Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төр Алтайдағы Оралхан тойы...

25.08.2023 2067

Төр Алтайдағы Оралхан тойы 12+

Төр Алтайдағы Оралхан тойы - adebiportal.kz

2023 жыл – қазақ руханиятының қазынасына олжа салған көптеген танымал шығармашыл жандардың – ақын-жазушылардың мерейлі даталарына толы. Осыған орай республикалық, өңірлік ауқымдағы іс-шаралар кезегімен өтіп, шығармашылық иелерінің тұлғасы ел санасында жаңғартылып, лайықты ұлықталуда. Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, журналист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлығының лауреаты, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады. «Алтайдың Кербұғысы», «Алтайдың асқақ жыршысы» атанған әйгілі жазушының сексен жылдығы аясындағы түрлі деңгейдегі іс-шаралар ел ауқымында жыл бойы өтіп жатуының өзі – Оралхан Бөкей әдеби мұраларының халық жүрегінен мәңгілік орын алғандығының айғағы. 

Төрт саласын төрт мемлекет иелік еткен айналасы алты айшылық алып Алтайдың тәуелсіз Қазақстан иелігіндегі жұмақ мекен, жер жаннаты – Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы.

Оралхан Бөкейдің туған топырағында, өзі өмір бойы шығармаларының өзегіне айналдырып өткен, тылсым жұмбақ, аңызға толы қарт Алтайдағы Катонқарағай ауданында, кіндік қаны тамған Шыңғыстайда  жазушының 80 жылдығына арналған мерейтой өтіп жатыр. 

Мерейтой аясында ауданда Оралхан Бөкейдің кеудемүсіні мен Музей үйінің салтанатты ашылуы болды. Сонымен бірге Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Төр Алтайдың әсем табиғатын көркем сөзбен кестелеген жазушының мерейтойы аясында Шыңғыстай аулындағы Оралхан Бөкейдің музейі үйінде «Төр Алтай бояулары» атты суретшілердің пленэр-көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Суретшілердің қаламына Алтайдың ғажайып пейзажы мен осы өңірде туып өскен танымал тұлғалар арқау болған.

Түстен кейінгі іс-шаралар легі Катонқарағайдың атшабарында Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған республикалық бәйгеге ұласып, жиналған көпшілік өрен жүйріктердің шабысын тамашалады. Қорытындылау, марапаттау, әсем табиғат аясындағы емен-жарқын жүздесулердің соңы мерейтой құрметіне арналған гала-концертке ұласты.

Туған өлке төсінде бұрынғы соңды өткен немесе өзі бастан өткеріп, көзбен көрген алуан түрлі тағдырлар, аңыздар мен оқиғаларды шебер суреткерлік қабілеті арқылы жалпыазамзаттық ауқымға шығара отырып оқырманын еріксіз ойлануға жетелейтін ғажап қаламгер Оралхан Бөкейдің есімін ұлықтауға арналған іс-шаралары ел көлемінде кеңінен жалғаса берері сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар