Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Мұқағали Мақатаев залында ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбжан Әбілтайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Сөз киесі» кітабының таныстырылымы өтті.

Бұл кеш тек жаңа кітаптың тұсаукесері ғана емес, қаламгердің бірнеше онжылдыққа созылған шығармашылық жолын саралауға, оның қазақ әдебиеті мен аударма өнеріндегі орнын бағамдауға мүмкіндік берген мазмұнды басқосу болды.

Іс-шараға елордадағы зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ қызметкерлері мен автордың жақындары қатысты. Кеш тізгінін ұстаған ақын Бауыржан Бабажанұлы мерейтой иесінің шығармашылық болмысына қысқаша тоқталып, оның поэзиясындағы азаматтық үн мен ішкі лиризмнің сабақтастығын атап өтті.

Жиын барысында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің лебізі жеткізіліп, дәстүрлі құрмет көрсетілді. Бұл – қаламгер еңбегінің мемлекет пен әдеби орта тарапынан жоғары бағаланғанының көрінісі.

Кеш барысында сөз алған Серік Тұрғынбекұлы, Айгүл Кемелбаева, Самат Асқаров және басқа да қаламгерлер Әбжан Әбілтай шығармашылығына тән ерекшеліктерге тоқталып, оның поэзиясындағы ой тереңдігі мен тіл тазалығын атап өтті.
Серік Тұрғынбекұлы ақынның қазақ поэзиясындағы орнын «Мағжаннан кейінгі лирикалық арнаның жалғасы» ретінде бағаласа, Самат Асқаровтың арнау өлеңі кештің мазмұндық өзегін толықтырды.

Кештің көркемдік бөлігінде ардагер диктор Күләш Молдахметова ақынның Торғай тақырыбындағы толғауын оқып, тыңдарманға ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ күйші Тұрсынбек Әлмағамбетов Құрманғазының «Адай» күйін орындаса, әнші Шахаризат Сейдахметов қазақ ән өнерінің классикалық туындыларын ұсынды. Сазгер Кеңесхан Ғаббас ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, кеш мазмұнын толықтыра түсті.

Таныстырылған «Сөз киесі» кітабы – «Кәусар» баспасынан жарық көрген автордың көпжылдық шығармашылық ізденісі мен азаматтық ұстанымының жиынтығы. Төрт бөлімнен тұратын еңбекте оның қоғамдағы сан алуан құбылыстар мен адами болмыс туралы ой-толғамдары, әр кезеңдегі өзекті мәселелерді қозғаған публицистикалық мақалалары, түрлі басылымдарда жарық көрген жүрекжарды жазбалары мен арнаулары топтастырылған. Замандастарының ақын шығармашылығы, азаматтық келбеті туралы жазған мақалалары мен естеліктері, өлеңмен өрілген лебіздері кітаптың соңғы бөлімінде берілген.

Әбжан Әбілтайдың шығармашылық жолы қазақ баспасөзімен тығыз байланысты. Ол еңбек жолын аудандық газеттен бастап, ұзақ жылдар бойы «Торғай таңы» басылымында қызмет атқарды. Оның қаламынан туған «Қарлығаш», «Көктем бояулары», «Жүрекжарды», «Жер басып жүрген соң…», «Дүниежалған», «Тіл мен жақ», «Жүрегімнің сүзгісі» секілді кітаптар – автордың тақырыптық ауқымы мен стильдік ізденісін айқындайтын еңбектер.

Қаламгердің тағы бір қыры – аударма саласындағы еңбегі. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ол Эмиль Золя, Николай Гоголь, Иосиф Бродский сияқты әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар Сергей Есенин, Евгений Евтушенко, Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский секілді ақындардың өлеңдерін қазақша сөйлетті. Бұл еңбектер ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, әлемдік көркем ойдың қазақ тіліндегі өрісін байытуға қызмет етті.
Жалпы, «Сөз киесі» кітабының таныстырылымы – бір қаламгердің ғана емес, тұтас бір әдеби дәстүрдің сабақтастығын көрсеткен тағылымды кеш болды. Мұндай басқосулар қазіргі әдеби үдерістің тынысын аңғартып қана қоймай, сөз өнерінің қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындай түседі.
