«Әдебиет порталы» мен «Егемен Қазақстан» газетінің бірлескен жобасы ретінде ай сайын өтіп келе жатқан «Төр» әдеби клубының кезекті отырысы қазақ прозасында өзіндік қолтаңбаларымен танылып келе жатқан Нұрлан Қабдай мен Бақытгүл Сәрмековалардың шығармашылығына арналды. Оған белгілі жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайым мен бір топ жас әдебиетшілер қатысты. Төменде осы отырыстың жазба нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Толымбек Әбдірайым, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Қазақ әдебиетінде кейінгі жылдары ақындар көптеп шығып жатыр. Ал жас прозашылар аз болатын. Енді соңғы бірер жылда көп прозашылар қазақ әдебиетіне келіп жатыр. Жақсы-жақсы кітаптары да шығып жатыр. Атап айтар болсам, Есей Жеңісұлы, Арман Әлменбет, Бағдат Мәжитов, Қанат Әбілқайыр, Есбол Нұрахмет, Алмас Мырзахмет, Есболат Айдабосын, семейлік ерлі-зайыпты Қуат Қиықбай мен Айгерім Қиықбаева, сосын жақында ғана «Жас Алаш» пен «Ұланға» шыққан екі тамаша әңгіменің авторы, Қаратал аудандық газетінің редакторы Асхат Өмірбаев деген жігіт. Мәскеуде қызмет істейтін Аягүл Мантай. Мен өзім білетіндерді ғана айтып отырмын. Сондықтан бұл толық тізім болмауы мүмкін. Аты аталмағандар ренжімес деп үміттенем.
Соның ішінде Бақытгүл Сәрмекованың талқылауға ұсынылған екі әңгімесін, одан басқа тағы екі әңгімесін оқыдым. Биыл бұл жазушы «Шабытта» орын алды, сонда байқадым, Бақытгүлде тіл бар. Әдебиеттің негізгі постулаты тіл ғой!? Сосын жатық екен, қысқа екен. Чеховтың сөзі бар ғой: «Қысқалық – таланттың анасы» деген. Сол ұстанымды жақсы ұстаныпты. Онымен қоса, суреткерлігі де жақсы екен. Мысалы «Итгершілік» әңгімесі де шағын ғана дүние. Ақтөс ит, марқұм Талап, Елтай және Маржан төрттағанының арасындағы тартыс әңгімеге арқау болған. «Ит - жеті қазынаның бірі» дейді, сондықтан «Итгершілік» деп, иттің «адамгершілігін» айтып отыр ма деп топшыладық. Себебі «Итгершілік» деген сөзді түсіндірме сөздіктен таба алмадық, бірнеше жазушылардан сұрастырдық, олар да білмеді. Бәлкім автордың бір нәрсені астарлағаны деген ой түйдік.
Автор кейіпкерлердің жан-дүниесін, олардың қандай адам екенін бір сөйлеммен-ақ тиімді жеткізе біледі. Мәселен, Маржанның мінезін «Иесі арақтан тұншығып өліп бара жатқанда кезде де міз бақпаған Маржан бұның аузына су тамыза қоюы екіталай» деген бір сөйлеммен ұтымды аша алған. Тағы бір жерде иесі қайтыс болған соң, көршісі Елтай түнде ұрланып келіп жүреді ғой... Сондай бір түнде Ақтөс ит оны балағынан қауып алады. Ертеңінде күндіз әлгі Елтай келгенде, енді мені ұрады ғой деп ойлайды. Бірақ ол сипайды. Алайда оның ар жағында үлкен қулық жатыр екен... Ит оны кеш біледі.
Тағы мынадай тамаша жерлерді оқып өткім кеп отыр: «Жібек халаттың өңіріне сыймай, ілгегін ашса төгілгелі тұратын Маржанның екі омырауына уысын толтырып алып, мең-зең күй кештіретін рахатын ойлап, асыға басып еді, қысқа аяғы икемге келмей ентігіп қалды».
Содан кейін әңгіменің арасында қайталанып отыратын «Адамдар бақытты, ә! Күлкісі келсе, күле алады...», «Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе, көзінің жасын көл етіп жылай алады» деген сөздер де адамға ерекше әсер етіп отырады.
Сондай-ақ, қып-қысқа әңгімеге адамдар арасындағы қақтығыс, сатқындық, екіжүзділік, аярлықты сыйдыра алған.
Енді «Қарагер тай» әңгімесіне келер болсақ, ол да қысқа әңгіме. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, бір кездерде қазақта ауылдың ақсақалдары жиналып, төңіректе тұрмысқа шықпай жүрген қыздар болса, үйленбей жүрген жігіттер болса, солармен сөйлесіп, бір-бірін жарастырып, қосқан. Осы дәстүр, яғни адамдарды бір-бірімен таныстырып, қосу туралы Құрани Кәрімде де бар екен. Осыны көріп, бір жаңалық ашқандай болдым. Біздің ақсақалдар соны істеген екен. Сол сияқты «Қарагер тай» әңгімесінде ауылдың ақсақалы Тұрарды алыстан балдыз болып келетін Жарбагүлмен таныстырып, қосады. Бұл әңгімеде де керемет суреттеулер бар. «...ебедейсіз жымыңдай беретін қылығын біліп алған қуақы жеңгелері жанынан өтіп бара жатып бүйірінен түртіп, қаймақ толы бүйендей іркілдеген омырауларымен жанай өтеді» дейді. Бақытгүл өзі ауылдың қызы болса керек. Қаланың қызы «қаймақ толы бүйен» деп айтпайды.
«Төңкерілген шелектей алып бассүйегіне», «Дастархан жиғанша Тұрардың езуі жиылмады», «Марқұм екі езуі екі құлағында ыржиған күйі жүріп кеткен екен» деген сияқты сөзбен салынған суреттері назар аударарлық.
«Ортада тай берілгені жөнінде ешқандай қолхат жоқ, тай иесі Тұрар марқұм ыржиып күлімсіреген күйі жұмақта жүрген шығар» деген бір сөйлем бар. «Жұмақта жүрген шығар» деп адам баласының айтуға моральдық құқығы жоқ. Жұмақта жүр ме, тозақта жүр ме, бір Алланың қолында. Жалпы мен әлем әдебиетіндегі, орыс әдебиетіндегі, қазақ әдебиетіндегі классиктердің шығармалары неге ұзақ жасайды деп ойлаймын. Сөйтсек олар Ислам дінін, имандылық тақырыбын терең білген екен. Сондықтан бұндайға абай болу керек. Жазушы деген оқырманнан оқ бойы озық болу керек.
Мирас Асан: Бақытгүлдің әңгімелерін, соның ішінде «Итгершілікті» оқып отырған кезде Мағауинге сілтеме жасайтыны аңғарылады. «Тазының өлімінде» тура сондай оқиға болады. Онда да ит иесін жерлегендердің артынан зиратқа барады, қабірінен иесінің исі шығып тұрады деген сияқты, Бақытгүл бұл жерге сол әңгімеге сілтеме жасап отырған сияқты сезіледі. Бірақ «Тазының өліміндегі» тазының образы ол – соңғы қазақ деуге келетін үлкен тұлға. Ал Бақытгүлдің әңгімесінде ондай үлкен образ көре алмадық, иттің образы да, басқасы да құлдырап кеткен сияқты әсер қалдырды.
Арман Әлменбет: Өз басыма Бақытгүл Сәрмекованың «Итгершілігі» мен «Қарагер тайы» ұнады. Толымбек ағамыз айтқандай, суреткерлігінен бұрын, оның ең мықты жері – детальдарды ұстауы сияқты. Бүкіл бір эпизодтың атмосферасын беретін детальдарды өте әдемі бере алады. Бірақ мен «Итгершілікті» оқып отырған кезде өзім байқаған бірнеше қателіктерді түртіп алған едем. Солармен бөліссем деймін. Бірінші сөйлемде «Құлағына қонған шыбынды мазасыздана сілкіп қойып көлеңкеде жатқан» дейді, бұл жерде айтпағым «шыбынды сілку» деп айтылмайды. «Мейірімге шөлдеп жүреді» деп екі сөйлемде қатар айтылған. Екі күн тамақ жемеген иттің алдына нан тасталғанда, ол нанды жемей, соны тастаған адамға қарап, аяғын иіскелеп кетеді деген сияқты аздап піспей қалған жерлері бар.
Дегенмен, итаяқтың күнге кеуіп жатқаны, есіктің адам сүйегі сияқты сықырлап ашылғаны сияқты ұтымды детальдар да жоқ емес. Жалпы «Итгершілік» әңгімесі батыл жазылғандығымен мықты болып тұр ғой деп ойлаймын. Дегенмен бір қарауы кем болған әңгіме сияқты. Оған қарағанда, «Қарагер тайы» өте еркін жазылған, бар мүмкіндігін көрсете алған әңгіме екен. Бұл жердегі «Жарбагүлдің шыбықтай жіп-жіңішке бұрымын алпамсадай арқасында солқылдатып жолға түсіп кете барды» деген әзілі аралас суреттері өте мықты жазылған.
Ал Тұрардың тойға дайындалып жүріп, тоққа соғылып өліп қалғанын бір-ақ сөйлеммен елеусіз ғана бере салуы аздаған түсінбеушілік туғызады екен. Арасында «бірақ» деген бір сөздің болмауы, шыбынның өлгені сияқты ешбір түсініксіз әңгіме ары қарай жалғасып кете береді. Ал шалдың рөлі жақсы ашылған. «Қай тайды?» Үйір-үйір жылқы ұстап отырған кісіше аңтарыла қарады атам. Төбесіндегі қонжиған қоңыр қалпағы да басымен бірге шалқайып, Сайлауға кегжие қалды» деген сөйлемдегі сарказм арқылы өмірі сиырдан басқа мал ұстап көрмеген шалдың мінезін ұтымды бере алған.
Жалпы, Бақытгүлдің жұрт байқамайтын детальдарды байқауы, адам мінезін бір ғана ұтқыр сөйлеммен ашып бере алуы басты ерекшелігі деп түсіндім.
Олжас Қасым: Нәсіредин Сералиев деген жазушының қып-қысқа әңгімесі бар еді. Сонда бір кейіпкер бар, бір нәрсені істей алмай қалса, бүкіл ауылды шулатып жүретін. Сол кейіпкердің жадымда сақталып қалғаны сондай, Серәлиевті ойласам, ойыма бірден сол кейіпкер түседі. Бақытгүлдің әңгімесіндегі өмірі ыржиып жүретін, тоққа соғылып, ыржиған күйі өліп кеткен Тұрардың образы да есімде қалатын сияқты.
Батыс Қазақстандық жазушы болғандықтан ба, сол өңірдің диалект сөздерін көп қолданады екен. Мәселен сөз арасында «әйел тұқымы» деген тіркес жүр. Бұл жерде «әйел заты» немесе жай ғана «әйел» деп қолдау қажет еді. Жалпы, Бақытгүлге диалектерді қолданған кезде абай болса екен дегіміз келеді.
Жаңа Мирас айтып өтті ғой, Мағауинге сілтеме жасайды деп. Айналып келгенде, ит тақырыбында бір дүние жазатын болсақ, адамгершіліктің кетіп қалғанын, қасиеттердің құлдырап кеткенін, құндылықтар жойылып кеткенін адамды екінші планға шығарамыз да, барлығын иттің атынан айтқымыз келеді ғой. Сондықтан бұны Бақытгүлдің тапқан жаңалығы деп айта алмаймыз. Ал кейіпкерлерді жасап шығаруы, детальдарды ойнатуы мықты екен. Енді осы потенциалын, осы мүмкіндігін басқа да шығармаларында көрсете алады деп білемін.
Біржан Ахмер: Мен Нұрлан Қабдайдың екі әңгімесін оқып шықтым. Өте қатты ұнады. Неге десеңіздер, бұл шығармаларда басы артық сөз жоқ, жұп-жұмыр, жинақы жазылған, жазушы екені көрініп тұр. Бір сұхбатында «сөзбен ойнағанды жақсы көрем» деп айтқанындай, расында да сөзбен ойнайды екен. Болашақта бұл кісіден үлкен жазышы шығады деп есептеймін.
«Екі-үшеудің күйбеңі» деген әңгімесін оқып отырып, расымен де өмірдің ләззаты мен рахаты, азабы мен тозағы бірге келетініне көзіміз жетті.
«Адам» деген әңгімесінде былай деген екен: Ар – адаммен ұзақ достаса алмады. Жолы ауыр еді. Күндіз өзін пендауи арманына таяп қалғандай сезінетін Адам, түнде – арымен арпалысатын. Қиналатын. Ақыры... нәпсінің емі жүрекке байланған ардың дертін сылып түсті... Адам қазір аһ ұрады!
Осында ар мен адамгершіліктің, жауыздық пен жамандықтың арпалысуын да көре аламыз. Одан кейін тағы бір ұнаған жерлері: «- Мен білгенде, адамдар не болса соған бас изей беретін. Ертелі-кеш кімді қоштап, нені құптап жататындары есімде жоқ. Бірақ қазір соны өзім де ермек қылатын болдым. Өйткені бас изеу менің өткен өмірімнен жадымда қалған жалғыз тарих...» дейді. Бұл шығарма о дүниедегі болып жатқан оқиғалар сияқты, елестің айналасында жүрген сияқты әсер қалдырады.
Тағы бір жерінде: «Әкем өмірді шеберхананың сатпақ терезесінен ғана көрген. Ал мен дүниені төбесінен көргім келеді» дейді кейіпкерінің аузымен. Яғни бұрынғы ұрпақтың дүниеге көзқарасы тар, шектелген екенін, кейінгі ұрпақтың сол шеңберден шыққысы келіп, ұмтылғанын көрсетеді.
Әңгімеде, сондай-ақ, адамзаттың өз бағытынан адасып, жаңылысып жүргенін кейіпкерлер арқылы жақсы бере білген. Бұл қазіргі кезде өте өзекті тақырып деп білемін.
Бақытбек Қадырұлы: Сөздің шыны керек, бұрын әңгіме талдау деген көп бола бермейтін. Сондықтан да әңгімелерді қай тұрғыдан талдауды нақтылап алу қиындау болып отыр. Негізі жазушылардың мәтінін, сөйлемдегі кемшін тұстарын айтып жатырсыздар ғой. Режиссер Рүстем Әбдірашевше айтпақсақ бұл – «мәтіби сын» болып жатыр. Негізінде бұл екі жазушының не айтқысы келетіні, әлеуметке, қоғамға қандай қатысы бар дегенді ашып айтуымыз керек сияқты.
Тәуелсіздіктен кейін әдебиетке қыз-келіншектер легі келді. Солардың ішінде аздаған прозаик қыз-келіншектер бар. Біразын оқыдық. Кейде соларды оқып отырып, түрлі псевдониммен беріп жүрген бір жазушы әйел ме деп қалатын кезіміз де болды. Дегенмен Мәдина Омар, Лира Қоныс жақсы сілтеп жүрді.
Міне Бақытгүл Сәрмековамен енді танысып жатырмыз. Өздеріңіз де айтып жатырсыздар ғой, бұл екі әңгімені жазушы керемет талантымен, керемет инстинкпен жазған деп. Негізі бұл жерде жазушының өзінің концепциясы бар. «Итгершілікте» айтқысы келген нәрсе – біздің қоғамдағы адамдардың тас мүсінге айналып кеткені, күле алмайтыны, өзінің эмоциясын шығара алмайтыны, жасандылыққа әбден ұрынғаны деп топшыладық. «Қарагер тайда» жазушы қазақтың мінезін ашқысы келген. Жоғарыда айтылғандай, өмірі жылқы ұстамаған шалдың жылқы туралы әңгіме айтуы өте шебер суреттелген. Жалпы, Бақытгүл туралы айту ауырлау, өйткені прозасы – сыршыл. Кез келген оқырманға іш бермейтін ішті жазушы. Ал мұны шебер деуге де болатын шығар.
Нұрлан Қабдай туралы айту да оңай емес. Тау туралы әңгіме айту үшін сол таудың биігінен қарау керексің, таудың төбесіне шығып қарасаң, оның барлық жыра-жықпылы көрінеді. Ал етегінде отырып, оның басын, жан-жағын көру қиын болады. Дейтұрғанмен, «Төрге» келіп отырғандықтан, бір ауыз пікірімізді білдірмесек, болмас.
Жазушылардың кітабы шықпайтын, кітабы шықса да, аз шығатын, аз шықса да, ешкім оқымайтын, өкіметтен ешқандай қолдау жоқ өліара кезеңде әдебиетке, әсіресе, прозаға бір адал ұрпақ келді. Олар: Мақсат Мәлік, Өміржан Әбдіхалық, Нұрлан Қабдай, Ырысбек Дәбей, Мұрат Алмасбек т.б осында отырған замандас Арман Әлменбет. Осы азаматтардың ішінде айрықша бір прозаик – Нұрлан Қабдай. Себебі – бұл бөлек жазушы. Негізі өнердің бір ерекшелігі – ешкімге ұқсамауында шығар?! Сондықтан Нұрланның бүгінгі талқылауға ұсынылған екі әңгімесі, сосын «Бейғам» деген тағы бір әңгімесі жақсы әңгімелер деп айтуға әбден лайық. Г.Маркестен «Қай шығармаңыз мықты?» деп сұраса, «Менің қашанда соңғы шығармам мықты» деп жауап берген екен. Нұрлан Қабдайға да осы сипаттама келеді. Оның әр жазған соңғы әңгімесі алдыңғыларынан жақсы болып келе жатыр. Осы үш әңгімесі алдағы үлкен шығармашылығының басы деп ойлаймын.
Мойындау керек, бұл екі әңгіменің де оқырманы көп емес. Бұл көзі қарақты, ойлы оқырманға арналған шығарма негізінде. Оқығанмен жай адам түсіне бермейді. Нұрлан Қабдайдың бұл әңгімесі кореялық кинорежиссері Пак Чан Уктың «Служанка» дейтін фильмін еске түсіреді. Фильмде оқиға екі қырынан қатар келіп отырады. Нұрлан Қабдай бұл әңгімесінде өмірдің осы жағынан емес, арғы бетінен, келесі кеңістіктен қарағысы келеді. Мысалы, әңгіме ішіндегі киллердің, әке мен баланың ортасындағы диалогтың бәрін өмірдің арғы бетінен береді. Сонда жалғанды жалпағынан басқан киллер мемлекеттің қолбасшысы болып кетеді. Қарап отырсаңыз, шығармадағы оқиғалардың барлығы әлеуметте болып жатқан мәселелер. Осыны өмірдің келесі кеңістігінен ұсынуы сәтті шыққан. Екіншіден, баласы әкесіне: «Әкем өмірге ыбырсыған шеберханасының шаң басқан терезінен қарады, ал мен өмірдің төбесінен қарағым келеді», – деген сөзден ұрпақтың, сананың ауысуы, сананың өзгеруін суреттеген жазушы. Қаламгердің негізгі айтқысы келетін дүниелері осы. Бірақ, екі шығармасында да Нұрлан дәл мынаны меңзеп отыр деп дөп басып айтуға келмейді. Себебі әңгімелері режиссер А.Тарковский мен Ким Ки Дуктың фильмдері секілді үзік-үзік символикалық сюжеттерден тұрады. Абыз Әбіш Кекілбайұлы бір шығармасында: «Негізі, өнер деген – көріп отырған кезде немесе тыңдап отырған кезде сіз түсініп, соған иланып отыратын нәрсе. Әбден біткеннен кейін сіздің көкейіңізде не айтты екен деген сұрақ мазалау керек», – дейді. Шынымен де, А.Тарковскийдің фильмін көрсеңіз, сол сәтте оқиға желісін қиналмай-ақ түсініп отырасыз. Ал киноны көріп біткеннен кейін не туралы көргеніңізді түсінбей дал боласыз. Сосын не айтты екен деп үнемі ойланып жүресіз. Нұрланның шығармасын оқып отырған кезде сол сәтте не айтып отырғанын түсініп отырған секілді боласыз, сосын шығарманы оқып болғаннан кейін түсініксіз жағдайға тап боласыз.
Ал енді мәтін туралы бір ауыз сөз қоса кетейік. Нұрлан Қабдай қатарластарынан, одан кейінгі қалам ұстап жүргендердің ішінде қара сөздің қаймағын қалқып жүргені осы. Қалиханша айтсақ, «Әсем сөздің академигі» болайын деп тұрған прозайк. Ал енді ол бағы ма, басқа ма оны уақыт көрсетеді.
Ұмтыл Зарыққан: Бақытгүл қарындасымызды бұрын білмейді екенмін. Әңгімесін бірінші рет оқыдым. Алғаш оқығаннан-ақ жақсы жазушы екенін көрдім. Мәтін туралы айтатын болсақ, «Итгершілік» деген дәл тауып қолданған тақырып деп ойлаймын. Онда жатсынатындай, тосырқайтындай ештеңе жоқ. Мен өзім ес білгелі естіп келе жатқан сөзім. Шығарманың ішкі мазмұнын ашатын және оқырманға түсінікті қылып беретін тақырып деп топшыладым. Жалпы, жазушы детальдарды жақсы құраған екен. Сосын Бейімбеттен қалған, кейін Тынымбай ағамыз жалғастырған тамаша бір детальдарды сәтті қолдану, қысқа-нұсқа сөйлемдер арқылы үлкен образдарға талпыну секілді шеберлікті танытатын дүниелерді жақсы ұштаған. Риза болдық. Негізі бұл тақырыптар қазақ әдебиетінде біраз ұшар шыңына шығып қалған тақырыптар. Әрине, ескірді деп айтпаймыз. Сондықтан Бақытгүл қарындасымыз әлі де «осы менің бағытым екен, осы менің стилім екен, осы менің жолым екен» деп шиырлап жүріп алмай, үлкен дүниелерге талпынып көрсе, құп болатын секілді. Барлығыңыз айтып отырған үлкен ойға қосылам. Үлкен мүмкіндігі бар, үлкен потенциалы бар жазушы. Бақытгүл қарындасқа сәттілік тілеймін. Енді Нұрлан ағамызды соңғы екі-үш жылда шағын да болса әдеби аудиториямызда үлкен оқырманы бар, «Нұрлан не жазды?» дейтіндей болып қалыптасып келе жатқан жазушы деуге болады. Бұл туралы менің көкейімде жүрген ойларды Бақытбек негізі дұрыс айтты. Нұрлан отыздың ортасындағы жігіттердің ішіндегі шын мәнінде бір үйір жылқының ішінде бөгенайы бөлек сияқты жазу стилі болсын, ой қозғауы болсын, тақырыптары болсын ерекше жазушы екенін танытты. Мысалы, «Екі-үшеудің күйбеңі» мен «Адам» әңгімесін алып қараңыз. Бұл жерде не жоқ дейсіз? Бұл жерде бәрі бар. Әсіресе, әйелдің ішкі психологиясы, нәпсі, аярлық бар. Ал жалпы, тұтас шығарманың рухына, болмысына зер салсаңыз, үлкен бір ойда қаласың. Нұрланның бір ерекшелігі сол. Детальдарды жай сөйлетпей, оған үлкен символикалық астар береді. Мысалы, соқыр Сәметтің гүл өсіруі, ол гүлді көршінің ешкілері жеп кетуі және оны жалғыз өсірмей, әйелі екеуі өсіруі сәтті шыққан. Шығармадағы «Шара» дейтін кейіпкер көршісінің көзіне шөп салады. Бұл мәселе – бүгінгі қоғамның дерті десек, қателеспейміз. Бірақ әңгімеге келген кезде басқа қырынан көресің. Бақытбек айтқандай, адамды үлкен ойға тастайды. Шынтуайтына келсек, шығарманың мәні де, өзектілігі де – жүрекке ой тастау емес пе? Ал мақалада, ғылыми еңбектерде санаңа, миыңа әсер етеді. Жүрекке әсер еткен дүниенің салмағы ауыр болады. Сондықтан ұзақ ауыр күйде қалдырады. «Адам» әңгімесі де қызық әрі философияға толы шығарма екен. Бір оқығаннан кейбір сөздердің астарын түсіне алмай қаласың. Әр сөзді зерделеп, қайталап оқуыңа тура келеді. Мұнда да төрт кейіпкер бар. Сосын шығарманың өн бойында авторлық ойдың ағысы жүреді. Жалпы, бұл әңгіме – үлкен философиялық тұғырға сүйенген, үлкен концепциясы бар шығарма деп қабылдадым. Мысалы, төрт кейіпкер, төрт адам, төрт тағдыр – айналып келгенде бәрі бір адам, бір тағдыр. Осы төрт кейіпкерден мен төрт түрлі қоғамды көремін. Бүгінгі таңдағы біздің не социалистік емес, не копиталистік емес, не толықтай тәуелсіз емес қоғамды жазушы «Адам» әңгімесі арқылы айтқысы келгендей. Менің қысқаша пікірім осы.
Бақытбек Қадырұлы: Қарап отырсаңыздар, төрт кейіпкердің төртеуі де өте әлсіз кейіпкерлер. Бірақ бір кейіпкер деп қарауға да болады. Мүсәпір, мүттәйім адамдар. Өмірдің арғы бетінен қарайды деп айтып отырғанымыз да осы. Бұл дүниеде жалғанды жалпағынан басқан, қоғамды бүлдірген, «Отар таңы» деген газет шығарған адамдар өмірдің келесі бетінен аянышты үнмен тіл қатқандай.
Қарлығаш Қабай: Жоғарыда «Итгершілік» деп дұрыс айтылмаған, «иттік» деп атауға болады деген пікір айтылды ғой. Менің ойымша, иттік деген біз адамның адамға жасаған жағымсыз әрекеттерін иттік жасады деп айтамыз ғой. Ал мұнда итке адамның жасағанын айтып тұр. Сондықтан оны «Итгершілік» деп алған деп ойлаймын. Өте сәтті алынған тақырып. Ал сосын: «Тұрар күлген қалпында жұмақта жүрген шығар», - дейді. Ол қате алынды. Меніңше, жұмақта немесе тозақта шығар деп айтуға болмайды. Оны біз білмейміз деген пікір айтылды. «Жұмақта шығар» деген оймен ол Тұрардың ойының тазалығын, өмірде таза, пәк адам болғандығын сол арқылы беріп тұрған секілді. Сосын Нұрлан ағаның шығармаларына келетін болсақ, «Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күлтөбеге шыққанда екі көз артынан ере шықты» деп бастауынан-ақ ол кісінің сөзбен ойнайтындығы көрініп тұр және өте шебер тілдік қолданыстарды алғандығы шығарманың өн бойынан байқалып тұр. Ал көңілім толмағаны – шығарманың соңына келген кезде кілт тоқтап, аяқтай салады және соңы сәтсіздеу шыққан ба деп ойлаймын. Соңында соққы беретіндей бір оймен аяқтаса, сол кезде бұл шығарма өте шебер қалпында аяқталатын еді деп ойлаймын. Өзімнің жеке пікірім, ал «Адам» деген екінші шығармасында философиялық оймен алынған. Мұнда: адам, сүмелек, пенде, мүсәпір деп алып отыр. Одан кейін «топырақ үюші» деп тағы біреуді айтады. Негізі осы соңғы кейіпкерді оның жасаған әрекеттеріне қарап «тәкаппарлық» деп алса, жөн болушы еді деп ойлаймын.
Арман Әлманбет: Нұрлан Қабдайдың «Екі-үшеудің күйбеңі» деген әңгімесін оқып шықтым. Сондағы келіншек көркіне көз тояр сұлу болса да, зағип жанға тұрмысқа шығады. Бірақ ол ойланбай жасаған ісіне өкінетіндей. Осы тұста жазушы сұлу келіншек біреудің қарағанына зәру деген ой тастайды. Әңгіменің өн-бойынан қызғаныш, әдемі әйелдің қулығын, көршілердің күндестікпен қараған қомағай көздерін аңғарамыз. Жалпы, Бақытгүлдің өмірге жақындығы, кейбір детальдарды анық көруі, «ауаны жұтқандай» соншама еркін жазуы таңғалдырады. Бақытгүлдің осы қабілеті Бейімбет, Тынымбайлардың сүрлеуі ме деп ойладым. Менің ойымша, аталған қасиет Нұрлан ағамызда жетіспейді әрі екі әңгімесін қолдан жасалған туынды деп бағалауға болады. Қанша тілі шұрайлы болса да, бәрібір әңгімелерінде шынайылық жоқ. Бұл Оралханның «Жетім ботасы» секілді. Кейбір тұстары сәтсіздеу «Жетім бота» шығармасы эксперимент болып көрінеді. Жасанды жаза салған әлсіз шығарма. Нұрекең былайша жасанды жаза салмаған, бірақ бар күшін салып жазғанның өзінде, кабинетте келген идеяны дамытып шығарма қыла салған секілді. Енді одан кейінгі екінші әңгімесін пьеса немесе киносценарий қылып келтірген бе деп ойладым. Десе де, Нұрланның кейбір элементтерді байланыстыруы, сюжеттерді қатар-қатар алып отыруы, есептеп, әр кейіпкерге образ салуы сәтті шыққан. Сонысымен де әңгіме жақсы болып тұр. Жазушы өзінің қоғамға деген қынжылысын, көңіл күйінің толмауын «Адам» әңгімесіндегі төрт кейіпкер арқылы беріп отыр.
Толымбек Әбдірайым: Жақсы ойлар айтылып жатыр. Терең, жан-жақты. Жақсы шығарма болған соң, әр жағынан, әр қырынан көреді. Айтылған пікірлерге риза болып отырмын. Біз әрине әдебиет сыншысы емеспіз, мен де филолог емеспін. Бірақ жақсы-жақсы құнды пікірлер айтылып жатыр. Адами құндылықтардың құлдырап бара жатқаны айтылады. Жаңа «Итгершілік» туралы біраз айтылды ғой. «Итгершілікті» жаңадан сөз жасау деп ойлаймын. Бірақ мен қабылдай алмадым. Енді әркімнің өз пікірі өзіне ғой. Мен өз пікірімде солай қалдым.
Мирас Асан: Әртүрлі пікірлер айтылып жатыр ғой. Қарағандыдағы жазушымыз Төлеухан Майбас ағамыздың да «Итбегі» деген әңгімесі бар. Осыған байланысты да даулар туды. «Құсбегі, атбегі деген бар, бірақ «Итбегі» деген не?» дегендей сын айтылды. Ол кісі сондай сөз кіргізді. Бір жағынан екі жаққа бөлінді пікір таластырушылар. Сол секілді «Итгершілік» те қабылданады деп ойлаймын. Жалпы, сөз жасау керек.
Олжас Қасым: Бірақ мен негізі өйтіп ауыстыра салу керек деген пікір айтқан жоқпын. Айналып келгенде сол иттікке келеді. Бірақ автордың ол өзінше ойлауы, ол саналы түрде қойған тақырыпты. Ол өзінің тақырыбы болды. Нұрлан да өзінің әңгімелеріне тақырып қоя алмаймын дейді. Бірақ менің аңғарғаным, бұл жерде екі жазушыны алдыңыздар ғой, осы жазушыларды талдаймыз деп. Сол кезде менде мұның не үшін екеуін қатар алды деген сұрақ туды. Сосын екеуінің айырмашылығы – екеуі екі бөлек жазушы. Сөйтіп, екеуіне ортақ бір ұқсастық таптым. Ол – Нұрланның «Екі-үшеудің күйбеңі» мен Бақытгүлдің бірінші әңгімесі «Итгершілік». Сол екеуінің арасындағы ұқсастық: қазіргі қоғамды нәпсіқұмарлар билеп кеткені, осы нәпсінің жеңіп бара жатқаны айтылады.
Мирас Асан: Сөзіңді жалғай кетейін. Нұрлан өз әңгімесінде ешкіні өте сәтті пайдаланған. Бұл жерде ешкі адамның ішіндегі байлықты да, ырысты да, несібені де байлап тұратын кедейліктің символы сияқты. Көңілге, жалпы мінезге кедей ешкі өте сәтті шыққан. Ешкінің барып гүлді жегеннен кейін, шынымен де, барлығы түсінікті болады.
Олжас Қасым: Нұрланның ертегілерді қатты оқитыны, оны сіңіріп оқығаны көрінеді. Мысалы, біреуді қарғап жіберетін кейіпкер бар. Сосын оның суреткерлік қырын көрсеткен жері – Сәметтің бақшасын суғаратын жері. Жіп тартатыны, есептегені, сол жері кәдімгідей суреткерлік қасиетін көрсетеді.
Бақытбек Қадырұлы: Мен оның не үшін алғанын былай деп түсінемін, қазір Нұрлан ағаның қатарластары болсын, одан кейінгі қалам ұстап жүрген прозаиктер болсын, бір проблема бар. Бұл жаңаша жазу деген мәселе. Идея мен сюжет болу керек. Бірақ жеткізу мәселесі өте күрделі қазір. Мысалы, Бақытгүлде аздап ескішілдік бар. Ұмтыл айтып отыр ғой, Бейімбет пен Тынымбай секілді деп, ол ескіше сүрдектеуден байқалған көрініс. Ал Нұрланның ерекшелігі оның жаңаша жазуында. Мысалы, сіздер айтып отырсыздар ғой ертегі деп. Ол ертегі жазса да, тарихи шығарма жазса да, о дүниені жазса да, түсінікті тілмен жазатын жаңашылдығы бар. Бөлекше ойлай алуы оны озық етеді.
Ұларбек Нұрғалымұлы: Адамзаттың ойлау жүйесі үздіксіз өзгеріп келе жатыр. Бұрынғы уақытта бір ғасырда болатын нәрсе қазір он жылда болып қоюы мүмкін. Біздің ақпараттық қабылдауымыз өзгеріп кеткен. Бұрын кейбір нәрсеге бірден шамданып шығатын болсақ, қазір басқаша қарап отырмыз. Сол секілді өзгерістер болады. Бұл әңгімелердің қалай дегенмен де адам өмірінің қоғамдағы іс-әрекеті ғой. Біз осыдан нені көреміз? Айналамыздан өз-өзімізді ойландырған тақырыпты іздейміз. Сол кезде қай деңгейде таба аламыз? Кейіпкер неге осындай деген бір сұрақтар туады. Шара неге оған шыға салды деген кезде оның психолгиялық күйінің ар жағынан қоғамды іздеуіміз керек. Сосын «Итгершілік» әңгімесін де атауға болады. Әңгіме оның қалқытып алып шыққан дүниесі де, әңгімені былай ысырып қоясың да, енді мүлдем ар жағын қарайсың ғой. Сонда оның артқы көрінісінде қандай қоғам тұр? Қандай қоғамдық формация тұр? Деген сұрақтарға қарау керек.
Сосын «Екі-үшеудің күйбеңі» өте тамаша аяқталған және мынадан үлкен қасірет бар ма? Ол басқаша аяқтаса білмеймін, аяғына жетіп, шыңына шығарып, жаныңды шырқыратып, міне, мұнан артық қасірет бар ма деп тастай салған секілді.
Бақытбек Қадырұлы: Нұрлан Қабдай бір сұхбатында: «Сөзбен ойнағым келеді» депті» деп айтып отырсыздар ғой. Негізі, шындығында келетін болсақ, сөзбен ойнауға болмайды. Өтежан Нұрғалиев тамаша ақын, білімдар адам еді ғой. Сол кісіні қоғамның қабылдай алмай кеткені осындай сұхбаттарының кесірінен деп білемін. Оқырман сөзді шынайы қобылдап отыр. Ал жазушы оны басқаша айтып отыру мүмкін. Сондықтан: «Жазып келе жатып, жалығып кеткенде, қоя салам» немесе «сөзбен ойнағанды жақсы көрем» деген сөздерді тура қабылдауға болмайды.
Толымбек Әбдірайым: Осы жазушылар бес-он жылдан кейін екі-үш, төрт кітабы шыққан соң, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Бұл әңгімелері соның басындағы дүниелер деп ойлаймын. Ең бастысы осы бағыттарынан танбай, еңбектене беру керек.
Кезінде әдебиетте керемет бір дарындар шықты. Бір кітабы шықты, екі кітабы шықты, әлде өзінің ерік-күші жетпеді ме, әлде еңбегі жетпеді ме, кейбіреулер даңдайсыды, жүректерін кірлетті, қызмет қуып кетті, байлық қуып кетті, дәулет қуып кетті, қысқасы әртүрлі жағдайлар болды. Жүректері кірледі. Ал кірлеген жүректі әдебиет қана тазалай алады. Әр жазушының өзінің шама-шарқы, биігі, айтар ойы бар.
Керемет жақсы талдау болды. Жастар жақсы дайындалып келген. Осы бағыт жалғаса беруіне тілектеспін. Сөзімді Шыңғыс Айтматовтың сөзімен аяқтайын: «Шығарманы қандай формада, қалай жазайық, ол оқылу керек».
Әзірлеген:
Әбу-Асқар Мекешұлы, Біржан Ахмер
(Фото: Артем Чурсинов)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.