Өзімнен бір мүшел кіші болса да, етегімнен ұстаған қолы жазылмады. Ыстығыма күйіп, суығыма тоңды. Мен, Сəнімкүлге ризамын! Тек, мені кешіре алса...» – деді, қайта босап.
Жұрт, дəуқараның сөзін бөлмеді. Демін ішіне тарта, тыңдап отыр.
— Ееее, жұптарың жазылмасын, қарағым! – деді сақалын тарап қойып, көзін жұмып сөйлейтін Хəкім қария. Дəуқараны ширатып, ойын жинақтап берді. Əр ойдың басын бір шалып, үзіп-жарып сөйлеп отырған Дəуқараның тілі шорқақ болғанымен, түйсігі терең екен. Тек, əсірелеп жеткізе алар емес.
— Иəәəə... – деді кібіртіктеп. Сөзін қайта жалғауға бекінді.
— Сөйлей ғой! – деп, қария тағы демеп қойды.
— Менің азан шақырып қойған атым – Қобыланды ғой. Туғаннан дəу, қопал болған екенмін. Əкеден жалғыз болған соң, көз тимесін деді ме, анам марқұм пошымыма ыңғайлап, құжатыма «Дəуқара» деп жаздыра салыпты. Құдай да шебер, атыма затымды сай қылып, дəп-дəу, қап-қара қыла қойыпты - дегеніне иық тіресіп отырған түгел жұрт жарыса күлісті.
Қысқасы, «Дəуқара» атанған Қобыландының ашылып сөйлегенін алғашқы рет көрген Лашын мен Бектас, көкелерін бұрынғыдан да қатты жақсы көріп кетті. Сəнімкүл, қашан да сызылып тұратын əдетінен жаңылмады. Əдептен аспай, екі баланы бұйырған Құдайына шүкірлік айтып, бір жылап алды. “Ой тоба! Құдайдан мейірімді жоқ екен-ау! Əкемізге де, анамызға да бала керек болмады. Əкеміз «балам» деп еміренбеді. Анамыздың өлі-тірі екенінен бейхабармыз. Бала болып ыстық тамақ ішіп, жылы төсекте жатпадық. Жауапкершілігін сезінбеген ата-анадан туып, бейкүнə сəби күнімізден азап тарттық. Анам мені екі жасымда тастап, артына бұрылмай кете барғанда, бес жастағы əпкеме аманат болып қала беріппін. Əкеміздің ішкіштігі жылдан-жылға асқынып, естиярсыз қалғанымызда кім сақтады бізді? Екі сəби, екі жетімек қалай өстік? Мүмкін, періштелер сақтаған шығар... Мүмкін, Жаратушының өзі сақтады! Иə! Дəл солай!
Сəнімкүл апатайымыз бен Қобыланды көкені Жаратушы жұмсап, періштелер жетелеп келді! Екі жақсының жақсылығын қалай қайтара аламыз? «Екі жақсы» болсақ, қайтарғанымыз емес пе! Жақсы адам болуға міндеттімін! Өңгеге хақым жоқ! Бала, ата-анасына еліктейді емес пе?! Біздің еліктейтін əке-шешеміз жоқ. Бірақ, көкеміз бен апатайымыз бар. Мысалы, Лашын əпкем Сəнімкүл апатайым сияқты дәрігер болды. Ал, мен... Мен, Қобыланды көкедей əскери қызметкер боламын! Отаным үшін қызмет етемін! Өз үйімнің орнына жаңа үй саламын! Балаларымды қамқорлықпен өсіремін! Əпкеме «мынау» деген төркін болам! Сəнімкүл апатайым мен Қобыланды көкені қартайған шағында əлпештеп бағамын!...
Бектас, көп армандады. Алдына үлкен-үлкен мақсаттар қойды! Жетуге серт етті! Жігіттік сөз берді! Ескі мұңды ұмытып, есті күнді бастауға құлықты болды.
Жұрт, мəз-мейрам. Самбырлай күлісіп, дұманды кешті қыздыра түсіп отыр. Ешбірі де Бектастың толқып отырғанын байқамады. Іштей өзімен-өзі сөйлесіп, өзімен-өзі серттесіп отырғанын сезбеді. Рұқсатсыз жанарына үйіріліп алған көз жасын сілкіп тастап, жүзін көптен жасырып, теріс бұрыла бергенінен де бейхабар, мынау ел.
Таң əлеукімімен оянатын Қобыланды, Бектастың шығып бара жатқанын көріп:
— Таң атпай қайда барасың? – деді, таңырқап.
— Көке, қайырлы таң! Үйіме барып келейін. Ертең жол жүремін ғой, – деді жүре сөйлеп, жігітің.
Екі ауызды жатақ үйдің тозығы жетіп, тізесінен жерге сіңіп кетіпті. Əлгі бір өртте шатыры жанып кеткен үйінің пошымы қалпақсыз, имек қара шалға ұқсайды. Сыртқы көрінісі тым аянышты. Кезінде өзі жинап алып, бұтап қойған отыны күнге кеуіп, қаңсып жатыр. Елдің бəрі табиғи газбен үй жылытатын болған соң да ешкім де тимепті. Қиқая шалқайып, аражігінен ажырап кете жаздап, бірін-бірі зорға ұстап тұрған шарбақ əбден кеуіп кетіпті. Байлауын шешкенде-ақ кері кетіп, бір жағы ары қарай, бір жағы бері қарай талтайып жата салды. Шалқая құлаған шарбақтан аттап, «əке шаңырағы» аталатын əлеміне қадам басқан Бектастың жүрегі ыршып, кеудесінде секіріп, жандүниесін мазалай берді. Əпкесі екеуіне аяз бен аптаптан қалқан болған осы бір жаман тамда екеулеп кешкен күндері көз алдында көлбеңдеп, көз жасының бұлағын қайнатты...
Есігі жанып кеткен үйі жалмауыз кемпірдің тіссіз аузындай үңірейеді. Жігіттің аяғы босағаға тигенде-ақ, моладай меңірейген үйдің ішіне бір алапат қуат шашырап жатты. Сəнімкүл апатайы əктеп берген баспанасы алты қанат ақ отаудай көрініп еді-ау, кезінде. От тиіп, күйік шалған қабырғалары соқпа там болған соң түгел жанып кетпей, жан сақтап қалыпты.
Бектас, балтасын шаншып қоятын томардың үстінде ұзақ отырды. Ыстық жасы бұрқырап, ернеуінен асып төгіліп, жүзінен құлдилай алқымына тамып жатыр. Балалық шағымен қоштасып отырған жігітпен үнсіз тілдескендей, айнала түгел тұнжырайды. Сүлдері состиған үй де, айқыш-ұйқыш құшақтасып жатқан ағаштар да, адам аяғы баспаған соң қаулап, есіктің алдын басып алған арам шөп те қымбат сияқты, Бектасқа. «Қош болыңдар!» – деді жігіт соңғы рет соңына бұрылып, дауысы дірілдеп...
Сәнімкүлдің сыры
Бектас түс көрді. Ғажап түс. Жап-жасыл майса, шексіз əлем. Аппақ киік жайылып жүр. Мынау, ақсақ киік емес пе?! – деп ойлады. Иə! Дəл сол киіктің өзі! Міне ғажап! Ақсақ киігі ақсақ емес. Төрт аяғын тең басып, еркін жайылады. Өзгермеген – отты жанары. Мүйізіне күн ілгендей, жарқ-жұрқ етеді. Бектас, жақындап келіп сипамақ болды да, ол ойынан тез айныды. Бұрындары жуыса болды, тұяғынан ұшқын шашырап, қол тигізбей шауып кете баратын. Тағы да қашып кетер деп үнсіз барлаған балаға əлден соң өзі жақындап келетіндей, аппақ киік. Шынымен, қасына келіп тоқтады. Екі шетіне салбырай түскен ерінін баланың созған қолына тигізіп, алақанын иіскеді. Еркелеп тұр.
Пах, шіркін! Қандай керім еді, жануар!
Бектас, ақсақ киікке, жоқ аппақ киікке ілесіп, жасыл шалғынды кешіп, көп жүрді. Ара-тұра киігінің бауырына сүйене жантайып, демалады. Сауыры мап-мамық, жып-жылы денесін аялай сипайды. Ақ киік Бектасты шығарып салып, көз алмай қоштасып тұр. Құдды, сəт-сапар тілеп, бақытқа қарай ирелеңдеген жолға салып жібергендей, үздіге қарап, қалт етпей тұр.
Оянып кеткен Бектас, жеп-жеңіл қауырсындай ұшып келіп жастығына қонғандай ғажайып күй кешті. Ақсақ киік - өз жаны сияқты. Кеудесінен мекен тапқандай. Тыныштық тапқан жүрегі іспетті. Бүлкілдей соққан жұдырықтай жұмыр етінің өзі сықылды... Өз түсін өзі жорыды. Ешкімге, ешқашан түсіндіре алмаған «ақ киік» өз кеудесінен шығып, өз кеудесіне қонған шыбын жаны екен! Енді, ақсамайды. Ақсаңдамайды...
Сəнімкүл, екі баланы қамқорлығына алып, құжат рəсімдеген күннен бастап, өкімет ақша бөлген екен. Ай сайын түсіп тұратын ақшаның бір тиынынына да залал қылмай, мол қаражат жинап қойыпты. Лашын оқуға түскенде де өз қалтасынан беріп жүрген ақшасын бұлдамады. Арнайы жіберіп тұратын азық-түлігін де міндетсінбеді. Екеуін қатар отырғызып, жиналған қорды қолдарына ұстатты.
— Ақылды болыңдар! Бастарыңа лашық болса да баспана жасаңдар! – деп, қатаң ескертті.
— Ұқтық! – деді балалар бас изеп.
— Кеше, көкелерің жұрттың көзінше менен кешірім сұрағанын естідіңдер ғой. Себебін білгілерің келетін шығар? – деді, екеуіне.
— Иə! Айтарсыз?! – деді қызға тəн қызыққыш мінезбен, Лашын.
— Мен егіз құрсақ көтердім. Денсаулығыма байланысты, сақтандыру бөлімінде көп жаттым. Дəрігерлер жүруге болмайтынын ескертті. Құлақ аспадық. Қобыланды қызмет бабымен солтүстікке ауысты. Бас тартуын өтінген едім, көкелерің келіскен шаруаны қайта қаужауды жөн санамады. Суық аймақты бетке алып, тартып кеттік. Жолсоқты болып, бас-аяғы 3-4 күннің ішінде түсік тастап қойдым.
Айырылып қалған ұл мен қызды қимай, көп жыладым. Содан соң бізге бала бермеді, Жаратушым. Есесіне, екеуіңді берді. Сол балалар тірі болғанда, екеуің қатарлы болар еді...
Сəнімкүл, көз жасын игере алмады. Жарының жан жарасы жазылмағанына өзін кінəлі сезінген Қобыланды, бұлар отырған бөлмеге аттап басарға күш таппай, ауызғы бөлмеден ауыр күрсінді.
— Апатай! Апатайым! Жыламаңызшы! Біз, сіздің балаларыңызбыз! Сіз, біздің анамызсыз! – деп Сəнімкүлдің алдына тізерлей, құшағына құлады, Лашын.
Нəзік жанды екі əйел заты солқылдай, ұзақ жылады. Бектас, өрекпіген жүрегін ырқына көндіріп, өксігін өкпесіне қуып тығып, тістеніп отыр. «Жылауға болмайтын» бір еркек сыртта, бір еркек іште булығып, «жылауға болатын» екі əйелдің шері тарқады.
Ала таңмен жолға шыққан балаларды шығарып салған Қобыланды мен Сəнімкүл қатты толқыды. Лашынның маңдайынан сүйіп, Бектастың арқасынан қаққан Қобыланды «көкелеген» екі баланың жолында құрбан болуға бар. Алғаш дəу жəне қара ағайға «Дəуқара» деп ат қоя салған қыз, онсыз да жұрттың солай атайтынын білмеген. Қоңқақ мұрын, суық жүзді, салыңқы қабақ кісіден тіксініп «мейірімсіз қопалға» санаған. Өрттен сақтап қалған сол адам бұларды бауырына басып, əкедей жұбатып еді. Аудандық бəйгеден ұтып алған планшеті өртте қалған Бектасқа көп ұзамай су жаңасын алып берген. Дəу де емес, қара да емес, жалғандағы ең мейірімді жанға айналып кеткенде «көкеге» ұласқан, əлгіндегі қораш аты.
Сəнімкүл, ақша жүзі албырап, құшырлана иіскеп, екеуін көпке дейін еркіне жібермеді. Бөтенсіну дегенді алғашқы күннен білмеген ғажап əйел, періште сынды. Екі жетімекті желеп-жебеу үшін жер бетіне арнайы жіберілген періште!
Əке мен ана қамқорлығынан қағылған балалар əдемі бойжеткен, қайсар бозбалаға айналғалы адамзат атаулының алдындағы парызын сезінді. Махаббатты көрді.
Түнеугүні Сəнімкүл апатайлары кеуде сандығын ақтарып, сырын жайып салғалы, парыздар да, қарыздар да екендерін түйсінді қос мұңлық, мейірбан жандардың алдында...
Болашақ кемесіндегі бекзада
Ирелеңдей шұбатылған қара жолдың бойымен зулап келетін көлік, болашаққа беталған кеме секілді. Ата-бабасының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпаққа мұра, мирас еткен кең даласы – аспанның жиегімен астасқан теңіз іспетті. Осынау ұшан-теңіз даланы жарып, «болашақ кемесінің» ішінде келе жатқан Бектас – кеме капитаны. Ол енді, өз өмірінің қожайыны. Үлкен өмірдің басты кейіпкері.
Кең байтақ даланың ақ төсінде желмен жарысып келетін анау ақсақ киік, ақсақ емес-ау, ақ киік əдетінше Бектастан өңгенің көзіне көрінбейді... Тұяғынан ұшқын – от ұшып, мүйізіне күннің қылыш нұрын іліп, зəу аспанның етегін түре, қара жердің төсін дүбірлете шауып келеді. Еріп келеді...
Ақсақ аяғы жазылғалы желден жүйрік болған киелісі, жанаса жүйткіп, Бектасқа жанарын қадай, шауып отырды да, жылдамдығын басып келе жатқан көліктен озып, ұзай берді. Ұзаған сайын ағараңдап, құзар биікке беттеп, аппақ бұлттарды тұяғымен серпи, шымқай көкті қақ айырып, нұрлы əлемге сіңіп, жоқ болды. Ғаламшардың ғаламат күмбезі көк теңіздің иіріміндей иіріліп барып, бекзат болмысты Бектастың қарашығына сіңіп кетті...
Пысылдап, ұйықтап отырған əпкесінің басын иығына қойып, жалғыз бауырының жұпар аңқыған шашынан иіскеп, төс қалтасын сыйпап қойып келе жатқан бекзаданың алдынан жарқын болашақ құшақ жайып, қарсы алып тұр! Болашағына ауыр естелік, тəтті күндердің елесі мен ғажайып сезімін ертіп барады, жігіт. Оның жүрегінің тұсында, төс қалтасында «махаббат» бар! Сүйіктісінің ыстық демі сіңген, сүйрік саусақтары құшақтаған сыйқырлы қарындашы бедерлеген махаббат!
***
«Жас өспей ме, көкірегіңді теспей ме!?» – дейді, дана қазақ. Ата-ананың қателігін балалары көтеретін заңдылық бар. Махаббат – мейірім! Құрсақта жатқанда-ақ, ананың жүрегігінің бүлкілінен даритын, аса ғажап сезім! Осы мейірімнен қағылу-махаббаттан мақұрым қалу!
Бұл – тақсырет!
Ұрпақтың тақсыреті!
Жаратушы, зұлымдық жаратпаған. Зұлымдық – жаңағы махаббаттан құр қалғандардың бойынан бөлінген қара энергия. Тілінен тамған ащы заһар. Жанымыз бен тəнімізді зұлымдықтан сақтайық! Тіршілікті жүрекпен сүйсек, сүйген жүрек өзіңе де, өзгеге де махаббат сыйлайды!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.