Тамшыдай қосқан үлес...

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаевтың «Арғы атам Райымбек қол бастаған», «Райымбек батырдың ақ атаны», «Мұқағали мәртебесі» кітаптарының таныстырылымы өтті. 

65

Тамшыдай қосқан үлес... - adebiportal.kz
Автордың жеке мұрағатынан

Сен менің еліме бар, жерімде көр,

Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер.

Қонағы бол, жыл сайын келіп жүрер,

Асылы бол, жыл сайын көріп жүрер.

Ардағы бол, артатын сенім, жігер. 

(М. Мақатаев)

Тамыры тереңге жайылған тарихтан тағылым алмай болашаққа нық қадам басуымыз әсте мүмкін емес. «Тегін білген тектілік» деген даналыққа сай руға, жүзге бөліну қазақтың тектілігін сақтаудың бірден-бір амалы. Өскелең ұрпаққа жеті атасын жаттатқызу тарихты бала күннен бойына сіңіру. Тілі мен тарихын бала жастан бойына құйып өскен баланың ойы ұшқыр, тілі өткір, туған жерін сүйетін ұлтжанды азамат болып өсетінін дана халқымыз ерте заманда білген. Ғалам ғарыштап дамып, технология адам қажетіне керектіні алмастырған заман да білімнің орынын баса алмайтындығын уақыттың өзі көрсетті. Заман өзгереді, кәсіп түр өзгереді, адам ойы да өзгереді бірақ білім алуға деген қажеттілік ешуақытта өзгермейді. Содан да болар 14 ғасыр бұрын түсірілген қасиетті «Құран-Кәрім» кітабының сырлары әр ғасыр сайын ашылып жатқандығы руханият жолына түскен жан үшін әр сала да білім алу таным көкжиегін кеңейтіп қоймай, тарихтан сабақ алып, технологияның дамуына тікелей пайдасын тигізуде. 

Кітап сөреде шаң басып тұратын зат емес. Оны алып оқу керек. Жай оқымай түсіну керек. Тереңіне бойлап, ойды қозғап, астарына үңілу керек. Теңізге қосылған әр тамшының құны бағалы. Нұрлан Сәрсенбаевтың жарыққа шыққан осынау құнды еңбектері соның дәлелі. Шараға қазақтың біртуар қаламгерлері Тілеухан Шарғынұлы, Батық Мәжитұлы, Дүйсен Мағлұмов, Жарас Сәрсек, Биғайша Медеуова, Сәуле Досжан, Мұхтархан Қалиұлы, Ерлан Еркінұлы, Дәуіржан Төлебаев қатысып, Райымбек батыр мен ақиық ақын Мұқағали туралы өнегелі өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Мұқағалидың жақын туысы, жерлесі Еркін Ібітановтың ұлы Ерлан Еркінұлы жазушы Нұрлан Сәрсенбаевты «Еркін Ібітанов» төсбелгісімен марапаттаса, Қазақстан Жазушылар одағы мен Райымбек ауданы әкімі құттықтау хатын тапсырды. Еңбектің еленгені қаламгер үшін үлкен жетістік. Әдеби кеште ақпарат саласының үздігі, «Ақиқат» республикалық әлеуметтік-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев өзінің авторлық «Елім-ай» күйін алғаш рет орындады. Алматы облысы «Алатау әуендері» концерттік ұйымының әншілері әсем әндерімен кештің сәнін кіргізді.

Білікті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков: «Қазақ хандығының тарихын тану үшін ру шежіресін терең зерттеп білмей тұрып, белгілі бір ой түйіндеу мүмкін емес», - деген. Жазушының қос кітабы Қазақ даласына аты мәлім Райымбек батырдың шығу тарихы мен батырлық қырлары суреттелген. «Арғы атам Райымбек қол бастаған» кітабында Үш жүздің шығу тарихын баяндайды. Үйсін тайпасынан бастау алған Ұлы жүзден тараған Албан соның ішінде Алжанның баласы Сырымбеттен Қанкелді батыр, Райымбек батыр алты алашқа аты танымал Жанғабыл шешен, әйгілі ақын Асан Бәрменбекұлы, Диқанбай болыс және күллі қазаққа аты мәшһүр поэзияның пайдишасы Мұқағали Мақатаев шыққан. Кітапта осы айтылған тұлғаларға жеке-жеке тоқталып, еңбектері оқырманға кеңінен таныстырылады. 

«Райымбек батырдың ақ атаны» кітабында Қанкелді батыр мен немересі Райымбек батырдың ерліктері баяндалады. Ұлы жүздің қолбасшысы Райымбек батыр жоңғар шапқыншыларымен отыз үш жыл табанды күресіп, бірнеше жоңғар қолбасшыларын жер жастандырып, сан мәрте жан алысып, жан берісіп, жетпіс жеті рет жараланса да аяққа тік тұрып, туған жерін білектің күшімен сақтап қала білді.  

Ұрпағыңа медет бер, ұлы бабам,

Ұлы бабам, ұлыңның күні қараң.

Қара жерге өмірім көмілгенше,

Қасиетті атанның құлы болам, - деген мұзбалақ ақын. 

«Мұқағали мәртебесі» кітабында алжан руынан тараған би-шешендер мен батырлардың жалғасы ақын Мұқағали екені тарихи дәлелдермен көрсетіледі. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген тәмсілдің астары шынайылыққа негізделгеніне осы кітапты оқи отырып көз жеткізуге болады. Қазақ поэзиясы туралы сөз қозғалған да Абайдан кейін Мұқағалидың есімі ел есіне бірден түседі. Райымбек батырдың ерлігін жырға қосқан алғаш Мұқағали. «Райымбек, Райымбек» поэмасымен батырды танып өскен біз жастайымыздан «Райымбек батырдай ержүрек қаһарман боламын» деген бала арманмен қанаттандық. Ес білгелі ақиық ақынның жырымен сусындап өстік. 

 Жазушы Нұрлан Сәрсенбаевтың бұл кітаптары кітапханаға сөрелерінде сақталып қалатын емес оқырманның қолынан бір елі түспейтін кітап болуға тиіс құнды еңбек. Автор жан-жақты зерттеп, әр түрлі еңбектерден жинақтап, архивтен деректер қосып, дайын қолыңызға кітап етіп шығарып берді. Сондықтан да үш кітаптың берері мол. 

 Алғабек Хамитұлы 

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының 

Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan