Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Светқали Нұржан. Сөз сағасы...

01.04.2019 9898

Светқали Нұржан. Сөз сағасы

Светқали Нұржан. Сөз сағасы - adebiportal.kz

Он сан байтақ бүлген жер,

Ормамбет бидің өлген жер.

Күйкен сырты Манашы,

Манашы – соның баласы.

Баласымен екеуі

Он бір бидей залымның

Айласымен бұлардың

Қаза тапты, қарашы!..

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы

Мына жатқан – «Күйкенұшқан», «Манашы»,

Ұлы Қыр мен Ене Теңіз арасы...

Ер Манашы –

Қарға бойлы Қазтуғанның баласы,

Күйкен еді анасы.

Жалмап тынды Манашыны

Заманның ит-таласы...

Ер ұлының қасіретіне шыдамай,

Аңыраған-ды анасы оның, шамасы...

Адыра қалды сайы менен саласы,

Қаңыраған-ды Көк теңіздің

ақ кемелі жағасы.

Ақырында қонысынан айырды

Қарға бойлы шайырды –

Қырт туысқанның көңілінің аласы,

Ит-дұшпанның тынбай жапқан жаласы...

Жезайыры от құсқан

Қамалағанда көп дұшпан

Қисайған-ды жығасы,

Жыртылған-ды жағасы.

Кегі қалды аласы,

Тегі қалды қарашы...

Жыры қалды алмауыттай күлдірлеп,

Жасын шашып тағасы!

Күн қасында оның сырлы дарасы,

Ай толғанда толқиды-ай бір шарасы!..

Ол заманның батқанымен қарасы,

Бізге де ортақ ноғайлының наласы.

Ал пырақты мініп маған жеткізді

Кеще* шалдың Мұрын деген данасы.

«Қырық таңбалы Қырымнан»,

«Қырық молдалы Құрымнан»

Жәуһар еді ол алынбаған бағасы.

Шың басында оның жырлы қаласы –

Шайқалады жеміс төгіп ағашы...

...Оғыландарын кәпір жұтқан кезді айтып,

Зарлайды әлі қара Үстүрттің даласы.

Татып көрсең су іліп,

Борбайыңды жуынып –

Сор-майыңды қуырып,

Алары хақ таңдайыңды суырып

Ащыағардың удай ащы сабасы.

Жеткен сонау Қырымнан,

Келген кеше Құрымнан,

Қалған бүгін Мұрыннан

Сөз тыңдаңыз мына отырған жұрыннан –

Сонда деп жүр ендігі Сөз сағасы!..

Қызыр еріп қасына,

Шығып алып «Күйкенұшқан» басына,

Құбылаға қарайды ол –

Удай ашып жарасы,

Судай ашып санасы...

Күткен Айы тумап па әлі, қарашы?..

Қарға бойлы сол қасқа

Серт етпек-ті – қонысынан аумасқа,

Он бесінен толғанда Айдың жаңасы...

Айтқан Сөзін қабыл алып алашы –

Басылар ма жаудың жапқан жаласы?..

Серігі оның – шалдар үйген обасы,

Күтеді Айын, қашпай тілден тобасы.

Селт етпейді, қас қақпайды –

Шың басынан салынардай моласы.

...Етекке оны түсірмейді ергізде –

Табандағы ит-дұшпанның табасы!..

04.02.13 ж.

Кеще* (Мұрат) Жарыұлы – Мұрын жыраудың һәм Сөз Иесінің бабасы.

КӨРДЕН ШЫҚҚАН

Темірхан Медетбекке

Сен Маңғыстауға келгенде – шілде еді,

Аңқаңды кептіріп берді.

Дуылдасқан дүбәралардың дүрмегі,

шуылдасқан күмірәлардың тұл легі

Қаңқаңды тептіріп көмді!

Уақыттың құмсағаты

Сырт-сырт түзіліп жатты,

Бырт-бырт үзіліп жатты

Түнгі аспанның жұлдыз-ілгегі…

«Көмілгенім жақсы,

еріп жүргенше жетекке!» –

дедің де сыйындың –

Құл Қожа Ахмет пен Бекетке!

Қайманалардың аяғының астында

тірілей көрге көміліп тұрып,

көмусіз қалған ерлердің кегін ұқтырып,

күле қарадың –

майлы сүйек кемірген кетекте,

қарғылы қара қандендер менен көпекке!

Сенің күлкің естілгенде тұсынан,

Зәресі ұшып жанарыңның сұсынан,

тығылып қалды итаяқ-табыттарына

көпектер мен қандектер –

іші майлы, тісі қан.

кіріп кетісті көрдің жарықтарына

обырлар мен жарғанаттар ісі ылаң!

Қаннан күрең,

жаннан да ірең жас саулап

тұрды сонда кірпігіңнің ұшынан!

Қорғасынды көріп кірпігіңдегі,

Пірлерің жетті түн түбіндегі –

Жұлып алды жер-желімді қақпаннан!

Қамсау таппай шілделер мен ақпаннан,

Тұлабойыңнан топырақ саулап,

Жүрегің кеудеңде

дауыл күнгі жапырақша аунап,

көріп қалдым сәтіңді мен

бір сапарға аттанған!

Сен содан бері

кебініңді шешпестен,

жер бетінде жүріп келесің!

Өз ұлтына өштескен

сәнді залдардағы

сәнсіз жиындарға кіріп келесің!

Шаруасы жоқ жер-көкпенен,

қайғысы жоқ ел-көппенен,

қазақтың қарғысына мелдектеген,

жиылған кіл жендет-керең

буаз алқымдарды

сексеуіл-саусағыңмен бүріп бересің!

Шен-шекпенге қымтанған,

кем күн баққа шырқанған

Боқтыдүмдерді

ыстық істікпен түріп бересің!

Содан соң

Түркістанның топырағына аунап алып,

кірпігіңдегі жас

бұлт ішіндегі жалттай лаулап ағып,

түнге сәуле шашып, тауға жарық,

шығасың сен Өр Алтайдың басына!

Қалып сан оба жолыңда,

бет алып Қарағорымға,

тәу етіп бабалы орынға,

мұң шағасың Күлтегіннің

тарғыл қара тасына!

Тасқа сіңген Көк Түріктің жырларын

тәржімалап қазіргі қазақ тіліне –

адамзаттың ғажап тіліне,

Қазақстанға қайтасың!

Хақтан тасқа жұққан нұрды,

тастан тірі шыққан Жырды

Өлі жүректерге сіңірмек болып,

өліктермен бірге қайтадан тірілмек болып,

нажағайлардың суырып алып жай-тасын –

кебінің дар-дар жыртыла жаздап,

кірпіктеріңде жас емес, нұр-шыра маздап,

қайғы-қасіреттен тұншыға жаздап…

айтасың!

Бірақ ешкім алдыңнан шықпағасын,

Тастың Жырын ұқпағасын,

жапандағы маған қарап зарлайсың!

Қаратаудың көбесінде қалған

қара тастың төбесінде жанған

шыра болып парлайсың!

Сен, өйткені

басы бар – айырмасы Махамбеттен,

Шындыққа шөлдеп, Ақиқатты аңсап,

Кенезесі мен Аңқасы қатар кепкен

шерлі маңдайсың,

мөрлі таңдайсың!

Сен сосын менің

тым шағын бойымды Отпанға теңейсің,

мысқал салмағымды батпанға теңейсің!

Шырлайсың төгіліп таңнан!

Бірақ менің Отпаным уә Отаным

тап боп қара тасқынға,

ауыздары шақша атқан,

ауларынан – нас,

настарынан ақша аққан

әуейілердің табанының астында

көміліп қалған!

Шернияздай жырауды әкеп көмсе де,

Қалнияздай дырауды әкеп көмсе де,

көтертпестей сайтан мініп еңсеге,

басынан – жағы,

сүйегінен иегі бөлініп қалған!

Іші кебір,

түсі көмір,

тісі темір қасқыр кеп,

тауыңды мылжалап,

тасыңды кеміріп болған! –

Өті жарылып,

өкпесі қабынып,

сауыры қышынып,

бауыры ісініп,

«семіріп» те алған!..

О, бұл ел әлі де – аярлар елі! –

Отпан мен Сені көмгендер аяр ма мені? –

Ұлы тіліме құрық салып,

Ұлық дініме құлып салып,

тірілей мені де көмген!

Бар қайғым кешкі бұлтқа әйгі,

Сөзімді ешкім ұқпайды –

қайғы-шер құрсаулап,

көзімнен мұң саулап,

көмейден құм саулап еңірегенмен!

Көмекке Құл Қожа Ахмет, Бекет пірлерім келіп,

құлыбын бұзды түрменің берік!

Қай оңған ыпыным бар-ды? –

Кебінімді сыпырып алды

жендеттер тұтасып алған! –

Азаттыққа шықтым тұттай жалаңаш! –

Ең тәуірі, айтпайды өтірік, жұтпайды арам ас –

лыпасы жоқ жан!

Лыпасыз өлік ағасын іздеп,

болады қара толқыннан қарасын үзбек. –

Қамайды көрімдей түнім.

Тыржалаңаш қызарды бет.

Білемін.

Үркітіп ұясынан жүрегін,

Елесім ұйқысын бұзар-ды деп,

сондықтан көп елге көрінбейтінім!

Жай-тасымен тіліп бұлттың түнегін:

«Аман бол, – деп, – Ай астында, Ұлы Елім!» –

Айналып сүлде-міскінге,

«Ағаш көпірдің» үстінде

сүйегім сықырлап,

шықырлап жағым жүремін…

Сен – жетпіске,

мен елуге келгенде,

сен – кебінмен,

мен кебінсіз өлуге келгенде –

үстімізден топырақ саулап,

жүрегіміз тағы да

дауыл күнгі жапырақша аунап,

тағы да жолығып тұрмыз сахынада!

Тағы да егіліп тұрмыз!

Тағы да жеңіліп тұрмыз!!

Тағы да көміліп тұрмыз!!!

Солай, ақын аға!..

12.05.15 ж.

Қошқар-Ата – Қолтық қонысы.

АЙДЫ СҮЙГЕН

Жастайымнан сүйіп едім Айды шын,

Тек сол еді тірлігімнің мазмұны.

Ал жұлдыздар ұқпайды оның қайғысын,

Қызғаныштан жоғалды ағып бәз бірі.

Сүйегіме тұмсық тығып түнгі ызғар,

Қағады ыржаң – ыққан әлем бетімен.

Келеке ғып қоймағасын жұлдыздар,

Шыдай алмай үйге кіріп кетіп ем...

Таңсәріде қайта шыққам сағынып,

Айдың ізін сипап тұр жел «бәй-бәйлап».

Қара бұлттан қара шәлі жамылып,

Мені жоқтап өтті дейді Ай бейбақ...

Кетіпті өртеп көз жасымен Ай түнді,

Хақ күмбезі ашқан шақта мешітін.

Аймен менің табысарым айқын-ды,

Үйге кірмей сәл шыдасам – осы түн!..

Сыпсыңдап тұр мені мошқап топ қайың,

Діл-қайғымды қайдан ғана ұқсын жат?!

«Сәл шыдаса қайтер еді?..» депті Айым,

Оны маған Шолпан айтты сықсыңдап...

10.06.15 ж.

ЖАРҒАНАТ

Сұрқос ініме

Мың жыл бойы ібіліс

оны ұстаған тас-көмірдің суына,

Оны ыстаған доңыздың нас-көңінің буына;

Жер астында – «жылан-бапы» елінде

Тілін оның суарған об-жыланның уына!

О, сондықтан түрін оның көргенде –

жылап қашатыны зәңгінің,

Даусы естілсе, – жырақ қашатыны әңгінің!

Безден беріш,

тастан шемен жүрегінен қап-қара,

Көріп қалдым ағып тұрғанын нәжіс пенен қанды ірің!

Шын нәмі оның – жарғанат!

Жамылып ап қарғадан да қара нән қанат,

Жұлдыздардың жұлынынан тамызып,

Айдың әппақ мұрынынан ағызып,

Отырады қара түнде қан жалап!

Мұнымен қос бола алмайды күшіген,

Ол да жеріп кеткен мұның ісінен!

Ақ жұлдыздар үрейден ағып кетіп жатады –

Ол сигектеткенде қара қан қап-қара тісінен!

Жарғанатқа қажет емес жер түкке!

Тек қан сорып жатса, шіркін, тығылып ап иен түпке!

Өлімтіктер патшалығын құрып ап,

Жан біткенді айналдырса жемтікке!

Бар жоспарын орындатпай Таң, әттең,

Кетеді атып жемтігіне жете бере жеті жарақпен!

Айды, әйтпесе, қанжоса ғып қауып тастағысы келеді,

Күнді жауып тастағысы келеді – қап-қара қанатпен!

Қара тырнақтарын жанып-жанып шарыққа,

Қара тістерінен қан саулап тығылады көне барыққа.

Қанаттары қара тұзақ – Жарыққа!

Жатын-жайы қара тозақ – табытта!

Иә, тозаққа жалғасады түнегі,

Себебі оның өлген тастай жүрегі!

Жарды Тілеп жүргендерге жердегі,

Мәңгі Түнек орнаса деу – тілегі!!!

Ас батпайды жемесе оған қан шылап,

Қаракөкбет, қарау мүмкін емес, тіпті, жан шыдап!

Бар арманы: Ақ Жүректің Қызыл қанын отыру –

Қара тырнағымен малшылап!!!

...Ей, ақын дос, саған түкке қажет емес жарнама,

Қам ойламай, қауіп күтпей,

Бар сәулеңді шашып тұрсың залға ана! –

Сен, өйткені Ғашық құлсың Аллаға,

Ашық Нұрсың, бар арманың – Жар ғана!!!

Оның жауы – Жарық қана!

Жабылып,

Тоқтатыңдар жолына жүректерден шам іліп!

...Отыр, әне, ол – сәнді залдың бұрышында қараңғы –

Қара көзілдірік тағынып,

қара сулық жамылып!..

Барлық әппақ ниеттерге нас үріп,

Барлық әппақ жүректерге тас ұрып,

Қара құзғын ниеті мен қара төбет тілегі қоса ұлып,

Отырады ол қараң бұрышта қара сулығына тығылып,

Қара азуын – қанды ұртына,

Қара тырнағын ұзын жеңіне жасырып!..

Жүрегімді барады езіп әртекті із,

Ей, Жан Ием, барлық өлі тамырыма қан тепкіз:

Күйіп кетсін «сүйекке үргіш» Қара Елес –

Сүйегімнің Ақ Сәулесін жарқ еткіз!

13:13 сағ. 15.06.15 ж.

МЫНА КӨКТЕМ...

Көкем, көктем, сәл тұра тұр қасымда,

Қашан мәңгі баяндарсың басымда?..

Исламның жасыл туы секілді –

Боянып ап шыға келдің жасылға.

Шық-шарабын ұсынды андыз татуға,

Жүрек толып кетті ілезде «аһы-уға»!

Айырғанда гүлден ара қорегін,

Жайыл қанға, сіргеқара-сакура!

Бозала таң салған шақта қанда асыр,

Ашылмаған қалмайтындай жанда сыр.

Қауышқан тұс арқаржапа – ыраңмен,

Жап-жасыл-ау, жап-жасыл-ау, жап-жасыл!..

Еркек пен боз «ракс» қағып барады,

Ит-ошаған қалыс қалып барады.

Боз селеулер үстіменен жүгірген

Ақ сәулелер алысқа ағып барады.

Изенің де изеңдеуден жалықпай,

Құртқашаштар бантик байлап алыпты-ай.

Балықкөздер жыпырлайды жан-жақтан,

Жарыққа кеп шүпірлеген балықтай…

Көз тоймай тұр.

Бастап таңнан сөз толғай,

Тыншыр емес титтей жырау жезтаңдай –

Қызғалдақтың қауызында «ашыған»

Шық-шарапқа мас боп қалған бозторғай!

Мынау көктем – бөлек көктем, ағайын,

Нұрға толы, сырға толы маңайым.

Сәби иісі сіңіп қапты, о, тоба,

Қызқұлақтың иіскеп ем самайын!..

Уа, көгерсін, мына дүние көгерсін,

Көгертпейтін өткені, ырас, нелер сын!

Қоңырбастар «ара-зікір» салып тұр,

«Алла-һулап» «хикмет» айтып көгершін!..

Гүл кірпігін басып қалды, міне, шық,

Жұпар қырдан құзғындардың үні өшіп.

Қоңырбаспен бірге мен де «хәл кештім»,

Мас торғай мен мас кептерге ілесіп!

Бұл жерде жоқ адыра қалжың, оспақ тұл,

Тәңір, маған осылардай дос таптыр!

Көк-қағанат Хаққа мадақ Сыр толғап,

Бас шұлғысып бәрі мені қостап тұр...

Көк көремін, шөп көремін қостаған,

Қостағаннан біте жаздап тасқа жан.

Қостау қайда: «Хақты зікір еттің!» деп,

Мені кеше аластаған нас-қоғам!..

Көк-мұхиттың түп жағына төркіндеп,

Көкке сіңдім!

Хаққа сіңдім!!

Еркім жоқ!!!

...Күллі ғалам зікір салып жатқандай,

Исламның жасыл туы желкілдеп!..

18.06.15 ж.

БАҒЫ ЖАЙЛАУҒА ҰШЫРАСУ

Ойық, қиық, тілік, солақ енді еді –

Қоршап келед көп жылқының шеңбері…

Құрық ұстап қыр басында қылтиған,

Ей, бозбала, танимысың сен мені?..

Танымайсың!

Танымасың белгілі,

Ұмытардай кез өтті ғой ендігі.

Белең мініп,

белең асып кетіп ем,

Көк жонаның шылқа май боп терлігі…

Есімді алды көп жылқының озаны,

Маған таныс баран, қылаң, боз әлі.

Әттең, менен үркітіп тұр оларды

Ортадағы отыз жылдың тозаңы…

Иен жылқыға тағы тап боп – күй ішім,

Сына мені, соңғы мәрте сый ұсын –

Уа, Жаратқан, қайтарып бер қаныма,

Жұпары өзге жайлауымның иісін!

Ойық, қиық, тілік, солақ ені бар

Қалың жылқы енді қашан жолығар?

Ей, боз айғыр, өтіп кетпе жанымнан,

Ең болмаса, сен белгі бер, жануар…

Бар мүлкімді тонап алып тас қала,

Қылған екен тыржалаңаш масқара.

Қалың жылқы өте шықты дүркіреп,

Түк мән бермей қара жаяу қасқаға!

Не барқадар тапсын мінген белеңге? –

Мініп кеткем белеңі бар өлеңге.

Жайлауыңа кеткеннен соң өгей боп,

Мұрат па екен танылғаның – көлемге?!

Бар бұлдарым – ұртымдағы сөз ғана,

Бар мұңдасым – жұртымдағы боз ғана…

…Қимай қарап қайрылып тұр артына,

Құрық ұстап қылтиған сол бозбала…

20.06.15 ж.

БАРЫСТЫҢ ЕТЕККЕ ТҮСУІ

Барыс таудан түсіп еді етекке,

Тап боп қалды шәуліккен кіл көпекке.

Ит шәуілі келмеуші еді қыртынан,

Ит түгілі, бөрі ұлып па ед сыртынан?!

Көзден жалын, ұшқын шашып мұртынан,

Жалт бұрылған – ырыл шығып ұртынан!

Жыртып-жыртып тастағысы кеп еді,

Көріп қалды мылтығы бар немені.

Иттерге қыр қылғанымен сестеніп,

Ықты тауға «отшашардан» сескеніп.

Сескенбес-ті, танушы еді түтінін,

Сол «отшашар» құртқан оның тұқымын!

Барыс басын бұрды тауға зорланып,

Көпектерден шегінгенге қорланып…

Барыс көкем, оңбай жүр ғой біздің жай,

Бізді қай ит, қорламай жүр құзғын қай?!

Мен де кеше Биігімнен түсіп ем,

Бір-ақ шықтым көп көпектің ішінен.

Балақтан ит, ал төбемнен күшіген

Талағанда, қан мүңкиді тісінен!

Сыбағасын қайтармақ ем тиесі,

Жетіп келді «отшашарлы» иесі!

Ол «иеге» қызық емес «кімдігім»,

Қамдайды тек өз итінің тірлігін.

Жүрегіме тақағанда ұңғысын,

Менің құным көк тиынын білді ішім.

Мен де ұғушы ем – құным оған теп-тегін,

Ұрқым түгіл, ұлтым құрып кеткенін!..

Ит-құстардан биігірек хас-тегім,

Барысбітім, «барыс» жылғы қасқа едім!

Көп ішінен шыға ма үні Жалғыздың? –

Қашып шықтым шыңына мен Талғыздың!

Апанға кеп тығылып ап қараңғы,

Айға қарап жалап жатам жарамды!

Тәнді жара, жалап барад ішімді от,

Биігімді қайта иелер күшім жоқ.

Тау басына қадап қоям көзімді,

Есіме алып шыңда жүрген кезімді!

Ал етекте, Айға ырылдап, тауға үріп,

Шулап жатыр қалың көпек әулігіп!..

03:13 сағ. 04.07.15 ж.

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

Көктемгі елат. Бар тірлік бітті гүлдеп,

Бұлт қанатын құстар кеп түтті дүрмек.

«Ғұмыр қысқа, иә, аға?..» дей береді,

Қызғалдағым кірпікте шық дірілдеп...

Жәутеңдейді ол жанарын мұңға малып,

Күтеді үміт құс үнін тыңдап алып –

Ұзақтығы жайында ғұмырының

Ашатындай мен, бейне, бір жаңалық...

Қызғалдақтың көргенде мүшкіл түрін,

Байланады шарасыз үшкір тілім.

...Мені мұнша сезімтал қылғаның не,

Гүлдің мұңын ұғатын, құстың тілін?..

Жауап беру керек қой. Не айтам, бірақ?

Қызғалдақтың қасынан қайтам жылап.

Сайқал-құрақ құлаған құшағына,

Сылқ-сылқ күліп қалады сайтан-бұлақ...

Бізді қанша сайқалдар күлкі қылды,

Көрмей-ақ қой, қызғалдақ, бұл түрімді!

...Көктемді де қайғысыз қарсы алмайтын

Қасқа екенсің!

Қымташы кірпігіңді!..

08.07.15 ж.

САҺАРДАҒЫ ДҰҒА

Түнекте кірпік шығын шырақ қылдым,

Жүрекке құлақ түрдім.

Қуман дүние көбелегін,

Қу жаныма не керегін

Бүгін бір-ақ білдім!

Шаһри-Рамазан,

Жаһри-Рамазан,

Ақыри-Рамазан құрыметіне сұрап тұрмын:

Илһам-шабыт бер!

Иләһи-махаббат бер!!

Ладуни-ілім бер!!!

Осы үшеуін бер, Алла!

Берсең, – бүгін бер!

Бүгіннен қалса, – түктің керегі жоқ,

Хайуанша кетерім хақ құлап құрдым.

...Ей, Алла, сені Жомарт деуші еді ғой,

Үшеу-ақ: бар тілері шұнақ-құлдың!

Рамазан айының 23 жаңасы,

1436 – қой жылы.

ҚОШ, ҚАЛАМСАП!..

Арасында ақырап пен қауыстың

Мен өзіңмен сапарымды тауыстым…

Қош, қаламсап! Кеш, қаламсап!

Біржола

Компьютердің құзырына ауыстым...

Саған аян «нүкте» менен «үтірім»,

Мен өзіңмен жолдар кештім ықылым.

Арзу болған аяулыма ең алғаш

Жеткізгенсің жүрегімнің лүпілін...

Ақ қағазға қадам бассаң, – гүл көктеп,

Жалт түсетін, бұлт көшетін дүрмек боп!

Сан жүгірдің әділетке жоқшы боп,

Жүректен қан, көзден жасың дірдектеп...

Бар Бақ-Құтқа сен де ортақсың мен көрген,

Кезіме де куәсің ғой шер көмген.

Ақ Шырақ ең – сәулелеген түндерді,

Ғұламалар саусағында тербелген...

Бұлтқа бұқты, жасын сықты Ай-үміт,

Ақ қауырсын қанатыңды қайырып,

Ділі дүлей дәуіріме не дауа,

Сені менен алып кеткен айырып?!.

Алып тұрып сені қолға соңғы ірет,

Арыздастым: «Жә, хош, хош, хош! Болды!..» деп.

...Жыр соңына тамып түсті үш тамшы,

Жанарыңның жасы құсап мөлдіреп...

Болды-ау дегем, бізден мәңгі Бақ ғайып,

Мен түсімде тұрдым құшақ шат жайып:

...Дір-дір етіп Жыр-Айдынның төсінде,

Келе жатты ақ желкенді ақ қайық!..

(26.07.12 ж.) 23.12.15 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар