Сен маған дүниеңді әңгіме етпе...

Тайпақта туған талантты ұл. Ол Жұбан мен Сағат туған топырақтан түлеген. Өлең оның тұтас өмірі. Тәңірі тар маңдайына тұтас өлең жазған. Рауан Таңатжанұлының жырына көз жүгірткендер оның ерекшелігіне тәнті болады. 

194

Сен маған дүниеңді әңгіме етпе... - adebiportal.kz
Фотосурет ақынның жеке мұрағатынан

 Кіршеңдеу ғой көңілім кірбің тартқан,

(Еңсемді езер онсыз да жүгім батпан.)

Жақын тұтсам, жүрегім шайылар деп,

Бойымды алшақ ұстап жүрмін топтан.

Дейтіндер көп, іркілме, ілгері жүр,

(Кейіпін көргендей құр сүлдерімнің.)

Дос тап, дейді, доссыздар, қайдан білсін,

"Достардан" да қашқақтап жүргенімді!

Еліреді есерлер, елеске еріп,

(Ел тең болса, біз қайғы жемес те едік.)

Өз жүрегін ұғынып көрмегендер,

Сезім жайлы жүр маған кеңес беріп.

Тағы оянам,

Ұйқысыз, түндер де үзік...

(Кімнің хәлін жүр дейсің, кімдер сезіп?!)

Күңгір-күңгір құлаққа үндер келіп,

Үнсіз кеткім келеді, үңгір кезіп.

***

Аяулым-ай, мен үшін жаны лағыл,

Сол ессіз, есер кезді сағынамын.

Өлең жазшы, деймісің, құрысыншы,

Үнсіз қалсам, басады тағы да мұң.

Шүкірміз ғой, бүгінде, тәуір бәрі,

Өтті білем, тағдырдың жауындары.

Санасын тұрмыс жеген қауымды ойлап,

Кімге керек жанымның ауырғаны.

Келеке етіп, маржандап сөз тергенді,

Сүрінсе тапап өтер көз көргенді.

Бізсіз де өзгертем деп өлгендер көп,

Ай, бірақ, тап ештеңе өзгермеді.

Саналыны қаралай құсалы етіп,

Өмір, жаным, осылай ұшады, өтіп...

Аңқау топқа ақылман, әңгіме айтып,

Аярлар жүр Абайды мысал етіп.

Ірки алмай бойдағы бір дауылды,

Қамсау қылдым білімсіз құр дарынды.

Мұқаңдарды мінемек болған тобыр,

Қайтсін менің жылауық жырларымды...

 

Астана төрінде

Саған келіп жырлайтын туыпты шақ,

Зәулім үйлер көк тірер уық құсап.

Астана өзіме ыстық көрініп тұр,

Деуші еді, адамдары суық құшақ.

Суық құшақ деуші еді жат бауырлау,

(Тап өзім өгей адам таппадым-ау.)

Жақсы да ру мен жүздің болмайтынын,

Ұғып қайттым, өліара шақта мынау.

Таңдар тұста алдымда жол тарам боп,

Саяқсып жүретінмін ортадан көп.

Тоңып қайттым демеймін, толып қайттым,

Арқаға барғаныммен жалқы адам боп.

Шауып барып, кідірмей, шауып қайттым,

Сөзіммен келте шапан жауып қайттым.

Жалғыз барып Оралдан Сарыарқаға,

Жаны ізгі жақсы адамдар тауып қайттым.

Талай жастың арманы осы - Астана!

Талай дүлдүл, дүрлерге дос - Астана!

Тағы бір оралармыз, тос, Астана!

Келесі кездескенше, қош, Астана!

***

Жоқтығыңа жүрегім көнді лезде,

Тек сары ала сағыныш келді күзде.

Естеліктер болса да көңілде көп,

Кездесуге болмайды енді бізге.

Жұпарыңа санамды мас қылды үміт,

Сені көрсем, тамырда тасқын жүріп.

Кездеспейік, қалқам-ау, сағынсақ та,

Ескі ауруды қайтеміз асқындырып.

Сен кеткенде мен үнсіз, қимай тұрғам,

(Түндерім-ай, сан парақ шимай қылған.)

Махаббат жоқ, десек те, жүздескенде,

Не құдырет кеудеме сыймай тұрған?!

Оңаша сәтте көзбен тілдесейік,

"Кетіппіз деп, шіркін-ай, біз де есейіп"

Кездеспейік, қоздатып өшкен отты,

Тәп-тәтті сағынышпен күн кешейік...

***

Өлерің хақ!

Иллюзия сүргенің.

Бес күн жалған,

Ал, ажалдан жоқ емің.

Маңдайыңа жазылып тұр көрмегің,

Шолақ жіптің келтіре алмай күрмеуін,

Өте шығар дүние атты дүрмегің.

Өткендерден осы менің білгенім.

Күн теспесе, су ақпайды шатырдан

Кездеріңде сан сабалап, ах ұрған,

Кейбір жолдас мысқылдайды сыртыңнан,

Кейбіреуі дәметеді ақылдан.

Деуші еді әкем, 

"Жалғыз қалған шағыңда,

Қаймана артық жақыннан".

Алға қарай жетелер тек армандар,

Бар жүгіммен алға сүйре, арман - нар!

Өз ізімен жүрсін артта қалғандар,

Менің онда сірә, қандай шаруам бар?!

Біздің елде түсінбейді ешкімді,

Өз есегі судан өтіп алғандар...

Жан досым жоқ,

Дұшпан да жоқ табалар,

Жалғызбын мен, өз алдыма индивид,

Қорқам достан, әр айтаққа шабалар,

Балағымнан қаба ма деп, сенген ит.

Мінезімнен басымдағы бар пәлем,

Мейлі маған қарсы шықсын жарты әлем.

Бір құдірет қайтып өмір таңдатса,

Еш ойланбай, осы өмірді таңдар ем...

****

Нән қарттар-ай, шәйін де шіреп ішкен,

(Бүгінгі шалдар да оны біледі іштен.)

Жиырма жылда талғамы талқан болған,

Біздер жүрміз жарысып үдеріспен.

Қызықтырмай тойың да желік қуған,

Кем ойларға амалсыз көніп тұлғаң.

Өспірім еш нәрсеге қызықпайды,

Жанары отсыз құлындай өліп туған.

Жырынды көп жағалай сырың баққан,

Заманда "аталатпай, құлындатқан".

Қаралай мәңгіргеннің қарасы көп,

Бақсы мен құшнаштай жынын қаққан.

Отырғам жоқ, кер тартып, өткенді аңсап,

(Көксеген күнге қайтем, жетпей қалсақ.)

Менің жаным ашиды болашаққа,

(Шалды қойшы, ас баққан, шекпенді аңсап.)

Алаңдаймын құрт жер деп бұтағымды,

(Інім-ау, біздің бақты жұқа қылды.)

Жағалай бірін-бірі мақтаған жұрт,

Расында оқымайды кітабыңды.

Мен де әулие едім деп, мақтанбаймын,

(Жақсы боп болашақпен жоқталмаймын.)

Шоу мен тойдан шаршағам он жыл бұрын,

Клубтарға онсыз да көп бармаймын.

Әйтеуір, бәрін қырт пен сырт деп жатыр,

Өз бетінше әркім жәйін тіктеп жатыр.

Сен маған дүнияңды әңгіме етпе,

Руханияттың діңгегін құрт жеп жатыр...

****

Жел әкеліп танауға жаңбыр лебін,

Тарқата алмай жанымның сан күрмеуін,

Ен жазықта екпеттеп құлап барып,

Қайта тұрып, "бұл дағы тағдыр дедім".

Махаббатпен өткеріп жақыт түнін,

(Өтпесе екен, шіркін-ай, уақыт бүгін.)

Жүрегің алқымыңнан шыға жаздап,

Шаттанасың, "мен неткен бақыттымын!"

Желкен керіп, желге ұшу жеңіл ғой деп,

Үстіме іле салып жеңіл көйлек.

Өкпегіне қос өкпем қабынса да,

Өзімді-өзім жұбаттым, "өмір ғой" деп.

Талайына тағдырдың шыдап бекем,

Шығады деп алдымнан жұмақ мекен.

Тозақ дәмді ұшпақтан сан жерініп,

Ойлап қоям(ын), "Тәңірім, сынақ па екен?!"

"Жалған жырмен" көңілді тасыттық кеп,

Сосын тұрдық, "несіне асықтық" деп.

Оңашада жымиып содан кейін,

Қуыстандым "ех, шіркін, ғашықтық" деп.

Аңсап қойып даланың қоңыр әнін,

Ұғына алмай сенде не кегі барын.

Күрсінесің, "ақ-қара тіршілік-ай,

Қос қапталы секілді зебраның"…

Рауан Таңатжанұлы, ақын

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan