«Темірбек Қожекеев мұрасы және жаңа медиа дәуірі» атты ғылыми конференция өтті
Қазақ әдебиеті мен журналистикасында сатира жанрын терең зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы, қазақ журналистикасы теориясының негізін салушылардың бірі, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына орай, ірі зерттеушінің мұрасына және медиа саласының өзекті мәселелеріне арналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі, Журналистика және медиаөнер кафедрасының ұйымдастыруымен 25 қыркүйек күні «Темірбек Қожакеев мұрасы және жаңа медиа дәуірі: дәстүр, тарсформация, инновация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Онлайн және офлайн форматта өткен халықаралық басқосуға ҚР Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақұлы, профессор Намазалы Омашұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Айтөреұлы, жазушы, публицист Қайнар Олжай, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Айна Дуйшекеева,, Түркия Ниде Өмер Халисдемир университетінің профессоры Локман Зор, журналист, медиа-тренер Мейрамхан Жапек және Темірбек Қожекеевтің ұрпағы публицист, баспагер Маден Қожекеев сынды көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы конференция тізгінін ұстады. Отырыс сатирик-жазушы, көрнекті ғалым жайлы естелік бейнетаспадан бастау алды. Жиылған көпшілік ғылымда өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ сатирасын зерттеп қана қоймай, оның теориялық негізін қалаған, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген жазушы Қожекеевтің жарқын бейнесін көріп, таспадағы тағылымды сөздерін тыңдап, ескі күндерге бір шомғандай әсерлі күй кешті. Шараның алғашқы сөзін ҚР Құрылтай депутаты, профессор Дихан Қамзабекұлы баяндама-лебізімен ашты. «Әуелгі сөзімді өліге иман, тіріге береке берсін деп бастаймын. Артында мыңдаған шәкірттері мен өшпес ұлы мұра қалдырып кеткен Темірбек Қожекеевке арналған бүгінгі конференцияда айтылатын дүние көп. Оған уақыт жетпес. Жалпы Темкең туралы аңыз да көп. Ол кісінің мінезінің өжеттілігі, беріктігі, қойылған есіміне сай еді. Жиырмасыншы ғасырларда дәстүріне, тіліне, біліміне, тәртібіне темірдей берік, қатал болсын деген ниетпен қойылған есім ғой. Темкең сол есімін абыроймен атқарып өткен болаттай берік жан болды. Сондай-ақ, Темірбек Қожекеев – қазақ журналистикасындағы сатира жанрын зерттеп, негізін қалыптастырып кеткен адам. Темкең оннан аса кітап жазды. Біз бәріміз «алаш» деп бер жағында жүргенде, Темкең күрделі тақырыптар мен күрделі тұлғалар туралы арғы жағын қозғаған жан. Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин сынды өте күрделі тақырыптарды зерттеп, халыққа жазды, жеткізе білді», - деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы естелік-лебіз сөзінде.


Халықаралық басқосуда отандық БАҚ пен заманауи трендтер талқыланып, ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің Журналистика және медиаөнер кафедрасы мұрындық болған ауқымды жиында қазақ журналистикасының теориясы мен сатира жанрының негізін салушы көрнекті ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің ғылыми-шығармашылық мұрасы да арнайы сараланып өтті. Жиналған зиялы қауым өкілдерінің бірі шәкірт ретінде Темірбек Қожекеев жайлы жылы естеліктерімен бөліссе, енді бірі замандас, дос, қызметтес ретінде өз естеліктерін, ғалымның еңбектері жайлы зерттеген ғылыми баяндамаларын оқыды.


Ғылыми-тәжірибелік конференцияда цифрландыру және жаңа технологиялар дәуіріндегі Қазақстан журналистиканың даму бағыттары жайлы да айтылып өтті. Сала мамандары Қожакеевтің отандық баспасөздің алтын қорына айналған «Қазақ сатирасы», «Сатира негіздері», «Жас тілшілер серігі» және «Адам және заман» сынды іргелі ғылыми туындылары мен оқулық, оқу құралдарын және басқа ғылыми туындыларын негізге ала отырып, бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сай кадрлар даярлау мәселесін көтерді. Сондай-ақ, халықаралық жиынға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстанның белгілі зерттеушілері, басқа да танымал шетелдік профессорлар мен ғалымдар өз ойларын онлайн ортаға салды.


Сонымен бірге, ұстаз, профессор, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев өз сөзінде ғалымның ғылымға енгізген жаңалықтары мен зерттеген фельетондары жайлы тұшымды баяндама жасады. Профессор: «Жарты ғасырға жуық сапалы білім, саналы тәрбие берген тағылымы мол тәлімгердің дәріс оқу мәнері мүлде бөлек еді. Бұл да өз алдына мазмұнды әңгіме. Темірбектің ауылда өскен бозбала шағынан бастап, докторлық қорғап, декан болған уақытын, көзі жұмылғанша дейінгі өмір жолын толықтай білемін. Соның бәрін осында қазір айтуыма болады. Бірақ мен бүгін Темірбектің ол тұсын емес, ғылымға қосқан сүбелі еңбектері жайлы ғылыми қырын айтып, көпшілікпен бөлісуге келдім. Мен шамам келгенше, құр сөзден гөрі, осы жерде ол кісіні журналист-ғалым ретінде ашуым керек. Сөзге ұста, тілі өткір, логикасы шымыр ұстаздың дәрістері жөнінде бұрынғы студенттері, қазіргі журналист қауымның пікірлері әрқашанда жоғары болды. Ғалымның зерттеген объектісі жалпы сатира мен юмордың мәселелері еді. Оның ішінде қазақ сатирасының теориясы мен тәжірибесі. Осы сала бойынша кезінде автордың «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Адам. Қоғам.Сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира – күштілер қаруы» деген монографиялық еңбектері жарияланды. Ол қазақ әдебиетінің зәру мәселелеріне қалам тартты. Мысалы, «Қазақтың халық сатирасы», «Абай және Сұлтанмахмұт», «Абай сатирик», «Қазақ мысалы» деген кітаптарына әдебиеттің өте аз зерттеліп, қарастырылған саласы арқау болды. Сондай-ақ, Темірбек Қожекеев қазақ журналистикасының тарихы мен тәжірибесіне орай, біраз құнды дүниелерді жарыққа шығарды. «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер» атты монографиялары Темкеңді оқыған ғалымға тағы бір бөлекше қырынан танытқаны анық»,- деді өз сөзінде Намазалы Омашұлы.


Саналы ғұмырын студенттерге білім беру саласына, болашақ журналист мамандарды даярлауға және ұлттық баспасөз бен күлкі мәдениетінің теориялық негізін қалыптастыруға арнаған Темірбек Қожекеев жайлы көптеген естелік-лебіздер мен ғылыми баяндамалар жасалынды. Екі сағатқа созылған конференцияның ресми бөлімі сонымен аяқталды. Ал отырыстың бейресми бөлімінде, Темірбек Қожекеевтің ұлы Мадет Қожекеевтің демеушілігімен, Бас редакторлар клубының төрайымы Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбайдың мұрындық болуымен зиялы қауым өкілдеріне «Темірбек Қожекеев атындағы» медаль табысталынды.


Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында ғалым Темірбек Қожакеевтың орны ерекше. Оған дейін қазақ әдебиетінде сатира мен юмор жанрын дәл осылай жүйелі әрі терең зерттеген жан болмағаны рас.


Конференция қорытындысы бойынша заманауи журналистік білім беруді жетілдіруге бағытталған арнайы ұсынымдар қабылданып, жиналған зиялы қауым өз пікірлерімен бөлісті.
Фотосуреттер ЕҰУ Баспасөз қызметінен алынды
