Сөз өнері: Жасампаз жас қалам

Сөз өнері: Жасампаз жас қалам - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері: Жасампаз жас қалам» атты республикалық әдеби форум өтті. Форумға Алматы, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан келген қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, әдебиеттанушылар, сыншылар, баспасөз өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашты: «Форумның тамыздың 10-ы күні өткізілуінің мәні бар. Бүгін Абай күнінде Абайдың өлеңі оқылып, әні айтылып, Абай бізге басқаша, асқақ күйінде, ғажап күйінде қайтып келді. Осыған дейін бірнеше жобаларды жүзеге асырып келеміз, бұл форум көптен ойда жүрген еді, қолдау білдірген Астана қаласы әкімдігіне, Ішкі саясат, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына рақмет айтамыз», – дей келіп, қазақ әдебиетін дамыту, қаламгерлерді қолдау мақсатында істеліп жатқан жұмыстарының бірқатарына тоқталып өтті. «Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырып келе жатқан «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша 2024–2025 жылдары жас қаламгерлердің 40 кітабы жарық көріп отыр. Бұл – жас қаламгерлерді қолдаудың бір мысалы. Бүгінгі өтетін форумда қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері талқыланып, келешекте тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және әдеби ортадағы кәсіби байланысты нығайту, жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін қолдау жөнінде айтылатын болады», – деді ол.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары (вице-министрі) Рустам Әли Мемлекет басшысының қаулысымен кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының бастамасымен концепция дайындалып жатқанын айтып, одан бөлек әдебиетті қолдауға бағытталған басқа да жобаларға тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында атқарылатын шаруалар жайлы да айтып өтті. «Түркі әлемі әдебиетінің аудармасы бойынша 15 қаламгердің шығармалары аударылуда, ол кітаптар кітапханаларға бес мың данамен таратылатын болады. Одан бөлек, жыл сайын 20 жас талапкерге қолдау білдіріліп келеді. Шетелден Нобель сыйлығының иегерлерін шақырсақ деген арманымыз орындалып, елімізге атақты жазушы Мо Янь келді, осы бағыттағы халықаралық жобаларды алда да жүзеге асыру жоспарда бар. Алдыңғы жылдары Мемлекет басшысының қаулысына орай баспагерлерді қолдап, «Кітап күнін» өткізген болсақ, биыл кітап оқу мәдениетін қолдау мақсатында сыйлықтар ұйымдастырып жатырмыз».

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқановаға, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абрахмановқа, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайылға, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлына, жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметоваға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжанға, т.б. сөз берілді.

Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай жастар шығармашылығы бойынша, жазушы, сыншы, драматург, ұстаз және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айзат Рақыш жастар әдебиетінің даму бағыты, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістері жайында, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ырысбек Дәбей балалар әдебиеті бойынша, ақын Салтанат Қайырбек поэзия бойынша баяндама жасады. Жиын соңында бір топ жас қаламгер Жазушылар одағына мүшелікке өтті. Олардың арасында ақындар Айдана Сегізбаева, Айдын Байыс, Ақерке Асан, Қарылғаш Қабай, Ділдә Уәлибек, т.б.  бар. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan