Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі, елшілік жанындағы Иран Мәдени өкілдігінің жетекшісі Әли Кебриайзаде мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Шығыстың әйгілі жеті шайырының бірі Фирдоуси жырлаған әлем әдебиетінің үздік туындысы саналатын «Шахнама» дастаны сол өзі жазылған дәуірдің көркем шежіресі іспетті. Парсы тілінде IV ғасырда жазылып, бүгінге дейін зерттеліп, зерделеніп келе жатуының сыры неде?
- Атақты иран ақыны Әбілқасым Фирдоусидің теңдессіз және әлемдік туындысы «Шахнаманы» ұлттық дәстүрлердің шын сақтаушысы әрі ирандықтардың жеке куәлігі деп білу керек. Мүмкін, бұл үлкен туынды болмаған болса, Иран мәдениетінің көптеген жағымды элементтері тарихи оқиғалардың қойнауында жойылып кетер ме еді. Әбілқасым Фирдоусидің ұлы туындысы «Шахнама» шамамен 60 000 бәйіттен тұрады және әлемдегі ең үлкен әйгілі эпикалық өлеңдер жинағы болып есептеледі. Бұл туындыны жазып шығу және түзету - осы ұлы иран шешенінің отыз жылдық еңбегі мен қажырлы күш-жігерінің нәтижесі.
Иран күнтізбесінде 14 мамыр - Фирдоусиді еске алу күні деп аталады, сондықтан біз сіздерді Қазақстан халқына танылған және де қазақ тіліне аударылған Фирдоусидің «Шаһнама» дастанымен жақынырақ таныстырамыз.
Кейбір халық риуаяттарында Шахнама бәйіттерінің саны «қырық мың» деп айтылады, ал Шахнаманың мәтініндегі дәлелдерге және басқа да дереккөздерге сүйенсек, Шахнамада 60 000 бәйіт бар.
Шахнама құдайдың атымен және «жан мен ақылды жаратушы құдай» деп басталады. Ақынның құдайдың шексіз сипаттары мен оның жанды жаратуы мен ақылды бергеніне сүйенуі, бұл өмірдің бәрінен де маңызды екенін және өмір даналықпен қатар жүруі керек екенін көрсетеді. Шахнама дастанындағы негізгі тақырып өмірге деген махаббат, адамдардың жайлылығы мен бақыты, басқаларды қорлаудан аулақ болу, соғыс пен адам өлтіруге, қантөгіс пен жоюға деген жек көрініш болып табылады. Адамдардың өмірі мен олардың ойы, мінез-құлқы ақылға негізделуі керек, ал оған бағынбау бақытсыздыққа әкеледі.
Шахнама - ежелгі Иран батырларының дастаны және оқырманды ежелгі Иранның ғасырлар мен мыңжылдықтарына қайта апарады. Фирдоуси өзінің үздік туындысы «Шахнаманы» парсы тілінде жазды. Шахнама - бұл төртінші ғасырдың жәдігері, Иранның зияткерлік және мәдени даму ғасыры, рационализм мен еркін ой ғасыры, Закария әл-Рази мен Ибн Сина, Бируни өмір сүрген ғасыр. Зиялы қауымның бойында ойлау мен пайымдау басым болған кезең. Шахнама мәдениеті Саманилер дәуірінің айнасындағы Сасанидтер мәдениетінің көрінісі болып табылады.
Шахнама поэмасы және оның Ирандағы танымалдығы үлкен эпикалық өлеңдердің туындауында үлкен өзгеріс тудырды. Шахнама ұлттық намысты қайта жандандырудағы ирандықтардың ұлттық көтерілісінің нәтижесі болғандықтан, эпикалық дастандарды жазудың жаңа әдістері туындады. Фирдоуси ұмытылған Иранның батырлары мен ұлы адамдарының көмегімен кенеттен пайда болып, керемет беделге ие болған қозғалыстың жетекшісіне айналды. Алайда Фирдоуси барлық Иран батырларын қайта жандандырмады, себебі барлық ұлттық дастандардың көлемі, Шахнаманы поэмасын жазуға кеткен уақыттын да көп уақытты қажет етті және ол бір адам атқара алатын жұмыс емес еді.
Шахнаманың маңыздылығы оның әдеби және поэтикалық аспектілерімен ғана шектелмейді, ол поэтикалық дастандар жинағы ретінде құрылудан бұрын, барлық тарихи кезеңдерде ізгілік пен жақсылықты мадақтаған, зұлымдық пен қараңғылыққа қарсы күрескен ежелгі халықтың арман-тілектерінде ауыздан ауызға беріліп, біртіндеп терең тамыр жайған шежіре болған.
Фирдоуси ежелгі заманнан қалған дереккөздерге сүйене отырып, қамалдай берік туындыны дүниеге әкеледі Оның айтуынша, жел мен жаңбыр оны зақымдауға қабілетсіз, ал жылдардың өтуі оған ешқандай әсер ете алмайды.
- Шайыр әлем әдебиетіне ықпал еткен Шахнаманы жазуда нені мұрат етті? Шынында ана тілді сақтап қалудың жарқын үлгісін көрсеткендей ойға қалдырады. Ұлттың бар болмысы туған тілінде жатады ғой?
- Фирдоуси өзінің қаламымен адамдарға қандай болғандарын және қазір қандай жағдайға жеткенін еске салғысы келді. Ол өзінің қаламы және әсем табиғи болмысымен, парсы тілін адамдарға қайтара алды, бірақ өзінің кейбір өлеңдері үшін сол заман халифасының ашуына тиді. Фирдоуси ирандықтарға өздерінің шынайы тұлғаларын еске түсіруге тырысты. Ұлы ақын Шахнамамен бірге Иран жеріне парсы тілін де қайтара алды.
«Шахнама» - Саманилер мен Ғазнауилер дәуірінен қалған ең үлкен және ең ауқымды өлеңдер жинағы ғана емес, сонымен қатар парсы тілінің ұлылығы мен ежелгі Иран мәдениеті мен өркениетінің гүлденуі мен өркендеуінің ең маңызды құжаты, парсы әдебиетінің қазынасы және сөздер қоры болып табылады. Фирдоуси жұмсақ табиғи мінезге ие болған, оның сөзі мазақтаудан, сатирадан, өтіріктен, жағымпаздықтан алыс еді және ол мүмкіндігінше әдепсіз сөздерді қолданбауға тырысқан.
Фирдоусидің Шахнама дастаны - бүкіл әлемнің қызығушылығын өзіне аударған парсы тілінде жазылған ең үлкен кітап. Шахнаме парсы мәдениетінің бағдарлануына, сондай-ақ әлемдік әдебиеттегі керемет ойларға үлкен әсер етті және Гете мен Виктор Гюго секілді ұлы ақындар оны жоғары бағалаған. Фирдоуси және Шахнама туралы айтқан алғашқы еуропалық адам ағылшын сэр Уиллиям Джонс болған. Ол 1774 жылы «Азия әдебиетінің сипаттамасы» атты кітабында Шахнаманың бөліктерін аударған, алайда ол Фирдоусидің өмірімен жақсы таныс болмағандықтан, 1838 жылдан 1878 жылға дейін Шахнаманың француз тіліндегі ең маңызды аудармасы Жюль Моль тарапынан жасалынды.
- Шығарманың жазылу тарихына үңілсек?
- Фирдоуси парсы тілі дағдарысқа ұшыраған кезде Шахнаманы поэма түріне келтірді. Ол Шахнаманы жазу арқылы оның дағдарысқа ұшырауының және тәуелді болуының алдын алды. Деректерде Фирдоуси Әбу Мансурдың Шахнамасы негізінде Шахнама поэмасын отыз жасынан жазып бастады деп айтылады, алайда Фирдоусидің өмір баянын зерттегеннен кейін ақынның жас кезінде де өлең жазғанын түсінуге болады.
Мифологиялық ертегілердің тілі символизм мен құпияға толы және мифтердің жұмбақ мағыналарына қарамай, Фирдоуси олардың әсемдігі мен құндылығын қарапайым ертегілер деңгейіне келтіріп баяндайды. Иранның ұлттық эпосының негізі - жақсылық пен жамандық, жарық пен қараңғылық арасындағы мәңгілік күрес. Дүниенің жаман, өтірік, сиқыр, алдау, келісімді бұзу, зорлық пен зомбылық, өлім секілді жағымсыз жақтары табиғи апат және адамдар арасындағы дұшпандық арқылы өзін көрсетеді. Иран батырларының бойына адалдық, жанашырлық, достық, өркендеу және бақыт секілді Ахурамазданың қасиеттері дарыған.
Шахнама - жақсылық пен жамандықтың күресі туралы дастан және бұл тұрақты күрестің батырлары, жауынгерлері қашанда дүниеде болады. Кауа мен Зүһак залымның соғысы, Мәнушахрдың Сәлім мен Тұрдан кек қайтаруы, Сияуыштың Судабаның қастандық әрекетінен қайтыс болуы және т.б.осылардың барлығы - бұл шайқас пен күрестің баяны.
Фирдоусидің ой-пікірі мен Шахнамадағы ой қашанда жақсылықтарды зұлымдықтан және жойылудан қорғау болып табылады. Иран - еркін адамдардың жері, Иранның әсемдігі мен даңқы оны әр түрлі апаттарға ұшыратады, сол себептен оның батырлары бар күш-жігерімен осы елдің барын және халқының терең адами құндылықтарын қорғау үшін жандарын құрбан етеді.
Шахнаманың кейбір кейіпкерлері - бүкіл өмірін өз халқына қызмет етуге арнаған керемет адамгершіліктің үлгілері. Феридун, Сияуыш, Кей-Қысырау, Рүстем, Гоудәрз, Тус осы топқа жатады.
Зүһак, Сәлім және Тұр сияқты басқа кейіпкерлердің ішкі дүниесі зұлымдық пен жамандыққа, жемқорлыққа толы. Олар зұлымдықтың қызметкерлері және әлемнің істерін жойып, бүлдіргісі келеді.
Шахнаманың кейіпкерлері әрдайым өліммен бетпе-бет күреседі, өлімнен қорыққаны немесе тыныштықта өмір сүргісі келгені үшін емес, үлкен қауіп-қатерлерге қарамастан, олар өлімге қарсы соғысқа аттанады және шын мәнінде өмірді өлім ауызынан шығарып алады.
Шахнамадағы әңгімелердің көпшілігі оқырманға әлемнің сенімді емес екенін еске түсіреді және оның санасын оятуға және заманнан сабақ алуға шақырады, бірақ сонымен бірге махаббат туралы сөзге кезек жеткен кезде, Фирдоуси тақырыпты қарапайымдылықпен, керемет әсемдікпен баяндайды.
- Шахнама дастанында келтірілген дерек көздері несімен құнды?
- Фирдоуси өзінің әңгімесінің кейбір бөліктерін қартайған және жасы жеткен кісінің атынан баяндайды, ол Әбу Мансур Мемаридің сенімді адамдардың бірі болған, сол себептен оған Әбу Мансуридің Шахнамасын жазу жұмысы тапсырылады. Ол адамның есімі Пир Мох Һерәви болған және Фирдоуси оны «Хорасанның үлкен қариясы» деп атаған.
Парсы прозасының алғашқы және жеке түрде шығарылған кітабы «Шахнама» прозасы болды. Бұл кітап «Әбу Мансуридің Шахнамасы» деп аталады, өйткені ол Әбу Мансур Тусидің бұйрығымен және қолдауымен құрастырылған. Кітаптың түпнұсқасы жойылып кеткен және оның шамамен он бес беттей кіріспесі Шахнаманың кейбір қолжазбаларында сақталған.
Төртінші ғасырда Дәқиқи Иранның ұлттық дастандарын поэзия түрінде жазуды бастайды. Дәқиқи зароастра дінін ұстанған және жас кезінен бастап ақындыққа бет бұрған. Ол Чоғани мен Саманилердің кейбір падшаларын мадақтайтын өлеңдер жазып, есесіне бағалы сыйлықтар алды. Дәқиқи Нұх ибн Мансур Саманидің бұйрығымен Әбу Мансуридің проза түрінде жазылған Шахнамасын өлең түрінде жазуға тапсырыс алады. Алайда ол Шахнаманың тек мың бәйітін ғана жазып үлгерді, себебі жас кезінде кісі қолынан қаза тапты (қамари күнтүзбесі бойынша шамамен 369 немесе 367 жылдар). Сол себептен Шахнама дастандарының көп бөлігі жазылмай қалды. Фирдоуси ұстазы әрі жерлесі Дәқиқидің аяқталмай қалған жұмысын қолына алады. Сондықтан Дәқиқинің Шахнамасын Фирдоусидің Шахнаманы жазуына негіз болған дерек көз деп айтуға болады. Ахеменилер кезеңінде «Шахнама» әңгімелерінің тақырыптары арнайы бірлестіктерде де айтылған. Сасанилер заманынан қалған бір мөрде Қиамырс жүнді дене және аяқтары бар, беті адам мен жануар арасындағы бетпен бейнеленген және оның қасында жануарлар суреттелген.
- Шахнаманың мазмұнында тұтас ұлттың тарихы қамтылғандай...
- Шахнаманың мазмұны өзінің ерекше белгілерімен ұлттық болмыстың осы күнге дейін жалғасуына себеп болды.
Саяси тұтастығы: Шахнаманың бүкіл дастандарында Иран билеушісіз қалған кезең жоқ, тіпті Ескендір сияқты шетелдік билеушілер де тарихтан алынып тасталмады, оған ирандық болмыс берілді.
Географиялық тұтастығы: Шахнаманың басынан бастап Ферейдун заманына дейін Иран билеушілері бүкіл әлемді басқарды және Ирадждан бастап Шахнаманың соңына дейінгі оқиғалардың орталығы болып табылатын Ираншахрға дейін, әр түрлі кезеңдерде Ираншахрдың шекаралары өзгереді.
Риуаяттардың тұтастығы: оның басқа парсы және араб деректерінен айырмашылығы, Шахнамада Иран тарихы туралы дәйекті риуаяттар бар, яғни оқырман ешқашан бір оқиғаға байланысты түрлі әңгімелерді кездестірмейді.
- Тұтас шығарманы негізгі неше кезеңге бөліп қарастыруға болады?
- Бұл мәңгілік туындының тақырыбы – ирандықтар өркениетінің басынан бастап, Сасанилер билігінің арабтар тарапынан жойылуына дейінгі ежелгі Иранның тарихы. Ол жалпы үш кезеңге бөлінеді: мифтік, батырлық және тарихи.
Мифтік кезең
Бұл кезең Қиамырс кезеңінен бастап Ферейдун пайда болғанға дейін жалғасады. Бұл кезеңде Қиамырс, Һушәнг, Таһмұрыс және Жәмшид туралы айтылады. Осы кезеңде ирандықтардың өркениеті дамиды. Отты пайдалану, темірдің тастан бөлінуі, тоқу, егіншілік және тағы басқа істер осы кезеңде меңгеріледі. Бұл дәуірде соғыстар көбінесе ішкі соғыс болып табылады, сондықтан диюлармен күресу және оларды жеңу бұл дәуірдің ең үлкен мәселесі болды. Осы кезеңнің соңында пәктіктің дұшпаны және жамандықтың символы Зүһак билікке отырады, соңында мың жыл өткен соң Феридун Кауа теміршінің көмегімен және адамдардың оны қолдауымен Зүһакты биліктен құлатады және одан кейін жаңа кезең басталады.
Батырлық кезең
Батырлық немесе эпикалық кезең Феридун патшалығынан басталады. Ираж, Мәнушаһыр, Нузар, Гаршасб кезекпен таққа отырады. Иран мен Тұран арасында соғыстар басталады. Кей -Қабат, Кей- Қауыс, Кей- Қысырау сияқты Кейяни әулетінің патшалары, содан кейін Лаһырасып пен Кәштасып билікке келеді. Бұл дәуірде Зал, Рүстем, Гоудәрз, Тус, Бижан, Сохраб сияқты кейіпкерлер пайда болады.
Кей-Қауыстың ұлы Сияуыш Апрасияптың қолынан қайтыс болады және Рүстем оның кегін қайтару үшін Тұран жеріне аттанады және Сияуыштың қанының кегін Апрасияптан алады. Кәштасып патшалығы кезінде ирандықтардың пайғамбары Зардұшт пайда болады және Аспандияр Рүстемнің қолынан қаза табады. Аспандияр қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, Рүстем де өзінің бауыры Шапаттың қолынан қайтыс болады, ал Систанды Аспандиярдың баласы Баһман жермен-жексен етіп, Рүстемнің өлімімен батырлық кезең аяқталады.
Тарихи кезең
Бұл дәуір Баһманның пайда болуынан басталады және Баһманнан кейін Һұмай және одан кейін Дараб, Дарабтың ұлы Дара таққа отырады. Бұл заманда Ескендір Зұлқарнайын Иранға шабуыл жасайды және Дараны (үшінші Дарвиш) өлтіреді және оның орнына таққа отырады.
Ескендірден кейін Парфян патшалығы бірнеше бәйітте баяндалады, одан кейін Сасанилер таққа келеді, сол кезде арабтар шабылуы басталады және Шахнама аяқталады.
- Шығармадағы ұлттық рух жайына келсек?
- Шахнаме - бұл тұрақтылықтың тарихы және Иранның ұлттық рухының көрінісі, ирандықтардың мәңгілік мұраттарының баяндаушысы. Дәл осы жерден ол ирандықтардың сана-сезімінде өз орнын тапты және ол мың жылдан кейін де ескермеді.
Фирдоуси дәуірінде Иран бір жағынан қуғын-сүргінге ұшырады және тоналды. Бұл дәуірде «Шахнама» Иран халқына осы қауіп-қатерлерге төтеп беретін тұрақтылық рухын шабыттандыратын хабаршы болды. Бұл хабар бүкіл Шахнаманың басынан бастап аяғына дейін құлаққа жетеді. Кей-Қауыс Хамаваранда тұтқынға түскен кезде, Апрасияп әскерлерін Иранға жібереді, бір жағынан арабтар Иранға қарай аттанады: «Түркілер мен арабтар жерінен, әр жақтан көптеген әскерлер келіп, Иранның жер-жеріне тарап кетті, әйелдер мен еркектер, балалар тұтқынға айналды».
Бақытсыздыққа ұшыраған ирандықтар Зубилистанға бет бұрып, Рүстемге хат жолдады: «Өкінішке орай Иран жойылды, дұшпандар мен залымдардың мекеніне айналды. Жүректі қайғы-қасіреттен азат ету үшін, қазір қиындықтан шығудың бір амалын табу керек».
Ираннан басқа елдер үшін Иранның беріктігінің күші болған Рүстем басқыншыларды жойып, ирандықтарды құтқарды. Одан кейін өмірінің соңына дейін Иранның қорғаушысы болды. Тіпті оның баласы Сохраб тұрандықтарға қосылған болса да (алайда оның мақсаты қанішер Апрасияп пен Қауыс надандың көзін жою болған) бірақ әкесінің қолынан (танымағандықтан) қайтыс болды.
Нәсілшілдікті жою
Шахнамадағы отансүйгіштік нәсілшілдіктен, кез-келген шетелдікке деген жағымсыз пікірлер мен жеккөрушіліктерден алыс. Фирдоусидің патриотизмі - бұл даналықпен, адами эмоциялармен ұштасқан және нәсілшілдіктен ада парасатты сезім. Шахнамадағы Иранға деген махаббат Иран халқының мәдениеті мен Иранның бейбітшілігі мен гүлденуіне, Иран халқының бостандығы мен жайлылығына, олардың әділеттілікке деген сүйіспеншілігін білдіреді. Басқыншыларға деген жеккөрушілік олардың ата-бабалары үшін емес, шетелдіктердің жерді әділетсіз және еріксіз басып кіруіне байланысты. Олар бөтен халықтың мәдениетімен таныс болмағандықтан және халықтың сүйіспеншілігі мен қолдауынан айырылғандықтан, қантөгістер, зұлымдық және қиратумен әмір етуге мәжбүр. Басқыншыларға деген өшпенділік зұлымдыққа деген өшпенділік дегенді білдіреді. Зүһак пен Апрасияпқа деген өшпенділік - олардың зұлымдығына деген өшпенділік. Ирандықтардың кек алуын мадақтауы, іс жүзінде әділеттіліктің орындалуын мадақтау болып табылады;
«Қайғы мен қуаныштың мәңгі қалмайтынын дауыстап айтты. Қарашы, Зүһак залым патша тағына қандай қасырет әкелмеді. Апрасияпта жаман пиғылды адам болған және одан басқа патшалар да ренжіген. Осы кезде Ескендір келіп жамандықтың көзін жойды. Залымдар кетеді және тек олардың жаман аты ғана қалады, оларға еш нәрсе басқа нәсіп етілмейді».
Егер Шахнаманың мінсіз билеушісі Кей-Қысыраудың бір жағынан тұрандық қаны болса және оның анасы Фәрәнгис Апрасияптың қызы (Иранның қас дұшпаны) болса, Шахнаманың патриотизм жолынан ұлтшылдық белгісін қалай табуға болады?! Иранның атақты батыры Рүстемнің анасы диюдан туылған Мехраб Кабулинің қызы, оның ата бабасы Иранның ең лас жауы Зүһак, соңында ол Мехрабтың айлакерлігінің себебінен қайтыс болады.
Фирдоуси мадақтау сипаттарын ирандықтарға тән қасиет деп санамайды. Қай жерде болмасын Иранның дұшпандарынан өнер мен даналықты көрсе, оны баяндамай қоймады: «Егер де Апрасияптың атын естісе, темірдей тау да дария суына айналады».
- Соғыстар туралы жазып отырып та шайыр оған деген ішкі қарсылығын анық байқатады...
- Фирдоуси соғыстар туралы дастан жазған болса да, Шахнамадан соғыс алаңдарының және жауынгерлердің шеберлігі туралы оқысақ та, ол соғыс пен қан төгісті жек көрген. Оны тағдырдың еріксіз үкімі деп біледі және көптеген өлеңдерінде соғысты айыптайды: «Мен тыныштық пен достықты соғыс пен күрестен жоғары санаймын».
Жауап ретінде Рүстемнің аузынан естиміз: «Соғыстың жаман екенін тіпті жабайы жануар барыс та, тау мен тас та біледі».
Ирандықтардың Шахнамадағы соғыстары, ешқашан елдің жерін кеңейтуге, басқалардың жерлерін жаулап алуға, дінді енгізуге немесе соғыс олжаларын тартып алуға арналмаған.
Шахнама - бұл Иран халқының ұлттық болмысы мен мәңгілік тұрақтылығын, барлық зұлымдықтарға қарсы қорғаудағы эпостық жыры. Оның үстіне, азап шеккендердің кектері де соғыстардың бір себебі болып табылады. Мысалы, Ферейдун мен Мәнушаһырдің Ираж үшін кек алу мақсатында Сәлім мен Тұрмен шайқастары, Рүстем мен Кей-Қысырау Сияуыштың кегін алуы. Оның негізі - зұлымдық пен жамандық жазасыз қалмауы. «Данышпанның не айтқанын тыңда, кімде кім жамандық жасаса соңында жазасын алады».
Апрасияп Сияуышты өлтіреді және өзі Сияуыштың ұлының қолынан қайтыс болады; Рүстам Сохраб пен Аспандиярды алдап өлтіреді, өзі де бауырына алданып құдықта жан тапсырады. Ал оның сатқын ағасы Рүстемнің жебесімен ағашқа қадалады. Кей-Қысырау Сияуыштың кегін алу үшін Апрасияппен соғысады және Апрасияпты өлтіруден бұрын оған былай дейді:
"Өте тез жамандық жағына өттің, бүгін құдай жаза беретін күн. Жамандықтың жазасы жамандық, құдай жамандықты жамандықпен жазалайды»
Иран соғысы әрқашан әділеттілікті орнату үшін болған; сол себептен тыныштық болған кезде, соғыспау керек, жау шабуыл жасамағанша жауға шабуыл жасалмауы керек. Жеңілген жауға зиян тигізбеу керек. Жеңіс кезінде тұтқындарға мейірімділікпен қарау, тұтқындағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қалаларды жоюдан аулақ болу, өлгендерге құрмет көрсету - соғыстың заңы. Мысал ретінде Кей-Қысырау Гоудәрзді соғысқа жіберер кезде берген бұйрықтарын келтірейік: «Есіңде болсын, зұлымдық пен әділетсіздік жасап, елдің жойылуына себепшісі болма. Ешқашан жаман іс-әрекетті жасама, жаман атты болудан аулақ бол. Сенімен соғыспаған адамға сен де соғыс ашпа, оған сенен зиян тимесін. Абай бол, Тустың жолымен жүрме, болмашы нәрсе үшін соғыспа. Қандай жұмыс болмасын басқалармен әділ бол, қашанда жақсылық беретін мейірімді құдайды есіңде сақта».
- Шахнамені толықтай адамгершілікті ту еткен эпос деуге негіз бар ғой?
- Фирдоусидің жан дүниесі эмоциялармен нәзік және асыл сезімдерге толы. Қайғысы бар адамдардың дерті оның жүрегіне қатты тиеді. Мысалы анасы жоқ сәбилер, баспанасы жоқ тұтқындар, өздерінің кедейлігін басқалардан жасыратын қарт адамдар. Ол балаларға деген сүйіспеншілікті ата-ананың табиғи міндеті деп біледі. Сам жаңа туылған Залды шашы ақ болғаны үшін тастап кетуін өте қайғылы оқиға санайды: «Бір кісі өзінің сүтімен баланы тойдырған қартайған арыстан туралы дастан айтқан еді. Егер де мен жүрегімнің қанын, сүтімді саған берген болсам да, сенен алғыс күтпеймін. Сен менің қанымнан жаралғансың, сені сүтіммен өсірдім. Жер бетіндегі жабайы және үй жануарлары адамға қарағанда өз балаларына мейірімін төгеді».
Қуғын-сүргінге қарсылық
Фирдоусидің әдепсіз және қатал патшаларды айыптайтын өлеңдерін еш бір кітаптан таба алмайсыз. Зүһәк пен Ескендірге келетін болсақ олар Иранда зұлымдықпен үстемдік еткен. Күш-құдіретке, атаққа, байлыққа ие болған Жәмшид шайтанның арбауына түсіп зұлымдық жасайды, құдайдың мейірімі одан кетіп, ол Зүһактің жолына түседі. Қауыс өзінің ақылсыздығы мен надандығының себебінен ирандықтардың ғазабын оятады. Кәштасып билікті әкесінің қолынан күшпен алып, дінді таратамын деген себеппен көп адамдардың қанын төгеді және өзінің биліген сақтап қалу үшін әке мен бала арасындағы мейірімді ұмытады, Аспандиярдың өліміне себепші болады және басқалар оны жек көріп кетеді. Оның ұлы Пашутан ол жек көрінішті былай баяндайды: «Қатты дауыспен айтады «Ей залым, сәтсіздіктеріңнің нышаны байқалды. Сен осылар үшін өзіңе жамандық жасадың, патшалар үшін ор қаздың. Сенен ақыл мен мейірім кетті, енді құдайдың жазасын күтуің керек. Таққа отыру үшін балаңды өлімге қидың, сенің ойың бақытта емес тақта болды. Әлем дұшпан мен жамандыққа толы, тақ пен тәж саған мәңгі қалмайды. Сол себептен бұл әлемде сені бәрі айыптайтын болады, ал ақыретте амалдарың үшін жауапқа тартады».
- Патшалықтар өміршең болу үшін неге сүйенді? Ал кейбірінің мүлдем құлдырап жойылып кетуі нені көрсетті?
- Фирдоусидің айтуы бойынша, патшалықтың дұрыс болуы - оның өрлеуі мен даңқында. Егер елде патша және оның қызметкерлері әділеттілікпен, ақылмен, достықпен билік етсе және халықтың қамын ойласа оларға халық риза болады, алайда егер патша зұлымдық пен жамандыққа бет алса, адамдардың жайлылығына немқұрайлы қараса, құдайдың мейірі одан кетеді, жақсы күндері аяқталады.
«Шахнамада» патшаға мойынсұну дәстүр болғанымен, абсолютті және сөзсіз мойынсұну емес екенін көреміз. Рүстем өзінің бабалары Кей-Қабат және Кей-Қысырау сияқты әділ билеуші болды, бірақ Кештасып сияқты залым патша Аспандиярды оның аяқ қолын байлап, жаяу қамалға алып келуге жібергенде, ол өзінің және аталарының құрметіне былай дейді: «Бүкіл әлемді шарлап, көптеген залым патшаларды өлтірдім».
Авторитаризм жоюдың негізі
Фирдоусидің пікірінше, абсолютті билік зұлымдық пен жойылуға әкеледі. Кей-Қысырау тілімен сыбайлас жемқорлық бәрінен жақсы сипатталады. Кей-Қысырау Фирдоусидің арманындағы патша және патшаға тән барлық жақсы қасиеттер оған тән: Гаухар (құдайдың мейірі), нәсіл (таза қан), өнер (үйрену), ақыл (жақсыны жамандықтан ажырата білу). «Батыр мына сөз бен амалдарға мұқтаж болмаған, қашанда бақыт оған серік болған».
Кей-Қысырау әділ билеуші, оның билік еткен кезеңі жақсылық пен жамандық арасындағы күрестің күшейген кезі. Өзінің даңқты және мықты билігінің арқасында Иранның дұшпандарының көзін жойды. Ол Апрасияпты өлтіріп, Сияуыштың кегін алады. Ол жеңіске жетіп, дұшпаны қалмаған кезде өз билігім мені жолдан тайғызып, Зүһак пен Жәмшиттің күйіне түсірмесін деп ойлайды: «Менің ойым мені жаман ойлауға, ахриманның істеріне алып келмеуі керек. Тұр мен Сәліммен соғысқан Зүһак пен Жәмшид секілді залымдар жағдайына түсіп қалмайын. Егер жаман және теріс жолға түсіп кетсем, менен құдайдың мейірі кетеді».
Кей-Қысырау бірнеше күн бойы үлкендермен сөйлеспейді. Содан кейін ол оларды шақырып алып, биліктің зардаптарынан құтылу үшін тақтан бас тартуды қалайтынын айтады. Ақсақалдар патшаның қалауымен келіспейді. Ақсақалдар шарасыздан Залды Зубилистаннан шақыртады. Сөзге шешен Залдың кеңестеріне қарамастан Кей-Қысырау шешімінен бас тартпайды және ирандықтар оның шешімімен келісуге мәжбүр болады. Кей-Қысырау патшалықты Лаһырасыпқа тапсырады және батырлардың әрқайсысына лайықты марапаттарын береді, ал Гоудәрзге өз қазыналары мен жинақтарын елдің өркендеуі мен мұқтаждардың жайлылығына жұмсау үшін береді. Содан кейін ол сахнадан кетеді.
«Шахнаманың» әлемі талпыныстарға, бақытқа, өмірге деген махаббатқа толы. Патшалар мен батырлар қауіп-қатер төніп, жау шабуыл жасаған кезде, бар күш-жігерімен жұмыс істейді және талпынады, ал егер бақытқа жетуге мүмкіндік болса, олар кеудесі мен жанын ертеңгі ұрысқа дайындайды.
Шахнаме - ирандықтардың ұжымдық санасы және ешқашан олардың жадынан өшпейтін мәңгілік туынды.
- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.