Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Талғатбек Сүйеніш. Ғаламдағы уақытты сәл тоқтатып ...

10.06.2024 1254

Талғатбек Сүйеніш. Ғаламдағы уақытты сәл тоқтатып алдым да... 12+

Талғатбек Сүйеніш. Ғаламдағы уақытты сәл тоқтатып алдым да... - adebiportal.kz

Талғатбекұлы Сүйеніш – 2000 жылы дүниеге келген. Монғолияның қазағы. Қазір сол елдің астанасы Ұланбатыр қаласында өмір сүреді. Жоғары оқу орнында қоғамтану, тарих курстары бойынша ұстаз болып қызмет істейтін ұстаз-ғалым қолы қалт еткенде экзистенциалистік, постмодерндік бағытта ойларын қағазға түсірумен бірге, өлең, прозалық туындылар жазумен айналысадыӨзінің айтуынша: «Шамадан тыс еркін ойлау – көктен найзағай ұрғандай әсер етуі мүмкін»Шығармашыл азаматтың еркін ойлы таным талғамынан туған ойлары мен бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Жаратушы, адам, рух, шайтан туралы...

Баяғыда Тәңірағала тарапынан бір түрлі мақлұқатты жаратпаққа ниет қылған екен. Оның басқа тіршілік иесінен төтенше айырмашылығы болыпты. Алғашқы сипаты қызыққұмар екен, һәм оған сәйкес әр нәрседен жалыққыш қасиетке ие болса керек-ті. Бұл әрбір дүниенің сырын білсем екен, көрсем екен, естісем екен, сезсем екен, татсам екен, иіскесем екен деген сықылды әмбебап сезімдерге ие болуына себеп болған екен. 

Алайда Тәңірағаланың ізгілік нәрімен сусындаған Ібіліс деген жаратылыс һәмма білім мен ақыл ойға қаныққан жаратылыс иесі болыпты. Әділдікті сүйеді екен. Ұстаздан шәкірт озады демекші әуелі Тәңірісіне тартып туған, кейіннен Тәңірісінен асып туған шарапат пен ілім, мейірім мен парасаттың тұнған қайнар көзі екен. 

Жаңағы Тәңірағаланың жаратқан қызыққұмар, әр дүниеден жалыққыш жаратылыстың екінші сипаты өзінің Тәңір ісіне қарсы болған әрбір әрекетін жасырып, жабатын һәм біреудің үстінен түртіп көрсеткіш, пәлеқорлық сипатына ие болыпты. Тәңірінің ниеті түсіп жаратқан, Тәңіріне ғазиз болған бұл жаратылысты Адам деп атаған екен. Кейін Тәңірісі осы бір жаратылысты жаратқаны үшін өкініш қылып «Әй, пендем!» - деп аһ ұрып, қиналады екен. 

Тәңір әуелде жамандық, зұлымдық атаулыдан пәк «рух» деген дүниені жаратыпты да, «пенде» деп аталатұғын бос қалыпқа қондыра салыпты. Әлгінде айтқанымыздай рух әуелден пәк һәм бар құрмет, қадірге ие құбылыс еді. Рухты пенденің қалыбына қондырғасын Тәңірінің өлшемдеріне жатпайтын іс қылуында еді. Рух пен пенденің қосылысын тағы да «Адам» деп атаймыз. Рухты жарату үшін Тәңірағала бар күшін сарқыды. Оған он сегіз мың ғалам, күллі дүние, ғарыш кеңістігі, жан жануар, уақытты жаратқаннан да артық күш жұмсады. Рух Тәңір іспетті еді, сол себепті даралыққа, жалқылыққа орайластырып, үйлестіріп жаратылған тұғынды. 

Ол кейін пендеге қондырылғасын серікке зәру етілді. Тәңір Адамға серік етіп Хауаны жаратпақ болды. Хауа һәмма сипатымен Адамға ұқсамақ керек еді. Алайда Тәңірісі ең соңғы қам қарекетін, бар дүниесін Рухтың, одан қалса пенде жолында сарп еткені үшін Хауаны Адамның қабырғасынан жаратпаққа бекінді. Адамның ұйықтағанын күтіп, түн ортасында оның қабырғасынан айырықша сұлу сипатқа ие Хауа ананы жаратты. 

Пенделерге Тәңірісінің ризашылығы түсіп жәннаттың барша тағамынан жеуге, кәусар бұлақтың суынан қана ішуге ниетін аямай түсірді. Тек бір ғана жемісті, бәлки бір аңыздарда тарыны, бидайды жеуге тыйым салынды. Тәңірісінің тарлығы түскен бұл жемісті Ібіліс бұрын татып көрген болатұғын. Һәм оны «Ақылдың жемісі» деп атаған. 

Естеріңізге сала кетейін, пенденің сипаты қызыққұмар, әлдебір әлемнің сырын білмеске шарасы жоқ, әуесқой болатыны бар еді ғой. Адамдар да өздерін рухқа малынған, Ібіліспен хақымыз бір деп ойласты. Һәм бұл жемісті татпаққа ниет бекітісті. Алайда Адам Тәңірісінің қаһарына ұшыраудан қорыққандығы себепті әрі сұлу, әрі қылықты Хауаға бұны ұғындырды, әм қызықтыра түсті. Хауаның ақыл салуымен бұл істі Ібіліске білдіру арқылы Тәңірінің ғазабынан қашуға болады десті. Сонда Ібіліс айтты: «Бұл ағаштың жемісі тәтті, һәм жан баласына ақыл қондырарлық, рухқа қызмет еткізетіндей дәрмен пайда болдыратыны да хақиқат» деді. Ібіліс анығын айтқан еді. 

Мұндағы басты назар аударатын дүние – жемісті жеуге ынтызары ауған Адам еді және Ібілістің азғырындысы деуден гөрі, Адамның жан қалауы болғандықтан, Ібілістің ешқандай ілігі болмаса керекті. Сонымен «пенде сипатындағы» Құдай ашуға мінді. Неліктен пенде сипатындағы дедік?! Құдайағала ашуланбаса керек еді ғой. Һәм мақтанбайды да өш санап, қас қылмайды. Өшпенділік, мақтаншақтық тек пенделерге сай іс еді. Ендеше біз неге Құдайды пенделердің қатарынан болғызып, «ашуландырдық»?!

Сонымен Құдай әділеттің ақ жолынан тайды. Ібіліс жұмақтан қуылды. Адамдар да…

Адамға да кінә қоюға болмас. Неге десең жоғарыда айтқандай Адамды жаратқандағы Құдайағаланың берген сипатының өзі сондайлық еді. Ібіліс тек шындықты айтатынды. Бұрнағыда Тәңірісі Адамды жаратам дегенде оның сипаттарын білген Ібіліс бұған ұшты күйлі қарсы болды. «О, Тәңірім, бұл жаратылысың дүниені төңкереді» деді. «Сен жаратқан суға, жерге, шөптер пен өсімдіктер, күллі жан жәндік, жануар Адамға мұқтаж емес», - деді. Керісінше Адам бұларға мұқтаж болады. Мұқтаждығын өтеген бұл заттарға алғыс айтудың орнына қарғыс айтады, қас қылады, - деді. Аңыз бойынша солай еді. Бұл баяндауда біз кейбір жәйларды өзімізше көркем тәпсірледік. 

Ал шынтуайтында Құдай-Тағала жүйе мен заңдылықты жасады да, қалған дүние жүйе мен заңдылық негізінде өзара әрекеттесіп пайды болды. Бұл мінсіз дүние еді. Ал Пенде тарапынан жасалған әрбір заңдылық жасанды болғандықтан ешбір пайда әкелмей, тек ғана қайшылықтар туғызып, зарар келтірді. Қайшылық әлемінде өмір сүрген Адамдар бір біріне зорлық, үстемдік, қиянат ісін істейді. 

Адамдардың арасында өмір сүру неткен қиын еді. Сонда да адамзатты осындайлық азапқа салған Құдайды кешіремін…

Дін туралы пайымдасақ...

Діннің пайда болуына әсер етуші бірнеше фактор бар. Соның ішінде ең басты фактор қорқыныш. Һәм тірліктің сүрлеуінде қалаған мақсатына жете алмағандардың өмір бойы үзілмеген үміті. Өзгелерден көрген әділетсіздіктің ащы жемісі. Әрбір адам өзінің қылған қызметіне сыйақы, мәнсап дәметуі діннің көрсеткіштеріне айналды. Сен тозаққа барасың, немесе жәннатқа барасың. Сыры ашылмаған құпия, немесе аталмыш құпияны жасырын ұстағысы келетін бір тараптың мүддесіне сәйкес «дін» пайда болған.

Мұның бәрі әсіресе «байырғы, ерте дәуірдегі» адамдарға өте келіңкірейтін ұғым. Ол дәуірдің адамдары табиғатпен етене жақын араласып, үйлесімділікте өмір сүрген. Қазіргі «заманауи» деген ат қойып, айдар тағып алған адамдармен салыстырғанда табиғатқа өте жақын, «ойлары бір жерден шығып» өмір сүрді. Табиғат сол адамдарға мейірім мен шапағатын аямай төгетін шеше, қорқытып, тыныштандырып, сабасына түсіріп, тәрбиелейтін әкенің міндетін атқарғаны даусыз.

Табиғаттың мыңдаған құпиясын аша алмаған ол адамдар, небір қилы құбылыстың әрқайсысына терең мән мағына беріп, өздерінің иесі деп қабылдауы құдайдың алғашы сипаты еді. Алайда адам баласы саналы болып, миы алғашқыдағыдан да жақсы жұмыс істеуі арқылы табиғаттың тылсым құпиясын біліп алған-ды. Тау мен суға, көк аспанға, жан-жануарға табынбайтын болды. Дегенмен адамзат тылсымның сырын білгенімен олардың қорқынышы әлі де арыла қойған жоқ еді. Бұрын “құдайлар” табиғаттың тылсым құпиясы тәріздес көзге көрініп, адамдардың зәре-құтын қашыратын болса, енді көзге көрінбейді, бейнелеуге де келмейді, ойға да сыймайды, шексіз билікке һәм әмбебап қабілетке ие, мәңгі жасайтын «дүлей күші бар біреуге» айналған еді.

Қауымдық бірлестік дәуірі әлдеқашан өтіп, адамдар арасында еңбек бөлінісі пайда болып, ер, әйел, күшті, әлсіз, шыдамды әм шыдамсыз, немесе қабілетті, қабілеті нашар деп өзара бөлініп, түрлене бастайды. Адамдар өз өзінің тұрған бұрышынан ғана қарап бағалайтын «әділет» деген дүние пайда болды. Бұл салыстырмалы ұғым еді. Әділеттің таразысында жем болған, әлдекімнің өктемдігінде қысым көріп, қаналған, жапа шеккен бір индивид өзінің қарасты болған ауыл аймағы, үкіметі мен қоғамынан қалаған «әділдігін» таба алмаған жағдайда келешекте болатын әлдебір белгісіз сот немесе, ізгі біреуден жәрдем тілеп, өмір бойына солбір тілегінің ұшына үмітін жалғап, сеніммен өмірі сүреді, һәм біз бұл жағдайды «дін»«құдай» деген ұғымдармен байланысты ғып түсіндіреміз.

Дін қауым (тобыр) үшін жақсы нәрсе болып саналуы әбден мүмкін. Кейбір иланушылар, сенім білдірушілер «құдай бар ма, жоқ па?» деген сұрақтың өзіне күмәнданып қарайтын болсаң сені талап жеуге дайын тұрады. Бірақ дәл осыншалық «құндылықты» өзінің мүддесі жолында пайдаланатын пысықай адамдар да баршылық. Дін арқылы адамдарды «үн-түнсіз» бағынуға мәжбүрлейді. «Талқылауға әсте болмайтын» тақырыптар пайда болады. Әрбір билік иесіне бұл идея ұнайды. Үкімет – бұл киелі ұғым, «патша құдайдың көлеңкесі», егер кімде кім патшаны сынайтын болса, патшаның бұйрығын талқылайтын болса, үкіметке қарсы шықса «қарғыс атып, қаһарына ұшырайды, және бұл ең әділ шешім» деген сияқты барлық көзқарас осыған саяды.

Бірақ үкімет міндетті түрде болуы тиіс дүние, оған біздің шүбәміз жоқ. Қауымды басқарып, әмбебап жақсылық болуы үшін, тәртіп болуы үшін дін де, үкімет те «өмір сүруі» ләзім. Адамдар қорқыныш пен мазасыздық арқылы өмір сүруі, тіршілік етуі жаман, теріс іс-әрекет жасауынан алдын ала сақтандырып тұратын міндет (рөл) атқарады. Қоғам моралін жоғалтпайды. Әлеуметтік этика үрдісі қалыптасады.

Жоғарыда айтқанымыздай дін уақыттың қалауымен өзгеріп отырады. Алдыңғы идея жоққа шығарылып, жаңасы пайда болатынын қорытындыладық. Құдай екеш құдайдың өзі пішін, келбетін, мән мағынасын өзгертіп, уақыт жылжыған сайын өзінің күш қуаты әлсіреуде. Қорқыныш пен дәрменсіздікті жеңетін бір ғана құрал бар, ол «ғылым» деп аталады. Құдай адамдардың қалауынан тыс болатын тылсым ие деп қарайтын болсақ, күндердің күнінде адамдар қорқынышын жеңіп, әлемнің терезесінен «ғылымның жанарымен» қарайтын болады. Сол күні дін мыңдаған жылдар, жүздеген ғасырлар бойы жүргізіп келген үстемдігін жоғалтып, өз қызметін тоқтатуы бек мүмкін.

***

Жүректен шым-шымдап шығады сезім дүр, 

Сенбесең сезімге өзің біл, 

Жаурама, жатырқап жанымнан,

Жарасып жайнасын көзің нұр.

Алдамшы үміт бар жүректе,

Сізде де болыңыз осынау тілекте, 

Қашанға жалғасар бұл мәуріт,

Жоқ әлде жасанды сезім бе, дыз етпе.

***

Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс,

Ақ көде, албыраған тума-туыс, 

Бұл жерде адамдар бар еш керексіз,

Әйтпесе жер де дұрыс, көк те дұрыс. 

Жыр жазамын шорқақтап, текіректеп,

Жүректе мазмұн бар ма, көкірек тек,

Бітеу жара жарылса қайнамай ма, 

Құрғаған көл орнындай сетінеп кеп. 

Сөзімнің сыртын түсін, ағымына,

Тіл менен жүрегімнің сағымы да.

Далақтап шаба берер, шаба берер,

Тәңір берген ауыздың бағы мына.

***

Ашулану әлсіздіктің белгісі,

Мақтану да әлсіздіктің белгісі

Кек сақтау да әлсіздіктің белгісі,

Көреміз ау осылардан көргісі.

Жо-жооқ қалқам, пенделікпен салыстырма Құдайды,

Тірлігіңе қатыстырма былайғы,

Ашуланса, кек сақтаса, жазаласа ол егер,

Құдай емес, пенде ісі сыңайлы. 

Мақтану ма, ол да шіркін, шарасыздық әсері, 

Адамзаттың дүнияуи сипатының кеселі, 

Керек саған абырой ма, билік пе, 

Қап, қап шіркін,

Соры қалың бұл топтағы хайуанның бес елі. 

Қап-қап шіркін, біздің тектің бұзылғанын қарашы,

Құдай менен құлдыраудың жақын екен арасы…

***

Бәрі де қыңсылауық, быжғыл қорқақ,

Ескірген, көне құмар, мазмұн сартап, 

Шіркін-ай бір күш келсе табиғаттан,

Көң түбінен жұлса екен ырғап-ырғап.

Тегінде ескілікке құмар халық, 

Қу дүние,  даңққа құмарланып, 

«Момын»«жабайы» атанып өзге жұртқа, 

Білімдінің астында жұмарланып.

***

Ей жер ана құрсағында тербетілген беу жүрегім, 

Ізгілік пен мейірім іздеп елжіредім, 

Пана таппай ық жағынан пенделердің,

Айдалада аман қап селдіредім. 

Жылу іздеп жанарым мөлдіредім, 

Сен қайдасың ей нәзік үлбірегім, 

Он зұлымдық арасынан пәк пейіл арзан тауып,

Жымитып, күшпен дағы күлдіремін.

***

Қызыл арай үзіліп қырға қарай, 

Өлең сау-сау төгілді шырғаламай, 

Мөлдір тамшы мөлтілдеп тіке тамды, 

Кірпігіңе жабысып сырғанамай. 

Шымшық қайтқан үйіне, шәрбат суыл,

Мейлі өмірден қайтыңыз, қайта туыл, 

Табиғаттың базары тарқамаған,

Жүзім, алма, қауын бар қызыл, жасыл

Балдай тәтті кездер-ай, сырға қанық,

Жүректерге сақтайық ұрлап алып, 

Рауан таңдар сөгілер, әлі талай, 

Көкіректі көктемдей нұрға малып….

***

Қыс мезгілі арналыпты қалқам саған, 

зұлымдыққа төксінші деп қаһарын, 

Орнатсын деп аппақ қардан ақ махаббат шаһарын, 

Екіжүзді, көлгірсіген, өтірік пен өсекке, 

Сатқындыққа, сайқалдыққа шашады деп заһарын. 

Көктем дағы жаралыпты сен үшін, 

Көңілдегі мұздықтарың ерісін, 

Түрлендіріп, гүлдендіріп өлкені, 

Табиғат та сен секілді сұлулыққа, жібереді серісін.

Жаз жайнаған жарқылы да сенікі, 

Себелетіп құятұғын себезгінің қарқыны да сенікі, 

Менің алып, сосын ұшқан жүрегімдей гүрілдеп, 

Тау басында ағатұғын сал бұлақтың сарқылы да сенікі! 

Күз де саған төгу үшін шуағы мен өнімін, 

Басады екен төрт мезгілдің желкілдеген желігін, 

Ғаламдағы уақытты сәл тоқтатып алдым да, 

Мен де саған ән арнадым елігім. 

***

Іңкәрлігім барады ілбіп терең, 

Жанарымның барына күдіктенем, 

Неге мен “көре алмадым” көруге тиістіні, 

Сұлулықтың кешіріп қателігін, құлдық дер ем!

Алтын кісен

Кісен бар, бүкіл құрамы таза алтыннан,

Қолыңды шығаруға тырыспа сен, тайма осы қалпыңнан, 

Тұман бар, айнала қараңғылық қаптаған,

Үміт үздік біржолата жарқылдан! 

Сондай-ақ жүрегіміз тағы да кісенде, 

Миымызға да салмақ тастама, күшенбе, 

Қайдан ғана тап болдық құрғыр-ау,

Елес пе, түс, өң бе? 

Сиқыр бар оларда сенбейтін, 

Ем барма емдейтін, 

Күлтегіннің жазуында қалды рухтарымыз сембейтін, 

Аруақтардың көзімен сыр шертеді мендей кім!?

***

Бұл өмірге жолдарда менен рұқсат алдың ба

Бәлкім кінә жүктермін Тәңір сенің алдыңда

Түсімде мені бекіттің, тас тамұққа салдың да

Біздің мына ғаламшар әділетке боп кемшін

Адалдық жоқ, сенім жоқ, реттеттейтін боп едің

Неткенсің!

***

Біздің жердің мынау жатқан тастары,

Әлемдердің бір кездегі жұмсағы,

Тарихтың қан қылышсыз мезреті,

Ойбай сорлы тарих деп алжастым!

Емес тарих, елесі қалды мейірімнің,

Ол кезде Ібіліс дос еді адаммен,

Құдайды білмеймін сол сәтте қайда екен?!

Өзімшіл менмендік-себебі,

Менің анам тастай қатты жүрегі,

Сондықтан да мүмкін емес ол жүректен шыға алу,

Сол заманның кексіз өшсіз ұғымы,

Бұрынғының мейірімі сияқты,

Әйтеубір күн қызғаныштар соғыстар,

Тасты тас қып қатырған,

Миллиард мыңдық өткен соң,

Тасты таңдап өлең жазып отырған,

Тобыр ниеттер, жауыр саналар,

Басымды менің тас секілді қатырман!

***

Ертең біз, 

Лаққан селтеңбіз, 

Қабаққа көшірген, 

Жабырқап, жүдеткен елпең күз! 

Немесе,

Ертең біз

Құлпырған көркембіз, 

Жағылған жарықпыз қараңғы түнекке, 

Батуға сәл қалған қазақтың кемесі, біз оған желкенбіз! 

Біз ертең данамыз ұшқары,

Мүддесі ғарыштан тысқары, 

Ары-ай, намыс-шоқ, білімге ұмтылған,

Табысы, өнері, өзгеге болардай нұсқалы. 

Ертең біз алашпыз, 

Ия Тәңірі біздерді оқуға жанасқыз, 

Адамбыз ең басты құндылық ардақтар,

Күтемін Тәңірден

Әлемнің алыбын қазақпен санасқыз!

***

Халықтар түрмесінен шығатын уақыты келді,

Бұл ӨТКІРХАҚИҚАТИЗМ,

Аракідік шырағымыз жанып, сөнді, 

Біздерге “БАҒЫНУ мен ТАБЫНУ” үрдісін  берді! 

Санасатын уақыт келді ЖАЛҚЫНЫҢ пікірімен, 

Өтіріктің болады сан түрі, келбеті сан қилы, 

ЖАЛПЫНЫҢ жалған патриотизмына түкіру ем, 

Көре алатын соқыр көздердің қарасымен ҚҰТЫРЫҚ ем! 

***

Бір қатынның ақылы қырық есекке жүк болады дегенмен,

Әй еркектер залымбыз ғой дегенмен, 

Тершігенде әукемізден әуелде, 

Аңқау әйел құрбандық ғой ежелден. 

Таразының тең болғанын көріп пе едің төреңнен, 

Үлгі енді тілеп жүрмін болашақта өреннен, 

Аласа ма әйелі, ақылына келген кезде шідерлі, 

Біз еркектер шыға алмаймыз нәпсі деген өреңнен! 

***

Жеке бастың қамын ойлап, 

Өзгенің басы жайлы әңгіме айтып шәй ішетіндерді «отан» дейді, 

Шыны аяқтың қақырандысы, 

Жамырап.

Бейбітшілік үшін қысылған қолдар, 

Екі бастың ортасында «Берлиннің қабырғасы»

сықылды «темір перде»,

Ар жағында бүгілген саусақтар.

Сайтанның сорына жаратылған «Құдай»

Пәктігіне қол сұқтырған КҮН шұғыласының әйелі Мәриям, 

 

Телініп қос анарының үрпісіне, 

«Сенім» заводының ұялмас пендегерлері! 

Әдемі сөздердің дәнегі егілген жайлы климатты орта, 

Аспаннан астероид түссе де тесілмес әйнек перделер, 

Ар жағында бір әлем бар /Қара құрдым..

Ар жағында бір әлем бар/ Супер нова…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар