Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жақау Дәуренбековтің туғанына 80 жыл толуына орай «Сарабдал сөз иесі – Жақау Дәуренбеков» атты тағылымды еске алу кеші өтті.
Тағылымды жиынға қаламгердің замандастары мен әріптестері, белгілі ақын-жазушылар, журналистер, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері және студент жастар қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы сөз сөйлеп, Жақау Дәуренбековтің қазақ журналистикасы мен әдебиетіне сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.
«Жақау ағамыздың 75 жылдық мерейтойын құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны көрнекті журналист деп бағалаған еді. Алайда ол кісі журналист қана емес, көрнекті жазушы, қайраткер, баспагер болды. Оның ішкі мәдениеті мен зиялылығы болмыс-бітімінен айқын аңғарылатын. Қазақ руханиятына сіңірген елеулі еңбегінің арқасында Жақау ағамыздың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымы мол тұлғаларды ұрпаққа үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз», – деді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы атынан қаламгердің жары Шұға анамызға ерекше құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрге сай камзол кигізді. Тағылымды жиынның басты мақсаты – қазақ руханияты мен отандық журналистиканың дамуына зор үлес қосқан қаламгердің бай шығармашылық мұрасын дәріптеу, оның азаматтық болмысы мен өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды.
Еске алу кеші барысында Жақау Дәуренбековтің әдеби-публицистикалық еңбектері, қоғамдық ой қалыптастырудағы рөлі, сөз мәдениетін дамытудағы орны кеңінен сөз етіліп, замандастары мен әріптестері жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрермен назарына ұсынылды. Тағылымды еске алу кеші оның жарқын бейнесіне көрсетілген зор құрмет пен рухани сабақтастықтың айқын үлгісі болды.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
