Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Софы Сматаевтың «Ызғарлы шуақ, тәтті мұң» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Тағылымды жиынға әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас қаламгерлер мен оқырмандар қауымы қатысты. Рухани басқосу барысында қаламгердің өнегелі шығармашылық жолы, ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан сүбелі үлесі және ұлт руханиятындағы орны кеңінен сөз болды. Кеш тізгінін ұстаған “Қазақ әдебиеті” республикалық газетінің Бас редакторы қаламгер еңбегінің тарихи-танымдық сипатына, көркемдік әлеміне ерекше тоқталып, Софы Сматаев прозасының ұлттық болмысты терең бейнелеудегі маңызын атап өтті.
Әдебиеттанушылар туындының мазмұндық-идеялық өзегін талдап, автордың көркемдік шешімі мен стильдік даралығына ғылыми тұрғыдан баға берді. Кітапта жазушының өмірлік пайымы, ұлттық құндылықтарға деген адалдығы, рухани ізденісі айқын аңғарылады.
Жинақтағы шығармаларда тарихи зерде, адамгершілік мұрат, елдік сана мәселелері терең толғаныспен өрілген. Кеш барысында қаламгердің замандастары мен ізбасарлары жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Жас оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтар әдеби диалогтың мазмұнын байытып, кездесуді мазмұнды пікір алмасу алаңына айналдырды.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
