Кеше Астана қаласындағы «Жастар сарайында» әйгілі «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті.
1975 жылы Қарағанды облысының Тоқырауын өңірінде құрылған «Тоқырауын толқындары» ансамблі – қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан әйгілі өнер ұжымы. Ансамбльдің репертуарында халық әндері мен күйлері, заманауи өңделген этно-фольклорлық шығармалар орындалып, көрерменнің көңілінен шықты.

Елу жылдық тарихында ансамбль Қазақстан мен шетел сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық мәдениеттің жаршысы ретінде танылды. Ұжым мүшелері – еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен кәсіби музыка мамандары.
Сонымен ел күткен концерттің шымылдығы«Дала дауысы» театрландырылған көрінісімен ашылып, А.Бөкеновтің сөзіне жазылған Д.Садуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім» атты әнімен жалғасты. Мерейтойлық кеште ансамбльдің әр жылдардағы үздік туындылары орындалып, сахна төріне еліміздің танымал әншілері мен ансамбльдің бұрынғы мүшелері шықты. Концерт бағдарламасында Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтың әні «Сарыарқа», сондай-ақ Нұрлан Күлшікеновтің сөзіне жазылған Амантай Жұмашевтың әні «Ән мекені Ақтоғай», «Толқи бер, Тоқырауын», Абайдың «Көзімнің қарасы», Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл», Кеңес Дүйсекеевтің «Еркеледің сен» сияқты туындылар шырқалды.

Сондай-ақ, көрермендер «Балбырауын» халықтық би ұжымының да өнерін тамашалады. Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», С.Жұмалиевтің «Таң сыры», Жақсыкелді Сейіловтың «Ұлытау» сияқты әндері де ерекше ел есінде қалды. Мерекелік кеште ансамбльдің жетістіктері мен тарихы кеңінен айтылды. Ұжымның дамуына сүбелі үлес қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Амантай Жұмашевтың еңбегі ерекше атап өтілді. Оның көптеген әндері ұжымның репертуарына еніп, халық сүйіспеншілігіне бөленді.

Сахна төрінде түрлі жанрдағы орындаушылар өнер көрсетті: Гүлзар Абдуалиева «Ана» әнімен аналық мейірімнің шуағын таратса, жұлдызды жұп Қуаныш пен Гүлзар «Жас қалам» және «Сағыныш» әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Мәдениет саласының үздігі Дана Мақшонова мен республикалық, облыстық байқаулардың лауреаттары Бұлбұл Мақшонова, Назерке Шапибайлардың орындауындағы «Сопрано шеруі» де айрықша әсер қалдырды. Концерт соңында «Толқи бер, Тоқырауын» әні шырқалып, барлық өнерпаздар сахнаға шықты. Бұл көрініс жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльдің ұжымдық бірлігін, өнерге деген адалдығын паш етті. Көрермендер толассыз қол шапалақпен қошемет көрсетіп, өнерпаздарға ыстық ықыласын білдірді. Кеш соңында ұйымдастырушылар ансамбльдің әр буынына алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.

«Тоқырауын толқындары» – тек өнер ұжымы емес, ол – тұтас дәуірдің үнін, даланың сазын, қазақ рухының биіктігін бейнелеген мәдени құбылыс. Жарты ғасырлық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қараудың айырықша айғағы. Бұл дәстүр мен жаңашылдық үндескен, өткен мен бүгінді жалғайтын ерекше мәдени шара болды.
«Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамбльнің 50 жылдығы концертіне Қанжығалы Бөгенбай батырдың елі-Ерейментау жұртшылығының атынан анайы арнау өлең де оқылды.
Құшағын ешкімге де, тар қылмаған,
Сардала кетті жылып салқындаған.
Әуенін Ақтоғайдың Елордаға,
Жеткізді Тоқырауын толқындаған.Қолдаушы, өнерпаздың қасындағы,
Сіздерсіз, тіршіліктің жасыл бағы.
Армысыз, Ақсоранның текті жұрты,
Армысыз, Ақтоғайдың асылдары!Әр күнің ән менен жыр, кешің, дастан,
Киелі кең даланың төсін басқан.
Қадамың құтты болсын, жайсаңдарым,
Өмір - көшке өнердің көшін қосқан!Аспандап, қазағымның асқақ әні,
Тербетті қанатымен Астананы.
Бұл әуен Тоқырауын өзенімен,
Ақтастың тастарынан басталады.Жандар ма, бір сәтке де, кідіретін,
Іркіліп, ел алдында , мүдіретін.
Домбыра, саз сырнайдың тіліменен,
Ұқтырған Ұлы өнердің құдіретін.Әлемді өлеңменен әрлеп жүрдің,
Кең жаһан, елге талай сәнмен кірдің.
Ақтоғай, есігі екен ертегінің,
Ақтоғай бесігі екен ән мен жырдың!Шаттыққа төңіректі толтырды, әні,
Жүректер тебіреніп толқындады.
Құтты болсын, мерейтой, елу жылдық,
Ел сүйген "Тоқырауын толқындары"!Сайлау Жылқыбаев,
ҚР мәдениет саласының үздігі


