ШӨП-ШАЛАМ ДЕП МЕНСІНБЕЙ...
Бағзы бір замандарда, нақтырақ айтсақ, күн көсем – Лениннің естіген адамға тек жақсылыққа ғана бастайтын лепірме ұрандарынан бұрын келді. ХІХ ғасырдың аяғына таман батыстан баспалай орын тепкен бекіністерге саяси «тапсырмамен» пана іздеп келген орыс мұжықтарын айтам. Ол кезде білімді деп саналған сол жат жұрттықтар, қазақ даласын; тау-тасын, өзен-көлін, орман-тоғай, шөп-шаламын тап қазақтың өзі секілді тани қоюшы ма еді? Бұларды дәл бүгінгі есеппен қарасақ, әрине, біздің даланы өте ерте кезде қоныстанды дейміз. Алайда картадағы сұлбасы атан түйенің басына ұқсайтын арғы шеті мен бергі шеті атты жолаушыға отыз күндік жер «пайда болғаннан кейін», іле-шала қазақ пайда болмап па еді? Яғни, қазақ табиғатпен егіз. Бірақ, «Осыншама көсілген кең далада табиғаттың ортасында өмір сүріп отырып, отыз екінші жылдары қазақ қалай қырылып қалған түсінбеймін» деп иығын қиқаң еткізгендер болыпты. «Ой, қора-қора қой, үйір-үйір жылқысы үйездеп тұратын қотаны мен отары қаңырап бос қалғасын да, қазақ қырылмағанда қайтуші еді» дейді ғой, сонда білгіштер. «Ал олай болса қазақпен қоңсы қонған, сосын бір үйлі жан бір сиырдың төрт емшегіне қарап отыратын орыстар неге қырылып қалмайды?» «Бәсе...». Сөйтсе, алғашқы ақылсыз адамдар шөптің тамырымен қоректеніпті дегенді еститін, бәлкім естімеген де шығар, ата-бабалары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» қайың сауып жан баққанын аузы асқа, ауы атқа жарығасын-ақ ұмытып кеткен қазекем, аштық жылдары иманын ішінен оқып, сосын, құнарлы қара топырақтан басы қылтиып өсіп тұрған бидай көже мен тарының нанын жамбасына басып, басын құбылаға бұрған күйі кете беріпті ғой.
Әңгіменің ауаны түсінікті шығар. Өсімдік жайлы. Жалпы қазақ, табиғат деген абстрактілі ұғымнан бөліп алған өсімдік атаулыға қалай қараушы еді? Әсіресе, бағзы бір ет пен қымыздан басқаны тамақ деп менсініңкіремейтін замандарда. Қазіргі кезде алдымызда жеп отырған астың ауданы өсімдіктен дайындалады. Қазақ бақша баптау мен салат жасауда орыс пен өзбектен асып түспесе артта қалмайтыны рас. Дегенмен де, әлі күнге топырақтан өсіп шыққанның барлығына (пайдалысы мен зияндысы бар) шөп-шалам деп мұрын шүйіре қарайтындар аз емес. Бәлкім, бұның астында өсімдік атаулыдан тарыдан басқасын тамақ деп танымайтын ескіден қалған бір түсінік бар шығар? Құрметті оқырман, күз айларында таптырмайтын танымды тақырып ретінде және «қазақ табиғатпен егіз» деп келетін рухани түсінікті тың тақырып ретінде қайта жандандырып отырмыз.
ЖЕЛКЕСІН ҚАСЫП, «ӘЛГІ НЕ ДЕУШІ ЕДІ?» - ДЕН АСА АЛМАЙТЫН
Жерінің, жерінде өсіп тұрған шөптің құнарлылығын жеп отырған еттің дәмінен танитын қазақ, өсімдік атаулының қадір-қасиетін көбінесе, өзінің эмоциясымен буындастыруға, оған рухани дүние ретінде үңілуге құмар болатын. Мәселен, «Жарықтық, исі-ай жусанның, даламның емі сияқты!» дейді, боз даласын сағынғанда. Болмаса, «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші» деп астарлай жеткізеді, реніші мен өкінішін. «Домбырам басы бал қурай, басына қонған боз торғай» немесе «Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым, қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым» деп жырлайды. Әрине, қурайдан жасалған домбырам бозторғайша безілдейді немесе қобызымды жай ғана үйеңкіден жасатып едім дей салуға болар еді. Бірақ, қызыл ағаштан жасалған домбырады ойналған күйді тыңдап ләззат алмаған болсаңыз, қызыл ағаштың қадірін білмеуіңіз мүмкін. Құртты есіңе алғанда тіліңнің асты қыжылдап кететіні сияқты, дыбыстық құрамнан-ақ, түп-төркіні, мән-мағынасы сезіліп тұратын өсімдіктер бар. Олар бәлкім Африкада да өсетін шығар. Бірақ, оларды қазақ тілі ұлт тілі болып қалыптасқаннан кейінгі бірлі-жарым болмаса басқа түркі тілдерінде кездеспейтін, тек қана қазақ тіліне ғана тән өсімдік атауларына жатқызамыз. Мысалы, ақжырық, боз, бүрген, ебелек, ермен, жалбыз, жантақ, желкек, изен, күйреуік, қияқ, қылқан, құрақ, қоға, қылша, қына, мия, мүк, ошаған, сасыр, селеу, теріскен, шайыр, шырыш, шытыр, шекілдеуік, т.б. Помидорды қызанақ, огурцыны қияр деп аударып алғамыз. Ал, мына бір табиғат өсіріп шығарған суреттерге табиғи тақырып қоюда қазақтан басқалары «Әлгі не деуші еді?» деп желкесін қасудан ары аса алмас. Қазекем былай дейді: атқұлақ, аюбалдырған, балықкөз, биеемшек, дәндіқара, итмұрын, кәріқыз, (көктемде ерте шығып, күз аяғына дейін қурамай тұрып алатын болар), киікоты, қарғатұяқ, қоянтобық, қырықбуын, түйеқарын, саңырауқұлақ, шайшөп, т.б.
«ҚЫЗЖІБЕК» - ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАЛҒАНБАС НӘЗІГІ
Тау – өрліктің, ерліктің, тәкәпарлықтың символы. Өзен – тасыған көңіл, кейде буырқанған ашу. Сонымен қатар, сұлулықтың, әдеміліктің символы деп әйел заты танылса, қыз баланың есімі өсімдік, соның ішінде гүл атымен аталуы қазақтың әдемілік туралы философиясының бір тармағы болса керек. Оның үстіне, баламның аты қандай болса заты да сондай болмақ деген түсінік дүние жүзілік ата-ананың, жалпы адам баласының сана-сезімінде жазылып қалған, нәресте шыр етіп дүниеге келген күні іске қосылатын таспа іспетті қызметі бар. Адам ата мен Хауа ананың қызылға қызығамыз деп сиқырлы алманың арбауына түсіп, адамдық жолдан таюы бекер емес. Қайсыбір ертегіде іштерінде қызғаныштың қызыл оты маздаған өгей шеше мен өктемшіл ағаның көзге елеусіз жап-жасыл (шикі) кейіпте шеттеу бір бұтақта ілініп тұратын қасиетті алманы елемей, «...мені ал, мені ал» деп сыңғырлаған қызыл алмалардың сайтани күлкісіне елтіп, теріп, қапқа толтырып алып, сосын ...ит-құсқа жем болатындары бар. Демек, сұлулыққа, әдемілікке балап қойылған есімдер де есейе келе, шын мәнісіндегі нәзік жандылардың бойынан табылатын тартылыс күшінің бір бұлқынысына айналатын болса керек. Мәселен, Алма, Алмагүл, Анар, Анаргүл, Баршагүл, Гүлбадан, Гүлбану, Еңлік, Жанаргүл, Қалампыр, Қызғалдақ, Мейіз, Райхан, Раушан, Роза, Талшын, Шынар, Құртқа, Қызжібек, Жібек, «жібек» атты өсімдікті мекен ететін кішкентай ақ құрттардан тоқылатын мата екенін алтыншы сыныпта оқып жүргенімізде тарих сабағынан «Ұлы Жібек жолы» дейтін тақырыптан бері таныспыз. Ал, «Қызжібек» қазақ лирикасының қайта жалғанбас нәзік қылы болатын. Қайта жалғанбас...
ТАСҚА БІТКЕН ҰЛТТЫҚ БОЯУ
Ауылдағы қазақтың әрбір отбасында үштен, төрттен қара домалақтар бар. Сол шіркіндер балақты тізеден қайырып алып күн ұзақ көлеңкедегі тақыр жерде асық ойнар еді. Небір құлжатопайлар зеңбіректің оғы сияқты зулап келіп ортадағы қызыл, жасыл асықтардан тігілген қатардың ортасынан ұрғанда екпініне шыдамағандары шеңбердің сыртында жататын. Иә, қаладағы құстың сүтінен басқаның барлығын кездестіретін, алайды ұлттық кенезесі кебе бастаған дүкен сөрелерінен боялған асық түгелі, шала мүжілген асықтың өзін таппайтының рас. Ал, ауылдың таң ата ойын даласына аттанып, күн бата бірақ оралантын ойынқұмар балалары асықтарын қынамен бояп алатын. Кәдімгі қына. Және алуан түске – қызыл, көк, жасыл, т.б. Қына мал жейтін шөп емес. Алайда, тасқа бітетін тақыл өсімдік. Оның табиғи мекені біреу-ақ – ақылдың жасқа бітетіні секілді, «қына тасқа бітеді». Қай құдайдың құдіреті екенін кім білсін, әйтеуір, жалпақ жартастардың күнгей жақ беті қыналы картадан (түрлі-түсті) көрінбей тұратын, бала кезімізде. Қырып алып, қалбырға салып суға араластырып, сосын, асықпен қосып қайнатасыз-ай келіп...
Қынаны тасқа біткен ұлттық бояу десек жарайтын сияқты. Себебі, ертеректе қойдың жүнін дала технологиясы арқылы бейнесі де, түрі де бір-біріне ұқсай бермейтін ою-өрнекпен көмкерілген сырмақ пен текеметке айналдырған кәрі әжелеріміз бен шешелеріміз «Алма ағаштың гүліндей-ау, текеметтің түріндей-ау» деп, қара өлеңге салып айтатын өздерінше бір әдемі теңеулердегі бейнелер осы қына бояуы арқылы ауызға ілінсе керек. Сосын, әкесі базарға мыңдап мал айдатпаған қыздардың, сол үшін де (жарлының қызы болғасын) сұлу болмауға қақысы жоқ шығар. Ендеше, бір замандарда, майға былғанған қынаның бояуын опа-далап орнына пайдаланған небір қиылған қас, қызыл еріндер өтіпті дейтін әңгімелердің де жаны бар.
Көрнекті сурет ғаламтор желісінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.