Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Тәуелді» драматерапиясы сахналанбақ...

«Тәуелді» драматерапиясы сахналанбақ

44

«Тәуелді» драматерапиясы сахналанбақ - adebiportal.kz

«Тәуелді» драматерапиясы, яғни қоғамдық жараның сахнадағы шынайы бейнесі сахналанбақ.

Қазіргі қоғамда тәуелділік мәселелері тек бір адамның әлсіздігі емес, тұтас әлеуметтік дертке айналған құбылыс ретінде қарастырылып келеді. Осы өзекті тақырыптарды арқау еткен «Тәуелді» драматерапиясы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында көрермен назарына жол тартпақ. Премьераға ұсынылып отырған театрдың актері әрі режиссері Нұржігіт Муслимовтің «Тәуелді» пьесасы жыл сайынғы «Drama.KZ 2026» байқауының 12 үздік шығармасының қатарына енді. 

Театр репертуарында «Әштен», «Кішкентай ханзада», «Жылы мұң», «Асан мен Үсен», «Армандар орындалады» және Ozgeepic еркін шығармашылық алаңында «Есте сақта» қойылымдары Н.Муслимовтің жетекшілігімен қойылды. Режиссердің кезекті жұмысы ерекше форматта өтпек. 

Себебі, қазіргі театр өнері классикалық шеңберден шығып, көрерменмен тікелей психологиялық байланыс орнатуда. Осы күнге дейін тек бақылаушы болып келген көрермен ендігі кезекте қойылым қатысушысына да айналып отыр. Жанр ретінде драматерапия әдісі халықаралық тәжірбиеде тәуелді адамдармен жұмыс істеуде тиімді әлеуметтік-психологиялық құрал ретінде кеңінен қолданылады. Қойылымның мақсаты - ауыр өмірлік жағдайға тап болған үш басты кейіпкердің оқиғалары мен олардың кәсіби психологпен сахнадағы диалогтары арқылы терапия форматындағы тәрбиелік әрі жаңашыл жобаны ұсыну. 

Спектакльдің өзегінде әртүрлі кейіпкерлердің соның ішінде: лудомания, гейминг, нашақорлық тәуелділіктеріне тап болған тағдыр иелерінің өмірі жатыр. Сонымен қатар, драматерапия элементтеріне негізделген мұндай толық форматтағы қойылым осыған дейін театр сахнасында кең көлемде сахналанбаған. Аталмыш қойылым деректі театр, психологиялық драма және терапиялық практиканың тоғысқан жаңа көркем бағыты ретінде ұсынылмақ. Қойылым камерлық форматта сахнада өтпек, бұл көрермен мен кейіпкердің арақашықтығын азайтып, оқиғаны шынайы терапиялық сессия сынды сезінуге мүмкіндік береді.

Тәуелділік торына түскен үш жанның Арман Сейітовтің жұмбақ өліміне қандай қатысы бар? Және әр кейіпкердің өткен күннен қалған жарасы сынды сұрақтар аталмыш драматерапияда ашылмақ. Өкінішке орай, бүгінгі күні тәуелділік тек адам өмірін ғана емес, оның жақындарымен байланысын да жалмауда. Осы орайда, қойылым идеясы да – тәуелділік феноменін көркем әрі психологиялық  тұрғыда зерттей отырып, көрерменге ой салу. Яғни тәуелділікті тек әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, жеке адамның ішкі психологиялық жарақаттарының салдары ретінде көрсету. Кейіпкерлердің психологилық әдістер арқылы өзінің тәуелділікке ұшырағанын мойындату - қасіреттен арылудың алғашқы қадамы ретінде қойылым қорытындысында қарастырылады. Қойылым премьерасы 2026 жылдың 19-20 маусымына жоспарлануда. Әр премьера сайын қазақ театры жаңа бағыттарды бағындырып келе жатыр. «Тәуелді» сол ізденістердің айқын бастауы мен мысалына айналмақ.


Перизат Кәрібаева, театртанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan