Тораңғыл (поэма)
Ақын Қуаныш Жазайдың Қазалының аңызын арқау еткен «Тораңғыл» поэмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қазалы дәптерінен
Пролог
Біз екеуміз жаралғанбыз,
Бір әке мен анадан.
Жер бетіне таралғанбыз,
Сен ағаш боп, мен адам.
Біреу мені қараласа –
Сенің жаның жаралы.
Біреу сені жараласа –
Менің қаным ағады.
Мені шапса сан мың қылыш –
Сен құладың көктеген.
Қайта тұрып алдың тыныс,
Маған біткен өкпемен.
Жайқалады көңіл бағым –
Ұяласа саған нұр.
Сенің жаның – менің жаным,
Біз бауырмыз, Тораңғыл.
I
Топ балақай бет алды Тораңғылға...
«Тораңғылға өлсем де жолармын ба!» –
Орта жолдан кілт тоқтап кәрі төбет,
Қалтырады тұрғандай көр алдында.
Тап берсе де қатары қалың қасқыр,
Қаймықпайтын,
атағы мәлім, мәшһүр,
Жас кезінде алынбас қамал еді,
Биік қамал әлі де алынбас бұл!
Алайда, осы көргенде тал алабын,
Аласарып сол биік қамалы оның,
Көр алдында тұрғандай қалтырайды,
Неге өйтеді? –
Өзіне ғана мәлім.
Топ балақай қайрылды Тораңғылдан...
«Мен емеспін дәл қазір болар құрбан!» –
Әйтсе дағы төбетті биледі үрей,
Түсетіндей «тұзаққа» олар құрған...
Желдей жүйткіп,
Немесе, жасынша ағып,
Топ балақай ойнап жүр асыр салып.
Аспан үстін, жер астын жаңғыртардай,
Неткен шаттық!
Неткен үн осыншалық!
«Ойна!» – дейді,
«Кел, бізге қосыл!» – дейді,
«Ортамызда қал, – дейді, – сосын, мейлі!»
Күшік күнін армансыз есіне алып,
Бауырын жазып неге бір көсілмейді?!
Сөйтер еді алаңсыз кәрі төбет,
(Оған ағаш біткеннің бәрі терек,)
Бірақ анау Тораңғыл...
Соны ойласа,
Шығып кете жаздайды жаны кенет.
Мына қулар сонда ертіп кететіндей,
Кетсе, келмес ең соңғы бекетіндей,
Бар өмірін өксіткен естелік бар,
Сол естелік түбіне жететіндей,
Ойға батты,
Мінеки, «тал қармады»,
Бірақ оған көңілі алданбады.
Көз алдында ойнаған топ балақай,
Қашан ғайып болғанын аңғармады.
Аңғарғаны –
Тораңғыл жаққа қарап,
«Бармаңдар!» – деп тоқтаусыз
жатты абалап.
Қос жеткіншек тоғайға барып кірді,
Мұны, тіпті, естімей, жоққа балап.
Кәрі төбет қалтырап:
«Біттім!» – деді,
(Біткені рас. Онша көп күттірмеді.)
Бақ па?
Сор ма?
Не нәрсе айдап барды,
Қос жеткіншек ол жайлы түк білмеді...
II
«Ал қош енді, қош, ұлым!
Не дейін мен,
Төгейін мен нендей зар көмейімнен?
Өлсең жаның өзгеден аяулы емес,
Тірі қалсаң... қанеки!
Тәлейіңнен!
Бірге ғұмыр кешуді жазбаған Көк,
Кешір, ұлым!
Осыдан өзге амал жоқ.
Мүмкін сені ізгі адам тауып алар,
Бауырына басар ол өз балам деп!
Біреуге іні боларсың,
Біреуге аға,
Менікі сол – бағыңды тілеу ғана...» –
Бесіктегі сәбиін өз қолымен,
Дарияға ағызып жібереді ана.
Анасының көзінен бір сыр оқып,
Жөней берді жас сәби шыр-шыр етіп.
Қанды суға тағдырын тапсырардай,
Не нәрсенің кетті екен қырсығы өтіп?
Шым-шым етіп, шым етіп ана жүрек,
Дарияға үмітпен қарады көп.
Барады ағып, әнеки, қырық бесік,
Қырық ана тұр, міне, қаралы боп.
Қырық ана... тастаған сәбилерін –
Қырық жара таппай тұр фәниде емін.
Құлындағы дауысы Көкке жетіп,
Қырық сәби шырқырап зар илеуін!
Дүлейленбе, қанды су, дүлейленбе,
Бесіктерді шайқама!
Үрей берме!
Қырық жүрек жаяды алақанын:
«Су атасы, жар бол!» – деп Сүлейменге.
Су атасы – Сүлеймен қырын қарар,
Имансыз іс емес қой бүгінгі амал.
Бордай болып үгілер уақыт қайда,
Бойын тіктеп артына бұрылды олар.
Артта – тас боп қалшиған қалың елі,
Ұл мен қызы,
Ата-ене,
Бауыр,
Ері.
Томар емес, ұрпағы барады ағып,
Міз бақпайтын неғылған халық еді?!
Жын ұрған ба, қайтеді, мына халық,
Сәбилердей... тек іштен жылап алып.
Тына қалып,
Сәлден соң күлімсіреп,
Бір-бірімен көрісті тұра қалып.
Көрісті олар!
Дұрысы, бақұлдасты,
Тамызған жоқ дәмі сор татыр жасты.
Даяр тұрды қасқайып қарсы алуға,
Сұм тағдырдың таяғын ақырғы ащы.
Көздерінде жарқ етті жасын оты,
Сөздерінде – ел мен жер қасіреті.
«Жау келеді!» – үрейлі хабарды естіп,
Едел-жедел қамданған осы беті.
Жалғыз ұран:
«Өліспей беріспе-дүр!
Жету керек қалай да жеңіске-дүр!»
Шарт буынып, бойжеткен садақ алды,
Мұздай темір құрсанды он үштегі ұл.
«Ең болмаса кетермін бірін ала!» –
Айбат шекті шал-кемпір,
(Қырыла ма?)
Арыстандай ақырған ерлерге еріп,
Кіріп кетті ұрысқа қырық ана.
...Сауыт қайда бәріне,
Қайда қылыш,
Тым ұзаққа созыла қоймады ұрыс.
Еркек кіндік айдалды құл базарға,
Әйел біткен туралды.
Жайрады ұлыс.
Туралмас ед, арыма қол сұғар деп,
Қайрат қылды ең соңғы тамшы қан боп.
Оңды-солды сермелген жау семсері,
Тіліп,
Кесіп,
Қидалап,
Жаншыған кеп.
Бұлттар қашып барады шұрық-тесік,
Оларды да тастапты тіліп, кесіп.
Бар күшімен дария ышқынады,
Арқасына таңып ап қырық бесік.
Жалғыз ғана белгі боп қанды ұрыстан,
Өшкен ошақ, жанған үй қалды ұлыстан.
Сонсоң анау бесіктер...
Дарияға,
Көздің сұғын қадады зәрлі дұшпан.
Сәбилерге баспақ па қарғыс таңба,
Әлде, қанын ішуге жау құштар ма?
Жаралы ана шап беріп аяғынан,
Тас кенеше жабысты сол дұшпанға.
Ана солай сәл бөгеп қалды жолын,
Бөгеп жатып соңғы рет алды демін.
Қас қаққанша жасындай бір жарқ етіп,
Жау семсері қақ бөле салды қолын...
III
– Сенемісің, шын ба екен жау шапқаны?
– Шын дейді атам жау бәрін жамсатқаны.
Ұқсап тұр ғой, қарашы.
– Ұқсамайды.
– Мынау – қолы,
Ал мынау – саусақтары...
Тораңғылдың түбінде қос жеткіншек,
Ниеттері:
«Шындыққа жетсек, білсек».
Ертеңді-кеш үлкендер жиі айтатын:
«Барма!» – деген болмады ескерту сеп.
Қос жеткіншек:
Бірінің аты – Берік,
(Атына сай болды екен дәті неғып?)
Екіншісі – Сағынтқан,
Тораңғылдың
Тылсымына кеткен-ді батып, еніп:
Шақыратын тәрізді ассаң қырат,
Әлдене деп айтардай тоссаң құлақ.
Сағынтқанға киелі ағаш болса,
Берік үшін түк те емес,
Бос сандырақ!
Кері пікір, кері сөз қарсы аққанда,
(Дәлел ізде, Сағынтқан, қаусап қалма!)
«Киелі ағаш» бұтағын қолға ұқсатты,
Шыбықтарын ұқсатты саусақтарға.
Берік күлді:
– Ха-ха-ха, ақымағым,
Қане, неге теңейсің жапырағын?..
Жапыраққа қисынды теңеу таппай,
Жалғастырды қайтадан бақылауын.
Алақан ба?
Жүрек пе?
Не түрге еніп,
Көрінді адам бөлшегі секілденіп.
Тораңғылдың діңінде үлкен көз бар,
Соны шұқып, «жылатып» отыр Берік.
Дір... дір-р ете қалды да жаралы ағаш,
Жанарынан жас төкті қан аралас.
Жүрегіне сұққандай біреу ине,
Жалт бұрылып Сағынтқан қарады оғаш.
– Әй, мұның не?!
– Құлақты жарасың ба?
Тоқта болды, сабыр ет, аласұрма.
Мылжың шалдар бесіктен ағаш өсіп
Шықты десе, сенетін... баласың ба?
Ел айтар, ә, бізді де жігіт десіп,
Мақұл делік, жау шапты, қырық бесік
Ағып келіп осында тоқтады екен,
Содан мына Тораңғыл шығыпты өсіп.
Ха-ха-ха-ха!
Көкиді мұны шын ғып,
Аңыз ғой бұл!
– Аңыздың түбі – шындық.
– Шындық болса, ендеше, дәлелдейік...
...Сағынтқанның өзгерді түрі сұмдық.
Жер сілкінер деп еді – сілкінбеді,
Баяу ғана айналды, іркілмеді.
Жердің бетін топан су қаптамады,
Өз жөнімен дария бүлкілдеді.
Көк күркірер деп еді – тыныш ол да,
Бір шапқанда бөлмеді қылышы онға.
Жан шошырлық мына іске куә болды,
Сағынтқанның өзгерген түрі сонда:
Ессіз досты шырмады, буды құмар,
(Қорықпа, Берік, бұтағын сындырып ал.)
Сынды бұтақ –
Саулады қып-қызыл қан,
Қолы қанға боялып тұрды бұлар.
Күй тартпады табиғат – зарлы күйші,
Бұралмады талшыбық – сорлы биші.
– Тораңғылдың сөлі ғой, – деді Берік,
– Онда неге шығып тұр қанның иісі?
– Қайдағы қан?
– Ағып тұр... қан...
– Апырмай,
Сөз айтсаңшы ақылға қонатындай...
Үрей билеп барады Сағынтқанды,
Атасы айтқан жаманат болатындай...
IV
Сынды бұтақ,
Құбылды бәрі кенет,
Өзі ғана көрді оны кәрі төбет.
Аянышты суретті шеберлікпен,
Жазып жатты жер дейтін сары кенеп.
Қазып алды архивтен қай көнені,
Бәз қалпына қалайша қайта енеді?
Бір бояудың үстіне бір бояуды,
Баттастырып жақпаса қайтер еді?!
Жан секілді ойы – қас, тілегі – жау,
Аямады жүректі!
(Жүрегім-ау!)
Тұла бойын төбеттің түршіктірген,
Аянышты сол сурет, міне, мынау:
«Ал қош енді, қош, ұлым!
Не дейін мен,
Төгейін мен нендей зар көмейімнен?
Өлсең жаның өзгеден аяулы емес,
Тірі қалсаң... қанеки!
Тәлейіңнен!
Құдайға да өкпем жоқ, тағдырға да,
Кешір, ұлым!
Жол болсын алдың дара!» –
Құндақтаулы сәбиін көтеріп кеп,
Тораңғылдың түбіне қалдырды ана.
Анасының көзінен бір сыр оқып,
Қала берді жас сәби шыр-шыр етіп.
Тұл ағашқа тағдырын тапсырардай,
Не нәрсенің кетті екен қырсығы өтіп?
...Ұзады ана,
Артта – ұлы, алда – белес,
Алда белес күтіп тұр толған егес.
Жан мен тәнін аяусыз жаралады,
Сәбиінің зары емес,
Шер-нала емес,
Уайым емес,
Қайғы емес өрті күшті,
(Бұлар да, иә, қозғады дертін ішкі.)
Жаралады деу қате,
Паршалады,
Одан да ауыр, одан да қорқынышты –
Өткір тістер!
Қадалған балтырына...
Кеудесіне...
Қолына...
Алқымына...
Тұтқиылдан лап қойды бұралқы иттер,
...Сәлден кейін қалмады тамтығы да...
Қызыл қанға боялды сары кенеп,
Өзі ғана көрді оны кәрі төбет.
Бұралқы иттер ішінен өзін танып,
Шығып кете жаздады жаны кенет.
Түсі менен тұрқы да анық өзі,
(Іші менен сырты да анық өзі.)
Бәрі ұқсайды.
Ұқсамай тұрды бірақ,
Өткір тісі,
Қанды аузы,
Тағы көзі.
«Жоқ!
Мен емес!
Бабам ғой...» – дейді төбет,
«Бұрнағы өткен заман ғой!» – дейді төбет.
«Бабам емес... жалғыз-ақ кінәлі оған,
Аштық деген зауал ғой!» – дейді төбет.
Дейді төбет:
«Кінә артпа маған да түк...»,
Опат болған анаға қарап жатып.
Ана көзі өтеді өңменінен...
«Тастасашы, шіркін-ай, одан да атып!..» –
Жүзі тайқып, ұялап мұң көзіне,
Ит те болса жүрегі тұрды езіле.
Тоз-тоз болып аштықтан босқан қауым,
Кәрі төбет назарын бұрды өзіне.
Босқан қауым кеп жетті тағдыр айдап...
– Бұл не?
– Иттер...
– Кет-ей!.. Ке-е-ет!..
– Сорлы бейбақ...
«Мұндай қорлық көргенше...
Қу жанымды
Ал, құдайлап!» күрсінді барлық аймақ.
Кенет... кенет жаңғырып бар алапқа,
Шыр-шыр етті сәби-үн.
– Ана-а-а жақта!
Тораңғылдың түбіне келген қауым,
Куә болды мынадай ғаламатқа:
Үні бар да, сәби жоқ.
«Қайда кеткен?» –
Жалқы сұрақ жалпыны қайран еткен.
Таң-тамаша болды да, тінти берді,
Тораңғыл тал алабын жайлап еппен.
Секем алып,
Үркектеп,
Шошып,
Төніп,
Тораңғыл тал алабын кешіп, көріп,
Таппай қайтты сәбиді,
«Киелі ағаш»,
Бөледі ме, кім білсін, бесік болып?..
V
– Ата деймін, айтпайды неге бәрі,
Тораңғылды сындырса не болады?..
...Қара аспанды төндірген қарияның,
Неге, ендеше, болмады дегені әлі?
Ой-хой, шіркін, кеудесі шерге тұнып,
Не деп еді атасы сонда отырып?
Не дегені тап қазір маңызды емес,
Өйткені ме?
Өйткені, болды өтірік!
Абыз дейді, ә!
Көне көз, көне құлақ,
Көне сырын көп тыңдап, көп оқып ап,
Толғаушы еді,
Әмбесін шын деп сенген,
Бала екем ғой, бала екем мен ақымақ!
Дей ме тағы:
«Бұл талды жебеуші бар...»,
Мылжың шалдар дегенге сенерсің, ал.
Шөл даланың тәкаппар падишасын,
Қиратпасын, жақпасын деген шығар?
Сондықтан да не қилы аңыз құрап,
Көсіледі-ей, өзді-өзін абыз қып ап.
Құр аңызға алданып жүргеніңше,
Көзбен танып-көргенің маңыздырақ!..
Шырмап алды осы ойлар Сағынтқанды,
Үрей қалды жайына, қауіп қалды.
Әйтсе дағы, селт етті,
Тораңғылдан
Тамшылаған есіне алып қанды.
Манағыдай сасқан жоқ, үріккен жоқ,
Тұла бойын кеткен жоқ күдік кернеп.
Жігер беріп жаныған Берік сөзі,
Жаңғырады:
«Бала емес, жігіт бол!» – деп.
«Жігіт» болды!
Бар, міне, қисын онда,
Сотқар Берік мазағын тыйсын ол да!
«Тораңғылдың сөлі ғой! – дейді өзі де, –
Ұқсайды екен шіркіннің иісі қанға...»
Құпиясын жасырып мұның енді,
Қорқытқанға жақсы екен тірілерді.
Қырық сәби белгісін тұл ағаштан,
Іздегені үшін де жыны келді.
Жыны келді балалық шаққа төніп,
...Ешқандай да киесі жоққа теліп,
Қос жеткіншек қақ бөліп, жаға салды,
Тораңғылдың бұтағын отқа әкеліп.
Сумаңдады от тілі қармап алып,
Қас қаққанша күл қылып жалмары анық.
Ұясына күн қонды,
Екеуінің
Қолындағы қып-қызыл қанға оранып.
Тоқта!
Тоқта!
О, бәлкім, бар-ау кірбің,
Дүрсіл қағып жүрегі соғар,
Кімнің?
Сағынтқанның?
Беріктің?
Өрекпіген,
Әлде, анау бұтағы Тораңғылдың?..
Жер аударып тастай ма,
Үй көшіріп,
Дүрсілдейді беймаза күйде есіріп.
Дүрсілдейді бір жүрек,
Сол жүрекке,
Әлдебіреу алғандай ине сұғып,
Төңкерілді дүние,
Төңкерілді,
(Жақсы көрсін, қане, кім өртенуді?)
Қарамағын ошақта жанған отқа,
Қос жеткіншек, жап көзге телпегіңді!
Ошақ іші бұлдыр да бұлдыр сурет:
Балдырған боп,
Немесе, бүлдіршін боп
Елес беріп...
бұтағы Тораңғылдың
Жан ұшыра шыңғырсын!
Шыңғырсын кеп!!!
Эпилог
Қос жеткіншек аяғы көктен келіп,
Басымыздан жаманат өткермедік.
Ауырды тек.
Дем салды үш күн молда,
Үш күннен соң ес жиып,
Кетті емделіп.
Үш күн шеккен азаптың өтеуіне,
Бармай кетті Тораңғыл мекеніне.
Үш күн бойы өң мен түс арасында,
Не көргенін айтпады екеуі де.
– Не көрді екен?
– О, бәлкім, қырық бесік?
– Шын ба, содан Тораңғыл шығып па өсіп?
– Айтсаңшы, – деп жігіттер қаумалайды,
Сонсоң райдан қайтады:
– Ұмыт, – десіп.
Үш күн шеккен азаптың өтеуіне,
Бармай кетті Тораңғыл мекеніне.
Жұғып қалған секілді сәби қаны,
Қайта-қайта қол жуды екеуі де.
Үш күннен соң табылды кәрі төбет,
«Өліпті!» – деп шуласты бәрі кенет.
Бабасының мойнында адам құны,
Кәрі төбет кетіпті соны төлеп...
Неше заман жырлатқан дала-абызға,
Бұл өңірде аңыз көп.
(Нанамыз ба?)
От ішінде сәбилер шыңғырғаны,
Бір аңыз боп қосылды сан аңызға.
Желдей жүйткіп,
Немесе, жасынша ағып,
Топ балақай ойнайды асыр салып.
Сен оларға жымиып, қол бұлғай сал,
Қалса егер де көздерің тосын шалып.
Адастырса бұл маңның құла дүзі,
Елес беріп ақ жүзі, құба жүзі,
Сонда саған жол сілтеп ғайып болар,
Құм үстінде қалады бірақ ізі...
Қорықпағын,
Сабыр ет,
Төзім қылғын,
Түсірмесін санаңа сөзім кірбің.
Көрмеуің де мүмкін ғой, көре қалсаң,
Қырық сәби дейсің бе, өзің білгін.
...Тораңғылға келдің бе?
Келмесең, кел,
Келсең, сәлем бердің бе?
Бермесең, бер.
Дәтің жетсе бұтағын сындырып ал,
Менің қаным ағады!
Сенбесең, көр!
