Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Сатираны азаматтық үнмен ұштастырған қаламгерге та...

Сатираны азаматтық үнмен ұштастырған қаламгерге тағзым

04.10.2025

604

Сатираны азаматтық үнмен ұштастырған қаламгерге тағзым - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті мен баспасөзінің көрнекті өкілі, жазушы‑сатирик Еркін Жаппасұлы 2025 жылғы 3 қазанда дүниеден өтті. Ол – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Марқұмның отбасына, туған‑туыстарына және әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз.

Еркін Жаппасұлы 1954 жылдың 6 маусымында Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Ақсуат ауданының Екпін ауылында туған. Мектепті тәмамдаған соң (1971) аудандық Пионерлер үйінің директоры болып қызмет етті, әскерден кейін музыка мектебінде ұстаздық етті. 1982 жылы ҚазМУ‑дің журналистика факультетін бітірді.

Қаламгерлік жолы «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінен басталып, республикалық «Қазақ кітап» бірлестігінің насихат редакциясында және «Қазақ әдебиеті» газетінде жалғасты. Алғашқы сықақтары 1967 жылдан «Семей таңы», «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» басылымдарында, сондай‑ақ «Ара‑Шмель», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жарияланды.

Оқырманға «Кімге күлкі, кімге түрпі?», «Ой, қытығым келеді…», «Қымсынбашы, қылықтым», «Мыңқетпес мыңқ етер емес» секілді кітаптарымен кең танылды. «Қымсынбашы, қылықтым» жинағы үшін 2003 жылы Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді, шығармалары орыс және қытай тілдеріне аударылды. 

Телевизиялық әзіл‑сықақ бағдарламаларына белсене атсалысып, «Қазақстан», «Хабар» арналарына және әйгілі «Тамаша» ойын‑сауық отауына тұрақты автор болды. Бұл бағыттағы ізденістері қазақ сатирасының экрандық мәдениетіне соны леп әкелді.

Бұлардан тыс, Еркін Жаппасұлы әдеби мұрағат пен баспасөз шежіресін жүйелеуге де үлес қосты: «Жазушылар әлемі» атты фотоальбомды (Берік Садырмен бірге) құрастырды, «Әдеби өмір шежіресі» еңбегінің құрастырушыларының бірі болды.

Жазушының қаламы сатираға шындықтың ащы дәмін дарытып, күлкіге әлеуметтік салмақ жүктей білді. Жарық бейнесі мен сөзі оқырман жүрегінде сақталады. Иманы саламат, жаны жәннатта болғай.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan